1.7 Сахна тіліндегі билер дискурсы
Қазақ әдебиеті мен өнері туралы сөз еткенде шешендік өнердің алатын орны ерекше. Шешендік сөз өнері ежелгі риторика ұғымымен сарындас. Шешендік сөз өнері қазақ халқының ұлттық табиғаты мен әлеуметтік өмірінің де шынайы кейпін көрсетеді. Шешендік өнерде ұлттық сезімнің әсерлі бояуы, нақышты ой айшықтары көркем сөз арқылы сараланып, тыңдаушыға айрықша әсер етеді.
Бүгінгі тіл білімінде көркем шығарма тілі, оның ішінде мәтін теориясы, мәтін мен дискурстың арақатынасы, дискурстың өзіндік табиғаты жан-жақты қарастырылуда.
Драмалық шығармалар тіліндегі билердің аузымен айтылған шешендік сөздер көркем дискурсты таныту мәселелерімен ұштасып, өзгеше стиль қалыптастырады.
Жазба мәтіннен оқырман эмоциялық әсерді аз алуы мүмкін. Ал сахналық қойылымда шебер ойнай білген актердің аузынан шыққан әрбір сөз көңілдегі ойға қозғау салары анық. Бұл жерде актер дауысы шешуші рөл атқарады. Дауыс актер сөзінің үш бірдей ықпалды қызметін жүзеге асырады дейді сахнатанушы Д. Тұранқұлова. Олар: «спектакль не жайында, соны естіп-білуге; дыбыс ырғағымен бейнеленген кейіпкер ойларын түсінуге; пьеса кейіпкерлері қандай сезім-күйде, соны аңғаруға мүмкіндік әпереді»,-деп көрсетеді [29, 86 б.].
Осы сахналық дауыс күші дәрежесінің үш топқа бөлінетіндігі белгілі. Олар: кеуделік немесе төменгі регистр; бас немесе жоғары регистр; аралас немесе орта регистр. «Регистрлердің шектелуі әртүрлі, әрі ол әрбір адамның өзіндік дауыс ерекшелігіне, дауыс айырмашылығына тікелей байланысты болады. Тілдік дыбыс күнделікті өзіміз әңгімелеп жүрген осы орта регистр базасында дамиды. Бұл жағдайда дыбыс құбылмалы мінез (характер) танытып, күш дәрежесі пәлендей болмайды және өте қысқа шығады» [29, 87 б.].
Мәселен, билер дискурсындағы сөз этикетіне келетін болсақ, мұнда алдымен бата беру салты дәстүрлі түрде орын алады. Бұл орайда, «Адамның ойына, көңіл-күйіне, сезіміне, мінез-құлқына, іс-әрекетіне суггестиялық амалдар зор ықпалын тигізеді. Сөзбен сендіру, иландыру, яғни суггестия қазақ халқында түрлі тұрмыстық жағдайларда, көңіл айтып жұбатқанда, бата бергенде, бал ашқанда, ауруды емдегенде, бала тербеткенде, тағы басқа жағдайларда көрініс тапқан» [50, 52 б.],-дейтін пікірлері сөзімізге дәлел. Бата алған адам жақсылықпен жаны семіріп, шат-шадыман күй кешеді. Міне, сөздің суггестиялық қасиеті адамға қанша күш-жігер береді.
Мәселен,
Абыз. Адалдан бер, ақтан бер!
Бәлекетін жатқа бер.
Ер маңдайын баққа бер!
Абырой асар жаққа бер!
Қара түндей қазаны
Қас ойлаған жаққа бер
Сөнбес күндей шат көңіл
Жазығы жоқ жасқа бер! (14 б.)
Абыздың берген осы батасынан Кебек батыр соншама рухтанып, қолын төсіне қойып, қарт бабасына тізерлеп тұрып алғыс айтады. Кейіпкер сөзіндегі бейвербалды амалдар арқылы жасалған қол қимылы мен тізерлеудің өзі көрермендер эмоциясына айрықша әсер етеді.
Cуреткер грамматикалық тұлғаларға әртүрлі стильдік жүк артып қолданады. Көркем сөз тілінде етістік тұлғасы мәтінге поэтикалық-стильдік реңк үстейді. Етістіктің шақтық тұлғалары көркем образ жасау үшін көріктеуіш амал қызметін атқарады. Тіліміздегі бұйрық рай формасы морфологиялық құрылысы, синтаксистік қызметі жағынан да басқа райлардан өзгеше болып келеді.
Жоғарыдағы мысалда Абыз сөзіндегі қолданылған бұйрық рай категориясының экспрессивті мағына реңкі күшті сезіледі. Осындағы бер болымды етістігінің функциясын талдап көрелік: Мұндағы өлеңнің әрбір жолында қайталана қолданылған бер етістігі белсенді құрылымдық элемент ретінде мәтінді поэтикалық, эстетикалық тұрғыдан маркерлеп тұр.
Қазақ тіліндегі қос ерінді (билабиаль) б дыбысына дауыс аздап қатысады. Негізі б фонемасының сөздің басында, ортасында актив қолданылуы, сөздің соңында мүлдем кездеспейтіндігі оның өзіндік ерекшелігін көрсетеді. Осындағы бер сөзі (ақтан бер, жатқа бер, баққа бер, жаққа бер, жасқа бер) дауысты, үнділерге аяқталған сөздермен тіркескендіктен ашық үнмен айтылып, құлаққа жылы, жағымды түрде естіледі.
Мысалдағы дыбыстық образдардың (дауыссыздардың) белсенді қолданысы (бірінші жолдағы – д, л, н, б, р; одан кейінгі жолдардағы – с, т, қ, к) сөз тірегі болып, негізінен мағыналық айыру рөлін атқарып тұр. Ал мысалдағы дауысты дыбыстар өлең жолдарындағы әуендік бейнені өрнектеп, дауыссыздарға қарағанда ықпалы төмендеу әсер етеді.
Осы орайда, мұндағы тон жиілігінің сызығы, дыбыстың амплитудасы жеке синтагма құрап тұрған бер-ге түсіп тұр. Жоғары қарқынды болып келетін бер-дің ерекшелігі – мұнда әуен де, үдемелік те басым түрде беріледі. Әуеннің динамикалық диапазоны да мол, толқынды болып келген. Сөйлемнің аяғында келген эмоцияның мәні үлкен, сөз реңкінің мағына ажыратушылық қызметі де басым түсіп тұр. Актер бер сөзіне екпін түсіре, жоғары интонациямен айтады. Интонация тәуелсіз, аяқталған. Лепті интонемадағы эмоцияны жеткізу үшін актер әрбір жолды жоғары реңкпен аяқтап отырады. Осындағы сөздің қуаты актерлік вербалды емес амалдармен ұштасып, мағына салмағын арттыра түседі.
Сахналық дискурсты іске асырушылар – актерлер. Алайда, сахналық дискурста сөйлеу жағдаяты тек актердің сөйлеу әрекеті арқылы ғана іске аспайды. Актер автордың ойын, спектакльдің идеясын жеткізуде тілдік емес әрекеттерді де пайдаланып, түрлі эмоцияларды беруде просодикалық тәсілдер арқылы да ақпарат жеткізе алады. Яғни сахнадағы дискурс прагматикалық қатынас арқылы жүзеге асады. Тілдің прагматикалық аспектісі сөйлеуші мен тыңдаушының айтылған, естіген нәрсені ұғынуымен, түсінуімен байланысты. Біз сөз етіп отырған сахнадан естілетін билер сөзі сөйлеу мәдениетін арттыруға, тіл байлығын сақтауға, сөз қадірін бағалауға, актерлердің сөйлеу шеберлігін қалыптастыруға ықпал етері сөзсіз.
Сондай-ақ, жоғарыдағы сахна тіліндегі қазақтың менталдық өзгешелігіне байланысты төс қағыстыруы, қол қусыруы, қолын кеудесіне қойып тағзым етуі, тізерлеп жүгінуі, маңдайдан сүюі, иіскеуі, т.б. тілдік емес амалдардың барлығы да ұлттық сипатқа ие.
Мысалы:
Жиренше қамшысын тастайды.
Достарыңызбен бөлісу: |