Тапсырма әзірлеудің 4-кезеңі - бағалау критерийлері мен ойлау дағдылары деңгейлеріне сәйкес тапсырмаларды әзірлеу.
Бағалауда қолданылатын тапсырмалар бірқатар талаптарға сәйкес құрылуы тиіс, атап айтқанда:
тапсырма оқу мақсаттары, бағалау критерийлері мен ойлау дағдыларының деңгейлеріне сәйкес болуы керек;
тапсырма оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай келуі керек;
тапсырмалар сараланған болуы керек, яғни оқушылардың жеке ерекшеліктерін, нақты айтқанда қабылдау мен ойлау, жұмыс істеу қарқыны, пәндік және пәнүсті дағдыларының қалыптасу деңгейінің ерекшеліктерін ескеру маңызды.
тапсырмалар оқушыларды танымдық әрекетке ынталандыратындай алуан түрлі, нақты және түсінікті болу тиіс.
Бағалау критерийлеріне сәйкес тапсырмалар түрлері және оларды әзірлеу ерекшеліктері, тапсырмаларды әзірлеуге қойылатын талаптар туралы алдағы сабақтарда толығырақ жеке қарастырамыз.
Тапсырма әзірлеудің 5 кезеңінде әр тапсырмаға дескрипторлар құрастырылады.
Дескриптор дегеніміз не және оны әзірлеу барысында нені ескеру керек?
Дескриптор - тапсырмаларды орындау кезіндегі нақты қадамдарды көрсететін сипаттама.
Мұғалімнің қабылдаған шешімі объективті болу үшін тапсырмаларда қолданылатын дескрипторлар анық және нақты болуы қажет. Дескрипторлар тапсырманы орындауда оқушыға нақты қай жерде қиын болғанын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл оқушыларға тиімді кері байланыс беруге және қайталап оқуға арналған бағдарламалық материалдың қажетті көлемін анықтауға мүмкіндік береді.
Бағалау теориясына сәйкес процеске қатысушыларды есепке ала отырып, үш позицияны ұйымдастыру қарастырылады: мұғалімнің бағалауы, өзін-өзі бағалау және өзара бағалау.Мұғалімнің бағалауы Мұғалімнің бағалауы кері байланыс түрінде Бағалау тапсырмаларын пайдалана отырып жүзеге асырылуы мүмкін.
Өзін-өзі бағалау Мектепте білім алушылардың дағдыларды бойға сіңіруі және өзін-өзі бағалау тәжірибесі жинақталуы қажет. Білім алушылардың өзін-өзі бағалауын ұйымдастыру кезінде негізгі назарды өзін-өзі реттеуіне, өз бетінше білім алуына ынталандыруға аудару керек.
Өзара бағалау Өзара бағалау тиімді Бағалау өткізуге қатысты көптеген мүмкіндіктерді ұсынады. Ол білім алушылардың бір-біріне көмектесуіне, өз жұмысын жетілдіруіне бағытталған. Бұдан басқа өзара бағалау тек кері байланыс алатын білім алушыларға ғана емес, сонымен қатар кері байланыс беруші білім алушыға да пайдалы.