Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті
Журналистика факультеті
Ғылыми жұмыс Пән: Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы Тақырыбы: Білім беру жүйесіндегі кеңестік үкімет реформаларының қарамақайшылықтары: Қазақ тілінің араб таңбасынан кириллицаға ауысуы және Ахмет Байтұрсынов бастаған топтың реформаларға қарсылық көрсетуі.
Қабылдаған: Қаражан Қ С
Орындаған: Қасымбаев Әли
Мазмұны
1. Кеңестік үкімет реформасының білім беру жүйесіне енгізген өзгерістері;
2.1. Орталық үкіметтен құрылған «Сауатсыздықты жою» қоры туралы; 2.2. Әліпбиді өзгерту: қазақ тілінің араб таңбасынан кириллицаға ауысуы; 3. Ахмет Байтұрсынов бастаған топтың реформаларға қарсылық көрсетуі; 4. Қорытынды.
КІРІСПЕ 1.
Кеңестік билік орныққан соң-ақ Қазақстанда сауатсыздықты жою мәселесі қолға алына бастады. Орталық үкіметтің 1919 жылы жылғы 26- желтоқсанда «Сауатсыздықты жою» туралы декреті шықты. Осыдан соң Қазақстанда «Сауатсыздық жойылсын» деген қоғамдар жұмыс істей бастады. Көп ұзамай сауатсыздықпен күреске бағытталған комиссиялар құрылды. 1921 жылы 26-шілдеде Қазақ АКСР-і Атқару Комитеті қазақтардың сауаттарын ашу жұмысына он алты мен елу жас аралығындағы барлық қазақтарды мобилизациялау туралы қаулы шығарды. 1920-1921 жылдар аралығында сауатсыздықты жою ісімен 2412 қызыл отау жұмыс жасап, оқу үйі атқаратын міндеттерді орындады және осы жылдары 72 232 адам сауат ашып шығуға мүмкіндік алды. 1921-1927 жылдар аралығында 200 мың адам оқып, сауатын ашты. 1928 жылы мемлекетте сауатты адамдардың пайыздық үлесі 25%-ды құраса, оның 10%-ы қазақтар болды. НЕГІЗІ БӨЛІМ 2. 1923 жылы шаласауаттылар үшін мектеп ашылды. 1924 жылы ақпан айында Қазақстанда Бүкілодақтық «Сауатсыздық жойылсын» қоғамының бөлімшесі құрылды. Сауатсыздықпен күресу жолындағы тағы бір қиындық жаппай ашылған сауатсыздықты жою мектептерінде тиісті даярлығы бар педагогтардың жетіспеуі болды. Тоталитарлық биліктің қысымымен жүріп отырған сауатсыздықты жою науқаны 20-жылдардың соңында Ахмет Байтұрсынов жасаған араб әліпбиінен латын әліпбиіне ауыстырылды. 2.1. 1920 жылдардың басында кеңестік биліктің бастамасымен араб әрпімен жазып келген түркі тілдес халықтардың барлығын жаппай басқа әліпбиге көшіру саясаты қолға алынды. РКФСР-дің ұлттар ісі жөніндегі халық комиссариаты 1923 жылы араб қарпіне реформа жасау жөніндегі комиссия құрды. Комиссия негізгі үш мәселе бойынша жұмыс жасады: - Жазуы жоқ халықтар үшін жазу даярлау; - Өз жазуы бар халықтарды латын әліпбиіне көшіру; - Түркі жазуын реформалау. 1926 жылы наурыз айында Бүкілодақтық түркологтар съезі өтіп, түркі тілдес халықтар жазуын латын графикасына көшіру мәселесі қаралды. Білімпаздардың бұл тұңғыш съездінде әліпби турасындағы баяндаманы Ахмет Байтұрсынов жасап, латын әліпбиіне көшудің қазақ халқы үшін тиімсіз екенін түсіндіреді. А. Байтұрсынов араб жазуын жақтаудағы негізгі дәлелдері — бұл әліпбидің 12-13 жыл бойы қолданылып, қазақ тілінің дыбыстық табиғатына лайықталып, өзгертіліп, қазақ мәдениеті мұқтаждығын толық өтеп отырғандығы және оның дыбыстық әдісімен оқыту ісіне айтарлықтай қолайлы болып шығуы еді. 3.Ахмет Байтұрсынов бастаған топтың реформаларға қарсылық көрсетуі. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының 20 ғ-дың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы… Байтұрсынов әліпбиі қазақ тілінің табиғатына бейімделген араб жазуы негізінде жасалды. Ол Қазақ Білімпаздарының тұңғыш съезінде (Орынбор, 1924), Түркітанушылардың бүкілодақтық 1-құрылтайында (Баку, 1926) араб жазуындағы әліпбидің қажеттілігін, құндылығын жан-жақты тұжырыммен дәлелдеген ғылыми баяндама жасады. Бұл әліпби ұлттық жазудың қалыптасуындағы ірі мәдени жетістік болып табылады. Ғалым сауатсыз халықтың болашағын ойлап, жаны күйзелді. Қазақ халқы тұтынып отырған араб алфавитінің теріс жақтарын, кемшілік тұстарын көріп, өзгеріс енгізуді қажет деп санайды. Ол туралы ойын «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде» сөйлеген сөзінде айтады. А.Байтұрсыновтың ойынша, жақсы әліпбидің мынадай қасиеттері болу керек: жақсы әліпби тілге шақ болу керек; Жақсы әліпби жазуға жеңіл болуға тиіс, әліпбидің әріп суреттері қиын болса, мүшелері көп болса, жазуды ұзақтатып, уақытты көп алады; әліпбидің жақсысы баспа ісіне қолайлы болуы тиіс; Жақсы әліпби үйренуге де қолайлы болуы тиіс. Жақсы әліпбиге лайық бұл төрт сипатқа келмейтін әліпбидің бәрі де кемшілікті әліпби болмақ. А. Байтұрсынов қазақ балаларының өз ана тілінде сауат ашуына көп күш жұмсады. Жас ұрпақтың сауатын қазақша ашатын ұлттық жазу таңбасының керектігін ұғады. Оған дейінгі мұғалімдер баланы өз ыңғайларына қарай не орыс, не араб жазуларын пайдаланып, түрліше оқытатын. Сондықтан, ол оқу жүйесін бір қа-лыпқа келтіру мақсатымен, балаларды оқытуда, әріп үйретуде жеңіл болуы үшін жас ерекшеліктеріне, ой-өріс, сана-сезімдерінің қалыптасу ыңғайына қарай әліппе оқулық кітабын жазуды қолға алады. Ол үшін ең алдымен алфавиттегі әріптердің қолданылу ретін, жұмсалу орнын анықтауды мақсат етеді. Екінші орынға оқыту жүйесі мен мектеп, медресе, оқулық, т. Б. Мәселелерді қояды. Шамамен 1910 жылдан бастап, араб жазуы таза сол күйінде қазақ тілі үшін жайлы еместігін байқап, оны қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне икемдеп, қайта түзетуді қолға алады. 1913 жылғы «Қазақтың» № 35 санында жарияланған “Жазу мәселесі» деген мақаласында А. Байтұрсынов дауысты дыбыстарды таңбалау жөнінде өз ұсыныстарын айтты. Ол өзінің айтқан пікірлерін Ғ. Мұса мырзаның айтқан пікірімен салыстыра отырып, араб графикасы негізіндегі қазақ жазуында о, у, ы, е әріптерінің қалай таңбалануы жөнінде өз концепциясын ұсынады. Араб жазуын қазақ тіліне лайықтап өзгерту үшін оған мынадай өзгерістер енгізу керек дейді. Егер дауысты дыбыстар жуан айтылса, олардың қатарындағы дауыссыз дыбыстар да жуан айтылады, егер дауысты дыбыстар жіңішке айтылса, олардың қатарындағы дауыссыз дыбыстар да жіңішке айтылады, яғни, дыбыстар үндестік заңына бағынсын деген пікірді білдіреді. Дауысты дыбыстардың жіңішке айтылуы үшін жіңішкелік белгісі «дәйекшені» енгізу, оны сөздің алдына қою, ол қазақ тілін көп әріптіліктен құтқарады. Аталған мақаласында Ахмет Байтұрсынов қазақ тіліне тән дыбыстардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, олардың жазылу ретін, орнын, ерекшеліктері мен айырмашылықтарын көрсетеді. Араб жазуының түркі тілдерінің дыбыстық жүйесіне сай келмейтін тұстарын, басы артық әріптерін алып тастау керектігін тәптіштеп түсіндіреді. Сондай-ақ ол араб жазуын мүлдем алып тастап, басқа алфавитті алуға қарсылығын білдіреді Қорытынды: 19-20 ғасырларда оқу-ағарту саласының 2 түрлі бағытта болуына байланысты (медреселер, орыс-қазақ мектептері) әліппелер де араб және орыс әліпбиімен жазылды. Қазақтың тұңғыш ағартушысы, педагог Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» (Орынбор, 1864), «Қазақтарға орыс тілді үйретудің бастауыш құралы» (Орынбор, 1871) оқулықтары тұңғыш рет орыс әліпбиімен жарық көрді. Алайда «Қазақ хрестоматиясы» сауат ашуға арналған әліппе емес, оқу мен жазуды меңгерген балалардың алған білімі мен дүниетанымын дамытуды көздейтін оқулық еді. Бұдан кейін А. Е. Алекторовтың, А. В. Васильевтің әліппелері жарық көрді. Олар екі бөлімнен (қазақша және орысша) тұрды. Оның авторлары К. Д. Ушинскийдің басқа ұлт балалары орыс тілін саналы меңгеру үшін өзінің ана тілінде санат ашуы қажет деген қағидасын ұстанды. Бірақ қолданылған әліппелер қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктерін түгелдей бере алмады. Түркі зиялыларын біріктірген «Жәдитшілер ұйымының» бір топ мүшелері де қазақ мектептері үшін жаңа оқулықтар жазды. Қазақ балаларын оқу мен жазуға төте жолмен үйретуді көздеді. М. Нұрбаевтың «Әліппесі» (Уфа, 1910), З. Ерғалиұлының «Қазақ әліппесі» (Қазан, 1910), М. Малдыбаев пен Ж. Аңдамасовтың «Қазақша ең жаңа әліппесі» (Қазан, 1912), К. Сырғалиннің «Қазақша әліппе кітабы» (Қазан, 1913), т.б. осындай серпілістен туған алғашқы оқулықтар еді. Алайда бұл аталған оқулықтар кең қолданыс таба алмады. Ал ғұлама ғалым А. Байтұрсыновтың жаңа әліпби үлгісімен жазылған «Оқу құралы» (Орынбор, 1912) қазақ мектептерінің әліппеге деген сұранысына толық жауап берді. Онда шәкірттердің сөздік қорын барынша сауат ашу жұмысына тиімді пайдалану мақсаты көзделді. Қазақ тіліндегі сөздердің дыбысталу ұқсастықтары мен ерекшеліктері ескерілген ұтымды әдіс қолданылды. Сондай-ақ бір дыбысы ғана өзгерген сөздердің мағыналарын ажырату арқылы сөздің мағынасын нақтылау, қолдану дағдысын жетілдіру қалыптастырылды. Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Оқулық «Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы». Алматы.«Қазақ университеті» 2018. 2. «Қазақстан». Ұлттық энциклопедия / Бас ред. Ә. Нысанбаев. – Алматы: «Қазақстан энциклопедиясы» Бас редакциясы
Достарыңызбен бөлісу: |