А. О. Тымболова драмалық шығармалардың лингвистикалық поэтикасы Алматы, 2013 А. О. Тымболова драмалық шығармаларды лингвистикалық поэтикасы


III ТАРАУ Драмалық шығармалар тілінің прагматикалық әлеуеті



бет45/95
Дата06.10.2023
өлшемі1,66 Mb.
#113256
түріМонография
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   95
III ТАРАУ


Драмалық шығармалар тілінің прагматикалық әлеуеті

Драматургия өнері – драмалық мәтін және сахналық қойылым түрінде іске асырыла отырып, адамзат тарихының ерте кезеңдерінің өркендеуіндегі көркемдік тәжірибесін танытады. Сонымен қатар, көркем драматургиялық шығармалар бірден-бір жанрлық-стилистикалық қырларымен концептуалды лирикаға (немесе эпосқа) қарағанда анағұрлым айқын беріледі.


Драматургиялық әдебиеттің түрлі нысандары, оның жекелеген жанрлары тарихи түрде дамып отырды. Драмалық мәтіндер, сөз жоқ, әдеби әлемнің көркемдігін танытатын айтарлықтай өте күрделі құбылыс. Сондықтан, көркем сөз өнеріндегі жанрды немесе жанрлық формаларды түсіндіруде, бағыт пен түр ұғымы сияқты бірізділік жоқ. Көп жағдайда жанр мен түр теңестіріледі. Кейде жанр көркем сөз өнерінің бағыты сияқты қарастырылады. Алайда, жанрды дербес қарастыру басым түсіп жататындықтан, жалпы алғанда, көркем сөз өнеріндегі Бағыт – Түр – Жанр қатынасы кең таралған және біршама зерттелген деуге болады.
Әдеби шығармаларды жанрларға бөлу бірқатар ұстанымдар негізінде іске асырылады. Бұл белгілі бір түрге қатысты дербес алғанда, көркем әдебиеттің бағытына немесе драматургияға жататын жанрлар: трагедия, сатира т.б. әдеби бағыттар аясында алдымен эстетикалық сапасына, эстетикалық үндестілігіне қарай комедиялық, трагедиялық т.б болып бөлінеді.
Бұл аталған принциптерді зерттеушілердің көпшілігі жанрлық жүйені айқындаушы сапа ретінде есептейді. Сонда да жанрлық топтастыруда шығарманың көлемі мен соған сәйкес жалпы құрылымын есепке алу қажет. Жанрды анықтауда шығарманың тақырыбы да аз рөл атқармайды (тұрмыстық, комедиялық, психологиялық драма, т.б).
Ежелгі сөз өнеріндегі драматургияның алғашқы пайда болуы кезеңінде қойылымдар салттық ойындар түрінде өткен. Ол кезеңде драматургияның екі түрі туындады: трагедия және комедия. Аристотель ежелгі комедияның өзіндік шығу тарихын талдаған еңбектерінде, комедияның да, трагедияның да танылуының Дионис культымен байланысты екендігін көрсетеді. Оның қалдықтары бүгінгі күнге дейін сақталған. Бұлар орыстың хор айту (хороводческие) ойындарында кездеседі, мұнда екі бәсекелес топ бөлініп алып хор арқылы айтысады.
Сондай-ақ, ежелгі грек трагиктерінің, Эсхилдың, Софоклдың және Еврипидтің, комедиограф Аристофанның шығармаларының пайда болуы драматургия жанрын әйгілей түсті.
Бұл туындылар (өнер түрі және әдеби бағыт ретінде) екі негізгі анағұрлым ескі, жанрлық түрлілікті көрсететін құбылыс болды.
Бұдан шығатын қорытынды, драматургия ежелден-ақ көпшілік үшін қызмет етіп, елдің салтын, мәдениетін көрсетіп, тілін айғақтайтын әдебиеттің бір қайнар көзі болған.
Драматургияның жанрлық-стилистикалық түрлерін қалыптастыруға, шетел және орыс классиктері, атап айтқанда, Гомерлық трагедияны
В. Коркия, метафизикалық трагикомедияны Ю. Мамлеев; трагикалық фарсты М. Арцыбашев, Ю. Эдлис; романтикалық драманы Н. Птушкина; эксцентрлік комедияны С. Злотников; сентиментальды фарсты А. Слаповский; колониальдық драманы Е. Гремина, ал қазақ драматургиясындағы трагедия, драма жанрын дамытуға М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, Ж. Шанин және тағы басқа драматургтер үлес қосты.
Сол кездегі заман ағымына қарай жазылған ХХ ғасырдың бас кезіндегі драматургиялық шығармаларды «трагедиялық» түрге жатқызуға болады. Бұл шығармаларда окказиональды сипаттағы авторлық қолданыстар, трагедияға қатысты эстетикалық категориялардан туындаған сөз айшықтары мен тұрақты тіркестер кеңінен қолданылады.
Сол кезең драматургтерінің сүйенген жанрлық-стилистикалық белгілері жеке-дара зерттеу объектісі болуы керек. Аталмыш кезең драматургтерінің тілі лексикалық-семантикалық жүйедегі тіл байлығын қамтыған, және оны байытуға қызмет еткендігі анық.
Әлбетте, жазылған дүниенің барлығы уақыт талқысына төтеп бере бермейді. Бүгінде драматургиялық өнердің де жанрлық-стилистикалық құрылымы айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Алайда, біз қарастырып отырған классикалық шығармалар өміршең. Олардың шоқтығының биіктігіне, бай тілдік құрылымы дәлел.
Сонымен аталмыш кезендегі драматургияның жанрлық-стилистикалық кеңістігі пессимизмдік сарынды көрсетпейді. Пьесалардағы трагедиялық элементтер шығарманың идеялық-көркемдік мәні ретінде өте маңызды. Авторлар тақырып арқылы-ақ пьесасының трагедиялық мәні бар екеніне назар аудартқысы келеді.
Қазақ драмалық шығармаларының көпшілігі тарихта болған, халық білетін оқиғаларды арқау еткендіктен, олардың тақырыбы да дәл сол халық білетін атпен аталады. Мысалы, «Қарагөз», «Ақан сері – Ақтоқты», «Еңлік – Кебек», т.б. пьесалардың атының өзі-ақ оқиғаны еске түсіріп, көрерменге ақпараттық хабар береді. Бұл сөзімізге дәлел ретінде белгілі әдебиеттанушы ғалым
Ж. Дәдебаевтың М. Әуезов туралы айтқан: «Драматург өз қаламынан туған тұңғыш драмалық шығармасы «Еңлік-Кебек» пен бірнеше пьесасын халықтың ауыз әдебиеті үлгілері негізінде жазады. «Еңлік-Кебек» трагедиясын ел арасында кең тараған аңыз желісіне сүйене отырып жазса, «Айман-Шолпан», «Қарақыпшақ Қобыланды» пьесалары халықтың рухани байлығының баға жетпес асыл үлгілері қатарындағы «Айман-Шолпан», «Қобыланды батыр» эпостарына негізделеді. Драматург халық творчествосы туындыларын жаңа түрге түсірумен шектелмей, оларды мазмұндық аяда, тақырыптық және идеялық тұрғыда тереңдетіп, кеңейтіп игереді»,- деген пікірін келтіреміз [92, 56 б.].
Ал бүгінгі таңдағы драмалық жанрларды тақырыбынан ажырата қою қиын. Бұл жалпы алғанда қазіргі кезеңдегі өнердің кейбір даму үрдістерінің әсерінен (көркем шығармашылық түрлерінің «араласып кетуі», кешенді көркемдік құралдарын қарастыруда ізденіске ұмтылу, т.б) болуы мүмкін. Кейде тақырыптар синкреттік түрде қойылатындықтан, олардың мазмұнын талдау барысында ғана ұғынуға болады. Соңғы уақытта осы трагедиялық элементтер кездесетін жанрлық-стилистикалық формаларды дәлме-дәл анықтау, нақтылау міндеті тұр.
Драматургия жанрының тағы бір дәстүрлі түрі – комедия болып табылады. Комедиялар ежелде трагедиямен бір мезгілде пайда болған.
«Комедия» (грекше comoidia, comos – қуанышты тобыр және oide – өлең) – драманың негізгі бір түрі, онда коллизия, іс-әрекет және мінездер күлкілі түрде көрсетіледі. Комизмдер арқылы қоғамдағы және адам өміріндегі ең терең қарама-қайшылықтарды ашып көрсетуге болады. Аристотель күлкіге «ешкімге де залал келтірмейтін келеңсіздіктер мен қателер» деп баға берген. Іс-әрекет етушілердің мінездеріне тәуелділікте, қақтығыстардың әлеуметтік және адамгершілік мазмұнына қарай комедия әртүрлі эмоционалдық бояуларды қабылдайды: ақкөңілділік, әзіл-оспақ, мысқыл, сықақ, гротеск-сарказм т.б.
Комедияның көпғасырлық тарихында оған екі бағыттағы жанрлық түрленім тән: фарстан – комедияға, дөрекі әзіл-оспақтан – қалжың мен ишараға, кейде әдепсіз, кейде нәзік психологиялық әзіл-оспақтан – ойлы мысқылға; таза комедиядан әсерлі драмалылыққа ауысады. Пьесалардың ішінде ең көп орын комедияларға беріледі, комедиялық персонаждар сахналық ахуалды қанық бейнелеп және сан қилы мінездер галереясын көрсетеді.
Комедияның даму тарихында гүлдену және құлдырау кезеңдері алма- кезек болып отырады. Комедиялық пьесаларға шолу барысында драматургтердің ащы шындықты күлкі арқылы беру амал-тәсілдерін ұтымды пайдаланғандығы байқалады. Бұл драматургияның жанрлық түрлерінде комедияның өмірге икемділігін көрсетеді.
Драматургиялық жанрлардың ішінде негізгісі деп трагедия және комедиямен қатар, аралық сипатты иеленетін драманы атау орынды. Пьесаның бұл түріне «конфликт трагедиялық қайғылы өліммен аяқталмайды, бірақ іс-әрекет таза күлдіргі сипатқа да ие болмайды» (Эстетика, Сөздік, 1989, 85),-деген түсінік берілген.
Шарж термині әдебиеттануда (драматургияда емес) сатиралық тұрғыдан біреуді қалжыңға айналдыруды мақсат етіп, күтпеген жағдайда өткір контрастар арқылы бір нәрсені бейнелеу болып табылады.
Шарждар, сықақтар (водевиль) т.б. ешуақытта жанрлық түрге классификацияланған емес, олар окказионал қолданыстарда жұмсалып, пьесаның шын мәніндегі көркемдігін арттырады.
Бүгінгі таңдағы драматургияның тілі туралы салыстыра айтсақ, барлық басқа түрдегі тілдік-көркемдік шығармашылық сияқты, осы өнер туындыларын сақтап қалып отырған дәстүрлерді тірек етеді, сонымен қатар, бұл туындылар оқырмандар мен көрермендер қабылдауындағы қоғамның коммуникативтік-тілдік шынайылығымен де өзара тығыз байланысты. Әдеби және сахналық ипостастары арасындағы тығыз өзара әрекетінің нәтижесінде, сонымен бірге жанрлық-стилистикалық нысандағы түрлі әдеби бағыттардың бір-бірімен әсерлену белсенділігінің артуына (бірінші кезекте – драматургия мен прозаның) байланысты, осы кезеңде пьесалардың сапалық белгілерінің артқандығы айқын, олар ең алдымен оқу, көру арқылы қабылдауға (көрермендер қабылдауына емес) бағытталады.
Мұндай драматургиялық шығармаларға деген қарым-қатынас біржақты емес және мұның себептері де өте айқын: бір жағынан, пьесаның орындалуындағы тіл байлығы мен мәнерлілігі сөз жоқ түрлі режиссерлық трактовкалар барысында оның эстетикалық, сахналық мәнін жүзеге асыру; екінші жағынан – кейбір әдеби бағыттар «крені» (бір жақты кету) қазіргі кезеңдегі пьесаларды қоюда біраз қиыншылықтар туғызады да, сахналық шығарманың деңгейін төмендетуге әкеледі, яғни көрермендердің пьесаны қабылдауын қиындатады.
Драматургияның бір мезгілде театрлық және сөз өнеріне бірдей жүгінуі – драматургиялық мәтіннің феномендік қасиетін принципті түрде лирикалық және прозалық көркем мәтіннен айтарлықтай жоғары деңгейін анықтайды (тілдік арқаудың өзгеше күрделілігін және т.б.).
Сондықтан, драмалық шығарманың мәтіні өте терең зерттеуді қажет етеді, соның ішінде филологтар тарапынан ғана емес, пьесаны қоюда «жаза баспау» үшін бірнеше сахналық нұсқаларын ескеріп отыратын театртанушылар мен режиссерлер тарапынан да зерттеу жұмыстары жүргізілгені дұрыс. Спектакль түрінде көрініс табатын, актерлер мен режиссерлер талғап алатын мәтін әрқашан тіл байлығымен ерекшеленеді.
Біз қарастырып отырған жылдардағы көркем драматургиялық мәтіннің өзіндік өзгешелігін айқындау үшін, ең алдымен оларды ХХ жүзжылдықтың екінші жартысында ерекше мәнділігімен танылған басқа да ғылым жетістіктерімен байланыстыра сипаттадық. Бұл ретте сөз тек филологиялық ғылымдар негізінде ғана емес, керісінше жалпы – гуманитарлық салада түйісетін мәндегі ғылымдар ішінде – мәтін лингвистикасы, сөйлеу актілер теориясы, прагматика және прагмастилистикамен қоса, лингвопрагматика, коммуникация теориясы, мәдениеттану мен оның тармақтары және т.б. туралы болады.
Қазіргі кезде түрлі ғылым салалары өкілдерінің жүргізіп және іске асырып отырған зерттеулері көркем драматургиялық тілдің тәжірибеде пайдаланалып отырған коммуникативтік бағыттағы тілмен арақатынасын терең және айтарлықтай анық талдауға, психолингвистикалық, әлеуметтік лингвистикалық және басқа да драмалық мәтіндердің көп жағдайда сөйлеу формасына өте жақын, бірақ үнемі эстетикалық күрделенген негіздердің туындауы мен қабылдануын зерттеуге, драматургиялық шығармада бейнеленген әлем суретін нақты танып көруге (кейде бірнеше өзара әрекеттесуші әлемді) мүмкіндік туғызады. Олай болса, кез келген қазіргі кезеңдегі драматургиялық тілді жақсы сезінетін және оны маманданған дәрежеде меңгерген дарынды автор жасаған мәтінді орынды көркем универсум ретінде қарастыру керек. Бұл универсумды қалыптастыратын вербальдық құралдар тек жеке тілдік семантиканы ғана өзіне қамтымайды, сонымен бірге, көркем шығарманы қазіргі кездегі коммуникативтік позициясынан қарағанда, олар прагматикалық, семиологиялық және басқа мәндерді қолданушылар болып табылады.
Біз бұл ретте драмалық шығармалардың жанрлық түрлерінің құрылымын жекелей қарастыруды мақсат етпедік. Оларға жалпы шолу жасап, бүгінгі драмалық шығармалармен салыстыра сөз еттік. Себебі, драмалық шығармалардың трагедиялық, комедиялық, трагикомедиялық, т.б. түрлерін тілдік тұрғыдан талдау өз алдына жеке зерттеуді қажет етеді деп ойлаймыз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   95




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет