A. Б. Абдуллина мифтік фольклор оқу құралы Ақтөбе, 2014 Пікір жазғандар



бет3/45
Дата12.10.2022
өлшемі1,03 Mb.
#42556
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   45
Байланысты:
A. Б. Абдуллина мифтік фольклор о у ралы А т бе, 2014 Пікір жа

І. ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫ:
ГЕНЕЗИСІ, ТИПОЛОГИЯСЫ, ЖАНРЛАРЫ


§1. ЖАНР ҰҒЫМЫ,
ОНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ, ДАМУ, ӨЗГЕРУ СЫРЛАРЫ


Мақсаты: фольклор, оның ішінде қазақ фольклоры өміршең ғылым болғандықтан, ол өз қазанында өзі қайнамай үнемі жаңадан өркен салып, даму үстінде болмақ. Сол даму жолында ол басқа да ғылым салаларымен байланысып, соны бағдар ұстанған, жаңаша зерделенген танымдар мен эстетикалық құндылықтарға қол жеткізері сөзсіз, сондықтан әдебиеттің жаңа бағытта дамуы теориялық негізде танылатын халықтың тарихи санасы мен эстетикалық пайымдауларын игеру, нәтижесінде жалпы филологиялық аспектіде жаңа ілім-білім көздерін жинақтау.
Тірек сөздер: фольклордың синкреттілік сипаты, фольклордың өнер түрі екендігі, фольклордың өміршеңдігі.
Жоспары:
1. Жанр ұғымының эволюциясы
2. Фольклордың басқа ғылымдармен байланысы
3. Фольклор аясындағы мифология жанры

Қазақ халқының ұлттық болмыс-бітімін танытатын, еңсесін биік көрсететін рухани қайнар-күші – бай фольклор мұрасы екендігі айқын. Яғни, халықтың бағзы замандардан бергі тарихи санасының, эстетикалық болмысының, философиялық ойлау үрдісінің мәдениетінің, жалпы рухани азығының көзі-фольклорлық туындылар болғандығы мәлім.


Осы уақытқа дейінгі зерттеулерде ғалымдар жұртшылығы дәлелдегендей фольклортану-халықтану деген сөзге орайлас келеді. Бұл жөнінде А.Сейдімбек былай дейді: «Осынау «фольклор» терминіне қатысты ойдың орамынан аңғарарымыз: фольклор біртектес, бірқалыпты құбылыс емес екенін пайымдауға болады; әртүрлі ортадағы, әр қилы кезеңдегі рухани мәдениетінің даму үрдісіне орай фольклордың да түрі мен формасы, қызмет мен құрылымы өзгеріп отыратынын, жаңадан туындап, немесе шыңдалып отыратынын байқаймыз; сондықтан да белгілі бір мәдени системаның тарихи сүлесіне (типіне) орай этнос өміріндегі фольклордың қызметі мен орыны да өзгеріп отырады» [1].
Осы айтылғандай қазіргі егеменді ел болып рухани құндылықтарымызды қайта қарап, түгендеп жатқан кезеңде фольклор жанрларын этникалық көзқарасымыз тұрғысынан соны қырынан алып зерттеу, ілгерілеген заман көзқарастарына сай жаңаша қабылдау, елдігімізді, ұлттық бейне қалпымызды таныту жолында оның басқа ғылымдармен байланысын терең зерделеу күн тәртібінен түспек емес. Сондай келелі мәселенің бірі – фольклор мен топонимика ғылымының байланыс-бірлігін ашу болып табылады.
Қазақ фольклористика ғылымы осы кезге дейін зерттеу деңгейі жағынан белгілі бір көрсеткіштерге жеткендігі, өсу, өркендеу тарихы жағынан алып қарағанда бұрынғы одақтық республикалар арасында недәуір алда болғандығы рас, алайда фольклор мен ұлттың рухани тарихын бір мағынадағы ұғым деп қарасақ, оны түгел меңгеріп болдық деп тағы айта алмаймыз. Сондықтан да болар фольклор жанрларын іштей түлетіп әдебиеттанушылық, этнографиялық, музыкалық тұрғыда жаңаша пайымдау тұрғысында зерттеу жұмыстары соңғы кездерде қолға алынып, оң нәтижелерін беріп жатыр. Бұл жөнінде әсіресе ғалымдар С.Қасқабасовтың [2], А.Сейдімбектің [1], Ш.Ыбыраевтың [3], Б.Әзібаеваның [4], Т.Қоңыратбаевтың [5], К.Ісләмжанұлының [6] келелі еңбектерін атаған жөн. Себебі бұл еңбектер қазақ фольклорының өміршеңдігін, іштей жаңа жанрлар туындату мүмкіндігін көрсетіп берді. «Қазақ халқының бағзы заманнан бергі негізгі рухани азығы, мәдениеті, философиясы – ауыз әдебиеті болғандығы мәлім. Оның шығармашылық үлгілері қисапсыз мол болса, жанрлық түрлері де көп» [2], – деп академик С.Қасқабасов атап көрсеткендей қоғам дамуымен қатар дамып, өсіп жетіліп отыратын ғылымда, оның ішінде фольклортануда жаңадан өркен салатын жанрлардың бой көрсетуі заңды құбылыс болып табылады.
«Ең алдымен фольклор өзінің құрылымдық бітімі жағынан да, атқарар қызметінің жөн-жосығы тұрғысынан да мейілінше күрделі этномәдени құбылыс болғандықтан, оның барлық жанрлық құрамын қотара қарастыру дәстүрлі қоғамдағы атқаратын сан алуан қызметін дендеп саралау, әрине бірнеше зерттеудің қарымына тиесілі міндет» [1]. А.Сейдімбек айтқан осы пікірдің жаны бар екендігі фольклордың осы кезге дейінгі зерттелу деңгейіне келіп одан аспай қалмау керек екендігінен білінеді.
Фольклордың құрылымы халықтық танымға негізделетіндігін ықылым замандардан бері ауыздан ауызға жетіп, ұрпақтан ұрпаққа тараған халық ауыз әдебиетінің үлгілерін зерттей келе көз жеткізуге болады. Ал халық өмірінің елеулі тұстарын бейнелеп көрсететін фольклор үлгілері сан тарау. Олар өздерінің атқаратын жанрлық функциясымен бірге елдің тұрмыс-тіршілігінен де мол хабар беріп отырады. Бұл тұрғыда А.Сейдімбек былай дейді: «Осылайша ауыз әдебиетінің туындылары – жыр, ертегі, аңыз әңгімелер, тағы басқа поэтикалық үлгілер – өз мазмұндарына сәйкескен көркем образдар, бейнелі суреттер, шиеленіскен оқиғалар желісін баяндаумен бірге сол әдеби үлгілерді жасаушы халықтың өмірінен де мол мәлімет береді.
Сондай деректі ұғымдардың бір арнасы – ел жұрттың, яғни, фольклор шығармасының әрі кейіпкері, әрі жасаушысы болып табылатын халықтың жайлаған, қыстаған, көшіп – қонған мекендерді, географиялық жағдайын танытатын жер-су атаулары, тағы басқа сол сиқты мәліметтер болмақ» [1]. Ал, бұндай мәліметтер фольклордың шындық өмірге қатысын бейнелейтін, оны реалды тұрмысқа неғұрлым жақындата көрсететін ақпарат көзі болып табылады. В.Я.Пропп фольклордың ақиқат өмірге қатысын бейнелеп көрсететін үш түрлі негіз барлығын атап өтеді: «Возможны три вида отношения фольклора к действительности: 1. Фольклор, как и всякое искусство, восходит к действительности. Даже самые фантастические образы фольклора имеют свою основу в реальной действительности. Материалистическая наука должна найти эти исторические основы фольклора. Это относится ко всей области фольклора без всяких исключений. 2. Помимо воли создателей и исполнителей народного искусства оно отражает реальную жизнь. Формы и содержание этого отражения различны в зависимости от эпохи и жанра. Они подчинены закономерностям фольклорной поэтики. 3. Народный художник ставит себе цель изобразить действительность. Такое стремление в народном творчестве характеризует историчекую песню и фольклор рабочих» [7]. Оның айтуынша фольклорды зерттеп танудағы жіберілетін қателіктердің көбі осы үш аспектіні дұрыс айыра алмаудан болады. Сайып келгенде бұл өмір құбылыстарын бейнелеп көрсетуде фольклордың шындыққа, немесе әйтеуір бір кездері ақиқат деп табылған негіздерге табан тірейтіндігін дәлелдеп көрсететін пікір. Фольклордың шындық өмірге қатысы, сөз өнерінің мүлкі болғандықтан соншалықты міндетті емес екендігі аян. Ал екеуі өміршеңдікке келсек бұл бөлек әңгіме. Фольклордың өміршең жанр екендігі белгілі, оның бұндай қадір-қасиеті әсіресе оның басқа ғылым салаларымен байланысы арқылы анықтала түседі.
«Ауыз әдебиетінің шығармаларын сөз өнерінің мүлкі деп қараймыз. Бірақ фольклор жаратындыларының бұл «өлшемге» сыймайтын басқа да қасиеттері баршылық. Біз бұл кезге дейін ауызекі туып, таралған мұраны халықтың салт-санасынан, әдет-ғұрпынан, дүниетанымынан бөлек қарап келдік. Сондықтан да оның бірталай қырлары мен сырлары көзден таса қалдырылды» [8], - деген ғалым Р.Бердібаев фольклорлық туындылар бойынан халықтық салт-сананы, әдет-ғұрыпты, дүниетанымды ізерлеп табу керек екендігін баса ескертеді. Бұл ойлардан өнер-өнер үшін емес, өнер – халықтікі деп қаншама ұрандатып айтсақ та іс жүзінде олай болмай шығып отырғандығын, фольклор үлгілерін барынша танып, түгендеп шын мәніндегі халықтық тұғырға қондыра алмағандық байқалады. Р.Бердібаев осы бағыттағы пікірін одан әрі дамыта келіп былай дейді: «Ал шындығына келгенде осы заманға дейін ауыз әдебиеті санатында жеткен қандай жанрдың шығармасы болмасын, халық басынан өткерген қилы-қилы жағдайлардың өзінше бір энциклопедиялық жиындысы деп қарасақ қана, жан-жақты сипаты танылмақ. Сондықтан фольклор шығармасын тану үшін қажет жерінде тарихтың да, археологияның да, этнографияның да, музыканың да, тілдің де шарттылықтары көмекке келе алады. Өкінішке қарай фольклортану ғылымының құлашы осындай түрлі пән жетістіктерін меңгеру дәрежесіне көтеріле алған жоқ» [8]. Ғалымның айтып отырғанындай фольклордың табиғатына дендеп бойлау үшін оның басқа ілім-білім салаларымен байланысатын тұстарына назар аударып өзекті буындарын ашу қажет, фольклордың синкреттілік сапа қасиеті де осында деп білген жөн. Фольклордың осындай көп қырлы сипаты, дүниенің, болмыстың, заттың, яғни айнала қоршаған ортаның мәнін түсіндіріп, мағынасын ашып көрсетудегі қуаты оның жанрлық жүйеде үздіксіз даму тенденциясын дәлелдеп бере алады. Фольклордың осындай мүмкіндіктерінің қатарына оның топонимикамен байланысы, сол байланыс-бірлік арқылы туындайтын топонимдік фольклордың жанрлық түрлері айқындалады. Және де бұл ғылыми пәндердің байланыстылығы өзінен-өзі көрініп тұр деп те айта аламыз. Өйткені фольклор сюжеттерінде сипатталатын жер-су атауларын алып тастар болсақ, не болмаса оларға мән бермей өте шығар болсақ, онда ол сюжеттер жалпылай абстракцияға ұшырап оқиға тарихи дәл баяндалғанымен әйтеуір нақтылы мазмұндалу жағы жетімсіздеу болар еді. Сонымен бірге фольклор мәтіндерінде көрініс табатын бағзы замандардан келе жатырған халықтың танымы мен эстетикалық мұраты да айқындық таппас еді деп білеміз. Өйткені қазақ фольклорының негізгі ерекшеліктерінің бірі – осы жер-су атаулары арқылы көрінетін халықтық танымға негізделеді. Фольклор ұлттың тарихи жадының куәсі, ұлт тарихының айнасы деп білсек, онда бұл екеуі ажырамас бірлікте екені аян. Сондықтан фольклор мен топонимиканың етене байланысы қазақ халқының мәдениеті, көшпенділік өмір салты, поэтикалық зердесі, эстетикалық арман-мұраты, жалпы барлық ұлттық ерекшелігінен туындайтын құбылыс.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   45




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет