Тал шыбық пен бәйтерек
Мен толықсыған тал шыбықты да жаратамын, зәулім биік бәйтеректі де жақсы көремін. Тал шыбықты жақсы көргенде, оның балауса-балғын нәзіктігі үшін ғана емес, ертең ол шыбық та өсіп, толысып кемеліне келіп, бәйтерек болуын үміт етіп ұнататын сияқтымын. Ал, бәйтерек... Оның орны бөлек қой! Бәйтерек заңғар биік ұлылықтың, дархан жанды жомарттықтың символындай. Оның тереңге бойлаған тамырлары, желектей өскен жапырағы өзіне ғана емес, көпке қызмет етеді, көпке сая болады. Сондықтан да бәйтерек – өскен жерінің көркі, көптің сүйкімдісі, көптің мақтанышы. Бала өзінің ақылшы әкесін, ана өзінің сүйген жарын, егер оны шын мағынасында сүйеніш, қамал тұтса, «бәйтерегім», - деп мақтан етуі осыдан болса керек.
Иә, бәйтеректің орны бөлек қой. Бірақ, шыбықтың бәрі бәйтерек бола бере ме? Толықсыған тал шыбықтан жайқала өскен кесек тұлғалы бәйтерек өсіру үшін құдіретті қол керек...
Соңғы жылдары ауылда үй ауласына ағаш егу, көшеге ағаш отырғызумен әуестенушілер көбейіп кетті. Біреу үй төңірегіне отырғызайын деп ағаш көшетін іздесе:
Сейдіден сұра! – дейді ауыл адамдары. Ағаш еге білу керек, еккен соң оны бағып күте білу керек, уағында бұтау керек, телу керек, суару, тыңайтқыштар беру қажет.
Үйренгің келе ме, Сейдіге бар, - дейді ауыл адамдары. (С.Байжанов, 150 сөз).
Ұлы достық
Ағыбай мен Төреқұлды табыстырған тағдырдың өзі – жатқан бір тарих. Сонау отызыншы жылдардың басында бұлар үй ішімен қырғыз асып барып, күнгей бетте бір жыл қыстап қайтуға тура келген. Төреқұлдың әкесі Ералыны мұның әкесі Жұмахан бұрын да сырттай біледі екен. Қиыншылық кезде қара тартып барып, соларды паналаған. «Ашаршылықта – жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес», - деп қырғыз ағайындардың сондағы істеген жақсылығы естен, сірә, кетер ме? Ералының бұларға бір бөлмесін босатып беріп, аздаған азық-түлігін бала-шағасының аузынан жырғандай етіп, топты жанды бір қыс асырап шыққанын қалай ғана ұмытарсың?! Жұмахан оны қашан дүниеден өткенше ұмытқан жоқ, бірақ көзінің тірісінде Ералының сол қарымтасын қайтаруға үлгермей, өлерінің алдында Ағыбайға аманат етіп, табыстап кетті. Әкелер арасындағы үрдісті кейін балалары жалғастырған. Әке аманаты Ағыбайдың қаншалықты орындай алғанын кім білсін, әйтеуір, қырық жылдан бері Төреқұлмен қатынасы үзілген жоқ, заманына қарай екеуінің арасында жорға
ауысқан кездер де, домбыра ауысқан кездер де болып тұрады. Саған артық, маған кем бітті, - деп ешқайсысы есептескен емес. Сол Төреқұл ғой – іздеп бара жатқан адамы. (Қ.Жұмаділов, 158 сөз).
Достарыңызбен бөлісу: |