Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері. А.Байтұрсынов аудармаларының маңызын ашып, оның қазақ әдебиетінің дамуымен тамырлас екенін анықтауды көздейді. Осы аяда А.Байтұрсынов аудармаларының қазақ әдебиеті тарихында лайықты орны бар екенін ғылыми дәйектеуді мақсат етеді.
Ол мақсаттарды шешуде, зерттеуде төмендегідей міндеттер қойылады:
Аудармалардың негізгі бағыттарын, сипаттарын, жанрлық байлығын анықтау;
А.Байтұрсыновтың шығармашылық өмірін жүйелеу;
А.Байтұрсынов аудармаларының қөркемдік–эстетикалық құндылықтарын ашу, олардың қазақ әдебиетінің байлығын толықтырудағы мәніндәлелдеу.
Зерттеудің ғылыми болжамы: - қазақ әдебиетінің даму сипаттары аясында А.Байтұрсыновтың шығармашылығы жүйеленіп, ерекшеліктері анықталды.
- Ахмет Байтұрсынов мұраларының көркемдік-эстетикалық құндылықтары ғылыми тұрғыда сараланды.
- Ахмет Байтұрсыновтың қазақ әдебиеті тарихындағы орны дәйектелді.
Зерттеу объектісінің теориялық, практикалық маңыздылығы мен әдістемелік негізінебелгілі әдебиеттанушы ғалымдардың зерттеу еңбектері мен мақалалары басшылыққа алынды. Сөйте отырып дипломшы тарапынан өзіндік ой қорыту, салыстыру жұмыстарын жүргізу де диплом жұмысының негізгі нысанасы болып табылады. Диплом жұмысының корытындылары мен тұжырымдарын жалпы білім беретін мектептердің бағдарлы сатысында, таңдау бойынша оқитын факультативтерде, әдеби шығармашылық үйірмелерде қолдануға болады.
Диплом жұмысының зерттеу әдістері.Диплом жұмысының мақсат-міндеттерін шешу үшін жиналған шығармалар, түрлі мәліметтер, әдебиеттер бойынша зерделеу, талдау, салыстыру, жинақтау, сұрыптау, жүйелеу, дәйектеу, топшылау, тұжырымдау әдістері қолданылды. Көбірек қолданылғандары: талдау, салыстыру, дәйектеу, тұжырымдау.
Диплом жұмысының құрылымы.Диплом жұмысы екі тараудан, екі тараушалар мен қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 А. БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ ҒҰМЫРНАМАСЫ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖОЛЫ
Ахмет 1886 жылы Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне түсіп, оны 1891 жылы бітіріп шығады. Одан кейін білімнің жарығын іздеп керуеншілерге ілесіп Орынбор барады. 1891—1895 жылдары осы Орынбор қаласындағы орыс-қырғыз (қазақ — Ө.Ә.) мұғалімдер мектебінде оқиды. Бұл күнде Ахаңның осы оқу орнын бітіргендігі туралы куәлігінің көшірмесі сақталған. 260-шы куәлік, 1895 жылдың 13-мамырында толтырылған. Ахаңның куәліктегі пәндер бойынша баға көрсеткіштері төмендегідей: "Мұхаммедке сену, жазу, бейнелеу пәндері және тәртібі "өте жақсы" деп бағаланған, педагогика және бастауыш мектептегі тәжірибе пәндері "жақсы", орыс тілі, арифметика, геометрия, орыс тарихы, жаратылыстану пәндері ортаға бағаланған".
Ахаң бала кезінен-ақ өз елінің азаматтарының көзіне түсіп. болашағынан көп үміт күттірген жас болса керек. Бұған Торғай өңірінен шыққан журналист, ақын, әдебиетші Назарбек Бектемісұлының, "Ахмет ұшқан алтын ұя" кітабындағы кейбір дерек көздері дәлел бола алады. Ахмет дүниеге келген Тосын болысының 5-ауылында уақ Жұмабай ақын өмір сүріпті. Ол туралы Ы.Бектесімұлы: "Ақын болғанда да ақынның бірегейі. 1838 жылы туған адам. Әкесінің аты Шалабай. Ел арасында "Өлеңші ата" Жұмабайға үш рет көрініпті деген аңыз бар" [1; 7 б] деп жазады.
Осы Жұмабай ақынның төңірегінде Ахметтің жақын туысы Қарпық Шолақұлы, Есенжол Жанұзақұлы, Сейдахмет Бейсенұлы т.б. ақындар болған екен. Жас Ахмет осылардан елен өнерінің сырын ұғып қоймай, өлең сөзге ебі барлығын таныта алса керек. Жұмабай ақынның үйіне Ахмет жиі қатынап, оның айналасындағы өнерпаздардан өнер үйренгендігін 90-нан асып қайтыс болған Ермағамбет деген өзі де ақын, жырау кісі елжірен еске алады екен. Назарбек ақын өз аузынан естіген Ермағамбет ақсақалдың мына бір сөздерін мысалға келтіреді: "Ахметке домбыра үйреткен Есенжол ақын, әнді де сол Есенжолдан үйренген. Жалпы Ахмет өнерге ерте қанат қаққан еренім ғой".
Ахметтің талантына таң қалып, көкірек көзінің ашықтығына риза болған аға буын ақындар жас талапкердің талабын құптап, оның болашағынан үмітті екендіктерін өлеңмен білдірген.
Ахаңның өнерге бет бұруына үлкен септігін тигізген ақынның бірі — өз туысы Қарпық ақын. Оның Ахмет аса қадірлеген ақын екендігінің бір белгісі жоғарыда айтқан "Әдебиет танытқыштың" бірнеше жерінде аты аталуы. Қарпықтың бала Ахметке әсері туралы қазақтың ақиық ақыны, әрі жерлесі, әрі немере күйеу баласы Сырбай Мәуленов мынадай ой түйеді: "Ахметке Торғай торабының атақты жырауы Қарпықтың тигізген шарапаты мол. Қарпық жыраудың әуезді әуені, өлең өрімдері табанда үйлестіретін тапқыр ұйқастары, шешендік шеберлігі, халық тарихын жете білетіндігі жас Ахметтің талап көзін ашуына көмектесті. Ол бірте-бірте талант дегеннің тазалықтың, адамгершіліктің, ардың ісі екендігін айқын түсіне бастады". Торғай өңірінің ірі ақыны болған Қарпықтың А. Байтұрсынұлының "Әдебиет танытқышындағы" өлең үзінділері, "Жиырма үш жоқтаудағы" жоқтау өлендерінен басқа туындылары сақталмаған. Өкінішті-ақ!
Ахметтің ақын ұстаздары оның талант-дарынын ғана бағалап қоймай, басына қиындық түскен сәтте өлеңмен демеу де берген. XX ғасырдың алғашқы жылдарынан-ақ ұлт санасын ояту жолындағы күреске шыққан Ахмет 1907 жылдары патша жандармериясы ұстап, басына қауіп төндіргенде Әбдірахман Иманқұлұлы атты ақын үлкен өкінішпен өлең арнапты.
Ахмет айдау көрді-ау жастайынан,
Басылып қалар ма екен тастай ұлан!
Дарынды дарын елі қашан таныр,
Сыртынан былапыттап шашпай лаң.
Бар болса аруақ-құдай қолда өзің,
Қалмас деп мен тілеймін жолда сөзің. [2; 11 б].
Иә, ел үшін туған азамат боларын ерте сездіріп, алдыңғы толқын ұстаз ағаларының мейіріміне бөленген Ахмет өмірінің шәкірттік кезеңін XIX ғасырдың 95 жылдары аяқтап, ұлтым деген ұлы арманмен тағдыр тосқан тауқыметі мол күрес жолына бет алды.
Ахаң өзі "Өміржазбасында" көрсеткендей 1872 жылғы 12 наурызда шыққан Ереже заңдылықтарына сәйкес 6 жыл мұғалім болып қызмет істеуге міндетті болатын. Сондықтан да ол 1895 жылдың 1 шілдесінен бастап оқытушылық қызметке кіріседі. Ұстаздық жолын Ақтөбе уезі Батпақты болысындағы Ахметкерей Қойшыбақовтың ауылындағы ауыл мектебінен бастайды. Бұл қазіргі Ақтөбе облысының Алға ауданындағы Самбай ауылы (Қарағаш ауылдық әкімдігінің орталығы). Қазір осы Қарағаштағы мектеп Ахмет Байтұрсынов атымен аталады. Ол 1895— 1909 жылдар аралығында Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде ауылдық, болыстық мектептерде бала окытып, мұғалім болады.