Абай мен шәКӘрім сабақтастығы а. К. Сулейменова



Pdf көрінісі
бет2/3
Дата05.04.2023
өлшемі261,2 Kb.
#79575
түріСабақ
1   2   3
Байланысты:
Cулейменова.473.17042020063210

 
Кіріспе. Сөз өнеріндегі идея туралы, оның мазмұн-мәні жайында академик 
З.Қабдолов тұжырымды пікір айтады: «Идея, көркем идея - әдебиет пен өнер шығармасының 
өзегінен алынған жинақтаушы, эмоциональды, образды ой. Көркем ойдың нысанасы болып 
көбінесе белгілі бір дәуір шындығы неғұрлым айқын көрінетін өмірдің жекелеген 
құбылыстары алынады. Идея жазушының осы өмір құбылыстары туралы айтқысы келген 
ойы мен беретін бағасын білдіреді. Әрбір әдеби шығармада көркем шешімін тапқан идеяның 
терең тамыры сол шығарманы тудырған суреткердің дүниетанымына, әлеуметтік 
көзқарасына жатады. …Көлемді шығармаларда бірнеше тақырып және соған сәйкес идея да 
кездеседі. Мысалы, М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясындағы шәкірт Абайдың ауылына 
келе жатқан эпизодындағы тақырып – тақырып туған жер болса, идеясы сағыныш, ал оның 
әжесі Зере мен анасы Ұлжанға, ана-жеңгелеріне амандасу эпизодының тақырыбы ана да, 
идеясы сағыныш. Көркем шығарманың идеялық-тақырыптық күрделілігі, яки көп 
проблемалылығы да осында. Көркем шығармада тақырыптар мен идеялар қанша көп 
болғанымен, олардың бәріне ортақ жері – бірлік болады» [1, 292-б.]. Ал, лирикалық 
шығармаларда, әр өлеңде өзіндік идея болады. Сонымен қатар, ақынның даралық стилі 
қалыптасқан, ұлттық идеясы айқын болса тұтас поэзиясының циклдік шығармаларын 
біріктіріп тұратын да идеяның болары анық.
Негізгі бөлім. «Ақын тақырып таңдауға ерікті. Негізгі мәселе – ақынның сол алған 
тақырыбын идеялық-эстетикалық тұрғыдан шеберлікпен шеше алуында. Әрбір көзқарастағы, 
әрбір идеялық позициядағы ақындардың бір тақырыптың өзіне әр түрлі мазмұндық-
көркемдік шешімдер беріп отыратындары да сондықтан»- дейді ғалым Мырзабек Дүйсенов. 
Осы бағдарда, Шәкәрімнің 1879 жылы жазылған сексен тоғыз шумақтан тұратын «Кел, 
жастар, біз бір түрлі жол табалық...» деп басталатын өлеңіне назар аударайық. Бұл, 
Шәкәрімнің идеялық көру қуаты ерекше көрініс тапқан шығармасы. Шәкәрім осы өлеңінде: 
Бұл Абай саудагер ғой ақыл сатқан, 


Әртүрлі асылы көп өтпей жатқан. 
Тегін білсең – аласың бос береді, 
Тұтасымен ешкім жоқ мұны тапқан. 
Ақынның осы өлеңге «Жастарға» деп тақырып қоюы кездейсоқтық емес. Жастарға 
арналған бұл өлеңде қуатты насихат бар. Ал, сол жастардың үлгі алатын адамы Абай екені 
айқын көрініс тапқан. Өлеңде қазақтың дүниетанымдық түсініктері кең таратылып айтылған: 
Арам ақыл үйрендік айла, амалдық, 
Қулық пен өтірікті сайлап алдық. 
Ынсап, рақым, ұяттан жүген ұстап, 
Өзіміз ең түбінде қайда бардық? 
Елірдік, ерегестік, елді жардық, 
Байлаусыз пайдасы жоқ іс шығардық. 
Бүгін дос, таң атса қас бола қалып, 
Бұлт еттік, «мен болдым» деп, ат аралық. 
Шәкәрім осылай мінездегі өзгермелі құбылыстың табиғатын дәл танып ашады. 
Өлеңнің негізгі тақырыбы «Жастар» болғанымен ішкі ой желісін, өлеңнің идеясын 
нақтылайтын өзекті тақырыпшалары бар. Ол осы өлеңнің идеясына бағынған тақырыпшалар: 
ақыл, білім, ой және өнер. Ақын осылардан жастардың құр қалмауын қалап, терең 
насихаттайды. Шәкәрім жастардың өмірлік мақсаты туралы айта отырып, өзінің өнерпаздық 
бағытын да айқындайды. Мәселен, «Қазақта қай жақсы бар сөз саларлық?» деген сұрақ 
қойып, оған жауапты өзі беріп «білімді, данышпан», шынайы хакім -ғалым Абай дейді. 
Өлеңнің негізгі идеясы — жастарды Абайдың жолымен жүруге шақыру, ал Абайдың жолы 
адамдыққа бастайтын арлылықтың жолы, білімге даналыққа құштарлықтың жолы. Абайдың 
арман-мұраттарын - білім, ғылым үйренуді, адал еңбек етуді, адамгершілікті, әділдікті ту 
етіп көтеру, надандыққа, жалқаулыққа, алауыздыққа қарсы күресу. Шәкәрім өзіне Абайды 
өмір бойы ұстаз тұтып өткен. Ш.Құдайбердіұлының лирикалық шығармаларын зерттеу 
барысында байқайтынымыз тақырыптың сан алуандылығы: заман көрінісі, жастардың 
болашағы, адам болмысы, адамзаттың келешегі туралы философиялық толғам, өнер 
тағдыры, халық қамы, ел күйзелісі т.б. бәрі-бәрі данышпан ақынды толғандырады. Ақынның 
осы өлеңіне терең талдау жасай келіп, академик Ғ.Есім өзгеше бір ой ұсынады: «Абай ақыл 
сатқан саудагер, бұл метафора астында шындық жатыр. Абай ақылды адам, бірақ оның 
ақылы жеке өз қазынасы емес, ол өзгелерге керекті ақыл. Шәкәрім Абайды әлі білмей 
жүрміз, оны өтпей жатқан асылдары көп дейді. Абайдың өтпей жатқан асылдарын қабылдау 
ол заман түгіл бүгінгі күннің жеңіл шаруасы емес. Шәкәрім абайтануда сол кездің өзінде-ақ 
бір нәрсеге оқырман назарын нақты аударған, ол Абайға бастайтын жол туралы. Тегін білсең, 
Абай ақылын бос береді дейді, ол үшін, мәселе тегін білу, яғни Абайша ойлау дәстүріне түсу, 
даналыққа құштар болу, қысқаша айтқанда, Абайға жол табу. Шәкәрім осы өлеңін жазып 
отырған шағында Абайды тұтасымен ұққан ешкім жоқ дейді, демек, бұл істің басындағы ең 
алғашқы абайтанушы – Шәкәрімнің өзі. Ол Абайды тұтасымен ұққандықтан, арнайы өлең 
жазып отыр. Сондықтан абайтану саласындағы Шәкәрімнің бұл өлеңін тұңғыш еңбек деуге 
болады. Бұған дейін Абай туралы дәл Шәкәрім сияқты терең әрі ауқымды ойды ешкім 
айтпаған еді» [2, 61-б]. Шәкәрім өзін толғандырған қандай да бір тақырыпты алмасын, одан 
философиялық түйін жасауға өте шебер ақын.
Мәселен, ақын «Жігіттер, қор да емеспін, кедей де емен...» деп басталатын өлеңін 
«Қулар» деп атаған. Осы он төрт шумақтан тұратын өлеңнің идеясы ерекше. Бұл өлеңде 
қулардың жемі болып отырған бай адамдар. Байлық еңбекпен келген. Қулар түрін жүз 
құбылтып келеді. Ол былай бейнеленген: «Байлардың қу білмеген сыры қалмас, Тамам 
қудың бірімен-бірі жалғас». Қулық жағымсыз қасиет, ол адам бойындағы кесапат. 
Сондықтан ол әлеуметтік сипатына қарамай, адамдық қасиетін жоюымен көрінеді. Ол бірден 
байқалмайды. Ақын осындай елдің ішін жайлаған теріс мінезден қорқады, содан 
сақтандырады. Сондықтан өлеңде мынадай түйін жасайды: 
Жігіттер, қор да емеспін, кедей де емен, 


Кемдік көрген жерім жоқ ештемеден. 
Құдай жолын біле алмай, қу билеген, 
Елден басқа қайғым жоқ, мұныма сен. 
Қулық жай ғана адам мінезіндегі кемшілік емес екен. Ол әлеуметтік апат. Онымен 
барлығы тұтаса күрескені жөн. 
Шәкәрім өлеңдерінің тағы бір тақырыбы ойлылық, философиялық толғаныспен 
астасып жататынын шәкәрімтанушы ғалым Б.Әбдіғазиұлы да атап көрсеткен: «Шәкәрімнің 
реалистік лирикасына тән ендігі бір қасиет – терең ойлылық, философиялық астарлылық. 
Бұл тақырыпта жазылған «Тура жолда қайғы тұрмас», «Тау басындағы ой», «Күннен неге 
түсіп тұр мұнша жарық», «Кетті, келді», «Тіршілік, жан туралы», «Анық пен танық», 
«Махаббат пен құмарлық», «Пайғамбар Мұса жолықса», «Тәңірі мен жан», «Шыннан өзге 
құдай жоқ», «Шымды жерде көресіз қара топырақ», сияқты көптеген өлеңдері Шәкәрім 
философиясының кең қанаттылығын, зор тынысын танытады» [3, 59-б]. 
Мәселен, Шәкәрім «Ойлаңыз, ақыл, білім қайда болмақ…» деп басталатын он үш 
шумақты өлеңіне «Анық пен танық» деген тақырып қойған. Бұлай антонимдік мазмұнда 
тақырып қою Шәкәрім лирикасында жиі кездеседі. Ол өлеңнің жанрлық табиғатына да 
қатысты. Оған кейінгі тарауларда тоқталамыз. Тек тақырыптық жағынан қарасақ, ақын 
біріне-бірі қарсы екі ұғымды тақырып қылып алған. Өлең мына жолдармен басталады: 
Ойлаңыз, ақыл, білім қайда болмақ
Денеде қандай орын, жайда болмақ? 
Білу, нану, ұнату – ақыл ісі, 
Қайтсе зиян, қайткенде пайда болмақ? 
Тән – сезіп, құлақ – естіп, көзбен көрмек, 
Мұрын – иіс, тіл – дәмнен хабар бермек. 
Бесеуінен мидағы ой хабар алып, 
Жақсы, жаман әр істі сол тексермек. 
Ш. Құдайбердіұлының «Үш анық» деген философиялық трактатындағы анық деген 
сөз Шәкәрімнің қазақ поэзиясына енгізген тақырыбы. Кездейсоқ сөз емес, «анық» оның 
көркем шығармасында ғана емес, дүниетанымдық шығармасында да кездеседі. Оған қарама-
қарсы ұғым «танық» болған. Осы арқылы ақын адам бойындағы жақсы мен жаманды 
айыратын ұғым ретінде қолданғанын байқаймыз. Академик З. Ахметов Шәкәрім 
лирикасындағы философиялық сарын туралы мынадай терең пікір айтқан: «Шәкәрімнің 
лирикалық шығармаларының басты бір ерекшелігі ойшыл, философ болуына байланысты. 
Оның лирикасында көңіл күй, ішкі сезім әсерлері, махаббат тақырыбы да елеулі орын алған. 
Алайда Шәкәрім лирикасында сыршылдықтан ойшылдық басым, философиялық сарын 
күшті. Шәкәрімнің ойшылдығының, ақындығына тән фәлсапашылдығының сыры неде десек, 
бұл алдымен, әрине оның ойының керемет логикалық қуаттылығынан туған. Сонымен қатар 
ол көп ізденіп, өте көп оқыған. Қазақтың белгілі ақын, жыршы-жырауларымен қатар арғы-
бергі түрік ақындарының, шайырларының, араб, парсы, орыс және батыс ақындарының 
шығармаларын өте жақсы білген» [4, 8-б]. Шәкәрім бес сезім мүшесін, олардың қызметін 
атай келіп, соның бәрі мидағы ойға хабар береді дейді. Дегенмен, негізгі шешімді жүрек 
шығарады дейді ақын: 
Ой сонда неше толғау шимай салмақ, 
Қайтсе жөні келер деп өлшеуге алмақ. 
Дәл сондай қылайын деп ұнағанда, 
Ғаділетті жүрегің бір қозғалмақ. 
Бар билік сол жүректен шығарылмақ, 
Денеге ол шымырлап әсер қылмақ. 
Ойыңды дұрыс деме, теріс деме, 
Сол арасын анықтап, қара бірақ. 
Яғни, жүрекке салып өлше деген терең идея жатыр. Ақыл-ой қатты кетуі мүмкін, 
жүрек қашанда кешірімді деген де идея жоқ емес. Көркем шығарманың идеясын тану 


қашанда қиыннның қиыны. Бұл өлеңнің идеясы Абай дәстүріне жалғасып жатыр. 
Ш.Құдайбердіұлы поэзияда қандай да бір тақырыпты алмасын тереңдетіп алып 
кетеді. Ақынның қайсыбір өлеңі көптақырыпты болып келеді. Бірнеше ұғым тақырыпқа бір 
өлеңде жауап беретіні де бар. Мысалы, «Білімділер насихат көп жазады...» деп басталатын 
өлеңінің осындай ерекшелігі бар. Өлеңде қайғы, дүние, өмір, бейнет, рахат деген ұғымдар 
лириканың «сюжетіне» тақырыптар ретінде алынып, олардың табиғаты ашылады. Ақын 
қайғы жайында ойын былай таратады: 
Қайғы көрсем: «Дүниенің жалғандығы,- 
Дедім, - алдап, мінеки алғандығы». 
Ол не десең, бұрынғы жазғандардың
Сөзі орнығып көңіліме қалғандығы. 
«Мен де соққы жедім, - деп, - сұм дүниеден», 
Көп жазып ем, оныма өкіндім мен. 
Ойласам, көрген бейнет, тартқан қайғы, 
Болыпты не біреуден, не өзімнен. 
Ақынның айтар ойы қайғыны адам баласы өз басына көбіне өзі тілеп алады. Оны 
тағдырынан көру ағаттық дейді. Шындығында адам көбіне өзінің теріс қылығының жемісін 
көреді, сол үшін сазайын тартады. Осы қайғысы үшін тағдырды кінәлау тіпті жаратушының 
өзіне қарсылық дейді ақын: 
Кімде-кім қайғы тартып, бейнет көрсе, 
«Сұм жалғанның қылғаны – бұл» - дей берсе. 
Әлбетте, бұл – тағдырға наразылық, 
Түбі Аллаға наразылық, ондайға ерсе. 
Шәкәрімнің осы өлеңінің терең танымында имандылыққа шақыру жатыр. Шәкәрім 
поэзиясындағы метатақырып ол – имандылық тақырыбы. Оған төменіректе кеңірек 
тоқталамыз. Шәкәрім жоғарыда аталған өлеңінде тағы басқа өлеңнің ішкі тақырыбында 
бірнеше ұғымдарға тоқталған. Соның бірі - өмір тақырыбы: 
Кейбіреулер жазады: «Қу өмір», - деп, 
«Тұрағы жоқ, алдамшы, су өмір», - деп. 
«Көрген қызық, қылған іс – бәрі де ұмыт, 
Иә, көлеңке, яки түс, у өмір» - деп.
Бұған да еріп көп жаздым түшіркеніп, 
Білімділер сөзі деп ентеленіп. 
Өмір емес, алдаған өзіңді-өзің, 
Пәленшекем айтты деп қалма сеніп. 
Ақын өмірдің алдамшы, тұрақсыздығын, көрген түстей өтпелілігін сынға алуға қарсы 
шығады, өмірді кінәламауды, кемшілікті өзіңнен іздеу керек екенін насихаттайды. 
Оқығандардың өзін ой елегінен өткізу керек екенін ескертеді. «Қу өмір», «су өмір», «у өмір» 
тіркестерін үстемелеп жазу арқылы адресаттың назарын аударуға ұмтылған. Өмір туралы 
өзінің ойтолғамын былай береді: 
Өмір деген жастықтан қартаймақ па
Бейнет, рахат, байлық пен мал таймақ па? 
Боларға ұмтыл, болмасқа қанағат қыл. 
Жала жауып, салынба жантаймаққа. 
Өмір, дүние, жер мен көк, өткен заман, 
Ажал алмай қоймайды ешкімді аман. 
Өлмей, өшпей, қартаймай жүргің келсе, 
Ол болмай ма тағдырды жамандаған? 
Тумақ, өлмек, қартаймақ болмай қоймас, 
Қанша қызық көрсе де пенде тоймас. 
Сол тоймастық – дүниені жамандатқан, 
Сен сөкті деп тағдырды қайта жоймас. 


Ақын өлеңіндегі үлкен философиялық ой Абайдың «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы 
сергек» өлеңімен үндесіп, реминисценциялық шарпуысқа түскен: 
Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ, өткен өмір қайта келмек, 
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек. 
Адамзат тірілікті дәулет білмек, 
Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек.
Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезіп, 
Не қорлық құр қылжаңмен күн өткізбек? 
Шәкәрім өмірдің заңдылығына қарсы шығу күнә екенін ескертеді. Тумақ, өлмек, 
қартаймақ тағдыр ісі, оны өзгерте алмайсың. Абай да, Шәкәрім де адал жүруге, тіршілікті 
босқа өткізбеуге шақырады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет