Құйрығы жоқ, жалы жоқ, Құлан қайтіп күн көрер! Аяғы жоқ, қолы жоқ, Жылан қайтіп күн көрер! (7 б.).
Бұл мысалдан Абыз қарттың сөзінің тұспал түрінде берілгенін байқаймыз. Абыздың сөзінен қоғамға деген көзқарасын, пікірін, күйініш-зарын көреміз. Яғни, прагматикалық пресуппозициялар арқылы сөйлеушінің ықпал-әсерін анық танимыз. Абыз сөзінің тыңдаушыға беретін эмоциялық, эстетикалық, интонациялық, элокуциялық әсері орасан зор.
Дәл осы пьесадағы Абыз туралы ғалым Р. Нұрғалиев былай дейді: «Абыз монологтарының лейтмотиві, өзекжарды тілі – ел, халық, соның арманы, соның тілегі, соның күйі, соның мұңы, Абыз елім, халқым, жұртым демей аяқ баспайды. Ел деген көкейкесті қайырмасы, домбыраның құлақ күйіндей боп жүрекке жылы тиіп, көкірек шымыр еткізген әсер береді» [21, 30 б.]. М. Әуезов пьесада Абызды шешендіктің лейтмотиві ретінде алып, үлкен халықтық образға дейін көтереді.
Инвенция тәсілі арқылы (берілетін ақпараттың ойда сұрыпталуы, сипатталуы) жасалған Кеңгірбай бидің мына бір ішкі толғанысына назар аударайық:
Би (жалғыз). Жағаласу жетпеді ме?.. Тәңірдің әлде болса олқысы бар дегені ме? Енді қандай сыбаға тартар екен. Найманды даңды судай тасқызып, бұрқ-сарқ еткізіп, мұнда әкеле жатқан Кеңгірбайдың соры ма? Әлде алалы жылқы, ақтылы қойдың тері ме? Найман бұл жолы келсе, ашынып келеді. Білемін, матайдың талайдан тобықтыда жүрген есесі бар. О да найманды шүйелемей қоймас. (Ойланып.) Тағы да тебінгіден тер, қабырғадан қан жаудырам ба? Жоқ, қылша мойын талша деп бас ием бе? (Ойланып.) Бірақ найман кегі оңай емес. (Басын шайқап тоқтайды) (31б.).
Ал бидің «Не сұмдық? Қандай қорлық күн жеттің? Қуарған қатал өлім күн! Не еріңнің қанын бер... не мынау келіп төніп тұрған қараша-қауыс үстінде, ақ қар, көк мұз алдында жөңкіліп басқан жұртыңның көз жасын төк... Зарын бер! Осы ма еді, осындай ма ең, мені тосқан қу ажал!? (39 б.),-деп айтқандары шешендік сөздің қарым-қатынасқа түспей тұрғандағы аралығын, яғни диспозиция тәсілін қамтиды.
Ары қарай пьесадағы шиеленіс Абыз бен бидің арасындағы екеуара диалог арқылы өрбиді: