Қоныс таңдау әдет-ғұрпы
Қазақтарда қыстаудан өзге жер меншігінің толық дерлік жоқ болуы себепті көшіп-қонып жүруі үшін уақытша қоныс таңдау әдет-ғұрпы кеңінен таралған болатын. Ал жайылымның негізгі бөлігі қоғамдық меншік негізінде пайдаланылатын. Мұндай ереже 1867-1891 жылдардағы әкімшілік реформаларының қолданылу барысында да сақталып, бекітілген еді. Алайда көші- қон үшін кейде жер дауы да туындап отырды. Бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып бойынша, ауылдар мен ру ақсақалдары өздерінің бірінші жетіп қоныс тандаған жерлеріне арнайы белгілер қоюы тиіс саналатын. Ондай белгілер жерге найзаның сабын немесе құрық қадап кету арқылы қойылатын. Құмның бетіне немесе сазды жерге сол ру таңбасының суреті салынатын. Немесе биік өскен шөптің басын буып, белгі салып кетуге де болатын. Мұндай белгілері бар жерлерге өзге ешкімнің қоныстануына рұқсат етілмейтін.
Егер жаңа қонысқа әр түрлі ауылдардың өкілдері бір мезгілде келе қалса, онда жер дауы мынадай тәртіппен шешілетін: сұлтан мен қатардағы қазақ дауласса, сұлтан жеңіп шығатын, би мен старшын дауласса, старшынның мерейі үстем болатын, ал егер би мен қатардағы қазақ дауласса, бидің талабы орындалатын. Егер жер дауы сұлтан мен сұлтанның, би мен бидің, старшын мен старшынның, қатардағы екі қазақтың арасында болса, онда олардың қай жасы үлкені жеңіске ие бола алатын. Жерге дауласушылардың мәртебесі мен дәрежесі тең болған жағдайда олардың қай жағының руы не тайпасы жолы жағынан үлкен болса, сол жағына артықшылық берілетін.
Достарыңызбен бөлісу: |