8-дәріс. Салт-дәстүрдің теориялық және діни негіздемелері мен оның ағартушылық арналары Дәстүр латынның «trаditiо»



бет28/32
Дата09.05.2022
өлшемі0,57 Mb.
#33136
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32
Байланысты:
Дәрістер Дін және діни культтік тәжірибелер Кусаинов Д.У.

Мұхан ИСАХАН

ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ ПЕН ИСЛАМ


ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ ПЕН ИСЛАМ БІР-БІРІМЕН ТОЛЫҒЫМЕН ҚАБЫСАДЫ ДЕУ – АҒАТТЫҚ

– Елімізде «Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылға дейінгі Тұжырымдамасы» бекітілді және еліміздегі діни мәселелерді реттеуді одан арықарай жетілдіру үшін бірқатар заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізілу үстінде. Мемлекет пен дін қатынасын зерттеп жүрген маман ретінде жаңа өзгерістер мен бастамаларға қатысты не айтасыз?

– Біздің мемлекетіміз Атазаңымызда көрсетілгендей, дін қатынастарын реттеуде зайырлылық қағидаттарын басшылыққа алады. Алайда, зайырлылықтың қатып-семіп қалған абсолютті догма емес екенін дұрыс түсінуіміз керек. Нағында, зайырлылық деп – халықтың діни-рухани мұң-мұқтаждықтары мен талап-тілектерін қанағаттандыруда мемлекет мүддесі ескерілген саяси-құқықтық шешімдердің жүзеге асуын айтамыз. Яғни, зайырлылық – ұдайы қозғалыста болатын тірі организм, соған сәйкес ол қажет кезде модернизацияланады. Осы тұрғыдан алғанда, қоғамда жаңа аспектілердің туындауына байланысты 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң мен өзгеде заңнамаларға тың өзгерістер мен толықтырулар енгізу замана талабы екені белгілі.

Жалпы, бүгінгі таңда БҰҰ-на мүше субектілердің басым көпшілігі зайырлы мемлекет болып есептелінеді. Осыған қарап-ақ дін қатынастарын реттеуде зайырлылықтың ұтымды үлгі екенін аңғаруға болады. Десе де, жаһанда өмір сүріп отырған зайырлы мемлекеттер тарихтағы өз діни тәжірибелерін ескере келе дін қатынастарын реттеудің бірнеше қалыпын қалыптастырған. Соның бірі – зайырлылықтың контаминациялық қалыпында діни еркіндіктің күш-қуаты мемлекеттің экономика мен қаржы жүйесіне, тіпті қылмыстық санкция тағайындауға ықпал ете алатын әлеуетке ие болып келеді. Бірақ, контаминациялық қалыпта мемлекет пен діннің өзара байланысы бір-бірімен шырмауықша матасып кеткендіктен, ол кейде екі институттің тепе-теңдігін жоғалтып, шетін мәселелердің туындауына жол ашады. Оған мысал ретінде контаминациялық зайырлылықты ұстанатын Индонезия, Бангладеш, Ауғанстан және т.б. мемлекеттерде жиі орын алатын оқыс оқиғаларды атап көрсетуге болады.

Осындай шиеленістер орын алмасы үшін қазіргі кезде Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мемлекет пен дін қатынастарын реттеудің басым бағыттарын айқындауға жұмыс жасауда. Шынтуайтында, біздің еліміз 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңды қабылдаумен зайырлылықтың қазақстандық төл үлгісін қалыптастыруға бет-бұрыс жасады. Аталмыш заңнамада халықтың басым бөлігінің сенімін құрайтын «ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлі» ерекше атап өтілді. Сондай-ақ, діни бірлестіктерді тіркеу – жергілікті, өңірлік, республикалық мәртебелерге бөлініп, қайта тіркеу барысында ҚМДБ мен «Орыс проваслав шіркеуі» ғана ел аумағында толық діни қызмет ете алатын жоғары статусқа ие болды. Преференциялық зайырлылық қалыпына жататын осы төл тума қазақстандық үлгіні тақауда томағасы сыпырылған «Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған Тұжырымдамасында» және өзгертулер мен толықтырулар енгелі отырған өзге де заңнамаларда одан арықарай жетілдіру көзделуде.

– Өзіңіз айтып отырсыз, зайырлылық дін қатынастарын реттеуде озық үлгі саналғанымен, кейде одан да шетін мәселе туындайтынын. Ендеше, бүгінгі дін қатынастары үдерісіндегі еліміздің зайырлылық ұстанымының нобайы қандай болуға тиісті?

– Біз мына жәйтті дұрыс ұғып алуға тиістіміз. Мемлекет зайырлылық қағидаттарын ауадан алып, оған халықты күштеп мойынсұндырмайды. Керісінше, азаматтардың талап-тілегі мен қоғам мүддесі ескеріле отырып, зайырлылық ұстаным айқындалады. Яғни, дін қатынастарында түйінді мәселелер туындамас үшін халықтың наным-сенімі мен діни тәжірибесі және мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұтастығы қаперге алынып, діни сенім бостандығының шегі заңмен айқындалуы тиіс. Мөлшеміне сай салынған ұйытқы секілді дін қатынастарын реттейтін құқықтық актілер де мемлекет пен діни конфессиялар арақатынасын ұйытып ұстап, қоғамдағы тұрақтылық пен татулыққа азық, дәстүрлі діни құндылықтардың көгеруіне тамызық бола білуі керек.

Бейнелеп айтқанда зайырлылық ұстаным – безбенді бір жағына аударып алмай, бір басына жоғары саяси институтты, бір басына халықтың діни нанымы мен рухани құндылықтарын тең қойып, таразы басын теңселтпей ұстай білуі шарт. Мемлекет діни мәселелерді қоюлатпай, ысқаяқтық танытып, туындаған әрбір істі дер шағында шеше білсе, қой да аман, қасқыр да тыныш деген сөз. Сонда, зайырлылық ұстаным қоғам тұрақтылығының сақталуына һәм мемлекеттің қалыпты дамуына өз септігін тигізетін болады.

– Әйтсе де, қоғамдағы діннің ықпалы азайтылып, зайырлылық қағидаттарының нығаюа түсуіне тек мемлекеттік органдар мүдделі сияқты. Қабылданған тұжырымдама және заңнамалардағы өзгертулер мен толықтырулар осыны көксейтіндей болып көрінеді. Осыған қатысты не айтасыз?

– Мемлекеттің қоғамдағы діннің ықпалын күшпен төмендетуі зайырлылықтың эквипотенциялық қалыпына жатады. ҚХР, Солтүстік Корея, Өзбекстан, Тәжікстан және т.б. елдердің тәжірибесінде дін қатынастарын реттеуде мемлекеттің әміршілдік функциясы пайдаланылды. Бұл эквипотенциялық қалыпта мемлекет басым үстемдікке ие болғанымен, есесіне азаматтардың діни-сенім мен ар-ұждан бостандығы және өзге де демократиялық құндылдықтар аяқ асты болуы мүмкін. Бірақ, қазіргі Қазақстанның дін қатынастарын реттеудегі бет-алысы әміршіл-әкімшіл жүйеге бағытталып отыр дей алмаймыз. Себебі, діни сенімге еркіндік бере отырып, халықтың басым көпшілігі ұстанатын дінді тарихи-мәдени құндылық ретінде бағалап, құзырлы органдардың елдегі ірі діни бірлестіктермен меморандум жасауы және дін қатынастарындағы кейбір нәзік мәселелерді мемлекеттің бақылауды ұстауы зайырлылықтың идентификациялық қалыпының белгісіне жатады.

Бізбен қоңсы Ресей федерациясы мен Белоруссия республикасының проваславияны рухани, тарихи мұра ретінде бағалап, оған мемлекеттік қолдау көрсетуі, олардың осы идентификациялық қалыптың аясында жұмыс жасап жатқанын көрсетеді. Ал, Қазақстанның қазіргі бет-алысына келер болсақ, біздің еліміз де жоғарыда айтылған преференциялық және осы идентификациялық қалыптардың қағидаларын ұштастырып, дін қатынастарын реттеуді одан әріқарай ілгерлетпек.

– Халықтың басым көпшілігі ұстанатын дін тарихи-рухани құндылық ретінде бағаланады деген пікіріңізге заңнан және тәжірибеден нақты бір-екі мысал бере аласыз ба?

– Мысалы, еліміздегі жоғары білікті исламтанушыларды дайындайтын «Нұр-Мүбарак» университетінің мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылуы және имамдарды жалақымен қамтамасыз ететін «Уақып» қорының құрылуы, сондай-ақ, Құрбан айт пен Рождество мерекелерінің демалыс күндері болып бекітілуі және т.б. да мемлекет қамқорлығымен жасалынып жатқан іс-шаралар преференциялық қалыпқа саяды. Ал, мемлекеттің діни радикализмге қарсы күреске имамдар мен ислам теологтарын тартуы, мешіттердегі жамағатпен орындалатын діни рәсімдерде ханафи мәзһабының ережелері бұзылса, заң жүзінде айыппұлдың салынуы идентификациялық қалыптың айқын белгісі.

Заңнан мысал бер десеңіз, Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылға дейінгі Тұжырымдамасында «дін саласындағы мемлекет саясатының мақсаттарына сәйкес келетін діни бірлестіктердің қоғамдық бастамаларына жан-жақты қолдау көрсету; дінге сенушілердің белгілі бір бөлігінің көзқарастарының радикалдану деңгейін азайту, радикалды діни ағымдардың идеяларына қарсы іс-қимыл, теологиялық тұрғыдан олардың идеологияларының беделін түсіру мақсатында діни бірлестіктермен көптеген мәселелер бойынша белсенді түрде өзара іс-қимыл жасау» (2.2.2. 9) және осы тақылетті т.б. да құқықтық нормалар қарастырылған.

– Сонда, мемлекеттік билікті «тағұт» деп айыптап, зайырлы елден «хижра» жасауға үндеп жүргендер нені түсінбей жүр?

– «Тағұт» деп шариғат бұйрықтарының жүзеге асуына тосқауыл болған кедергі-күшті айтамыз. Әсіресе, діни құлшылықтардың орындалуына тиым салған саяси күш «тағұт» деп айыпталады. Жалпы, мұсылман құқығында мемлекет аумағы мұсылмандарға тән емес және ислам дінінің таралуына рұқсат бермейтін саяси жүйе дарул харб деп танылады. Күштеп күпірлікке жегетін мұндай елден мұсылмандар көшіп (хижра) кетуге бейім тұрады. Алайда, зайырлылықты дарул харбпен (кәпірстан) шатастыруға болмайды. Себебі, зайырлы мемлекетте мұсылмандардың тұрғылықты азамат ретінде өмір сүруіне, бұл кеңістікте ислам дінінің насихатталуына және діни ритуалдардың жүзеге асуына заңмен тиым салынбайды. Айталық, зайырлы мемлекет болып табылатын Қазақстанда мұсылмандардың өз діни сенімдерін ұстануына һәм насихаттауына тосқауыл жоқ. Тіпті, тақауда қабылданған Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылға дейінгі Тұжырымдамасында да зайырлылықты атеизммен салыстыруға болмайтындығы (1.2.3) айтылды. Ендеше, зайырлылықтың бағасын дұрыс түсінбегендер құр бөтегесі бүлкілдеп, билікті негізсіз «тағұт» деп айыптауда. Керісінше, зерделеп қарасақ, зайырлылықтың мұсылман құқығындағы «дар әс-саламмен» етене жақын екенін бажайлай аламыз.

– «Дәр әс-салам» дегеніміз не?

– Ханафи мәзһабының ғұламасы әс-Сарахси өзінің «әл-Мабсуд» атты еңбегінде «дар әс-салам» немесе «дәрус-сулхты» егжей-тегжейлі түсіндіріп өткен. Бұл саяси жүйеде мемлекет аумағы мұсылмандарға тиесілі болмағанмен, билік иелері мұсылмандардың өз сенім-нанымдары бойынша өмір сүруіне рұқсат беріп, исламмен бейбіт мәмледе қатынас жасайды. Мысалы, Пайғамбар (с.а.у) дәуірінде Эфиопия христиан мемлекеті болғанымен, 615-617 жылдары Меккеден екі дүркін ауа көшіп келген мұсылмандарға пана болып, олардың өз діни нанымы бойынша өмір сүруіне рұқсат берді. Ислам дініне кеңшілікпен қараған осы Эфиопия билігін ешбір мужтахид (ғұлама) кәпірстан деп айтпаған. Тіпті, «әл-Мабсудта» ислам мемлекетінің дарус-сулх өкілдерімен сауда қатынастарында арнайы жеңілдіктер жасайтындығы сөз болады. Яғни, дарус-сулхта мұсылмандардың өз сенім-нанымдары бойынша өмір сүруіне рұқсат бергені секілді зайырлы мемлекет те исламға кеңшілікпен қарайды. Сол үшін де дестүріктивті ағым өкілдерінің зайырлы жүйені «тағұт» деп айыптауы негізсіз.

– Зайырлы мемлекеттің дарул исламмен қандай айырмашылығы бар?

– Зайырлы мемлекет пен ислам мемлекетінің ұқсастықтары да, өзіндік ерекшеліктері де бар. Алдымен, ұқсастықтарына айтар болсақ, зайырлылықта да, ислам мемлекетінде де діни-сенім бостандығы (Бақара, 256) паш етіліп, индивидтердің дінді таңдауы өз еріктеріне қалдырылады. Сондай-ақ, зайырлы мемлекет құқықтарының тылсыммен байланысы болмайды. Исламда да илаһи шабыт, түс, аян және т.б. мистикалық хәл құқықтық үкім берудің негізі емес. Мысалы, әзіреті Әли (р.а) харижиттердің өзіне қастандық жасайтынын сезіп, оны сөз еткенде, серіктері оларды алдын-ала жазалауды сұраған. Сол кезде, Әли (р.а): «Біздің дініміз захирге*, яғни болған жағдайға ғана үкім береді» деп ескерткен.

Ал, ерекшеліктеріне тоқталар болсақ, зайырлы** мемлекет халықтың бұл фәнидегі мәселелерін ғана шешуді мақсат етеді. О дүниенің мәселесімен шұғылдануды азаматтардың өз еркіне қалдырады. Ислам мемлекеті болса, мұсылмандардың бұл дүниемен қатар о дүниеде жұмақпен қауышып, мәңгілік бақытты болуын көксеп, сол үшін шариғат бекіткен нормалардың сақталуын қадағалайды. Тағы бір ерекшелігі, зайырлы мемлекетте индивидтің ислам дінін таңдауына да, оны қайта тәрк етуіне де рұқсат етіледі. Бірақ, ислам мемлекетінде азаматтардың исламды таңдауына рұқат бергенімен, одан бас тартқан жағдай орын алса, онда иртидат*** (Бұқари, Итисам: 28) жазасы қолданылады. Сондай-ақ, зайырлы мемлекетте индивид исламды қабылдағанымен, діни құлшылықтарды орындамауға ерікті. Ал, шариғат қоғамында парыз құлшылықтарды тәрк еткен мұсылманға дүре соғылады. Яғни, зайырлылық пен ислам бір-бірімен толығымен қабысады деу – ағаттық. Оның ұқсастықтары да, қайшы тұстары да бар.

– Қазақ халқының ислам дінін ұстанып келе жатқанына бірнеше ғасыр болды ғой. Төл тарихымызда дарул ислам жүйесі болған ба?

– Қарақан мемлекетінде – Сүлеймен Арслан хан мен Ахмет Тоған хан, Алтын Орда мемлекетінде – Өзбек хан мен Жәнібек хан, Қазақ хандығында – Арынғазы хан мен Кенесары хан билік құрған дәуірлерде шариғат құқығы біршама үстемдікке ие болды. Бірақ, біздің тарихымызда толық дәрул ислам жүйесі болған емес. Қазақ халқы ғибадатта ханафи мәзһабының ережелеріне мойынсұнғанымен, қоғамдық қатынастарды (муамалат пен уқудат) көшпелілердің байырғы әдет-ғұрып заңдарымен реттеп отырған. Жалпы, қазақ халқы ислам дінін қабылдағаннан кейін көбіне-көп саясат-ул шариямен басқарылды.

– Саясат-ул шарияның да мағынасын кеңірек ашып берсеңіз?

– «Саясат-ул шарияның» жыры бір сұқбаттың ауқымына симайды. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Десе де, қысқа-нұсқа анықтамасын айтар болсақ, саясат-ул шария деп – дін негіздеріне нұқсан келтірмей, қоғам мүддесіне сай ережелер бекітуді айтамыз. Бұл шариғаттың теория-методологиясында өзіндік ерекшелігі бар құқықтық әдіснама. Шығу тегіне келер болсақ, ибн Тағырберди және Тақуиддин Мақризи секілді ғұламалар саясат-ул шарияның Шыңғысханның «Ұлы Ясасынан» бастау алатынын айтады. Ал, Шыңғыс тұқымы төрелер біздің қазақ қоғамын әзелден билеп-төстеді. Көшпелілердің азаматтық һәм қылмыстық істері «Ұлы Ясаға» негізделген әдет-ғұрып нормаларымен өз шешімін тапты. Бабаларымыз исламды қабылдағаннан соң «Ұлы Яса» нормалары әр ғасырда шариғат сын-тезінен өткізіліп, қоғам мүддесіне сай қайта бүр жарып отырды. Яғни, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Әз-Тәукенің «Жеті жарғысы» секілді заңдарымыз осы «Ұлы Ясаның» кейінгі ғасырлардағы сілемдері саналады. Сайып келгенде, айтпағым хандық дәуірлерде мұсылмандық билік орнамаса да, дін мүддесіне теріс келмейтін саяси-құқықтық жүйе қалыптасты. Өз кезегінде бүгінгі Қазақстанның дін қатынастарын реттеудегі ұстанымы осыған саятынын айырықша атап өтуге болады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет