Әл-Фарабидың энциклопедиялық мұрасының басты салалары және олардың рухани құндылығы мен маңызы. Қазақстанда Әбу Насыр әл-Фараби мұраларын аудару, зерттеу, насихаттау жұмыстары мен әрекеттері ХХ ғасырдың 60-70 жылдарынан басталып, Қазақстан фарабитанудың әлемдегі ең үлкен орталықтарының біріне айналды. Қазақстандық фарабитанудың басында, негізгі ұйытқысы, мұраларын тұңғыш іздеуші, аударушы, мәселені көтеруші ретінде А.Машани есімі аталса, ал 1968 жылы ҚазКСР ҒА Философия және құқық институтында «Әл-Фараби мұраларын зерттейтін шығармашылық топ» құрылды, топты ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор А.Х. Қасымжанов үйлестірді. Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен энциклопедиялық ғылыми мұрасы, рухани әлемі оның көзі тірі кезінде-ақ сол заман ғалымдарының назарын өзіне аудара бастаған. Фараби өмірден өткеннен кейін бұл зерттеулер бүгінде әлемнің алуан тілде жазатын ғалымдар шығармаларымен толығып, «Фарабитану» атты тұтас бір ғылым саласына айналды. Фарабитануды құрайтын сол мұраны шартты түрде бес топқа жіктеуге болады. Бірінші топқа ортағасырлық араб, парсы ғалымдарының жазбалары кіреді. Екінші топқа фарабитанудың тағы бір үлкен саласын ХІХ-ХХ ғғ. Мысыр, Сирия, Ливан, Иран және Ауғанстан ғалымдары толықтырды. Фарабитанудағы үшінші топты батыс авторлары құрайды. Бұл саладағы Фараби мұрасына қызығушылық ХV ғасырдан басталады. Фарабитанудағы төртінші топқа патшалық Ресей және кеңес заманындағы шығыстанушылар жатса, фарабитану ғылымының бесінші тобына түркітілдес халықтар ғалымдарының еңбектерін жатқызуға болады. Қазақстандық фарабитанушылардың отандық фарабитануға қосқан үлесіне тоқталатын болсақ, белгілі фарабитанушылардың бастауымен әл-Фарабидің еңбектері қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. 1970 жылы Алматыда әл-Фарабидің таңдамалы философиялық трактаттары үзінділерінің аудармасы жасалды, одан кейін математика, әлеуметтік-этикалық мәселелер, логика бойынша трактаттарының үзінділері жарыққа шықты. Бұдан әрі кеңестік идеологияның қағидаларына сәйкес жасалған философия тарихына әл- Фарабидің қосқан үлесін қорытуға арналған еңбектер пайда бола бастады. Қазақстанда әл-Фараби есімі ХХ ғасырдың 70-жылдары айрықша танымал болды. Бұл, ең алдымен, әл-Фараби ғұмырнамашыларының IX-X ғасырларда бүгінгі Қазақстанның аумағында орналасқан Фарабты оның отаны деп санауына байланысты еді. Әл-Фараби еңбектерін қазақ-орыс тіліне аудару үшін белсенді жұмыстар жүргізілді. Оның мұрасына арналған көптеген мақалалар мен бірқатар көркем шығармалар жазылды, оның есімімен көшелер мен ғылыми орталықтар аталды. Алайда жетпісінші жылдардан кейін осы ойшылдың мұрасын зерттеу қандай да бір жаңа маңызды жаңашылдыққа әкелген жоқ. Оның үстіне жетпісінші жылдары жасалған еңбектер ат төбеліндей философтар мен шығыстанушыларға ғана түсінікті болды және тарих, философия бойынша жалпы білім беретін курстарға қажетті көлемде енгізілген жоқ. Әл-Фараби мұрасына кеңестік гуманитарлық ғылымның саяси-тәрбиелік аясында алғашқы қатарға оның әлеуметтік көзқарастары шығарылды. Олар негізінен жалпы «әлем бейнесінен» алшақтықпен түсіндірілді. Әлемдік өркениетте өз орнын ойып алған ұлы жерлесіміз әл-Фараби іліміне қайта оралу, танып білу, ұлт мүддесіне жарату – таусылмас рухани азық, баға жетпес рухани құндылық.