Драмалық шығармалар тіліндегі антропонимдер мен топонимдер
Лингвопоэтика мәтіннің құрылымдық жағын қарастырады. Ол поэтикалық идиолектің бірліктерін ұлттық тіл жүйесіндегі индивидуалды көрініс ретінде зерттейді. Ал лингвостилистика мәтіннің мазмұндық жағын интерпретациялауға терең мүмкіндік береді.
Лингвостилистикалық, лингвопоэтикалық талдаудың екі түрі де өз шеңберіндегі әдістемемен шектелмейді.
Бұл ретте ономосиологиялық талдаулар лингвостилистикалық, лингвопоэтикалық принциптерді біріктіре отырып, лингвостилистикалық сипаттаулар туғызса, ал тілдегі семасиология лингвопоэтикалық талдаулар жасауға итермелейді.
Бүгінде ономастикалық атаулар әлем бейнесін суреттеуде адам факторымен байланысты жаңа парадигмада қарастырылуда. Яғни, когнитивтік бағытта тілдік сана жер-су атауларын зерттеудегі ерекше құрылым болып табылады. Бұл орайда белгілі ғалым Н. Уәли былай дейді: «Ономастикалық атаулардың табиғатын когнитивтік құрылым тұрғысынан зерттеудің қажеттілігі, мүмкіндігі еш күмән туғызбаса керек, біріншіден, топоним, антропоним, гидроним, космонимдік, т.б. атаулар ақиқат дүниенің үзігін бейнелейтін тілдік картиналарға жатады; екіншіден, ономастикалық атаулар тілдік ұжымның, тілдік тұлғаның когнитивтік санасында белгілі бір білімдер жүйесі, аялық білім түрінде өмір сүреді. Ономастикалық атаулар, оның ішінде жер-су атаулары кездейсоқ түзілім емес, ол тілдік санадағы ақиқат дүниені, мәдени-тілдік қоғамдастықтың тарихи есін бейнелейтін жүйе».
Адам аттары да, жер, су атаулары да кездейсоқ қойылмайды. Олар да тілдік тұлға ретінде белгілі бір жағдаяттан хабардар етіп, бойына ақпараттық код жинайды. Яғни барлық жалқы есімдерде кумулятивтік қасиет болады. «...ат қоюмен бірге әлгі атау, яғни тілдік таңба арқылы белгілі бір мәдени-ұлттық ақпараттар кодқа салынады. Ал тілді тұтынушы сол таңба арқылы әлгі объектіні басқа бір объектіден ажыратып қана қоймай, сонымен қатар кодқа салынған ақпараттарды да ашады, яғни таңбаның этно-мәдени танымдық мазмұны ашылады (интерпретацияланады). Сондықтан, шартты түрде, жалқы атауларды ең қысқа «мәтін» деуге болады» [33, 87 б.],-деген пікірімен толық қосыламыз. Демек, антропонимдер мен топонимдерде лингвомәдениеттанымдық ақпараттар молынан шоғырланады.
Кісі есімдері, немесе адамға қаратыла айтылатын кейбір ономастикалық атаулар драмалық шығармалардың негізгі идеялық мазмұнымен астасып жатады.
Кәрім. А, мына указ туралы, петиция туралы не ойлайсыз? Басқа Қарабұжыр, Көксу... Қызылжар, Теректі болыстары да осы Жыланды болысы сияқты, біздің хабарға қарап қалды. Майқан елді осымен бастап кетті. (269 б.) («Түнгі сарын»)
Қазақ топонимдерінің ішінен ерекше көзге түсетіндері осы -ты // ті; -ды//ді; -лы//лі моделі бойынша жасалатын жер-су аттары. Мысалдағы Теректі, Жыланды этнотопонимдері қазақ жерінде жиі кездесетін (Бұғыты, Сөгеті) көне модель арқылы жасалған. Осындағы зоотопонимдерге жататын Жыланды жер атауы, белгілі бір аймақта жыланның өте көп болуына байланысты қойылып, географиялық атауға негіз болған. Сондай-ақ, Қызылжар ойконимі, Қарабұжыр, Көксу гидронимдері де тіл дамуының талай тарихи кезеңдерін бастан кешкені анық. Мәселен, осындағы Қарабұжыр атауындағы бұжыр деп кодталған ұғым көмескіленген. Жердің ойқыш-ұйқыш шұңқырлары, тегіссіздігі, әбден мал таптап соқталанып жататын көрінісі осы атауға негіз болған деуге болады.
Мысалда берілген анықтауыш сыңарлары қара, қызыл, көк сын есімдерінен жасалған топонимдер (Қарабұжыр, Көксу, Қызылжар) объектінің түр-түсін, сыртқы көрінісін сипаттап тұр. Алыстан қарағанда аспанкөктеніп, қарабұжырланып, қызарып көрінуіне байланысты осылай аталған жер-су аттары халықтың ұлттық-мәдени, психологиялық ерекшеліктерін көрсетеді.
Осы түр мен түс атауларындағы сапалық белгілердің өзектенуі туралы былай деуге болады. Сын есімдер үшін сын-сапа – семантикалық категория, оның түрлі тілдік бірліктердің байланысынан тұратын өрістің кіндік доминанты сапалық, қатыстық категориясы. Соған сәйкес түр-түс атаулары сапалық, сындық микроөрістеріне жіктеледі. Кіндік доминант тұлғаға негізінен ортақ семантикалық мағынаны барынша, жалпы түрде білдіретін, соған мейлінше бейімделген, тілде жүйелі түрде қолданылатын тілдік бірліктер жатады. Ақ, қызыл, қара, көк, сары, т.б. әрқайсысы тарамдала келе, микроөрістердің құралуына негіз болатын орталық тұлғаға айналады. Өйткені басқа сөздер сияқты түр-түс атауларының да негізгі номинативтік мағыналарымен қатар ауыс мағыналары болады. Тілде олардың ауыс, заттанған және символға айналған мағыналарын талдаудың маңызы өте зор.
Көркем әдеби шығармалардағы жалқы есімдердің мәтіндегі қолданысын, поэтикалық қуатын, жазушының эстетикалық ұстанымын ономапоэтика саласы зерттейді. Шығармадағы кейіпкер аттарын талдау арқылы қазақтың ұлттық-мәдени ерекшеліктерін аңғаруға болады.
Көркем дүниелер мен жырлардағы кісі аттары туралы М. Әуезов былай дейді: «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында ғибрат беру сарыны күшті. Қаһармандарының бір парасы жамандықтың үлгісі болса, екінші парасы жақсылықтың үлгісі болып көрсетіледі. Қатты Қарабай, жауыз Қодар, сұм мыстан, Сасан би, опасыз жеңге – зұлымдықтың жоқшылары болса, Қозы, Баян, Айбас, Ай, Таңсық – ізгіліктің, әділеттің жоқшылары. Жырда жауыздық пен әділет дүниесінің тартысы суреттеледі» [179, 192 б.]. Яғни, драмалық шығармалардағы кісі есімдері мен жер-су аттарынан қаншама мәлімет алуға, біраз жәйттің бетін ашуға болады.
Сонымен, пьесалардағы кісі есімдерінің берілуінде, олардың қойылу жүйесі мен әлеуметтік маңызында үлкен мән жатады.
Бұл туралы орыс топонимикасының негізін салушы А.К. Матвеев «Имя – ключ ко многим проблемам истории человечества и его языков, так как ни в одной другой сфере языка не выражено с такой силой слияние «своего» и «чужого», возможность которого обусловлена самими свойствами имени, способного даже при прверхностном контакте преодолевать языковые границы, временные рамки и территориальные рубежи»,-дейді [180, 10 б.].
Жан-жануар атауларынан жасалған жалқы есімдер зоофорлық аттар деп аталатыны белгілі. М. Әуезовтің Жүзтайлақ деп аталатын кейіпкерінің аты осы түйе атауымен келген зоофорлық атқа жатады. Мұндағы түйеге тән денотаттық мағына адуындық, жуастық, жалқаулық т.б. Қазақ сүйкімсіз адамның келбетін, жақсы-жаман мінезін, іс-әрекетін көрсеткенде, оларды малдың мінезімен, мүшелерімен салыстырып, әртүрлі теңеулер туғызып отырған. М. Әуезов кейіпкеріне тән мінез де – адуындық, таптап кетемін дейтін күштілік. Мұнда кейіпкердің аты арқылы да, оның ішкі бітімі мен сыртқы келбеті үйлесіп, образдың әсер-ықпалы күшейіп тұр.
Дәл осы кейіпкер есімінің Г.Қ. Қортабаеваның «Қазақ ономапоэтикасы: сатиралық-юморлық кейіпкер аттары» (2007) деген еңбегінде талданғанын кездестірдік: «Жүзтайлақ – әйел аты. Заманымыздың заңғар жазушысы
М. Әуезовтің «Түнгі сарын» пьесасында осы ат кездеседі. Жүзтайлақтың шын аты – Бибіш. Тайлақ түйенің тұқымы. Бұл есім шынайы өмірде әйелдерге қойылмайды. Пьесада әйелге неліктен мұндай аттың берілгенін жазушы Сәруар дейтін кейіпкердің атынан баяндайды: «Якші болса йүз түйә дигән исімге қорлансашы... Ишкәкі, йүз түйәгә сатып алган уны!» [181, 105 б.].
М. Әуезовтің «Ақ қайың» (1939) пьесасында Бесбілезік, Жойқынбек, Жуасбек деген кейіпкер есімдері бар. Суреткердің осындағы қымызшы келіншекші Бесбілезік атауында үлкен мән бар. Өйткені сандық атаулардан жасалған бұл поэтонимнің астарында, сандық символдың қуаты арқылы образ ашылған. Пьесадағы Бесбілезік аты аузына сөз тұрмайтын, бес қара бақыр білезіктік құны бар деген юморлық мақсатта қойылған.
Топ ортасында Зайра. Қасында қыз келіншек, араларында домбыралы ақындар, сал жігіттер. Бұл топта Нұржан, Ыбырай, Шолақ бар. Бұлардан оқшауырақ екі домбыраның үнін қосып, Ақан мен Біржан шығады. (7 б.) («Ақан – Зайра») Бұл ремаркадағы кісі есімдері арқылы оларды жеке тұлға ретінде танып білеміз.
Ал «Бекет» пьесасында сұлтан правитель – Арыстан, песір – Көкжал, жандаралдың советнигі – Шемен деген кейіпкерлер бар.
Шемен. Тоқтат, өшір үніңді,
Тар қылармын күніңді.
Бел қыласың кіміңді?
Ұмытқансың еркіндеп,
Қарын шашың алынбай,
Құдайыңды, дініңді.
Ханы сұңқар болғанда,
Халқы болар тұғыры
Өтсе-дағы зығыры
Бүлк етпестен көнесің
Көшесің тегіс қазір-ақ
Хан Арыстан бұйрығы! (225 б.)
Мұндағы Шеменнің зәрлі сөзі жерінен айрылып, арыз айта келген халыққа арналып тұр.
Қазақта Шемен деген ат сирек кездеседі. Көңілге түскен дақ, қайғы қасірет, уайым-шер деген ұғымды білдіретін мұндай сөзді қазақ ырымға жаман деп балаға қоймайды. Ал М. Әуезов жандаралдың сүйікті советнигі, халықты қырып-жойып жүретін озбыр кейіпкеріне осы атты береді. Жазушы өз халқына жаны ашымайтын, өзге ұлттың үстемдігін қостап, итаршы боп жүретін, «іштен шыққан жау» образын ашу үшін осы атты әдейі таңдаған сияқты. ҚТТС-де шемен сөзінің зат есімдік мағынасы «қол-аяғы жіңішкеріп, іш қуысына сары жалқаяқ толып кететін ауру» (197 б.) дегенді білдіреді. Өз елін өзі талап, қазақты іштей кеулеп, сорып жатқан жағдайды бейнелеу үшін автор образды сөз-есімді жоғарыдағы мағынада қолданған деп ойлаймыз. Ал екіншіден, өз жұртының жоғын жоқтай алмайтын адам да шерлі, шемен қайғысы бар деген ауыспалы мағынада қолданылуы мүмкін.
Арыстан, Көкжал есімдері пьесадағы образдарына қарай метафораланып тұр. Мұндай зоофорлық кейіпкерлер есімдері адам мен аң-құс арасындағы ұқсастық, бағалауыштық, эмоционалдық-экспрессивтік, когнитивтік мән иеленген.
М. Әуезов кейіпкерлерінің есімдерінің кейбірі (Ақан, Зайра, Шолақ, Торсан, Ботпай, Ақлима, Айша) толық уәжділік негізінде жасалған. Сондай-ақ, драмалық шығармалардағы кісі аттарында контекске байланысты кейіпкерлердің атына жағымды, жағымсыз анықтама теңеулер қосып айту, экспрессив форманттарда кездеседі:
Достарыңызбен бөлісу: |