А. О. Тымболова драмалық шығармалардың лингвистикалық поэтикасы Алматы, 2013 А. О. Тымболова драмалық шығармаларды лингвистикалық поэтикасы


Драмалық шығармалар тіліндегі диалогтық сөйлеудің ерекшеліктері. Олардың жүйеленуі



бет47/95
Дата06.10.2023
өлшемі1,66 Mb.
#113256
түріМонография
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   95
3.2 Драмалық шығармалар тіліндегі диалогтық сөйлеудің ерекшеліктері. Олардың жүйеленуі

Диалог – өзара тілдесу негізінде ауызша сөйлесу формасына жататын, сөйлеу қарқынын үнемдеп пайдалану принципінен туған қарым-қатынастың алғашқы табиғи түрі. Демек, оның генетикалық негізі ауызекі сөйлеу тілінен бастау алады. Тілдік коммуникацияның бейвербалды құралдары арқылы (интонация, ым, ишарат) берілетін диалогтың ақпараттық толық жағдайы дискурс аясында қамтамасыз етіледі. Бейвербалды құралдар диалогқа қатысып отырған екі жақтың эмоциясы мен сезімін жеткізудегі таптырмас құрал болып табылады. Диалогтық сөйлеудің өзіндік ерекшелігі сөйлеу формасының тағы бір түрі – монологтық сөйлеумен салыстырғанда айқын көрінеді.


Диалогтарды зерттеу мәселесі сөйлесу формасын таным мен қарым- қатынастың әдісі ретінде қарастырған сонау Сократтың еңбектерінен бастау алады.
Диалог теориясының негізін орыс ғалымдары Л.Л. Якубинский,
Л.В. Щерба, Н.Ю. Шведова, М.М. Бахтин, Е.Д. Поливанов, В.В. Виноградов, В.Н. Волошинов, А.А. Шахматова, т.б. қаласа, оның философиялық өзектілігі К. Ясперстің, Дж.Г. Мидтің, Ф. Эблердің еңбектерінде көрсетіледі.
Соның ішінде, құрылымдық-семантикалық аспектіде Л.П. Якубинский, Р.Р. Гельгардт, А.П. Стельмашук, А.К. Соловьева, И.Н. Борисова; прагматикалық аспектіде С.Г. Ильенко, Е.В. Подучева, О.Б. Сиротинина; функционалды аспектіде Т.Н. Колокольцева, Т.Г. Винокур; стилистикалық аспектіде В.В. Виноградов, Б.А. Ларин, М.Б. Борисова, Г.Г. Полищук т.б. зерттеді.
Қазақ тіл білімінде диалог туралы алғашқы пікірлер А. Байтұрсынұлы мен Қ. Жұбановтардың еңбектерінде айтылғаны белгілі.
Диалог табиғатының қазақ тіл біліміндегі зерттелуіне келетін болсақ,
А.Қ. Айтбенбетованың «Ауызекі және көркем шығарма мәтініндегі диалог: лексикалық, синтаксистік және стилистикалық сипаттама» (2007) атты зерттеуін атауға болады. Еңбекте ауызекі сөйлеу және көркем шығарма мәтініндегі диалогтың лексикалық, синтаксистік, стилистикалық ұқсастықтары мен айырмашылықтары айқындалып, олар қазақ және орыс тілі материалдарымен салғастырыла қарастырылып, пайда болу табиғатының, қызметінің негізгі көрсеткіштері бірдей екендігі анықталған.
Жоғарыдағы автор драма тіліндегі диалогтың табиғатына: «Драмадағы диалог табиғи ауызекі диалогке ең жақын дүние. Бұлардың тегі бір, шапаны да бір, тек әшекейі әркез бірдей емес. Драмадағы диалог жеңіл, әдемі болғандықтан, оқырман оны тез ұғады, тез қайталайды»,-деп сипаттама берсе, оның эстетикалық әсері жөнінде былай дейді: «Драмадағы диалог сөйлеу тілі диалогіне бағынышты бола отырып, коммуникация заңдылықтарына әсер етіп қана қоймай, оқырманға эстетикалық әсер ететін жаңа өріс қалыптастырады. Диалогтегі қосалқы сөз мағынасы реалистік драмада жазушының барлық көркемдік жүйесі және идеялық талпыныстарымен сәйкес келе отырып, эстетикалық жағынан бірден-бір әсер ете алады» [99, 98 б.].
Ал Г.С. Иманғалиева «Типология диалога» (на материале казахского и русского языков) (1999) еңбегінде диалогтарды екі тілдің материалдары негізінде психолингвистикалық, этнолингвистикалық, әлеуметтік- лингвистикалық факторлар арқылы салғастыра зерттейді.
Автор диалогты хабарламалық, прагматикалық, модальдік деп үш түрге бөліп қарастырып, оларды іштей әңгімелесу, хабарласу, пікіралмасу, сұхбаттасу, түсінісу, мақұлдау, талқылау, өтіну, қорытындылау, т.б. түрлерге жіктейді [100, 93-96 бб.].
Диалог феноменінің философиялық астары жанды тілді түсінуде ғана емес, адамның өзіне және өзгеге деген қарым-қатынасын қалыптастыруда жатыр деуге болады.
Драмалық шығармалардың жанрлық-стилистикалық параметрлерін айқындайтын диалогтық нысан, бұл – үш мың жылдан аса қолданылып келе жатқан драматургияны айқындайтын сапа. Әрине, осындай ұзақ уақыт ішінде диалог бір емес, бірнеше рет (әр түрлі көркем әдістер және бағыттар аясында, сонымен бірге жекелеген авторлар арқылы) түрлендірілді. Бірақ ондай өзгерістер диалогтың басты ерекшеліктерін өзгерткен жоқ, тек түрліше монологтандырылған және жеке диалогтық репликалар арқылы көрініс тапты. П. Пави көрсеткен диалогтың «коммуникация және назар аударушылық» басты белгісі қашан да сақталынды.
ХХ ғасырдың ортасына дейін диалог өзіне тән жеке лингвистикалық сипатымен (лексикалық, семантикалық, синтаксистік) зерттеліп келді. Диалогтың көп қасиеттері, әдетте, толығымен диалог теориясы мақсатынан көркем мәтінде, не көркем мәтінде емес деп шектелмей, түрлі жанрлардағы шығармаларда (прозалық, драматургиялық, лирикалық) сипатталды.
Демек, диалогтық тіл – репликалардан тұратын, ұдайы қабылдаулар арқылы әсер ететін тілдік қызметте белсенді рөл атқаратын сөйлеудің түрі. Олай болса, диалогтың өзіне тән ерекшелігі – екі немесе одан да көп тұлғалардың сөйлесуіндегі (полилог) шұғыл сөз алмасулар болып табылады.
Диалогтық тілдің негізгі құрылымдық және мазмұндық компоненттерін құрайтын екі адамның сөйлесуін әдетте реплика дейміз.
Диалогтық тілге мазмұндық (сұрақ, жауап, толықтыру, түсіндіру, пайымдау, тарату, келісу, қарсыласу), тілдік этикеттің т.б. түрлері және репликалардың құрылымдық байланысы тән.
Репликаларға қатысты Д.Б. Абдыкаримованың «Типология реплик казахского и русского диалогов» (1999) және Ж.С. Қаңлыбаеваның «Коммуникативтік акт шеңберіндегі жауап репликаның қызметі» (2006) атты еңбектерін атауға болады.
Диалогтық тілдің коммуникативтік үдерістің өзара байланысу тәсілдері мен лингвистикалық құралдар арқылы талданатын семантикалық-құрылымдық аспектісі белгілі.
XX ғасырдың орта шенінен бастап, диалог лингвистикалық зерттеулердің ғана арқауы болып қойған жоқ, психология, психолингвистика, мәдениеттану, прагматика, сөйлеу актілерінің теориясы, тіл мәдениеті, лингвостилистика ғылымдары да тілдік қарым-қатынасты зерттеу барысында диалогқа жүгінді.
М. Хайдеггер «тек диалогта ғана тілдің бар болмысы толық ашылады»,-дейді [101, 73 б.]. Диалогты тұтастай және диалогтық тілдің бірліктері ретінде қарастырғанда да, зерттеушілер алдымен оның коммуникативтік міндетінен гөрі мазмұндық, құрылымдық, грамматикалық ерекшеліктеріне баса назар аударады.
Ал XX ғасырдың екінші жартысынан бастап жедел дамыған лингвистикалық прагматика диалогтың коммуникативтік қырларын, коммуникативтік үдерістегі субьектілердің (адресат пен адресант) бір-біріне өзара әрекеттерін, әсерін жан-жақты қарастыруға күш салды.
Сондай-ақ, лингвопрагматикалық зерттеулер коммуниканттар мінез-құлқының әрқайсысының ерекшеліктерін, тілдік қарым-қатынастың түрлері мен мәнерін (тактика), жанрын (ақпараттық диалог, достық әңгіме, талас, тартыс,т.б.) кеңінен қарастырды.
Орыс тіл білімінде диалогтық тілді ең алғаш психолингвистикалық және әлеуметтік лингвистикалық аспектіде қарастырған ғалым Л.П.Якубинский болды. Л.П. Якубинский диалогтық тілдің құрылымдық жүйесін, адресат пен адресанттың жалпы ортақ апперцепциялық базасы болатын қарым-қатынастың вербалды құралдарының рөлін, т.б. мәселелерін қарастырды.
Л.П. Якубинский диалогтың түзілісін қарастыруда, оның репликаларды түзудегі «толымсыздығын» және субьектілердің реплика алмасудағы өзара байланыстары мен өзара тәуелділігін ашып көрсетеді [102, 87 б.].
Диалогтың құрылымын қарастырған М.М. Бахтин «Диалогические отношения – явления гораздо более широкое, чем отношение между репликами композиционно выраженного диалога, это почти универсальное явления, пронизывающее всю человеческую речь и все отношения и проявления человеческой жизни, вобщее все, что имеет смысл и значение» [103, 49 б.],-деп барлық қарым-қатынас түріне диалогтылық тән екенін көрсетіп, оның модустық және диктумдық екі негізгі элементін нұсқайды. Ғалым диалогтың модустық элементі – субьектінің мазмұнға қарым-қатынасын көрсетсе, диктумдық элементі – ойдың негізгі мазмұнын білдіреді дейді.
Ал Н.А. Ильина диалогтарды микродиалог (материяның негізіндегі), макродиалог (адамның әлемге жақындасуы), мегадиалог (космостық кеңістік) деп бөледі [104, 34 б.].
Сондай-ақ, диалогтық тілді орыс ғалымы А.К. Соловьева да ұзақ жылдар бойы зерттеп, оның мынадай мәселелерін қарастырады. Ғалым диалогтың семантикалық түрлілігін көрсетуде, белгілі бір ортақ тұжырымдарға сүйенетін лингвистикалық ерекшеліктерін айқындайтын мүмкіндігін бөліп көрсетіп, диалогтың құрылымдық-семантикалық табиғатына назар аудартады. Бұл ретте диалогтың түрлерінің ерекшелігін айқындау, жалпы сөйлеу ағынындағы берілген диалог түрлерінің синтаксистік моделін қарастыру мәселелері, диалогтағы лексикалық-синтаксистік параллелизм құбылысын дамыту, репликалар түзіліміне назар аудару, сөйлеудің интеллектуалдық негізін көрсету қажет. Бұларға қоса, диалогтық тілге кешенді талдау жасау кезінде прагматикалық, лингвистикалық т.б. мәселелерді де қоса қамту керек деп есептейді.
А.К. Соловьева диалогты мынадай төрт түрге бөліп көрсетеді: диалогтық тартыс (диалог-спор), диалогтық талас (диалог-ссора), диалог арқылы түсіндіру (диалог-объяснение), қостау диалогы (диалог-унисон) – мұнда екі әңгімелесуші бір-бірінің пікірін қостап отырады. Және олардың өзіндік ерекшеліктерін талдап көрсетеді.
Ғалым диалогтық тілдің мазмұнын, лексика-семантикалық құрылымын, берілу тәсілін, аяқталуын қарастырады. Бұл ретте, автор, диалог-тартысқа экспрессивтік реңк үстейтін логикалық сәтті, яғни репликалардың параллелизмі, монологтық репликалардың енгізілуі, әңгімелесушінің ойын бөлу т.б. қамтиды, мұнда қатысушы тұлғаның репликасы тартысқа қатыспауы мүмкін, бірақ шешуші сәтте қолданылады дейді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   95




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет