Уәли Н.М.
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
бас ғылыми қызметкері,
филол.ғ.д., профессор
Ғалымның ғылымдағы ғибраты
Академик Р. Сыздық жан-жақты және ауқымы мол ғылыми-зерттеу еңбектерінің негізгі арқауы қазақ тілінің, түркітану ғылымының өзекті мәселелері болып табылады. Әсіресе, солардың ішінде ғалымның ұзақ жылдар бойы үзбей қалам тартып, жете зерттеген саласы қазақ әдеби тілі тарихының мәселелері деуге болады.
Әрине, әдеби тілді, онын тарихын зерттеуде бұл нысананы әртүрлі қырынан қарастыруға болады. Қазақ тіл біліміндеі әдеби тілдің тарихы жекелеген әдеби үлгілерді зерттеуден, олардың лексика-грамматикалық ерекшеліктерін ашудан басталған деуге болады. Бұл, бір жағынан, сол үлгіні жасаушы қаламгердің тілін зерттеу болып табылса, екінші жағынан, қаламгер өмір сүрген сол кезеңдегі, дәуірдегі әдеби тілдің өзін де зерттеу болып саналады.
Міне, сондықтан академик Р. Сыздықтың «Абай шығармаларының тілі» (1968) деген көлемді ғылыми монографиясы – ұлы ақынның тілін лингвистикалық тұрғыдан қарастырған еңбек қана емес, соңдай-ақ сол кезеңдегі, синхрондық бөліктегі әдеби тілдің негізгі ерекшеліктері мен басты сипаттарын айқындаған іргелі зерттеу. Осы еңбегі үшін ғалымға ҚР Ғылым академиясынын Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығы берілгені белгілі (1995).
Ғалым қазақ әдеби тілін қалыптастыру мен дамытудағы ұлы ақынның қосқан үлесі мен орнын айқындай отырып, лексика-морфологиялық ерекшелігін жан-жақты терең зерттей келе, XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілінің жай-күйін ашады. Оны ақын шығармаларының тілімен сабақтастыра, байланыстыра отырып, суреткер қолданған қазақтың төл сөздері мен түрлі лексика-грамматикалық қаттау-қабаттарға талдау жасайды. Ұлы ақынның тыңнан қосқан, ескіні жандандырған қолданыстарын, олардың жұмсалу себептері мен дәлелдерін көрсетеді. «Абай – қазақтың қазіргі ұлттық жазба әдеби тілінің негізін қалаушы» деген тұжырым қазақ филологиясында бұрыннан да бар болатын. Бұл пікірді Р.Сыздық та қостайды. Бірақ осы тұжырымды ғалым Абай шығармаларының тілін тұтас, жан-жақты зерттей отырып дәлелдеп береді. Поэзия синтаксисіне Абай енгізген өзгешеліктер мен жаңалықтарды ашқан, оған нақты талдаулар жасаған ғалымның «Абай өлеңдерінің синтаксисі» (1970) деп аталатын монографиясы қазақ тіл білімінде өлең синтаксисін ең алғаш зерттеген, оның құрылым-құрылыстарына тән негізгі белгілерді көрсеткен бірден-бір және бірегей еңбек болды.
Абай тілін жүйелі түрде зерттеудегі ғалымның өзі белгілеген тәртібімен жоғарыда көрсетілген екі монографиядан соң, «Абайдың сөз өрнегі» атты үшінші кітабында ұлы ақынның поэтикалық тілі, көркемдік сипаты, көріктеу құралдарының тілдік механизмі сөз болып, ұлы ақынның тіл көркемдігін танытудың кілті бұрынды-соңды айтылып келген пікірлер мен еңбектерден басқаша бұраумен ашылады, қазақ тілінің поэтикасы жөнінде соны талдаулар мен жаңа ой-тұжырымдар айтылады. Аталмыш еңбек ұлы ақынның 150 жылдық мерей тойына орай «Санат» баспасынан 1995 жылы жарық көрді. Сондай-ақ «Абай» энциклопедиясында ұлы ақынның тілі мен стиліне қатысты көлемді ғылыми-теориялық мақалалар топтамасын берді. Абай тілін жан-жақты зерттеген осы еңбектері үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алды.
Қазақ әдеби тілінің тарихын ендігі жерде жеке үлгілер арқылы ғана емес, біртұтас түрде зерттеуді Р. Сыздық сонау 1960-жылдардыңөзінде қолға алған болатын. Осының нәтижесінде профессор М. Балақаев, Е. Жанпейісовпен бірлесіп жазған «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (1968) жарыққа шықты. Осы аталған оқу құралының «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдеби тілі» деген сүбелі тарауы Р. Сыздықтың қаламынан шықты. Дегенмен алпысыншы жылдары «Қазақ әдеби тілінің тарихын қай кезден бастау қажет?», «Оның алғашқы өкілдері кімдер?», «Үлгілері қандай?», «Қандай дәуірлер мен кезеңдерге бөлінеді?» деген т.б. аса өзекті мәселелерді былай қойғанда, тіпті әдеби тілдің мәртебесін анықтаудың өзі әлі толық шешімін таппаған-ды. Сол кездегі дәстүрлі көзқарасы бойынша «жазба тіл ғана әдеби тіл бола алады» деген пікір орыс тіл біліміндегі тәрізді, қазақ филологиясында да басы болатын. Осымен байланысты әдеби тіл үлгілерінің алғаш хатқа түсе бастаған кезі шамамен XVIII ғасырдың ортасы деп танылып, соған сәйкес «Қазақ әдеби тілінің бастау алуы осы тұсқа келеді» деген тұжырым үстем болды. Алайда Р. Сыздық мұндай пікірдің қайшылықтарын көрсете келіп, «ХVІІІ-ХІХ ғ. қазақ әдеби тілінің тарихы» (1984) деген монографиясында басқаша бағыт ұстанады.
Шындығында, әдеби тіл мәртебесін тек жазу-сызумен байланысты деп білу тілдік әрі уақыт жағынан өте жақын бір кезенде туған үлгілердің бәрі хатқа түскендіктен әдеби, ал екіншісін ауызша тарағандықтан, әдеби емес деп тану, сондай-ақ аты-жөні, шығармалары ел жадында сақталған, сөз қолданыста дербестігі айқын көрінетін суреткер туындыларын ауызша тарағандықтан, әдеби тіл үлгісіне жатпайды деп білу шындыққа жанаса қоймайды. Сондықтан зерттеуші әдеби тілдің негізгі мәнін жазу-сызудан іздемейді. Тілдің әдебилігін ол мәдени-рухани дүниелердің жасалуында, қоғамдық мәні бар іс-қимылдарды ұйымдастырудың құралы болуында, тілдік амал-тәсілдердің сараланын, жұмсалуында, сөйтіп, тұрақтанған тілдік нормалардың жалпы жұртшылыққа ортақ болуында деп біледі. Ғалымның пайымдауынша, бұл жерде, ауызша тіл тәрізді, жазба тіл де әдеби тілдің қызмет етуінің формасы ғана. Міне, мұндай қөзқарас бойынша әдеби тіл халықтың поэтикалық сөз өнері, әдет-ғұрып, билік заңдары тілі ретінде жазуға дейінгі кезеңде де қызмет етуі мүмкін.
Сонымен, Р. Сыздық XV–XVIII ғасырлардағы ақын-жыраулардың тілін арнайы талдай келіп, олардың шығармаларын әдеби тілдің жазбаға дейінгі кезеңіне жататын үлгілер деп таниды. Ал бұл кезеңде қызмет еткен тілді жазба дәуірге дейінгі ауызша әдеби тіл деп, терминологиялық мазмұн беріп атайды. Сөйтіп, әдеби тіл өзінің нормалық қасиетін тек жазу арқылы ғана орнықтырмайды, ауызша сөз қолданыс (ауызекі тараған өлең-жырлар, шешендік сөз үлгілері, ауызша шежіре т.б.) арқылы бекіте, жетілдіре түседі. Зерттеуші, әсіресе, әдеби тіл нормаларын қалыптастыруда ақын-жыраулар шығармаларын бұлжытпай жатқа айтып, жұртқа тарататын жыршылық, мектеп өкілдерінің орнын айрықша бағалайды. Осы еңбекте («XVIII-XIX ғ. қазақ әдеби тілінің тарихы») және оның көлемі толықтырылған, мазмұны тереңдетілген екінші басылымы – «Қазақ әдеби тілінің тарихы (XV-XIXғ.)» деп аталатын кітабында алғаш рет бір жағынан, ауызша әдеби тіл үлгілерінің, яғни XV-XVIII ғ. ақын-жыраулар шығармалары тілінің фольклор тілімен ортақ белгілерінің болу себептері ашылса, екінші жағынан, олардың өзді-өзіне тән айырмалары мен белгілері саралана түседі. Сондай-ақ ауызша әдеби тілдің жазба тілден айырмашылығы мен ұқсас тұстары да айқындалады. Тағы да бір айта кететін жайт – ғалым қазақ әдеби тілінің бес ғасырлық тарихын баяндайтын соңғы басылымда («Қазақ әдеби тілінің тарихы» 1993) казақ әдеби тілі тарихын жеке пән түрінде қазақ тіл білімінің дербес саласы ретінде бір жүйеге салып, бас-аяғын бүтіндеп берді. Сөйтіп, Р. Сыздықтың бұл саладағы іргелі зерттеулеріндегі негізгі тұжырымдар мен пайымдаулар қазақ тіл білімінде әдеби тіл, әдеби тіл тарихы бойынша жаңа бағытқа айналып, орныға түсті.
Академик Р. Сыздықтың түркітану саласындағы зерттеулері, бір жағынан, қазақ тілінің тарихы, қазақ әдеби тілінің тарихымен ұштасып жатады. Солардың ішінде зерттеушілердің «Язык Жами'ат-тауарих Жалаири» (1989) деген монографиясын ерекше атауға болады. Тарақ таңбалы жалайырдан шыққан Қадырғали бидің жылнамалары туралы арғы-бергі кезеңдердегі зерттеулерге сын көзімен қараған автор бұл ескерткіштің лексика-грамматикалық құрылымьп талдау жасай отырып, алдымен ондағы оғыз, қыпшақ тілдеріне ортақ элементтерді саралайды, оны туыстас тілдердің дерегімен салыстырады. Ескерткіш тіліндегі әртекті тілдік белгілерді талдай келіп, қазақ халқының тұрмыс тіршілігіне, салт-дәстүріне орай қалыптасқан, өзге туыстас тілдерде қайталамасы жоқ қазақы сөз өрнектерін айқындайды. Олар негізінен тұрақты сөз тіркестері мен бейнелі сөз орамдары болып келеді. Сондай-ақ ғалым ескерткіште қазіргі қазақ тілінде мүлде қолданылмайтын, бірақ XV–XVIII ғғ. қазақ ақын-жырауларының тілінде белсенді жұмсалған элементтерді табады. Сөйтіп, ғалымның бір жағынан, «Жами' ат-тауарих» тілінен қазіргі қазақ тіліне үндес белгілерді көрсетуі, екінші жағынан, XV–XVIII қазақ ақын-жыраулары тілі мен осы ескерткіш тіліне тән ортақ белгілерді, жарыспалы құбылыстарды ашуы аталмыш зерттеудің аса бір бағалы жағы деуге болады. Сонымен бұл еңбекте Қадырғали Жалайыридың «Жами' ат-тауарихы» тілдік жағынан да, рухани мәдениет жағынан да қазақ халқының байырғы дәуірінен қалған мұра екені ғылым тұрғыдан жан-жақты дәлелденеді.
Сондай-ақ Р.Сыздықтың тарихшы-ғалым М.Қойгелдиевпен бірге жазған «Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы» (1991) деген кітабы жарық көрді. Студенттер мен аспиранттардың, ізденушілердің пайдалануына лайықтап жазылған бұл еңбекте XVI ғасырдағы қазақ авторының шығармасы тарихи және тілдік тұрғыдан кеңінен баяндалады. Екі кітаптың екеуінде де ескерткіш мәтіні араб жазуынан қазіргі қазақ жазуына көшіріліп берілуін де ерекше бағалау қажет. Бұл – ескерткіштің 14 жылдан кейін екінші рет жарық көруі болды (алғаш рет 1854 жылы ескерткіштің бір ғана қолжазба нұсқасын Қазан университетініңпрофессоры И.Н.Березин жариялаған болатын). Р.Сыздық Березин нұсқасын кейін табылған екінші қолжазба тексімен салыстырып берген.
Р.Сыздық түркі тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің тарихына хронологиялық тұрғыдан әрі қарай жылжып, Қожа Ахмет Ясауи (XII ғ.) мұрасының «Самарқанд немесе Залеман нұсқасы» деп аталатын қолжазбасы бойынша оның тілін лексика-грамматикалық, көркемдік және текстологиялық талдау тұрғысынан зерттеп шықты. Әлеуметтік мәнділігі аса жоғары бұл еңбек Ақпарат және Қоғамдық келісім министрлігінің қолдауымен 2004 жылы қыркүйек айында «Яссауи хикметтерінің тілі» деген атпен жарық көрді.
Р. Сыздық әдеби тіл тарихын, ортағасырлық жазба ескерткіштер тілін зерттеумен қатар, тарихи лексика мәселелерін де арнайы қарастырды. Ғалымның «Сөздер сөйлейді» (1980, 1994) деген еңбегі – осы саладагы ізденістің нәтижесі. Тарихи лексикология бойынша бірден-бір оқу құралы болған бұл еңбек 1994 жылы толықтырылып, өнделіп, екінші рет жарық көрді. Кітапта тарихи, лиро-эпостық жырларда, ақын-жыраулар тілінде, тұрақты тіркестер құрамында мақал-мәтелдерде кездесетін көне сөздердің байырғы мағыналары, түп-төркіні ашылып, семантикалық өзгерістеріне талдау жасалады. Сондықтан аталмыш еңбек тек тіл мамандары ғана емес, байырғы көркем мұраларды сүйсіне оқитын былайғы жұртшылық үшін де бағалы зерттеудің бірі болды.
Р. Сыздық лингводидактика саласындағы жұмыстарға ерте кезден араласып, оқулықтар мен оқу құралдарын жазып, бағдарламалар түзді. Атап айтқанда, ол орыс мектептерінің жоғары кластары үшін «Қазақ тілі» оқулықтарын (1952-1953), «Үлкендерге арналған әліппені» (1958, 1963), «Ересектерді оқытудың программасын» (1958), университеттер мен институттарда «Қазақ әдеби тілі тарихын оқытуды программасын» (1965, 1969, 1975) жазысуға ат салысгы.
Ғалымның ұзақ жылдар бойы аса өнімді еңбек етіп, жемісті зерттеулер беріп келе жатқан саласы – тіл мәдениеті мен қолданбалы лингвистика. Бұл ретте ғалымның шешендік сөз туралы, сөз қолданыс пен әдеби норма т.б. мәселелерге арналған бірқатар теориялық зерттеулері ғылыми жинақтарда («Жазушы және сөз мәдениеті», «Қазақ әдеби тілінің ауызша түрі» т.б.) және ғылыми журналдарда жарияланды. Сонымен қатар тілдік нормаға арналған «Тілдік норма және оның қалыптануы» (2001), деген атпен жеке монографиясы қазақ тіл білімінде норма мәселесі» теориялық тұрғыдан арнайы сөз еткен тұңғыш ізденіс болып табылады.
Мұнда бүгінгі әдеби тіліміздің қолданысында қалыптанған лексика-грамматикалық, орфографиялық, орфоэпиялық көркемдік заңдылықтарының жүйелеп көрсетумен қатар, олардан уәжді-уәжсіз ауытқитын сәттерді де салалап береді. Ғалым бұл зерттеуінде тілдік нормалардың түрлері мен типтеріне тоқтала отырып, әдеби тілдік норманың негізінде тілдік жүйе мен зандылықтар жатқанына назар аударады. Әдеби тіл нормасының қазіргі қалып-күйін көрсете келіп, басым варианттардың түрлерін айқындайды.
Сонымен бірге жұртшылықтың тіл мәдениетін көтеретін, қоғамдық-мәдени өмірде орны ерекше саналатын практикалық құралдар («Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі», 1960, 1974, 1988, 2001, 2005) жазуға қатысып, емле ережелерін жүйелеген («Қазақ орфографиясы мен пунктуациясы жөнінде анықтағыш», 1959, 1974, 1994, 2000), орфоэпиялық нормаларды тиянақтаған («Сөз сазы». Алматы. 1983, 1995, 2000) еңбектер жариялады. Бұлар қазақ тілі нормаларын кодификациялауда өзіндік орны ерекше еңбектер деп бағаланады.
Ғалымның тікелей басқаруымен және белсене қатысуымен «Қазақ орфографиясы негізгі ережелерінің жаңа нұсқасы» жасалды. Негізгі ереженің жаңа редакциясы кезінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 1983 жылдың 25 тамызында бекітілді.
Р. Сыздық мерзімді баспасөз беттерінде тіл мәдениетінің көкейкесті мәселелерін көтерген, қоғамдық ойға қозғау салған аса көлемді мақалалар жариялаумен бірге, театр, теледидар, баспа ұжымдарында, газет-журналдар редакцияларында, жоғарғы оқу орындары мен орта мектептерде әдеби тіл нормаларын насихаттау, қалың көпшіліктің тіл мәдениетін көтеретін шараларды (ғылыми-практикалық конференциялар, әңгіме-дәрістер, дөңгелек үстелдер т.б.) өткізу тәрізді игі істерге ұйытқы болып, басшылық жасап, оларға белсене қатысты.
Репрессияға ұшыраған аса көрнекті ғылым мен қоғам қайраткерлері, қазақ тіл білімінің негізін қалаушылар А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов сынды ғалымдардың өмірі мен ғылыми еңбектері туралы Р. Сыздық алғашқы болып, алғаш очерк жазып, кітапшалар шығарды. Оның Қ. Жұбанов туралы «Ғалым-азамат» (1966, 2004), А. Байтұрсынұлы туралы «Ахмет Байтұрынов» (1990) деген кітапшалары жұртшылыққа кеңінен мәлім.
Осындай игі істермен қатар ғалым Қ. Жұбановтың, А. Байтұрсынұлының, Халел Досмұхамедовтің ғылыми мұрасын баспаға әзірлеу жұмыстарымен де шұғылданды. Р. Сыздық пен Е. Жұбановтың редакциясымен Құдайберген Жұбановтың «Исследования по казахскому языку» (Алма-Ата, 1966, 362 с.); Р.Сыздық пен Ш.Сарыбаевтың редакциясымен А. Байтұрсынұлының «Тіл тағылымы» (Алматы, 1992, 448-б.). Р. Сыздықтың бас редакторлығымен Халел Досмұхамедовтің «Тандамалы» (Алматы, 1998) деген көлемді еңбектері жарық көрді.
Р. Сыздықтың жауапты редакторлығымен іргелі ғылыми монографиялар (Қ. Өмірәлиев. Қазақ поэзиясының жанры мен стилі. Алматы, 1983, 240-б.; Х. Нұрмаханов. Сөз және шеберлік. Алматы, 1987, 288-б.; Б. Әбілқасымов. XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ тілі. Алматы, 1982, 224-б. т.б.), жекелеген ғылыми жинақтар (Жазушы және сөз мәдениеті, 1983, 152-б.; Қазақ әдеби тілінің ауызша түрі, Алматы, 1987 т.б.) және «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» (1988, 2001) жарыққа шықты. Сондай-ақ Р. Сыздық «Абай тілінің сөздігі» (1968), он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (1974-1986) т.б. көлемді лексикографиялық еңбектерді редакциялау жұмыстарына қатысты.
Бұл салада, әсіресе, алғаш жарық көрген академиялық «Қазақша-орысша сөздіктің» жауапты редакторы ретінде ғалым (К.Ш. Хұсайыновпен бірге) қыруар уақыты мен күш-қайратын жұмсады. Өйткені академиялық екі тілді сөздіктің өз қиындығы бар. Аса терең лексикографиялық біліктілікті айтпағанның өзінде, екі тілдің материалдарын жүйелеп, салалап, лексикографиялау көп еңбекті қажет етеді. Әдеби тілдің лексика-фразеологиялық байлығын молырақ қамтып, ұлттық идиоматиканы екінші тілге дәлірек беруді көздеген бұл сөздік мемлекеттік тілді оқып үйренушілер үшін де, зерттеушілер үшін де, қазақ тіліне қызығып, ден қойған жұртшылық үшін де бағалы еңбек болды.
Р. Сыздық Үрімжі қаласында (Қытай Халық Республикасы) өткен «Шыңжаң халықтары тілі мен жазуы» атты конференцияның (1956), II, V Бүкілодақтықтүркология конференцияларының (Алматы, 1976; Фрунзе, 1985), «Тілдердің диалектіден жоғары формалары» деген бүкілодақтық симпозиумның (Мәскеу, 1978), Типологиялық зерттеулер жөнінде өткен бүкілодақтық конференцияның (Мәскеу- Ленинград, 1983); 1989 жылы Элазиг (Түркия), 1990жылы Алматыда өткен II, III Халықаралық совет-түрік коллоквиумының; Анкарада (Түркия) болған «Түркі тілдерінің тұрақты құрылтайының» (1993) т.б. ғылыми-практикалық, теориялық, конференциялардың жұмыстарына қатысып, әдеби тіл, тіл тарихы, әліпби мен жазудың аса өзекті теориялық, типологиялық мәселелеріне арналған баяндамалар жасады.
Р. Сыздық ғылыми конференцияларда жасаған баяндамаларында, сөйлеген сөздерінде әрдайым ғылыми жұртшылыққа ой тастап, келелі мәселелер қозғап отырды. Бұл жөнінде кезінде академик жазушылар М.О. Әуезов, Ғ. Мүсірепов өздерінің жылы лебіздерін білдірген болатын. «Рәбиға Сыздықованың сөзіне, – деп жазады акад. М. Әуезов, – конференцияға қатысушылар айрықша ырза болды деп санаймыз. Оның сөзіндегі бір ерекшелік: тіл мамандары мен әдебиетшілерге қатар айтар орынды, кенеулі ойы бар және сол ойды таратып айта аларлық тіл құдіреті мейлінше жеткілікті екендігін аңғартты»[1,351].
Р. Сыздық ұзақ жылдар бойы ғылыми мамандарды даярлау ісіне үлкен үлес қосты. Оның ғылыми басшылығымен тоғыз докторлық, жиырма бір кандидаттық диссертация қорғалды. Р. Сыздық Қазақ КСР Ғылым академиясының филология ғылымдары бойынша біріккен кеңесінің ғалым-хатшысы (1969-1975), 1975 жылдан бері ҚР Ұлттық ҒА А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы докторлық, кандидаттық диссертация корғау жөніндегі мамандандырылған кеңестің, 1990-1994 жылдары Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология ғылымының докторы дәрежесін беру жөніндегі мамандандырылған кеңесінің мүшесі ретінде осы аталған кеңестердің жұмыстарына белсенді атсалысты.
Ол университеттер (Алматы, Қарағанды) мен пединституттардың (Алматы, Семей, Ақтөбе) филология факультеттерінде абайтану, қазақ әдеби тілінің тарихы, сөз мәдениеті бойынша арнаулы курстардан дәрістер оқып, студенттердің ғылыми жұмыстарына басшылық жасап келеді.
Р. Сыздық Қазақ КСР-інің «Тіл туралы заңының жобасын» жасау жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары А. Байтұрсынұлы, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов мұралары жөніндегі республика үкіметі тарапынан құрылған комиссияның мүшесі ретінде республиканың саяси-мәдени өміріндегі елеулі мәні бар істерге белсене қатысты.
Р. Сыздықтың іргелі ғылыми зерттеу еңбектері тек республика көлемінде ғана емес, одан тыс елдердегі жұртшылыққа кеңінен мәлім. Ғалымның Түркияның халықаралық «Dil kurumu» лингвистикалық қоғамының корреспондент мүшелігіне ұсынылуы – осының бір айғағы.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, профессор Р. Сыздықтың ғылыми-педагогтік қызметі, ғылымды дамытудағы, ғылым кадрларын даярлаудағы еңбектері Үкімет тарапынан жоғары бағаланып, бірнеше мәрте (1961, 1973, 1982) Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. 1971 жылы «Құрмет Белгісі» орденінің иегері атанды. 1984 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері құрметті атағы берілді, есімі Қазақ КСР-інің «Құрметті Алтын кітабына» жазылды (1981), Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың (1995), ҚР Мемлекеттік сыйлықтың (1996) лауреаты атағына ие болды. 1945 жылы «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі еңбектегі ерлігі үшін» меделімен марапатталды.
Достарыңызбен бөлісу: |