Әл-Фарабидың қоғам және мемлекет туралы ойларының басты бағдарлары мен ұстанымдары. Әл-Фарабидің «Қайырымды қаласы» және қазақ утопиясы. Әлемге әйгілі ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің ең танымал еңбектерінің бірі – «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат». Бұл кітаптың маңыздылығы – автордың өз еңбегінде қала болып қауымдасып өмір сүретін адамзат баласының өзара ешбір қайшылықсыз, мінсіз идеал қоғамы қандай болуы керектігін жан-жақты сипаттауында деуге болады. Мемлекеттер өзінің құрылымы, басқару формасы, ұстанымы, күш-қуаты тұрғысында қаншалықты сан алуандыққа ие болса, олардың тарих сахнасындағы жетістіктері мен өзіндік ішкі қайшылықтары да соншалықты әрқилы болады. Адамзат баласы әрқашанда басқару механизмі барынша жетілген, мемлекетті құрушы барша халықтың көңілінен шығатын мемлекет құруға әрдайым талпынумен болды. Бұл тұрғыдағы әрекеттерге ой жүгірте отырып алғашқы ой-пікірлер білдіріп, зерттеу жүргізген – антикалық дәуірдің ойшыл-философтары болды. Атап айтқанда грек философтары Платон, Аристотельдер мінсіз де ізгілікті қоғам құру жолдары туралы өз идеяларды ұсынып, трактаттар жазды. «Әлемнің екінші ұстазы» атанған ойшыл ғалым Әбу Насыр әл-Фараби өзіне дейінгі грек философтарының идеал мемлекет туралы идеяларын дамыта отырып, өзіндік тұжырым-қорытындыларын ұсынады. Ғалым қайырымды (ізгі) қала тұрғындары қалай болуы керек, оның жағымды-жағымсыз, дарынды-дарынсыз басшысына тән сипат-белгілер қандай т.б. жайлы жан жақты талдау жасайды. Біз бұл турасында төменде кеңінен тоқталатын боламыз. Және де «Қайырымды қала тұрғындары туралы» кітапта жазылған ой-тұжырымдарды біз бір қырынан алып қарағанда, орындалу мүмкіндігі бар, шынайы теория деп қарастырамыз. Және сонымен қатар, Әбу Насыр әл-Фарабидің бұл ой-пкірлерін орындалуы еш мүмкін емес қиял-ғажайыпқа толы жазба ретінде де қарастыра аламыз. Жалпы алғанда, адамзат баласының ең ұлы арманының бірі де осы қайырымды, идеал қоғам ғой. Дүниежүзіндегі барлық дерлік халықтардың фольклорында, әсіресе, ертегілері мен аңыздарында мәңгілік бақытқа кенелген ел мен жер суреттелетіні – санадағы осы аңсар күй, асқақ арманның сөзбен жасалған сұлу суреті екендігі анық. Түркілік таным аясындағы қазақ әдебиетінде де осы сипаттағы аңыздар мен ертегілер, кейіпкерлердің шоғыры қомақты. Мәңгілік өлмейтін қалып күйді іздеп сар далада тентіреп мәңгіліктің күйін тартқан Қорқыт, жерінің түгі кілемдей, күн райы жыл бойына қоңыржай, жігіті мәңгі жиырма бесте, қызы мәңгілік он сегізде болатын, жастықтың қуаты сөнбей маздаған Жерұйықты желмаясына мініп алып желіп жүріп іздеген Асанқайғының арманы мен ілкідегі Әл-Фарабидің ізгі қоғам құру туралы ойлары – айналып келгенде сол баяғы адамзат қоғамының бақытты тұрмыс кешуі жолындағы ізденістер емес пе? Әбу Насыр әл-Фарабидің қайырымды қоғам құрудың қолайлы жолдарын іздейтін алты бөлімді «Қайырымды қала тұрғындары туралы трактаттар» кітабының әр бөлімінде не туралы қарастырылатынын бір-бір сөйлеммен айтып өтелік. Бірінші бөлімде Алла-Тағаланың болмысы және оның сипаттары, есімдері туралы қарастырылады. Екінші бөлімде рухани жандар мен періштелер болмысы және аспан денелері туралы қарастырылған.Үшінші бөлімде аспан денелері мен ғаламшарлық материалдық денелердің өзара байланысы туралы айтылады.Төртінші бөлімде адам және оның жан, тән қуаттары, еркек пен әйел және олардан жаратылатын баланың морфологиялық, физиологиялық, психологиялық даму ерекшеліктері туралы қарастырылады.Бесінші бөлімде адамның өз қалауы арқылы бар болған нәрселер мен адам қоғамы және оған не қажет, осы қоғамның жіктелуі т.б. жағдайларға сипаттама беріледі. «Қайырымды қала тұрғындары» кімдер, бұл қаланы құрайтын адамдардың ерекшелігі туралы айтылған.Алтыншы, соңғы бөлімде надан көзқарастар мен қоғамдар, надан қалалар мен надан басшылықтар, олардың іс-әрекетінің салдарлары туралы баяндалады. Қайырымды қаланың бірінші басшысы – ол қайырымды халықтың, тіпті жер жүзін мекендейтін барша жұрттың басшысы да бола алатындығын айтады. Ол үшін бірінші басшыға тән он екі бірдей қасиет оның бойында жинақталған болуы тиіс. Біз төменде Әл-Фарабидің атап көрсетуінше, «қайырымды қала» басшысының бойынан табылуға тиісті қасиеттердің мағынасын аша отырып, әрбірінің қысқаша анықтамасын ғана беруді жөн көрдік. 1. Басшының он екі мүшесі бүтін, дені сау болуы керек; 2. Ақыл-есі бүтін, айтылған сөзді ұғатын болуы керек; 3. Есте сақтау қабілеті мықты, алғыр да аңғарымпаз болуы керек; 4. Сөзі өткір, тілге шешен болуы керек; 5. Өнер-білімге құштар, оқып үйренуден шаршамайтын, білімпаз болуы керек; 6. Тамақсаулықтан, артық ішіп-жеуден, орынсыз сауыққұмарлықтан аулақ болуы керек; 7. Шыншыл болуы, маңына шыншыл адамдарды жиюы, өтірікшілерден аулақ болуы керек; 8. Рухы биік, ар-намысты биік ұстайтын болуы керек; 9. Пасықтықтан аулақ, игі істерге ынтызар болуы керек; 10. Байлыққа құмарлықтан, ашкөздіктен аулақ болуы керек; 10. Әділетсүйгіш болуы, озбырлар мен әділетсіздерді жақтаудан аулақ, ел-жұртқа қайырымды, мейірімді болуы керек; 11. Бір сөзді, бірақ қыңыр болмауы тиіс, жаман қылықтарға ымырасыз болуы керек; 12. Өзі дұрыс деп тапқан істі жүзеге асыруда шешімшіл, қорқып жасқануды білмейтін батыл да ержүрек болуы керек. Әбу Насыр әл-Фарабидің пікірінше «қайырымды қала» басшысы болу үшін жоғарыдағы қасиеттерге қоса, билеуші болуға деген бейімділік, дарын тіпті ұмтылыс болуы керек екен. «Қайырымды қаланы әрбір кез-келген адам билей бермекші емес, өйткені, ел билеу – екі бірдей нәрсеге байланысты: біріншіден, билемек адамның өз жаратылысында ел билеуге қаншалық әзір екеніне байланысты, екіншіден, билеуші адамның еріктен қуат алып отыратын жағдайы мен қабілетіне байланысты.