"Абай жолы" (Төртінші кітап) Эпопеяның осы төртінші кітабы 1954 жылы жазылып бітіп, 1956 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан жеке кітап болып шықты. Содан бері жазушының алты томдық (1956) шығармалар жинағының төртінші томында, 1961 жылы "Абай жолы" деген атпен шыққан басылымның екінші кітабында, он екі томдықтың ("Жазушы", 1968) жетінші томында, жиырма томдықтың ("Жазушы", 1980) алтыншы томында, "Абай жолы" роман-эпопеясының ("Жеті жарғы", 1997) төртінші томында басылды. Осылайша ұзақ жылдық, яғни жиырма жылдай уақытқа созылған еңбек осы кітаппен қорытындыланды. Әр кітап жазушыға бір-біріне ұқсағысыз әсер, бір-біріне ұқсағысыз қиян-қилы өмірдің толқымалы сәт-шақтарын сыйлады.
Осы ретте қаламгердің 1958 жылы Тәшкенде өткен Азия-Африка жазушыларының конференциясында сөйлеген сөзіндегі мына бір толғаныстары еске түседі: "Әлдебір сұхбатта: "Көргенді айтайын ба, естігенді айтайын ба?" – депті. Сонда сыншы-тыңдаушы: "Көргенді айт, себебі көрген шын, естіген өтірік", – дейді. Алғашқы кісі: "Өтірік пен шынның арасы қанша жер?" – дегенде, әлгі сыншы: "Екі арасы тым жақын, төрт-ақ елі. Көзбен көрген шын, құлақпен естіген өтірік.
Өзімшілдікпен емес, тек сәтке жаңағы кісіні қостайтындықтан, өз өмірімде көзіммен көрген кейбір жайларыма меңзейін. Алты жасар шағымда үлкен әкемнің киіз үйінде бір күні қағазға жазылған өлең кердім. Үлкендер әндетіп, бала атаулы өзіміз шырқатып жүрген ән сөзі қағаз жүзіне үнсіз, жым-жырт қонып жатыр дегенге таң болдым. Атам бұл сөз Абай ақын өлеңі дегенде, әсіресе қайран қалдым.
Ералы жайлауындағы бар ауылдарымыз өзі жоқта сөзін естіп, тыңдап отырғаны Абайға қандай жақсы екен деп ойлап ем. Сол Абай алпыс жыл өмір жасап, өлеңдері тек жазба күйінде, тек жайлауларда ғана мәлім боп дүние салды" (220-бума, l-2-бб.) деген еді. Ол өзінің бұл ойын әдеттегі көп сөйлеушілердің бірі ретінде емес, Орта Азия республикалары халықтары атынан арнайы сөйлеген сөзінде айтты.
Сол алты жасында ақынға таң қалған бала енді өзі де дүниенің түкпір-түкпірінен келген бетке ұстар қалам иелерін терең, парасатты толғауларымен таңдандырып тастады, сол бала өзінің жастық шағындағы білімге ұмтылдырған қуатты әсердің ықпалымен келіп-келіп, "Абай жолындай" эпопеяның дүниеге келуіне жалғасқанын аңдатты. Сол тұстағы өмірінің елеулі кезеңдері осы шығармаға арналды және оның ауыртпалығын да, даңқ әпергенін де осы шығармадан көрді. Сонда бұның жазылуы мен аяқталуы арасында жиырма жылға созылған буырқанысы мол қилы кезеңдер жатты. Алғашқы кітаптары арасындағы үзілістер заманының кезек күттірмес мәселелеріне атсалысуды қажет еткендіктен туындаса, мұнда қалай жазудың жоба-жоспарын қарастырып жүргендегі үзілістер өз кезіндегі идеологиялық ахуалдың олқылы-толқылығына байланысты болды. Әйткенмен, басқа жұмыс, басқа мәселелерге көп алаңдамай, соңғы кітапты тезірек аяқтау мақсатымен уақытының көбін осыған арнады. Сол мақсат, сол ұстаным 1953 жылдың 28 қыркүйегінде қолға алынған жұмысты келесі жылдың наурызына жетер-жетпесте аяқтатқызды.
Осы кітабы үшін қала жағдайына қатысты деректер жинауына тура келді. Сондықтан қаланың жай-жағдайын, ондағы белгілі адамдар мен Абайды да жақсы білетіндердің көбімен сұхбаттасты. Бұның барлығы қала тіршілігін арқау етуден, соның ішінде қалаға жайылған оба індетінің ауыртпалығын көрсетуден бастауына мұрындық болды. Осы деректерде есімдері аталған Сармолда (Хисамиддин) Абайдың шәкірт кезінде мүддарис (халфеге жақын деген сөз) болған. Бертін келе оның шәкірттері молаяды. Олардың ішінде Хасен хазірет, Мәлкаждар қари, Медет, Әшімқожа бар. Тағы бір шәкірті Ахметжан Тінібай мешітінде істеді, одан кейін Ғабдышүкір болса, Ахметжан, Сармолда секілді үлкен молда қатарына жатады.
Сармолда заманында Құнанбаймен де мәжілістес, сұхбаттас, ой-пікір сөзде қағысып қалған кездері болған, бірде ол Құнанбайдың соқырлығы жөнінде жайсыз бір сөзді байқамай айтып қалғанда, Құнанбайдың: "Молдеке, менің ғайыбымнан сенікі үлкен екен, кітапқа қара", – дейтіні бар. Сонда оның мәнісін түсінгенде ғана барып Сармолда: "Апырай, әлгі соқыр пәле екен. Менің қасым қосылып кетіпті, өйткені ол сәждеге бөгет, Құнанбай соқыр да болса сәждеге бас қоя алады", – депті. 1903 жылғы қалың өртте Сармолда үйінің өртенбей аман қалғанын қала адамдары оның молдалық қасиетінен көреді екен. Жазушы осы Сармолданың аузына қала байлары мен даладан келген Оразбай жақтастарының алдында оған қарсы ертедегі араб ақыны Әбуғала әл-Мағридың:
"Фәиннәл үсідә тәтбағұһа зихабен,
Уәғұрбәнен фәмән ғұррен, уәғұр жөн", –
(Арыстан жүріп өткен ізбен ақсақ, соқыр бәрі де, қарға – құзғын да ілесе жүріп азық айырады) деген сөзін салады. Қаламгердің ауызға алып отырған әл-Мағриы "Әз-Зайд" ("Жалыннан ұшқын", "Әл-лузуммият" ("Міндет") деген кітаптары мен көптеген философиялық трактаттарын қалдырған белгілі ойшыл ақын. М.Әуезов бұл сөзді түп нұсқасында оқи отырып пайдаланды және мыналар сияқты көптеген ойлардың қазақша нұсқасын қағазға түсірді:
"1. Иманың болса қас қылма. Иман мен қастық арыстан мен оқ сияқты бір орында тұрыса алмайды.
2. Күнәдан, ғайыптан жаның сау болса, өлімнен қауіп жоқ.
3. Ораза ауызды тамақтан тыю емес, тілді жалған сөзден тыю.
4. Кісінің сыртына қарап адасудан сақтан.
5. Өлім – әрбір жайдың шипасы, әр бәленің дауасы екенін ақыл аңдады.
6. Әрбір дем адамды туған заманынан алыстатып, ажалына жақын етер.
7. Ант ішейін, Мірдің тауларына жан бітсе, дүниеде бір тау орнында қалмас еді.
11. Қатынның сұлулығы аз болса, айыбы да аз.
13. Қандай патшалар күнәлар, асылықтар, сұмдықтар, бәлелер жасап жүрсе де, топырақ астына көміледі.
16. Заманға ешбір уақыт менен бәлеңді ал демеймін. Не тілесе де ісіне сын – өйткені заманның қаттысы мен ащысы барабар.
22. Нелер шашы ағарған, таспиқ тартқан пірлер де зинаға батады.
23. Дүние бір дәрі ғой, тірілердің ақылы болса, өлілерге жыламас болар еді.
24. Қазадан сақтанам деп темір киме, өлім – темірді де жемірер.
26. Заман нығметіне қызмет ететін қатындардан шөлдерде ащы көкпек жеп жүрген түйеқұстар тазарақ.
27. Ей, менің бәденім! Жерге көмілген соң шірігеннен қорықпай-ақ қой.
28. Менде жоқ бір жақсылықпен мақтау айтса, құдайшылыққа ол мені мазақ еткені" (29-бума, 15-16-66.).
Бұл да шексіз оқу-ізденістерінің ішінен кәдеге асқан бір ғана мысал көрінісі, осы сияқты шығарма өзегіне жол тапқан қаншама желі, із-белгілер терең үңілулерге жетелейді. Ақынды шығармада өмірлік-әлеуметтік, философиялық, тарихтық мәселелер туралы толғаныстарға барғызған кезде шығыстың да, батыстың да ақыл-ой қазынасымен еркін сырластырғандай деңгейде көріндірді. Оның шет жағасын дін адамдарымен, олардың білікті, білгір деген өкілдерімен сұхбаттастырып, пікір таластырған кезінде жайып салды.
Жетісуда қызметте жүрген Әбіштің науқастығы жөнінде хабар Абайға жеткенде, қалаға Кәрім Мауқы баласы дегеннің үйіне барып жатады. "Оның науқасы күшейді, нашар халде" – деген телеграмма алғалы одан ұйқы да қашады, тамақ ішуден де қалады. Ақынның осындай халін естіген Жуантаяқ Башпай мен Назарбек деген кісілер қой сойып, жылқының семіз қазысын алып, ол жатқан үйге келеді. Башпай: "Абайжан, біздер бір тағам әкеп едік, басыңызды көтеріп ішуге болар ма екен", – дегенде: "Болады, ақсақал. Сіздер әкелген дәмді жейін. Қане, Башеке, өзіңіз жақсылап, үлкен жапырақтап кесіңіз", – деп, етті жеп бола берген кезде Айтқазы келіп, Мағашқа сегіз рет телеграмма бергенін, бірақ хабар жоқтығын айтады. Абай: "Өледі Әбдірахман, сондықтан оның есі кірмей отыр", – дейді.
Осы Айтқазы Мағаштың бір қысыр ат берген қалыңдығы Болман қызды алып қашып, қашан іс аяғы басылғанша, ел көзіне көрінбей, олай-бұлай кісілерін жұмсап жатады. Дүтбайға барса: "Менің қолымнан келмейді, өзің біл, бірақ Абай түбі тұқымыңды құртпай тынбайды, соған сақ бол" депті. Олардан қайыр болмасын көрген соң кісісін тікелей Абайдың өзіне жібереді, сөйтсе: "Уақтың қызын Көкше алды, менің ақым не", – депті. Қызбен ақылдаса келіп, араға Қаракесек Қазанбай дегенді салады, бірақ ол Абайдың сұрақтарынан жаңылысып, түк те сөз айта алмапты. "Әй, мен Қаракесектің алжыған шалын алған түрімді қара, жаңылысқан екем, айда тарт!" – деп, үйіне барса: "Менің пәленбай мың жылқым бар, малымды үлесем. Жалғыз балам Медеуге өкіл ата болсын, бала боп туыссын, осыған жайы бар ма?" – деген Оразбайдың сәлемін Тасболат Әлпейім әкеліп отыр екен. Тағы бір тапсырмамен барған Мадиярға Абай: "Айтқазының 2800 үйі бар, бір кісі сияқты жігіт ертпесе несі кісі. Мағаштың ағаттығын бір кешсем, сенікін де кешермін. Мына қағазға пәлен сағатқа дейін қол қойғызып әкел, әкелмесең, онан соң мен дүниеде бар болсам да саған жоқпын", – депті. Сондағы айтқаны Шериаздан мен Рақыш, соларға барып қол қойғыздырады.
Оразбай алдымен Абайдың жақындарын, соның ішінде Тәкежанды да шырғалайды. Оның үйіне келіп, түстеніп отырып: "Ыбырай Құнанбайдың баласы емес, қажы халыққа тең болатын, өз басына жинамайтын. Ыбырай осы топқа бармасын, барса бүлік болады", – дейді. Оның түпкі ойын, мақсатын түсінген Тәкежан қарсылық білдірмейді. Абай кештетіп сияз болатын жерге жетсе, Бөкенші, Жігітек, Жаман Тобықты бірыңғай болып, Мырза, Жөкең бірігіп, Көкше жалғыздық қалпында отыр екен. Қызыладыр болысы Әбен орнынан айрылғысы келмейді. Егер ұлықтың алдына кірсе, тіл тауып кетеді деп, Оразбаймен ақылдаса келе қол қимылын істемекке бекінеді. Абай ертеңіне ұлыққа жолықпақ болып отырғанда, сау етіп кіріп келген бір топ кісі сөзге келмей, ондағының бәрін қамшының астына алады. Көкбай қашып шығып, атқа міне шабады, әрең құтылған Кәкітай да оязға хабар айтады. Стражниктер мылтық атқанда ғана барып жанжал тыйылады. "Есімде бары, Әбен мен інісі қамшыларын көтеріп, "аузыңды пәленше етейін, қара төбет, соңымнан қалмай қойдың ғой", – деп, бір-екі салып қалғанын, үстіме біреулердің жығылғанын, жан-жақтан түрткілеп жүргенін білем. Өлмейім деген ойым жоқ еді, ояз айықтырып алды. Есімнен адасыңқырап қалған екем, басып тұншығып қаппын", – дейді. Сонда үстіне жығылғандар көп болыпты, алдымен Жаман Тобықты Софының Уайысы Абайдың үстін бүркеп жата қалыпты, Әбен де Жаман Тобықты, соның ішінде Таз деген аз ата. Қоңыркөкше болысы болып тұрғанда Абай Жиреншені өзінің биі,
Шымырбай, Күлембай, Оразбайларды қарсы би еткен. Солардың ішінде Әбеннің әкесі Тынымбай да бар.
Опыр-топыры шыққан үйлер қайта тігіліп, ұлықты күтіп отырысады. Сонда ноғай Ыбырай Абайдың қасынан кетпейді, осы жәйт мұңайған Абайға: "Жаман достан жақсы дұшпан артық" – дегенді айтқыздырады. Үзіліп түскен түймені тауып алған Сейітхан: "Мынау Абайдың түймесі болса керек" дейді. Ол Абайдың өңі жүдеп, бойы кішірейіп кеткендей көрінгенін айтады. Сонда күйініп, намыстанып жылаған Ырсайға: "Ей, Ырсай ағай, босқа жылайсың ғой! Тәкежан екеуің тірі тұрсаң, бұл маған түк емес", – дейді. Ол кезде Абай Тәкежанның ой, ниеті қарсы жақта екенін білмеген, бірақ ол көп әтпей жария болып қалады. Оразбайдың Тәкежанға жіберген кісісі ұсталып, сыр ашылып қалады. Сонда ғана бар жайды ұғынған Абай: "Бұл елде тұрмаймын! Кетем! Маған ұстап беретін жөні бар еді! Астыртын тілдесіп отыр. Жауым арылған жоқ, мұнда, іште екен" – дегенді қатты ашуланып, айғайлап айтыпты. Қасына Тұмабайды ертіп, батыстағы Буратигенге қарай қатты желіспен жорта жөнеледі. Тұмабайлаған дауысқа қараса, қуып жеткен Ысқақ пен Шәкәрім екен. Жауып тұрған жауыннан Абайдың кебісінің басы суланып, тамшы тамшылайды, олар қайтып келсе, ел Абай үйіне кетті деп тарап кетіпті.
Осыдан кейін Мағауияны болыс, Ақылбайды кандилат қойып, үш шербешнай бойында биге жеңіп, Оразбайларға есе бермейді. Болыс сайлауында бидің бәрін Абайдың өзі атайды, елубасыларға: "Осы сайлауда бидің бірде-бір шары ауыспасын, бірде-бір тасы қате түспесін, тасын ауыстырған елубасы болса, менің осы ісімнің ауыртпалығы соның басында болады", – дейді. Осы жылдары Семейдегі қысқы шербешнайда Шәкәріммен аралары өкпелеседі. Сонда Омарбек Медеу мен Мағашты татуластырып, 100 түйе құн төлейтін етеді. 500 сомды Әбен береді де, 40 түйені Жігітек пен Бөкеншіге төлеттіріп, Оразбай өзінен түк бермейді. Сонда Кішекеңдер: "Өзінен төлемеді, бізге төлетті", – деп, Бейсембі бас болып, қайтадан Абайға келіп табысады. Осы кезде Жиренше бірді бірге шағыстыру, астыртын сыбыр-сыпсың болмаса, Абайға қарсы ашық әрекеттерге бара алмайды. Өйткені ол өзінің жеті-сегіз жүз, әкесінің екі жарым мың жылқысының жайын, оған қоныс табудың жөнін ойлап, жұртқа жорғақтап кетті дейді. Ал Тәкежанды да қол қайратын істеп жібер дегенді айтпады демесе, Оразбайға қарсы шықпады дейді. Бұл кезде Қаражан мен Байғұлақтар өлген, өйткені осы тұстағы жиындардың бірде-бірінде олардың есімдері аталмайды.
Қалаға кетіп бара жатып, Әзімбай сәлем бермекке Абайдың үйіне бұрылады. "Бірігіп әрекет етіңдер, бір жерден шығыңдар", – деп кеңес береді, сонда Әзімбай: "Ұлжан болсам екен", – дейді. Абай: "Ұлжан талтайған қатын ғой, Құнанбай болсам десеңші", – дейді. Әзімбай осы сөзімен Шәкәрімді шеттеткенін сездіреді. Осы тұста Мағаш, Кәкітай да келіспей қалған. "Өмірі арамызға сызат түскені сол еді", – дейді екен. Абайдың "бірігіп әрекет етіңдер" – деп отырғаны сол.
"Абайдың тұстас адамдары" деп мыналарды көрсетеді:
"1. Сарбас - Абылғазы тұстас.
. 2. Бейсембі, Әбділда, Жабайдың Бікейі.
3. Хасен, Бүкең, Топай Беркімбайдың баласы Базарбай, Бүркіт, Бүркіттің бір нәсілі Матақ. Матақ Абай тұстас. Беркімбайдың бәйбішесінен Әбділда, Жанділда, Базар. Кенжехан Құлкемен бір туысады. Бейсембай Жәнібек баласы Оспанмен дос. Топышбектің әкесі – Дәркембай.
Абайдың тұсындағы бес болыс Тобықтының адамдары:
1. Ырғызбайдан: Тәңірберді, Мұхаметжан.
2. Көтібақтан: Жиренше, Баймырза, Айғожа.
3. Торғайдан: Матақ, Байділда, Бейсембай, Қазыбай, Омар, Рахымберді, Кенжехан.
4. Топайдан: Байтөре, Садырбай, Наданбай, Мұңсызбай, Кенжеғұл.
5. Сақтан: Қаражан, Бейсембі.
6. Бөкенші: Байорақ, Қыздар, Берікбай.
7. Әнеттен: Көшен, Орман, Сағындық, Әкежан.
8. Қарабатырдан: Төлепберді.
9. Мамайдан: Тезекбай, Тарпаңбай, Мұсабай, Кемелбай, Күйісбай.
10. Мырзадан: Дүйсен.
11. Бөкеншіден: Күнту, Ербол.
12. Көкшеден: Көкбай, Дүтбай, Алатай.
13. Жігітектен: Базаралы, Бейсембі, Бұланбай, Арыстанбек, Тойшыбек.
Осы адамдардың бәрі бір-бір руды билеп, әрқайсысының ұрандары болған" (29-бума).
Осында аты аталған алпыстан астам адамның барлығы бірдей шығарма кейіпкеріне айналған жоқ, шығармаға жол тапқандарының жалпы жиыны он бестен аспайды. Соған қарағанда, белгілі деген кісілердің өзін іріктеп, бәріне бірдей тоқтала беруді шарт деп білмегендігі көрінеді. Осында Бөкеншінің екі жерде аталғандығы, солардан шығармаға енгізілгені Ербол мен Күнту ғана екендігі көрінеді.
Сол тұста Абайдың жиі араласқан тағы бір топ адамдары бар, олардың ішінен Шәке Әлі баласын (Бесқарағай болысы, түбі Бәсентиін), Берлібек (түбі Терістаңбалы, Өскемен уезі, өзі жас, жас та болса Абаймен сұхбаттас), Дүзбембет Бескемпір баласын, Семейтау болысынан Шалғымбай Шоқабай баласын атауға болады.
Уақтар Тобықтыға Құнанбай заманында өтіп кеткен жерлерін қайтарып ала бастаған кезде: "Уақ Арғын болды, Арғын әркім болды" деген мәтел шығады. Осының бәрін Ірбіт, Түмен жандаралдарымен істес дейтін Нұрке істейді. "Бұған тоқтау, бөгеуілді Абай қоймаса, басқамыз ештеңе істей алмаймыз", – деп, оны Жалпаққа шақыртады. Олар Обалы, Қоғалы, Қарақұдық, Терісқұдық, Білде, Шолакеспе сияқты көптеген қоныс өлкелерді қайтарып алып қойған. Ішінде Ысқақ бар – Оразбайлар кісі аттандырады. Уақтан кісі өледі, оның ақыры үлкен дауға ұласып, Оразбай, Ысқақтар пара беріп әрең құтылады. Нұркенің жері Семейге жақын Мұқыр өзенінің бойындағы Жалпақ, оның Жанғазы, Серғазы деген балалары болған. Серғазы:
"Бастығы Слабодка – Нұрке болыс,
Ен Жалпақ, Қамал аулы болған қоныс", –
деген сөздермен басталатын кітап шығарған. Жалпақтағы жиында Нұрке үйге кіре бергенде, Әшірбайдың Оспаны деген әдейі байқамаған болып, желкеден түйіп, құлатып жібереді, "ой, бұның не, кісіге соқтығып?!" – дейді. Бұл өңірде Үдері, Дүзбембет, Бәлен, Малтабар деген де байлар болған. Малтабардың түбі Керей, оның көп малы осындағы Ащықұдықты мекендейді. Абаймен де, Көкбаймен де аралас-құраластығы бар Әлпейімнің ол жөнінде "Бес жүз теңге жастанған, жынды бола бастаған" – деген сөзі де бар.
Бұл қалада қырдан, соның ішінде Шыңғыс атырабынан да келіп, саудагерлікпен, өзге де кәсіппен айналысып, тұрақтап қалғандары көп, олардың көбін Абай жақсы таниды, соның бірі Көтібақтан шыққан Жарасбай туралы:
"Іші–тері, сырты – жүн,
Қой терісі – сабасы.
Жарасбайдың тұрғаны –
Слабодка қаласы.
Бес ешкіден мал жиған
Көтібақтың баласы" –
деген өлеңді біледі. Осы секілді саудагерлер мен байлар кедейлерге несие береді де, одан үстеме өндіреді. Осы несиенің қайтарылуын "Ғинуар", "Имампос" деп атайды. Бұлардың қарапайым жандарды құтылмастай қарызға батырып, көп шығынға ұрындыратыны жиі болады.
Қаланың іші-тысы, айналасындағы елдердің хал-жағдайларын білумен қатар, сол кезге тән киім киістері мен заттық дүниелері де көрініс береді. Абайдың жас кезімен салыстырғанда бұл уақытта даланың байланысы, алыс-беріс, барыс-келісі әлдеқайда күшейген, қала мектептерінде оқитын балалардың саны да артқан. Осыған байланысты деректердің ішінен мыналар оқшауланып көрінеді.