А. Диана Қызы екен Тастанбектің ақын Сара



бет4/6
Дата22.09.2022
өлшемі58,01 Kb.
#39898
1   2   3   4   5   6
Байланысты:
ертен

Ақбопе
Ей, Біржан, кімге дәрі амандығың?
Сөз білсең бұ да сенің жамандығың,
Қыссасул-анбиядан көрмеп пе едің,
Белгілі мағлұм болды надандығың.
Адамды топрақтан жаратқан хақ,
Надандығың білінді бұл сөзге бақ.
Хауаға бұрын барған Адам ата,
Естігенің жоқ па еді мұны да ақмақ.
Данышпан білгіш қой деп ойлаушы едім
Арғында жүр екен ғой жоқты мақтап.
Найманда екі жүзді нар кескенмін,
Желкеңді қимақ үшін қойған саптап.
Тозаңын, анда-санда бір бұрқ етер,
Саулатсам бейпіл желді екі жақтап.
Күн көргелі келдің бе құрдым Арғын,
Жинауға сынық малта Найманды ақтап.
Артыңның ашыларын білмейсің бе?
Көрпеңді көсілсеңші бойға шақтап,
Жерге кіріп кетерсің жынды антұрған,
Шын қазсам асты-үстіңді жездей қақтап.
Делбелігі емес пе Біржан салдың,
Кісісін жеңе-тұғын жаңа таптық.
Талпынған жас баланың, білегіндей,
Қолымнан ұстатпаймын сен итке аппақ.
Сонда Біржан сөйлейді:
Жіберді домбырасын көкке сермеп,
Ағытты түрлендіріп әннен өрнек,
Сөзіме ызаланып алғаннан соң,
Дауысқа салды Біржан аспанға өрлеп.
«Мың жарым жылқы біткен Қожағұлға,
Сөйлеткен сені балап қазақ ұлға,
Асықша ақ жамбыны сұлуға аттым,
Тиінім шыққан емес сендей тұлға.
Сайратқан Орта жүздің бұлбұлымын,
Қызығып жүргенім жоқ алар пұлға,
Күшігін асыраған ұрғашы иттей,
Азғындап шектің Сара жылдан жылға.

Жанылсын
Қырсығын, өз басыңнан арылған жоқ.
Тегістеп айыбыңды тізсем қылға.
Қолыңнан ұстатпайтын ерке болсаң,
Күлімсі әкең неге берді құлға.
Бар екен жаннан артық сөйлер сөзің,
Сүйенген қызыл тілге шын сорлы өзің,
Қолға түскен қалмақша ықтиярсыз,
Төрт болар құлға барсаң екі көзің.
Сөзіңе таң қаламын сынай алмай,
Айтқаным кетті саған ұнай алмай,
Көзіңді күшік құрлы бір ашпайсың,
Қортиған шірігіңді құдай алмай,
Есекке қосақтаулы бір қашырсың,
Күң сырын көпке жаяр жылай алмай.
Құшақ толар еркекке арапшың бар,
Сәнсисің күйгеніңнен шыдай алмай.
Жан жетпес ән-жырымның өрісіне
Құданың ризамын берісіне.
Сықылды қортық тайша бармақ байың,
Бір қойдың сыяр тұлып терісіне.
Алыстан түлеп ұшқан түз құсындай,
Біржанның жұрт таң қалар келісіне.
Қайғылы қара кемік байтал түгіл,
Арғымақ ат шыдамас желісіме.
Бәйге аты серпуіме шалмайтұғын,
Әрқашан жұрт таң қалар жүрісіме.
Мойыным жүзген қаздай иіледі.
Орта жүз ән шырқасам сүйінеді.
Арғынның жалғыз тоны қолға түссе,
Төрт Найман орта бойлы киінеді.
Найманда байлық бар ма біздің елдей?
Жүрсем де адам боламын мұнда келмей.
Жаным
Қыз сөзін кек көрмейтін сайтаным бар,
Онымды тастамаймын өзім өлмей.
Атадан Біржан сал боп тудым артық,
Ұраным «Ер Қарқабат, Алтай-Қарпық».
Аққумен аспандағы ән қосамын,
Қозғасам ащы күйді түптен тартып.
Қырмызы, асыл бекзат бір мінезім,
Кетер ем еркек болсаң бір-ақ тарпып.
Қыз итті сыйлай-тұғын бір мінезім,
Самғаймын бәйге атындай артып-тартып.
Көкшетау дуанына даңқын, барған,
Мен Біржан алтын тудай айқындаған.
Естігелі, Сара сені, үш жыл болды,
Сері едім төңірекке құлаш жайған.
Түлкінің жүгірісін қыран байқар,
Ұялсаң, сөзің емес маған айтар,
Қанды көз, май жеп алған, ақиықпын,
Сен түгіл қасқыр көрсе бірақ шайқар.
Қайтару сұрамаймын келсе әнім,
Қыз сөзін парық қылмайтын ескі заңым,
Күнінде он көрінсе айнымайтын,
Кек төбет болды деме мені жаным.
Төстіктен жұрт таң қалар кергеніме,
Жеңбесем қуанбаймын келгеніме,
Ақ марал, осы жолы жығылмай кет,
Алтайдың душар болдың мергеніне.
Өзімдей бір басты адам сөз білмейді,
Құданың мың шүкірлік бергеніне,
Қыз сөзі батқан сайын жаным кірер,
Қарамай, қатты сөйле, өлгеніме.
Адымым күні бүгін қалыбында,
Екі жыл отыз беске келгеніме.
Қуырылып апшымның қай сасқаным,
Өтірік ентелетіп желгеніңе,
Көзімнің Көкшетаудан қыры түсті,
Аталық Қаптағайда жүргеніңде,
Аю болсаң басамын «аф» дегенде
Түспеймін жаман құстай көргеніңе.

Гулназ
Сонда Сараның, айтқаны:
Әй, Біржан, жасың үлкен, өзің аға,
Қымбаттығым белгілі білсең баға,
Қамысты терең көлдің сұқсырымын,
Қаңғырған ілдірмеймін қаршығаға,
Ежелден сен белгілі желді көрік,
Таң қалдым сәулетіңді сенің көріп,
Сені айдап ажалыңа алып келген,
Құт Маман, ер Шерубай қасыңа еріп,
Сөйлетпей шыға сала кеттім дерсің,
Түрімді көрсетейін сөйлеп беріп.
Қарны ашқан қырсығы бар еркек мысық,
«Сасық» дер аузы жетпей, майдан жеріп,
Кездеспей мен сықылды өнерпазға,
Дәндеме жүрген күңнен тезек теріп.
Өлеңді қолқа қылсаң ағытайын,
Самарқан жібегіндей оннан өріп.
Әншейін сыпайы деп қимай тұрмын,
Кезіңді төрт қылар ем иттей керіп.
Сөзбенен жеңемін деп ойламаңыз,
Бір жерден мүдірер деп көңіл бөліп.
Тіліңді тарта сөйле, Біржан батыр,
Жарамас жүдеп қайтсаң, іздеп келіп.
Тартылып таразыға тең келмейсің,
Тірілсең ертең кешке, бүгін өліп.
Арғынның тантықтығы міне осындай.
Кім байқар ер қадірін сөз қосылмай.
Жай тастап құшағымды кең созамын,
Сен түгіл әкеңнен де бір шошынбай.
Күшпенен көндіремін болмасаң да,
Түстеніп тамақ жерсің, қонбасаң да.
Назерке
Аптығып ақынсынып сандырама,
Ойлайсың артықпын деп оңбасаң да.
Найманға жалғыз тиын керегің жоқ,
Келесің қайыр сұрап анда-санда.
Мен пәлен дегеніңе сескенбеймін,
Шошыр деп қоразданып алдасаң да.
Ақыр өнер барынша байқасармын,
Өзіңді өзің мақтап арбасаң да.
Қарамды әр-берден соң бір көрмейсің,
Соңымнан үмітті боп қалмасаң да.
Тоймайтын жеті басты жалмауызсың,
Ескі-ұсқы елден жиып алмасаң да.
Қуып жетіп озармын Найман шалдап
Пысықсып ап дегенде самғасаң да.
Ей, Біржан, ділмәрсімай жүр жайыңа.
Әке десең көнбеймін ыңғайыңа.
Жауды аяған жаралы болар деген,
Шын тілеп сөйлейінші құдайыма.
Жылқының арығындай Арғын кедей,
Тойғансып мәз боласын, ішпей, жемей.
Құр айғай салғаныңа кім шошиды,
Жеңермін иттей қылып, адам демей.
Найманның аруағынан кет садаға,
Әзәзіл бола берме екі араға.
Жанақ та қобызымен түк қылған жоқ,
Оңай ма сендей сорлы бишараға.
Орынбай іздеп келіп кеткен қаңғып,
Жеңген жоқ Кеншімбайды о дағы аңдып.
Жанақ қашан жол алды Сабырбайдан,
Жаманын көтереді Арғын сән ғып.
Біржанды әке десе менсінбеймін,
Жаратты қыз да болсам сонша паң ғып.
Жынды бота сықылды бір делбені,
Құдайым тірі қойған несін жан ғып?

Арслан
Біржанның айтқаны:
Арғынға жете алмайды Найман өлмей,
Ежелден артық туған теңдік бермей.
Жеңбесем осы жолы Сара сені,
Өлгенім жақсы емес пе үйді көрмей.
Сараның айтқаны:
Ей, Біржан, өнер бітер қай жеріңе?
Бұл жолы пайда ілінбес құр теріңе.
Жеңбек түгіл келмейсің ширегіме,
Әкеңнің менен қорықсаң кір көріне.
Біржанның айтқаны:
Арғынның көз жеткісіз аймағы бар,
Төңірек жеті дуан ойнағы бар.
Кім жетер Жанайдарға Алтайдағы,
Алты жүз жас бота мен тайлағы бар.
Шалқыған Жәнібек пен Тұрсын, Жанай,
Ит қосты Нұрмұхамбет, Досан,Қанай,
Солардың хисабына көз жетпейді,
Ол түгіл бір Шақамдай болсаң қалай.
Қаржаста бір құтым бар Мұса, Шорман,
Үзілмей келе жатыр ескі қордан,
Қажының белбаласы Садуақас,
Құтқарған сан қыранды түскен тордан.
Ұл туған Қазанғаптай ата ұлынан,
Тұқымы декдар шыққан жатынынан,
«Полковник» шен алады туа сала,
Шырылдап туған бала қатынынан.
Шыныбай асып еді, пір шағында,
Жан жетпес ер Қажекем аруағына.
Жамантай, Құсбек, Шыңғыс, Сартай терем
Ілінген талай Найман қармағына.
Тәттімбет ардагерім Арғын асқан,
Қырық түрлі күй ілінген бармағына,
Ежелден әрі баймын, әрі молмын,
Шын қызсам шыдамайсың зардабыма.
Каракат
Адамның ақиығы хажы Құнанбай,
Сан жүйрік cay кеткен жоқ бір сыналмай.
Найманның әулиесі батыр Барақ,
Ішқұста болып кеткен түк қыла алмай,
Ыбырай жас жолбарыс білектенген,
Дұшпанға арыстандай жүректенген,
Өзінің заманының бозбаласы,
Перінің жігітіндей іргектелген.
Ей, Сара, қайсының бар оған жетер,
Өнерін көрген жанның есі кетер.
Адамның жалғыз басты білімдісі
Оны да жамандамас Найман бекер.
Орта жүз Абай қойды атын батпай,
Үйіне ояз кірмес жауап қатпай,
Арғынның асылдығы міне осындай,
Наймандай ағайынын жүрген сатпай.
Бар болса, бұған орай қоймай сөйле,
Әйтпесе сөзіңді қой босқа шатпай.
Сараның айтқаны:
Ей, Біржан, сөз сөйлейін анықтатып,
Көңілің ауырмасын, қабақ қатып,
Көкшетау, Қызылжарда талай Арғын,
Күн көрген жанын жалдап, жатақ жатып,
Найманнан қай жерің бай мақтағанмен,
Тентіреп нан жемейміз шілік сатып.
Бармаған соң жайымды білмейді деп,
Құр босқа мақтанасың тәңірі атып.
Найманда, Қаракерей, Сыбан, Мұрын,
Жеті ата Жолымбетке құйған нұрын,
Шерубай, Тана мырза, ер Тәуке-бай,
Қай қазақ сөз бастаған онан бұрын.
Баласы Қозыбайдың Тілеуберді,
Алихан оның ұлын әркім көрді.
Құдайдан қорыққан Арғын осал демес,
Қарадан хан боп шыққан Қисық ер-ді.
Сымбат
Жан жетпес Бабатайға Жалбы Жанақ,
Аққожа би, Ақтайлақ асқан манап,
Ақтамберді, Алтыбай, Ырайымбет,
Дұшпанын қуалаған қойдай талап.
Кенжеқұл, қазақ жетпес бабасына,
Төрт арыс билік айтқан баласына.
Байтұқа, Кеңесбай мен Құт Данияр,
Тұңғиық сөздің сөйлер шамасына.
Арғын жоқ мақтанғанмен Тойғылудай,
Қор құйған қыдыр келіп сабасын-ай,
Бірін-бірі аңдыған қу Арғынсың,
Мақтанған мінсең орыс шанасына,
Екі жыл бақ айналса біреуіңе,
Қайдағы жаулық қылған данасына.
Арғында кісілік жоқ мен білмейтін,
Қарны ашса қарамайды анасына.
Кім жетер Қабанбайға дуа қонған,
Үзілмей тұқымына қуа қонған,
Қожағұл, Әлі, Жәкеш, ер Әділбек,
Сүлеймен оның ұлы шықты соңнан.
Бұтабай, Байжігітте, құт Шиямбай,
Сасан би, шапты Кенже жауға аянбай,
Шынымен құлаш ұрып самғай берсем,
Қаласын, жетпек түгіл бір таянбай.
Таласпас, Танекенің жан бағына,
Жеңермін егер тартса іс ағына,
Шетінен қыдыр қонған өңшең құтым,
Мың-мыңнан құт тастаған арт жағына.
Арғынның болад дейді қызы сойқы,
Шот маңдай, иегі ұзын, мұрны кейкі.
Бұйра шаш, дөң жаурын, қысқа тұмсық,
Дорбелжі дорбиған күң ойқы-шойқы.
Жігіті Қоқандықтың аңлағандай,
Аптығар өрттің шалқып жанғанындай,
Асыққа ақ жамбыны ертіп құйған,
Найманның жігіт қайда Бағланындай.
Екі ауыз ән білгені ақынмын дер,
Қыдырдан түсте бата алғанындай.

Динара
Ұятсыз сіздің елдің бәрі даңқой,
Айтпасаң мұнан басқа қалғаныңды-ай.
Қапыда қалдым деме, ақын Біржан,
Көңліңнен қоймай сөйле арманыңды-ай.
Сара ақын екеніне көзің жетпей,
Осында қайдан білдің қармануды-ай.
Найманнан жылда тойып кетсең-дағы,
Қоймайсың жылда келіп жалмануды-ай.
Елу күн ғайып білген сұсты құспын,
Білмеймін, әкеңнен де алдануды-ай,
Өзіңді ата қылдың, құс та қылдың,
Жайымды адам күймен атайын мен.
Өнерге екі жағым бәрі бірдей,
Құр босқа бөгелемін келіспей нем.
Сайраған бүтін Найман бұлбұлымын.
Ұрғашы ғой демесең, қай жерім кем.
Құдай талап бермесе сүйегіне,
Жабайы тұлпар болмас жегенмен жем.
Арғымақ ғиялының артығымын,
Он күндей тынбай шапсам бір алмас дем.
Өз басым ұрғашының қара тілі,
Иранбақ бет бітісім қызыл гүлі.
Біржан сал, құдай айдап өзің келдің,
Іздеуге ойланып ем өткен жылы.
Майысып нәзік белім бұраң қаққан,
Қырық түрлі, дана кеудем өнер тапқан.
Сөйлесе май тамызған бұлбұл тілім,
Сықылды кәуһар сағат нақыс шапқан.
Ажымсыз он саусағым бәрі де аппақ,
Болғанда аузым сағат, ернім қақбақ.
Міні жоқ отыз тісім меруерттей,
Ерінбей тіздіргендей адамзатқа-ақ.

Асель
Мойыным сұңғағындай жүзген қудың,
Лебізім шырынындай шарбат судың.
Қаққанда төңкерілген қас бітімім.
Ашылған айбатындай жібек тудың.
Қырмызы қызыл жібек маңдайым кең,
Арғынның құдай кәне, қай қызы тең.
Тал бойым ұзын да емес, қысқа да емес,
Азар дұшпан болсаң да қай жерім кем.
Тамағым жас баланың білегіндей,
Иығым нақ сандалдың тірегіндей.
Бет алдым қоңыр қаздың кеудесіндей,
Тал бойым жолбарыстың жүрегіндей,
Арғынды мақтасаң да артық Найман,
Жетпек тұрсын байлыққа өтті Найман.
Бұралқы елге сіңген күшік иттей,
Бай болсаң мұнда Біржан, келдің қайдан.
Найманның Арғын жетпес қоғамына,
Қаласың бекер мақтап обалына,
Базарда қымыз сатып күн көресің,
Естимін таянды деп жоғалуға.
Мақтанып жоқ нәрсеңді айтпа маған,
Рас жаным ашиды Біржан саған.
Сөз білсең көп таласпа меніменен,
Алысып құр қу даңмен қалмас бағаң.
Ей, Біржан, шыдамаймын қылығыңа,
Мақтанба Құсбек, Сартай ұлығыңа.
Үстіне Жамантайды сомдап қоссаң,
Барақтың пар келмейді сынығына.
Ұстаған Тобықтыға дүре соғып,
Аққан қан ат суарған тұнығына.
Қапанның Байқарамен қосы қонса,
Жетпеген қалың тоғай қорығына.
Қазбек Құнанбайды найзалаған,
Төрем түгіл Төленгүт, жорығына.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет