7. Сұраққа модальды әсер ету диалогы. Төлеш. Одан да бүгін осылардың қасынан көшіп кетіп, есемді артынан қуып алсам қайтеді? Әбділда (ойланып). Бұ да дұрыс сөз екен. Бүгін бұлардың алдында кішірейме. Бүгінгі осы ақыл дұрыс екен. (72 б.)
Б. Шалабай М. Әуезов тіліндегі диалогтар туралы былай дейді: «М. Әуезов диалогтеріндегі қуатты сөз түйіні, халықтың сөз өнерінің асыл марқалы ауыз әдебиетіндегідей, көбінесе, синтаксистік параллелизмдер арқылы, теңеу, әртүрлі символдар арқылы риторикалық сұрақ пен лексикалық қайталаулар арқылы құйылып жатады» [113, 12 б.].
Әрине, диалог көп жағдайда, күрделі композициялық-стилистикалық және мағыналық бірліктерді құрайтын бірнеше репликалардан («микроэлементтерден») тұрады. Бұлардан басқа, репликалар авторлық түсініктерге, ремаркалардың мазмұнына әсер етеді.
Диалогтарды классификациялауда ары қарай Н.Д. Арутюнова ұсынған бір-біріне сәйкес негіздегі бес диалогтың түрлеріне тоқталайық: 1) ақпараттық диалог (make-know discourse); 2) прескриптивті диалог (make-do discourse); 3) пікір алысу, шешім қабылдау және шындықты анықтау мақсатындағы (make-believe discourse); 4) өзара қарым-қатынасты орнату және реттеу мақсатын көздейтін диалог (interpersonal-relations discourse); 5) көтеріңкі (праздноречевые) сөздер (fatic discourse): а) эмоциональды; б) әртістік;
в) интеллектуалды. Бұлар қарым-қатынас түрлерінің жалпы сипатын танытады деп есептейміз. Күнделікті қолданылатын тілде бұл аталған түрлер дәл осы қалпында сирек қолданылады.
Жоғарыдағы прескриптивті диалог өтініш ету, бұйрық беру, бір нәрседен бас тартуды немесе уәде беруді білдіреді. Мұнда сөйлеуші тұлға әрекеттің бағдарын береді, ал шешуші тұлға оның орындалуын қадағалайды.
Сонымен бірге, мұндай диалогтар мақсаты жөнінен әртүрлі, тура және жанама, жауап беру реакцияларының жоспарлылығы, рольдердің бөлінуі және коммуникативтік қызығушылық, өзіндік ерекшелігі, ұзақтылығы, құрылымдық байланысы, әңгімелесушілердің интенционалды жағдайы, табысы, «құлдырауы өзіндік формаларда, модальдық сипаттарда болады [114, 650 б.].
Егер күнделікті коммуникативтік қарым-қатынаста таза диалогтық жанрды кездестіру мүмкіндігі өте аз болса, көркем драмалық сөздерде бұл мүмкіндік жоқтың қасы: біріншіден, кез келген пьесадағы қызмет ететін диалог көп жағдайда эстетикалық тәуелділігінен; екіншіден, пьесадағы диалогтың семантикалық, стилистикалық жағынан күрделіленіп, драмадағы сюжеттің динамикасын қамтамасыз етеді. Олардың көпшілігі әркелкі жанрлық-стилистикалық параметрлерді қамтитындықтан, жоғарыдағы пікірлерді драмалық диалогқа қатысты әділ көзқарас деуге болады.
Тілдің фатикалық қызметі де өзіндік тілдік жүйенің құралдарынан тұрады. Қазіргі лингвистикалық парадигма тұрғысынан тілдің фатикалық қызметі жеке тұлғаның тілдік немесе тілдік емес жай-күйін анықтауға, екіншіден, көркем шығармадағы персонаждардың тілі арқылы оның шынайы бейнесін көрсетуді көздейді.
Көркем драмалық диалогтың басым түрде эстетикалық міндетке бағынатындығын ескерсек, оны зерделеуде ең алдымен пафостық сөздердің құрылымдық ерекшелігіне назар аудару қажет сияқты.
Н.Д. Арутюнованың жүйесі бойынша, басқа жанрлар фатикалық коммуникацияға сәйкес келеді де, тек қатынастың осы түрі көбірек эстетикалық қабылдауға бағытталады. Бұл әрине, драмалық шығармаларда кездесетін басқа диалогтық қатынастардың болуын жоққа шығармайды. Н.Д. Арутюнованың көрсетуі бойынша, көтеріңкі, салтанатты сөздердің коммуникативтік қызметі мен фатикалық коммуникацияның түрлері ең алдымен «адамдардың психологиялық жағдайының реттеушісі» ретінде маңызды болып саналады. Ол шығарманың көркемдігін дамытып, интеллектуалдық қасиеттерді арттырады. «Осындай сөздер адамдар қатынасындағы еркін және қысылып-қымтырылмай қолданатын сөздер болуы мүмкін» [114, 652 б.]. Бұдан кез-келген көркем драмалық диалогта сөз жоқ экспрессивті сөздердің белгілері, диалогты түсінуде алдымен жеке тұлғаның шығарманың көркемдік мәнін қабылдауға, соған сәйкес эмоционалды, эстетикалық интеллектуалды аспектілерін жүзеге асыруға бағытталады.
Лингвопрагматикалық зерттеулердің нәтижесіне сүйену, сөз жоқ, көркем әдебиеттегі диалогтардың құрылымдық ерекшеліктерін (жалпы көркем диалог ретінде де, және жекелей драматургиялық диалогта да) терең қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кейіпкерлер тілі, яғни, субъектілердің тілдік қызмет нысандары талданып, кейбіріндегі прагматикалық белгіленген қалып, көркем шығарманы туғызушы автордың әдеби шығармасында нақтыланғандай, эстетикалық міндетке басымырақ бағынышты және концептуалды көркем белгілерімен тікелей тығыз байланыстылығын ескерген абзал.
Диалогтарды оқып-тануда әлеуметтік лингвистикалық көзқарас айрықша өзектілік танытып отыр. Осы қарым-қатынастың әлеуметтілігінің құрылымдық жіктелісін М. Әуезовтің «Еңлік – Кебек» пьесасындағы қатысушы тұлғалардың әлеуметтік көрінісі арқылы салыстырайық: