Абылай хан – тарихи жырларда



бет1/3
Дата15.11.2023
өлшемі84,5 Kb.
#122669
  1   2   3
Байланысты:
annotation63259


ӘОЖ 94(574)(092)
АБЫЛАЙ ХАН ТҰЛҒАСЫ ТАРИХИ ЖЫРЛАРДА
Личность Абылай хана в исторических жырах
Personality Abylai khan in historical zhyrs
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің аға оқытушысы Арыстанбекова Құралай Дәндібайқызы, dankura@mail.ru
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих, археология және этнология факультетінің 2-курс PhD докторанты Қошымова А.О, aknur_k@mail.ru
Мақала қазақ хандары ішіндегі ең ірі де бірегей тұлға саналатын Абылай ханның тарихына тоқталып, оның тарихта алар орны мен қалыптасқан тұлға ретіндегі сипатына арналады. Сондай-ақ өз халқының қайталанбас дара тұлғасы, қиын-қыстау замандарда халқын бір орталыққа жинап, бағындыра білген Абылайдың ішкі және сыртқы саясатта ұстанған бағыттарына ерекше көңіл бөлінеді.Қазақтың қорғаушысы саналған аса ірі қайраткер, қолбасшы, ел еркіндігі мен бостандығын қорғай білген, қазақтың үш жүзінің де ханы болып, елді біріктіруде ерен еңбек еткен Абылай ханның өмірі мен атқарған қызметтері ауыз әдебиеті үлгілерінің бірі саналатын тарихи жырларда көптеп көрініс тауып отыратындығы белгілі. Тарихи жыр, дастандардың ауыз әдебиетінің өзге салаларынан ерекшелігі әрі артықшылығы ондағы ақпарат нақты өмірден аса алшақ еместігінде. Міне, осындай тарихи дерек рөлін атқаратын тарихи жырларда көрініс тапқан Абылай ханның өмірі мен атқарған қызметтері жөніндегі мәліметтер тарихи дерек ретінде талданады.
Абылай хан Қазақ хандығында 48 жыл бойы билік етіп, қазақтың үш жүзіне бірдей хан болып, қазақ халқын бір орталықтандырған мемлекет құра білген ірі тарихи тұлға болды. Оның ерлік істері мен мағыналы өмірі жөнінде бүгінге дейін сақталған тарихи жырлар, аңыздар, өлеңдер мен дастандар т.б. көптеп кездеседі. Абылай дегенде біз әуелі оның батыр, мықты қолбасшы, айлакер саясаткер екенін еске алып, еліміздің тарихындағы аса бір қиын кезеңде үш жүздің, қазақ халқының басын қоса білген хан ретінде жақсы танимыз.
Бәрімізге белгілі, қазақ халқының ауыз әдебиетін тарихымыздың төл дерегі ретінде қарап, зерттеу мәселесіне кейінгі жылдары жете көңіл бөлініп, жақсы назар аударылып келеді. Оның ішінде шежірелер, батырлар жырлары мен тұрмыс-салт жырларына т.б. қатысты зерттеулер, мақалалар үстін-үстін жарияланып жатыр. Осындай құндылығы жоғары халықтық мұраларымыздың ел арасынан, әртүрлі дерек көздерінен жиналып, ғылыми тұрғыдан зерттелуі Ш. Уәлиханов, В. Радлов, Ы. Алтынсарин, Ә. Диваев, Г. Потанин, И. Мелиоранский, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедов, М. Әуезов, С. Мұқанов, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров еңбектерінен бастау алып, кейінгі кезеңдерде де бұл үрдіс ғылым саласында қызмет атқарып жүрген басқа да белгілі азаматтардың еңбектерінде дәстүрлі жалғасын тауып келеді. Бұл еңбектерде халық ауыз әдебиетінің, оның ішінде тарихи, батырлық жырлардың тарихи негіздеріне, бұл жырлардың өмірге келген кезеңінің әлеуметтік-қоғамдық сипатына да тереңірек талдау жасала бастады.
М. Әуезов, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмайылов, Б. Кенжебаев, Ә. Марғұлан, Ә. Қоңыратбаев, М. Ғабдуллин, Р. Бердібаев, С. Қасқабасов сынды көрнекті қазақ әдебиеттанушы-ғалымдарының ғылыми-зерттеу еңбектері аса бай халық ауыз әдебиетінің сан қилы көркемдік қырларын талдауға арналды. Ал тарихи жырлар тек қазақ ауыз әдебиетінің бір саласы ғана емес, сонымен қатар тарихтың атадан балаға ауызша айту арқылы жеткен дүниесі десек те қателеспейміз.
Абылай тарихы қазақ халқы үшін өте қиын, аса ауыр кезеңмен тұспа-тұс келеді. ХVІІІ ғасырда жоңғар қонтайшылары қазақтың шұрайлы жері Жетісу мен оңтүстіктегі қалаларына көзін тігіп, басып алу сәтін күтіп отырған болатын. Бұл жәйт тарихи жырларда да көрініс табады.
Абылай өміріне қатысты «Абылай хан», «Сабалақ», «Абылай хан әңгімесі», «Абылай туралы жыр», «Қалдан Серен Абылайды тұтқынға алғаны», «Сабалақ – Абылай хан», «Сабалақ» (қисса), «Абылай мен Олжабай», «Сабалақ, Әбілмансұр, Абылай хан», «Абылай хан... Ақ атан» атты жырлар бар. Олардың біршамасы күні кеше ғана жарыққа шығып, халқымен қайта қауышты.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев те: «Абылай туралы», «Абылай заманында қазақтан шыққан батырлар», «Абылай хан мен Қалдан», «Абылай ханның бір жорығы» тағы сол сияқты аңыз-әңгімелерді бізге жеткізді /1/.
Алайда ауызша тарих айтудың Абылай заманына келгенде елді адастырар бірнеше тұстары кездеседі. Мысалы, оның шыққан тегі, кімнен туғандығы жөніндегі мәселеге келгенде бәріміздің пікіріміз бір жерде тоғыспай, бірнеше жаққа айырылатыны да бар. Шежіре бойынша, Абылай хан Көркем Уәли сұлтанның баласы болып есептеледі. Көркем Уәлидің Түркістанды билеген сұлтан екені белгілі.
Абылайдың өмірге келген жылы туралы да екі жақты пікір кездеседі. Оның бірі – 1711 жыл деген пікірді қостаса, екіншісі – 1713 жыл дегенді айтады. Не десек те ол жоңғарлардың қазақ жеріне үздіксіз шабуылы кезінде дүниеге келіп, 13 жасқа жеткенде әкесінен айырылады. Үлкен атасы – Абылай, әкесі – Уәлихан. Әкесі тарихта ұлы қарақшы болған. Оны өзіне адал берілген құлы құтқарып қалады. Бұл жайында бір сәт жырға кезек беріп көрейік:

«Нағашы Қайып ханға барған ауып,


Тұрып қалды сол жақта тыныштық тауып.
Жетім-жесір боп қалды Уәли хан,
Елімен Қайып ханның қалмақ шауып.
Ақтабан шұбырынды аштық көріп,
Ел кетті бет-бетімен қайың сауып.
Жетім бала Әлілмансұр жылайды енді,
Еліне жетер емес қайта тауып» /2/.

Жырда Абылайдың Жоңғар ханы Қалдан Цереннің ұлы Шарышты өлтірген кезінде 20 жаста болғандығы жайында айтылады. Ал Абылайдың жиырма жасы қай жылға сәйкес келетінін, оның қай шайқасқа қатысқаны туралы мынадай болжам айтуға болады. Тарихи жырларда Сабалақ әуелде Бөгенбай жасақтарының құрамында жорықтарға қатысқаны айтылады. Тарихи деректерде Орта жүз жасақтары мен жоңғарлардың арасында үлкен ұрыстар болғаны да белгілі. Ол яғни 1732–1733 жылдар болып шығады. Сондай-ақ орыс және қытай деректерінде де осы жылдары қазақтар пен жоңғарлар арасында шайқастар болғаны жөнінде материалдар бар. Ал жырға сөз берсек:


«Мың жеті жүз отыз бірінші жылы басталыпты,


Әуелде қазақ, қалмақ қастаныпты.
Ұлы жүзден Қангелді, Дулат кетіп,
Ел есе жібермеске күш салыпты.
Басынан Орта жүздің батыры көп,
Ұлы жүз жуастықпен бос қалыпты.
Хабарды Ұлы жүзге жіберген соң,
Әрине, жібермек боп хош алыпты.
Тағы да жіберіпті Кіші жүзге,
«Қалмақпен шабысамыз келсін бізге».
Ұлы жүзден Қангелді, Дулат кетті,
Намыс шығар, ойлаңдар, о да сізге» /3/.

Көріп отырғанымыздай, жырда адам (соғысқа аттанған батырлар) есімдері де мол кездеседі: Қангелді, Дулат, т.б. Бұл, әрине, батырлар есімдерінен хабар берері сөзсіз.


Міне, осындай ел басына қара күн туғанда жауға қарсы шығар қазақтың ұлдары жиналып жатқанда, Абылай да Төле биден рұқсат сұрап, ұрысқа аттанады.
«Қалданның жиені Қоңтәжінің баласы Шарыш деген батырды Қалдан өз орнына жіберіп, Шөкаман батырды қосып жіберіп, «қазақты жесір-жебір қылып алып кел» деп, күшін жиып жіберген екен. Сонда Шарыш бала «өзіме ханды шығарсын» деп кісі салып, қазақ әуелі «батырлар шықсын» деп ханды шығармайды, қалмақтың белгілі аты шулы батыры Шөкаман шығыпты» /4/. Қазақтар жағынан ешқандай батырдың жүрегі дауаламайды, сол уақытта Абылай «маған батаңызды беріңіз» деп хан алдына барады. Екі жақтың жекпе-жек қақтығысында Сабалақ «Абылайлап» жеңіске жетеді. Ол Қоңтайшының баласы Шарышты да жер қаптырады.
Осы шайқаста Сабалақтың «Абылайлап» шабуына да қатысты қайшылықты көзқарастардың кездесетіні бар. Мысалы, алғашқы көзқарас, ол – «Абылай өзінің атасының аруағына сыйынды» десе, тағы бір көзқарасты тарихшы Талас Омарбеков ағамыз былай деп көрсетеді: «Меніңше, Аңырақай шайқасы қызып жатқан кезде Төле би мен Қазыбек би екеуі Әбілмансұрды ұрысқа әдейі қосқан. Ұрыста «Абылайлап» шабуды оның өзі емес, Төле би мен Қазыбек би ойлап шығарған. Төле би мен Қазыбек би осы ұрысты басқарып отырған. Сабалаққа «Абылай!» деп шап» деген. Сол сәтте елдің бәрінің назары Әбілмансұрға ауған. «Неге Абылай деп шаптың?» деген кезде, ол өзінің Абылайдың ұрпағы екенін айтқан. Төле би мен Қазыбек би Сабалақты қолдай кеткен соң, орта жүздің ханы Әбілмәмбет «ойбай, бауырымдап» құшақтай алған. Өйткені «Көркем Уәлидің баласы жетім қалды» дегенді ол баяғыда естіген. Мәселенің мән-жайын егжей-тегжейлі білмегендіктен, Әбілмәмбет оны «төре» деп қабылдап, ылғи да жанында ұстаған. Сабалақ аты ұмытылып, Абылай атанған. Уақыт өте келе Әбілмәмбет емес, мәселенің бәрін Абылай шешетін болған».
Яғни, бұл мәселе Абылайдың шежіресіне қатысты деректің біржақты, нақты болмауы себебінен орын алып отырғандығынан болса керек.
Алайда жырлардың әрқайсысында қайшылықтар да кездеспей тұрмайды. Бұл, әрине, заңды құбылыс. Себебі әр жыршы өзінше жырлайды, жырланған жыр кейінгіге жеткенше қанша уақыт өтіп, қанша ұрпақ ауысады. Десек те фольклор адамзат, халық өмірінің сан-қырын жан-жақты көрсете алады. Одан халықтың тұрмысы, салты, тіршілігі т.б. жөнінде көптеген пайдалы мәліметтерді ала аламыз. Филология ғылымдарының докторы, профессор, академик С. Қасқабасовтың сөзімен жеткізсек: «Фольклор адам тіршілігімен тікелей байланысты... халық тарихындағы маңызды оқиғаларды қамтып, солардың негізінде жаңа шығармалар туындап, тарихи қайраткерлер жайында әңгімелейді... Фольклор халықтың өзінің тарихқа қатысын, көзқарасын танытады, маңызды оқиғалар мен көрнекті тұлғаларға берген халықтың бағасын, қарым-қатынасын көрсетеді» /5/.
Тарихи жыр, дастандардың ауыз әдебиетінің өзге салаларынан ерекшелігі әрі артықшылығы ондағы ақпарат нақты өмірден аса алшақ емес. Онда сенімсіз сиқырлы іс-әрекет, қимылдар кездеспейді. Міне, тарихи жырлар осынысымен де құнды.
Жырдың ең бір тарихи нақтылығы, көркемдік мәнділігі сол – онда Абылай бейнесі шежірелік-өмірбаяндық арнадан бастау алып, ірі қоғамдық, халықтық кесек тұлғаға дейін өрбіп өседі. Осы ретте айта кететін аса маңызды шығармалардың бірі – Бұқар жыраудың «Ай, Абылай, Абылай» деп басталатын өлеңі. Онда ұлы жырау:

Ай, Абылай, Абылай,


Сені мен көргенде,
Тұрымтайдай ұл едің.
Түркістанда жүр едің,
Әбілмәмбет патшаға,
Қызметкер болып тұр едің.
Қалтақтап жүріп күнелтіп,
Үйсін Төле бидің
Түйесін баққан құл едің.
Сен жиырма жасқа жеткен соң,
Алтын тұғыр үстінде
Ақ сұңқар құстай түледің.
Дәулет құсы қонды басыңа,
Қыдыр келді қасыңа.
Тақ үйіне түнедің,
Алыстан тоят тіледің.
Қылышыңды тасқа біледің,
Алмаған жау қоймадың,
Алған сайын тойладың,
Нәсібіңді жаттан тіледің, –

деп /6/ Абылайдың балалық шағынан бастап бүкіл болмысын сипаттап береді.


Ауыз әдебиетінің бір құрамы тарихи жырларды тарихымызды зерттеуде жазба, архив құжаттарымен қатар, сондай дәрежеде пайдалану көптеген жетістіктерге жеткізетіндігін баса айтқымыз келеді. Әрине, мұндай деректермен зерттеу жұмыстарын жүргізу, оларды халық арасында насихаттау тарихи танымдылығымызды кеңейтіп, ұлттық құндылығымызды бағалауға игі әсерін тигізеді.
«Қазақтың аңыз-жырларында, – деп жазған Шоқан Уәлиханов, – Абылай есімі өте бір әсерлі мәнге ие болған. Жұрт Абылай дәуірін қазақ қаһармандығының кемелденген тұсы деп сезінеді. Абылайдың жорықтары, батырларының ерлігі тұрмыстық-салттық дастандардың арқауына айналған» /7/.
Қанша дегенмен, тарихи негізсіз ешқандай жыр да болмақ емес. Эпикалық шығармалардың негізгі ерекшелігі олардың тарихпен байланыстылығы. Біз олардың қайсысының тарихи шындыққа барынша сәйкестеніп, дұрыс, нақты келетіндігін немесе келмейтіндігімен ғана ерекшелей аламыз. «Эпос дастанның поэтикалық өңдеуден өткен түрі емес, ол тарихи айғақтың ел аузында сақталып дамуының айрықша жолы. ...Эпоста тарихилық үстем, оның объектісі – тарих, сол себепті оның өзі де тарихи дереккөз ретінде қарастырылуға тиіс», – дейді Н.И. Кравцов /8/. Бұл пікір әлі күнге дейін өз маңызын жоймай келеді.
ХVІІІ ғасырдың І жартысында қазақ елінің ту сыртынан басқыншылықпен жасалған жоңғар шапқыншылығына қарсы жүргізген үздіксіз күресінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған қазақ хандары мен ұлы билердің көрегендігі мен көсемдігі, айтулы қазақ батырларының бірлігі, ынтымағы арқау болған өлең-жырларды тереңінен қарастырып, алдағы уақытта тарихи жыр мен тарихи шындықтың арақатынасын анықтауымыз қажет-ақ.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет