А. Байтұрсынұлының "Қазақтың бас ақыны" атты ғылыми мақаласы



Дата06.06.2022
өлшемі18,51 Kb.
#36423
Байланысты:
А.Байтұрсынұлы


А.Байтұрсынұлының "Қазақтың бас ақыны" атты ғылыми мақаласы


Абай дүние салған күннен бастап Алаштың қайраткерлері Абайды жоқтай бастады. Абайды қазақтың рухани әлеміне енгізу арқылы алаштықтар өздері де жолдарын Абай арқылы тапты. Ең бірінші қазақтың сөйлеу образын, сөйлем құрауын Абайдан алды. Ахметтің сөзді түрлеп жазу деген әдістерінен де Абайдың мәдениетін көруге болады.
«Қазақ» газеті Абайдың қайтыс болуына он жыл толуына орай қазақ елінің ұлы ақыны Абайдың өмірі мен ақындық өнерін таныту мақсатында ертерек қамданып, арнайы мақалалар циклін жариялауды қолға алды. Газеттің редакторы Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласының жариялануы абайтану тарихына елеулі рухани құбылыс ретінде қабылданды. А.Байтұрсынов Абай мұрасын исі қазақтың танып білу керектігін уақыт талабы ретінде бағалады. Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласы – әдебиеттану ғылымындағы алғашқы зерттеу еңбектеінің бірі. Мақалада ұлы ақын Абайдың тарихи миссиясы, рухани болмысы, өлеңдерінің ұлттық сөз өнеріндегі маңызы, көркемдік-эстетикалық сипаты баяндалған еді. Ол Абай өлеңдерінің даралығын, «сөзі аз, мағынасы көп, тереңдігін», сыншылдығын ұғындырды. Байтұрсынұлының Абайдың ақындық шеберлігі, поэзияға деген көзқарасы туралы ғылыми тұжырымдары қазақ әдебиеттану ғылымында жалғасын тапты.
Мұнда қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев туралы алғаш тереңнен тартып ой айтылған. Абай өлеңінің асыл қасиетін терең түсінген, өлең өнерінің озығы екеніне көз жеткізген А.Байтұрсынов: “Одан асқан бұрынғы-соңды заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ” деген тың да түйінді тұжырым жасайды. Жалпы Ахмет Байтұрсыновтың өзі басқарып отырған газетінің бетінде жарияланған өлеңдерден Абай үлгісін көргісі келетіні, ақындардан сол деңгейдегі талап-талпынысты танығысы, оларды сол бағытта баптап, тәрбиелеуді мақсат тұтатыны анық сезіледі. Ахметтің Абай шығармаларын өте жоғары қоятыны әуелден-ақ, әр кезде, әр жағдайда жарияланып жүрген түрлі мақала, жазбаларынан белгі беріп қалатын. Ал мына мақала сол бір Абай жайлы толғамды ойларының түгел күйде жарыққа шығып, оның өз талап-тілегінің негізсіз еместігін дәлелдей алғанының нақты көрінісі еді. Автор өз мақаласында бүгінгі зерттеушілеріміз көтеріп жүрген көптеген өзекті мәселелерді тілге тиек еткен. Ол Абай шығармаларының тілінің ауырлығы, мазмұнының қабылдауға қиын екендігін айтар ойға азық етіп, оны шеберлік қыры ретінде көрсете алған. “1903 жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олардың сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қаласың. Кей сөздерін ойлап дағдыланған адамдар болмаса, біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі. Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас», — деген жолдар жоғарыдағы сөзімізге нақты дәлел бола алады. Замана ауыртпалығын, елдің басына түскен зорлық-зомбылықты терең сезініп, жүрегімен түсініп, жырлай білген Абайды «Қазақ» газетінің авторлары пір тұтқан, ұлы ұстаз тұтқан. 1903 жылы Абай сөздерімен алғаш танысқан Ахмет қызыға да тұщына оқи келе, құдіретті сөз иесінің кемеңгерлік болмысын байқап, байыптап, сөз асылының қыр-сырына әбден қаныққан соң, Абай өлеңдері тебіренткен тұнық сезім мен тың ойларын оқырманмен бөлісуді қалайды. Абайдың әрқайсысы дәуір жүгін арқалаған сөз құдіретінің құпиясына үңіліп, Абай әлемінің әсемдік сырын ашуға ұмтылады.
Абайды əр қырынан ашуға тырысқан мағыналы мақалада мынадай жолдар бар: «Орыс ақындарымен танысып, өлең орны қайда екенін білгеннен кейін, Абай өлеңге басқа көзбен қарап, басқа құрмет-ықыласпен күтіп алып, төр түгіл тақтан орын берген. Бірақ басқа сөзден өлеңнің таққа мінгендей артықшылығы қандай, оны да көрсетіп, айтып қойған. Айтушы мен тыңдаушының көбі надан болғандықтан, өлең болып айтылып, тыңдалып жүргендердің көбі өлең емес екендігі, өлең жазушылар болса да, келістіріп жазушылары ішінде бірен–саран таңдама екендігі, жұрт мағыналы, терең сөзден гөрі мағына жоқ, маңыз жоқ, желдей гулеп, құлаққа дыбысы тиіп өте шығатын жеңіл сөздерді таңдауға құмар екендігі Абайдың өлең жайынан жазған сөздерінде көрсетілген». Мұндағы Ахметтің айтпағы — Абай ақынның сыншылық көзқарасының өткірлігі мен нағыз ақынға қажетті де керекті шеберлікті толық игерген жасампаздық тұлға екендігі.
Замана ауыртпалығын, елдің басына түскен зорлық-зомбылықты терең сезініп, жүрегімен түсініп, жырлай білген Абайды «Қазақ» газетінің авторлары пір, ұлы ұстаз тұтқан. Сонымен бірге Ахмет осы мақаласында «ақын шеберлігінің сыры неде?» деген сұраққа жауап іздестіреді. «Сөз жазатын адам əрі жазушы, əрі сыншы болуы керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек. Ұнамды, дəмді, орынды болуына сыншылық керек, мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған». Міне, Ахмет тапқан Абай шеберлігінің сыры осыларда жатыр. Жалпы ақынға, өнерпазға тəн қасиеттің бəрі бойына жинақталған Абай ақындығының табысы да, табиғи ерекшелігі де əлгі Ахаң айтқан үш нəрседен қуат алады, «сондықтан да өлеңі қай тарапынан болса да толық». Ахмет мақаласында Абай шығармашылық тұлға ретінде толық болмысымен көрінді. Ол Абай шығармашылығының төл ерекшеліктерін нақты мысалдар, өлеңдерінде өрілген көркемдік белгілер арқылы ашып көрсете алды. Сондықтан да бұл мақала қазақ көркемсөз танымының алғашқы ірі қадамы болып саналады. Өйткені қазақ сөз өнерінде жеке ақын шығармашылығына эстетикалық талдау жасап, биік көркемдік талғамнан өткізу — онша жиі кездесе бермеген құбылыс. Қазақ əдебиетіндегі осынау сүрлеуді алғаш А.Байтұрсынов салып, əдеби шығарманы көркемдік- эстетикалық тұрғыдан талдауды қалыптастыруға талпыныс жасағаны өскен мəдениеттің белгісі.


Әдебиеттер:
1.Мырзахметов М. Абайтану тарихы. - Алматы: Ана тілі, 1994.-132 б.
2.Байтұрсынов А. Шығармалары. — Алматы: Жазушы, 1988. — 267 б.


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет