А. О. Тымболова драмалық шығармалардың лингвистикалық поэтикасы Алматы, 2013 А. О. Тымболова драмалық шығармаларды лингвистикалық поэтикасы



бет44/95
Дата06.10.2023
өлшемі1,66 Mb.
#113256
түріМонография
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   95
Байланысты:
Лингвистикалық поэтика. Монография

Қараменде (тұрып). Аз ауыл тобықтының баласы болып қиыр жайлап, шет қонып, жалғыз жүріп запы болған ел едің. Тосқауылдың тар кезеңінде кездесіп отырмыз ғой, ала көңіл артта қалсын. Құшағыңа құшағымды қосайын, қарағым, келші, Көбей! (Көбей екеуі көріседі, бәрі де отырады). Ел- жұртың аман ба, жарқыным? (33 б.)
Өткен ғасырдың екінші жартысы мен біздің ғасырдың бірінші жартысында көптеген зерттеушілер, шешендердің немесе сахна өнеріндегі актерлердің орындауындағы көркем сөздің интонациясын жан-жақты қарастыра бастады. Олар өз зерттеулерінде сахна өнерпаздарының, әртістерінің, шешендердің сөздеріне, солардың сөйлеу мәнеріне сүйенеді. Зерттеушілер мәтіндердің, яғни жазба тілдің өздеріне тән заңдылықтары болуы керек, сондықтан ол заңдылықтардың өзіне лайықты интонациясын, оның әуенін, қарқыны мен паузасын, синтагма шекараларын тыныс белгілері көрсететінін айқындайды.
Сөйлеудің қай түрі болсын, онда интонация басты рөл атқарады. Интонация – поэтикалық мәтіннің мағыналық байлығын және оның фонетика-әуенді қырларын ашуда маңызды рөл атқарады. Интонацияны мағыналық және ритмикалық паузалар, логикалық екпін, темп (қарқын) қамтиды. Интонация, пауза, күлкі, көзқарас – сезім сигналдарына тікелей әсер етеді.
Сонымен, интонацияның қай тілдің болса да жалпы жүйесіндегі орнын анықтау оңай мәселе емес. Б. Мальмбергтің айтуынша, просодияның яғни интонацияның орны – қандай тілдің болсын құрылымының нағыз өзегінде, оны аңғармау, оның маңызын дұрыс түсінбеу – тілдің жалпы табиғатын түсінбеумен барабар.
Драма дегеніміз – қимыл дедік. Қимыл, әрекет – жоқ жерде драмалық шығарма да жоқ. Актер сахнаға шықты ма, болды, дереу іске, әрекетке көшуі қажет. Мысалы, актер сахнадағы эпизодтық көріністің өзінде әңгіме-баяндау, бейнелеу немесе еске алу, адамның мақсатқа талпыну жолындағы ойлау бейнесін анық көрсетуге күш салады. Актер бұл жерде қарсыласының өзін тоқтатуына, сөзін үзіп жіберуіне жол бермейді. Көрермен де басты кейіпкерінің ой қиялы мен уәждерін түсінуге тырысады, эпизодтың мағынасын, яғни, мәтінді нақты және көрнекі түрде қабылдайды. Сондықтан да көрермен сахнадағы сан сауалға жауап іздейді және театрдан шыққаннан кейін де ойлануға мәжбүр болады.
Режиссердің мақсаты – сахнадан тыс жерде де адам баласының өмірлік сұрақтарға жауап іздеп, саналы ғұмыр кешулеріне ықпал жасау. Бір эпизодтың ғана әсерлі мағынасының өзі техникалық іскерлікті және өзіндік мәнді құралдарын қажет ететін өте қызықты, маңызды, типтік құбылыс болып табылады.
Мұнда нақты бір ықшамдылыққа деген тартылысты, сөйлеу қарқынының өзгеруін, бір әсерлі көріністің астарында бүтін сөйлеу блогындағы сөйлемдердің бірігуі туралы айтуға болады. Бұл фразадағы екпіннің және тыныстың басқадай құрылуына алып келеді. Сөз екпінделе түседі, егер де бір жоғары қарқындағы лебіз білдірілсе, фразаның динамикалылығы өседі. Сөйлеу эпизодының дұрыс құрылмауы екпін арқылы сөздің жұтылуына әкеп соқтырады. Эпизодтың әсерлі мағынасы фразаның екпінділігі арқылы анықталады. Бұл «мән» және «мағынаның» қатынасы – сахна тілі туралы, актерлерді оқыту әдістемесіндегі принципиалды түзетулерден тұратын сөйлеу құралының басты мәселесі болып табылады.
Күрделі тығыз байланыстағы «мән» мен «мағына» сөйлеуде жүзеге асатын құралдар болып табылады. «Мән» алдымен автордың мәтіндегі немесе сөйлеуде қолданылатын тілдік құралдардың барлық жүйесімен беріледі. Бірақ сыртқы грамматикалық мазмұны мәтін мазмұнымен салыстырғанда кедейлеу болады. Жазба тілде «мағынаны» түсіндіруге контекст, тыныс белгілері, сөйлем жүйесі және авторлық ремаркалар көмектеседі. Ал ауызша түрде, «мағына» мәтіннің мағынасын ашу үшін ең алдымен, барлық бейвербальды қатынас құралының көмегімен, яғни тілдік емес кодтар арқылы жүзеге асады. Олар сөзбен бірге адамның психофизикалық өмірінің барлық күрделілігін және байлығын, мәтіннің мазмұнын, мәселенің жеткізілуінің нақтылығын бейнелейді. Тілдік тұлғаның лингвистикалық және лингвистикалық емес жағдайды талдауда қажетті мазмұнды, керекті «мағынаны» түсіндіруді талап ететіні сондықтан.
Экстралингвистикалық құралдар, адамның «қалай» сөйлеуі тыңдаушыны біржақты және мазмұнды терең қабылдауға бағыттайды және де оның берілуінде үлкен үнемдеу туғызады. Бұған Г.В. Колшанский қызықты мысал келтіреді: 30%-дан 90%-ға дейін сөйлемнің құрылымы дұрыс емес немесе толық емес болуы мүмкін, ал контекстегі мазмұн интонацияның көмегімен түсінікті болады [91, 67 б.]. Сондай-ақ экстралингвистикалық қатынас құралы әрдайым тілдік қызметке тән, яғни сөздің мәнін арттырып қана қоймай өзгертеді де.
Тілдік емес қатынас құралы тілмен ғана тығыз байланысты емес және де оның «мағынасын» да нақтылайды. Яғни, пластикадан және қимылдан, жүріс-тұрыстан, көзқарастан тыс, болып жатқан жағдайдағы физикалық көңіл-күйдің дәл берілуінсіз мәтін жансыз болып шығады. Демек зерделі, жанды, қарапайым және әсерлі сөйлей білу – қимыл, әрекетсіз мүмкін емес.
Сондықтан театрлық тәжірибедегі жаңалықтарға орыстың ұлы режиссері Немирович-Данченконың жүргізген табандылық идеясы жатады, яғни адамның физикалық көңіл-күйімен қатысты оның ішкі жағдайы, мәтіннің дыбысталуын анықтайды және қалыптастырады. Актердің физикалық көңіл-күйі, оның дауыс мәнері, сөздерді керемет екпінмен айтуы «мән» және «мағынаны» ашуда маңызды рөл атқарады.
Егер өзара әрекетте негізгі болып – «мағынамен» алмасу үрдісі жатса, онда жанды сөйлеу интонациясы «мағынаға» тән болуы қажет, бірақ «мәнге» немесе мазмұндаудың әсерлілігіне қатысты емес. «Мен өмірді сүйемін» деген сөйлемнің грамматикалық мәні нақты интонациялық үлгіні талап етеді. Осы сөйлемнің мағыналық мазмұны өмірге әсершіл мақсаттан және ұсынылған жағдайға толығымен тәуелді көпқырлы интонациялық шешім туғызады және де басқа тілдік емес қатынас құралдарымен түсінуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, сахналық декорациялар – халық, уақыт, дәуір, әрекеттің сипатын көрсететін спектакльдің ажырамас компоненттерінің бірі. Жақсы көркемделген декорация арқылы спектакльдің мазмұны ашыла, одан алатын әсер тереңдей түседі. Суретшіге декорацияны жасауда драматургтың нұсқаулары, персонаждардың мінез-құлқы, табиғаттың, тұрмыстың көріністері, кейіпкерлердің костюмдеріне дейін қатысы бар.
Декорация тілдік әрекеттерді жүзеге асыруда да белгілі бір рөл атқарады. Кейде кейіпкерлердің табиғатқа сөйлеп, мұң шағатын тұстары болады. Декорация арқылы тек табиғатты ғана емес, кез келген жағдайды көрсетуге болады. Бұл көру каналдары арқылы қабылданатын сахнаның ерекшелігіне жатады.
Сахнадағы сөйлеудің типтік сапасы театр дамуының, актер өнерінің ерекшелігінің және режиссерлік принциптің жалпы үрдістерінің әсері арқылы қалыптасады.
Театрдың көркем дәстүрлі тәжірибесімен суарылған сахна тілі, ұлттық тілдің типтік сапасын, яғни әуезділік, ырғақтық, иілгіштік, үнділік, сарындылық, мәнерлілілік күші орфоэпиялық тазалықтың ең жақсы қасиеттерін жинақтайды.
Ұлттық театрымыздағы сахна тілі жастарға үлгі болуы тиіс. Біздің театрларымыз, ұлттық сөйлеу мектебі, сөйлеу мәдениетінің эталоны қалыптасқан театрлар. Және оған ұқыптылықпен, махаббатпен, зейінділікпен қарау талап етілуі тиіс.
Әсершілдік, таланттылық, шешендік, мәнерлі қимыл – бұлар актердің сөйлеу майталмандылығымен анықталатын және театр педагогикасының алдында тұратын міндеттің басты көрсеткіштері болып табылады. Әсерлі талдау әдісі сахнада дұрыс сөйлеудің нәтижелі жолын көрсетеді. Осы әдісті қолдануда К.С. Станиславский және Вл. Немирович-Данченко шығармашылық процесте асқан суреткерлікпен кәдімгі өмір заңдарын ашады.
К.С. Станиславский мен Вл. Немирович-Данченко адам психикасының күрделі құбылысына сәуле түсіретін шығармашылықтағы, адамның жүріс-тұрыс процесі механизмін ашатын бірінші жаңалық ашушыларға жатады. Көркем театрды құрушылардың басты ынтасы сахналық қатынастың нақты жағдайындағы адам қызметінің органикалық процесін қайта құру мәселелерінің маңайына жинақталған.
К.С. Станиславский жүйесінің әдістері қарым-қатынастың басты заңдылығын ашуға және амал-әрекеттің қалыптасу жолдарын, сөйлеуді туғызу этаптарын анықтауға бағытталды.
Бұл ретте П.В. Симоновтың эмоция физиологиясы, В.А. Артемовтың интонацияны зерттеу саласындағы, Г.С. Розентальдың көркем психологиясы, А.Р. Лурияның сөйлеу қызметі төңірегіндегі мәселелер бойынша зерттеулерін айтуға болады.
К.С. Станиславский және Вл.И. Немирович-Данченконың көркем мектебінің үстемдігін театр және театр педагогикасы саласында ғана емес, сонымен қатар, кеңес ғылымының жалпы психология саласында да атап өту қажет, өйткені олардың жаңалығы әлемдік жалпы ғылыми мәнге ие.
К.С. Станиславский және Вл. Немирович-Данченко сөйлеу қызметі мен амал-әрекетке ең бірінші болып талдау жүргізді. Олар сөйлеу қатынасының көп қырлы сипатын бірінші болып зерттеді. Сөйлеудегі екпін құрылымының өзара әсерлесу міндетіне, оның грамматикалық мазмұнына емес, «мағыналық» мазмұнына тән екенін бірінші болып анықтады. К.С. Станиславскийдің барлық еңбегінің жүйесі Вл.И. Немирович-Данченконың режиссерлік жұмысының бүкіл тәжірибесі сияқты қатынасу үдерісін терең талдауынан көрінеді.
Олар қатынастың психологиялық құрылымы, қатынасу этапы, жағдайға бейімделу мәселесі, шарттың және міндеттің, қатынастың және бағалаудың, ынталандырудың қалыптасуы – бұл кезеңнің бәрін «жүйе қызметі ретіндегі қатынас үдерісінің элементі» бойынша дәйекті түрде ескереді және ашып көрсетеді. Мұндай мәселелер К.С. Станиславский және Вл.И. Немирович-Данченконың еңбектерінде көркемдік шешімге ие болып қана қойған жоқ, сонымен қатар, актер тәжірибесінің сахналық өзара қатынасы және өзара әсері жайында желілі әдістемеге ие болды. Бірақ тағы да бір маңызды дәлелденуге тиісті жағдай бар. Осы таңдағы психологиялық зерттеулер сөйлеудің амал-әрекетінің жүзеге асырылуының ерекшеліктерін талдау арқылы, тек қана сезіну категорияларына сүйенеді. К.С. Станиславский және Вл. Немирович-Данченко сахналық қызмет принципін сөйлеудің амал-әрекетінің негізі және оның интонациялық іске асырылуы ретінде кеңінен дәлелдейді.
Дәл осы қызметтік қатынаста бүгінгі таңдағы театр өнері және театрлық педагогиканың елеулі ерекшеленетін сапасы жатыр және сол сапа көрініп те келеді. Бұл бағытта сахна тілі саласындағы оқыту әдістемесін дамытып, жетілдіре беру тиіс.
Сонымен, қазақтың драмалық шығармаларының тілдік емес табиғатын қарастыру барысында, аса көп ишаратпен сөйлейтін халыққа жатпайтындығын байқадық. Мәселен, италяндықтар, үнділер, француздар, африкалықтар, кавказдықтар, еврейлер ишаратты көп қолданатын халықтар. Керісінше, скандинавиялықтар, финдер, ағылшын-сакстар, славяндар ишараға өте сараң келеді. Өзге бір ұлттың салт-дәстүрі мен мінез-құлқындағы өзіндік сипатты ерекшеліктерін білу, адамдар арасындағы түсіністіктің, жақсы қарым-қатынастың да кепілі. Ұлттық табиғатты танытатын ишаралардың, белгілі бір дәрежеде сол халықтың сахнасынан да көрініс табатындығы даусыз. Ал қазақ сахнасында сөзге үлкен мән берілетіндігін, сөздің басым орын алатындығын бағамдадық.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   95




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет