Ахмет Байтұрсынұлы. Тіл – құрал



Pdf көрінісі
бет23/98
Дата29.11.2022
өлшемі2,67 Mb.
#53419
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   98
 
Зат есімнен туған сөздер 
 
Түпкі зат есімдер түпкі заттың есімін көрсетеді. Түпкі затқа 
қатысқан екінші зат болса, ол екінші затты атау үшін түпкі заттың есіміне 
һәр түрлі жұрнақтар жалғанады. Мысалдар: 
«-шы» жұрнақ заттың есіміне жалғанады: сол затқа қатысы бар 
адамдарды атау үшін. Мәселен: «Үй» деген сөзге «-ші» жұрнағын жалғап, 


55 
«үйші» дейміз, үй істейтін адамды атау үшін; «Жылқы» деген сөзге «-шы» 
жұрнағын жалғап, «жылқышы» дейміз, жылқы бағатын адамды атау үшін; 
«Балық» деген сөзге «-шы» жұрнағын жалғап, «балықшы» дейміз, балық 
аулайтын адамды атау үшін; «Егін» деген сөзге «-ші» жұрнағын жалғап, 
«егінші» дейміз, егін егуші адамды атау үшін. «Су» деген сөзге «-шы» 
жұрнағын жалғап, «сушы» дейміз, су таситын адамды атау үші уа ғайри 
сондай. 
1) Дағдыландыру. «-шы» жұрнағы жалғанарлық сөздерді тапқызып, 
жалғату. 
«-лық» (-лік, -дық, -дік, -тық, -тік) жұрнақ зат есімге жалғанады.
Әуелі, сол зат үшін жұмсалатын нәрсені атау үшін. Мәселен: «Арқа» 
деген сөзге «-лық» жұрнағын қосып, «арқалық» дейміз, арқа үшін 
жұмсалатын нәрсені атау үшін; «Тер» деген сөзге «-лік» жұрнағын қосып, 
«терлік» дейміз, тер үшін жұмсалатын нәрсені атау үшін; «Мұрын» деген 
сөзге «-дық» жұрнағын қосып, «мұрындық» дейміз, мұрын үшін 
жұмсалатын нәрсені атау үшін; «Түн» деген сөзге «-дік» жұрнағын қосып, 
«түндік» дейміз, түн үшін жұмсалатын нәрсені атау үшін; «От» деген 
сөзге «-тық» жұрнағын қосып, «оттық» дейміз, от үшін жұмсалатын 
нәрсені атау үшін. «Өркеш» деген сөзге «-тік» жұрнағын қосып, 
«өркештік» дейміз, өркеш үшін жұмсалатын нәрсені атау үшін уа ғайри 
сондай. 
Екінші, басқа нәрселерге сол затты өлшеу болатындығын көрсету 
үшін. Мәселен: «Ай» деген сөзге «-лық» жұрнағын жалғап «айлық» 
дейміз, айдың өлшей болғандығын көрсету үшін; «Түйе» деген сөзге
«-лік» жұрнағын жалғап, «түйелік» дейміз, түйенің басқаларға өлшеу 
екендігін көрсету үшін; «Жыл» деген сөзге «-дық» жұрнағын жалғап, 
«жылдық» дейміз, жылдың басқаларға өлшеу болғандығын көрсету үшін; 
«Күн» деген сөзге «-дік» жұрнағын жалғап, «күндік» дейміз, күннің 
басқаларға өлшеу болғандығын көрсету үшін; «Оқ» деген сөзге «-тық» 
жұрнағын жалғап, «оқтық» дейміз, оқтық басқаларға өлшеу болғанын 
көрсету үшін; «Көйлек» деген сөзге «-тік» жұрнағын жалғап, «көйлектік» 
дейміз, көйлек басқаларға өлшеу болғанын көрсету үшін. 
Үшінші, сол заттың қалпын көрсету үшін, мәселен: «Аға» деген 
сөзге «-лық» жұрнағын жалғап, «ағалық» дейміз, аға қалпын көрсету 
үшін; «Іні» деген сөзге «-лік» жұрнағын жалғап, «інілік» дейміз, іні 
қалпын көрсету үшін; «Шал» деген сөзге, «-дық» жұрнағын жалғап, 
«шалдық» дейміз, шал қалпын көрсету үшін. «Ел» деген сөзге «-дік» 
жұрнағын жалғап, «елдік» дейміз, ел қалпын көрсету үшін; «Жұрт» деген 
сөзге «-тық» жұрнағын жалғап, жұрттық дейміз, жұрт қалпын көрсету 
үшін.


56 
2) Дағдыландыру. «-лық», (-лік, -дық, -дік, -тық, -тік) жұрнақ 
жалғанарлық сөздерді тапқызып, жалғату. 
«-шылық» (-шілік) жұрнақ зат есіміне жалғанады, сол затқа лайық 
қалпын атау үшін. Мәселен: «Адам» деген сөзге «-шылық» жұрнағын 
жалғап, «адамшылық» дейміз, адамға лайық қалпын атау үшін; «Жігіт» 
деген сөзге «-шілік» жұрнағын жалғап, жігітшілік дейміз, жігітке лайық 
қалпын атау үшін; «Қазақ» деген сөзге «-шылық» жұрнағын жалғап, 
қазақшылық дейміз, қазаққа лайық қалпын атау үшін; 
Ескерту. Бұл «-шылық» (-шілік) жұрнағынан «балықшылық», 
«егіншілік» деген сөздердегі «шылық», «шілік» жұрнақтарын айыру тиіс, 
үйткені «-шылық» екі жұрнақтан болған: «шы» һәм «-лық» (балықшылық, 
егіншілік) һәм бұлар заттың жай ғана қалпын көрсетеді. 
«-шыл» жұрнақ зат есіміне жалғанады. Сол затты екінші зат 
жарататындығын, сүйетіндігін көрсету үшін. Мәселен: «Ұйқы» деген 
сөзге «шыл» жұрнағын жалғап, ұйқышыл деп, ұйқыны сүйетіндігін 
көрсетеміз; «Ұлт» деген сөзге «-шыл» жұрнағын жалғап, «ұлтшыл» деп, 
ұлтты сүйетіндігін көрсетеміз; «Қазақ» деген сөзге «-шыл» жұрнағын 
жалғап, «қазақшыл» деп, қазақты сүйетіндігін көрсетеміз уа ғайри сондай.
4) Дағдыландыру. «-шыл» жұрнағын жалғарлық сөздерді тапқызып, 
жалғату. 
«-шық» (-шік) жұрнақ зат есіміне жалғанады, сол заттың 
кішкенелігін көрсету үшін. Мәселен: «Қап» деген сөзге «-шық» жұрнағын 
жалғап, «қапшық» деп, қаптың кішкенелігін көрсетеміз. «Үй» деген сөзге 
«-шік» жұрнағын жалғап, «үйшік» деп, үйдің кішкенелігін көрсетеміз уа 
ғайри сондай. 
5) Дағдыландыру. «-шық» (-шік) жұрнақ жалғарлық сөздерді 
тапқызып, жалғату. 
«-ша» (-ше) жұрнақ та зат есіміне жалғанады, сол заттың 
кішкенелігін көрсету үшін. Мәселен: «Құман» деген сөзге «-ша» 
жұрнағын жалғап «құманша» деп, құманның кішкенелігін көрсетеміз; 
«Көрпе» деген сөзге «-ше» жұрнағын жалғап, «көрпеше» деп, көрпенің 
кішкенелігін көрсетеміз уа ғайри сондай. 
Ескерту. Құнанша, дөненше, бұқаша, өгізше, інгенше, тайынша 
ғайри сонда 
й сөздерді осы жолмен болған заттың кішкене һәм 
сүйкімділігін көрсету үшін сол заттың есіміне мынау жұрнақтар 
жалғанады: «-шақ», «-қан», «-қай». Мысалы: құлын – құлыншақ, бота – 
ботақан, бала – балақай.
6) Дағдыландыру. «-ша» (-ше) жұрнақ жалғанарлық сөздерді 
тапқызып жалғату. 


57 
«-қой» (-көй, -гөй) жұрнақ зат есіміне жалғанады, сол затты 
күйттеушіні атау үшін. Мәселен: «Сықақ» деген сөзге «-қой» жұрнағын 
жалғап, «сықаққой», деп күйттеушіні айтамыз; «Әзіл» деген сөзге «-гөй» 
жұрнағын жалғап «әзілгөй» деп, әзіл күйттеушіні атаймыз; «Бата» деген 
сөзге «-гөй» жұрнағын жалғап, «батагөй» деп, бата күйттеушіні атаймыз.
7) Дағдыландыру. «-қой» (-көй, -гөй) жұрнақ жалғанарлық сөздерді 
тапқызып, жалғату. 
«-нікі» (-дікі) жұрнақ зат есіміне жалғанады, нәрсенің сол затқа 
тиісті екендігін көрсету үшін; Мәселен: «Кісі» деген сөзге «-нікі» 
жұрнағын жалғап, «кісінікі» дейміз, нәрсенің кісіге тиісті екендігін білдіру 
үшін; «Мал» деген сөзге «-дікі» жұрнағын жалғап, «малдікі» деп, нәрсенің 
малға тиісті екендігін білдіреміз уа ғайри сондай. 
8) Дағдыландыру. «-нікі» (-дікі) жұрнақ жалғанарлық сөздер 
тапқызып жалғату. 
«-лы» (-ды, -ты) жұрнақ зат есіміне жалғанады, сол заттың екінші 
затта барлығын, хатта молдығын да көрсету үшін. Мәселен: «Бала» деген 
сөзге «-лы» жұрнағын жалғап, «балалы» деп, баласы көптігін көрсетеміз. 
«Мал» деген сөзге «-ды» жұрнағын жалғап, «малды» деп, малы барлығын, 
молдығын көрсетеміз; «Ұлақ» деген сөзге «-ты» жұрнағын жалғап, 
«ұлақты» деп, ұлағы барлығын көрсетеміз уа ғайри сондай. 
9) Дағдыландыру. «-лы» (-ды, -ты) жұрнақ жалғанарлық сөздер 
тапқызып, жалғату. 
«-сыз» жұрнақ зат есіміне жалғанады сол заттың екінші затта 
жоқтығын көрсету үшін. Мәселен: «Бала» деген сөзге «-сыз» жұрнағын 
жалғап, «баласыз» деп, баласы жоқтығын көрсетеміз; «Мал» деген сөзге
«-сыз» жұрнағын жалғап, «малсыз» деп, малы жоқтығы көрсетеміз; «Жан» 
деген сөзге «-сыз» жұрнағын жалғап, «жансыз» деп, жаны жоқтығын 
көрсетеміз уа ғайри сондай.
10) Дағдыландыру. «-сыз» жұрнағын жалғайтын сөздер тапқызып, 
жалғату. 
«-лас» (-лес, -дас, -дес, -тас, -тес) жұрнақ зат есіміне жалғанады, сол 
затқа басқалар ортақ екендігін көрсету үшін. Мәселен: «Ата» деген сөзге 
«-лас» жұрнағын жалғап, «аталас» деп, атаға ортақ екендігін көрсетеміз; 
«Жер» деген сөзге «-лес» жұрнағын жалғап, «жерлес» деп, жерге ортақ 
екендігін көрсетеміз; «Жол» деген сөзге «-дас» жұрнағын жалғап, 
«жолдас» деп, жолға ортақтығын көрсетеміз; «Көл» деген сөзге «-дес» 
журнағын қосып, «көлдес» деп, көлге ортақ екендігін көрсетеміз; «Шек» 
деген сөзге «-тес» жұрнағын жалғап, «шектес» деп, шекке ортақ екендігін 
көрсетеміз уа ғайри сондай. 


58 
11) Дағдыландыру. «-лас» (-лес, -дас, -дес, -тас, -тес) жұрнағын 
жалғайтын сөздер тапқызып, жалғату.
«-еке» жұрнақ зат есіміне жалғанады, сол затты зор тұту үшін я 
көңіл аулау үшін. «Аға» деген сөзге «-еке» деген жұрнақ жалғап, «ағеке» 
десек, ағаны зор тұтқанымыз, яки көңілін аулағанымыз көрінеді. «-еке» 
жұрнақ жалпы есімге жай жалғанады. Жалпы есімге жалғанғанда ол есім 
қысқартылып айтылады. Мәселен: «Ысмайыл» деген есім, жұрнақ 
жалғанғанда қысқарылып, «Ыс-еке» болады; «Ыбраһім» деген есім, 
жұрнақ жалғанғанда қысқарылып. «Ыб-еке» болады уа ғайри сондай. 
Ескерту. «-еке» жұрнақ көбінесе үлкен адамдарға айтылады. Кей 
сөздерде «-еке» орнына жалғыз «-й» қосылады, мәселен аға – ағай, апа – 
апай, ата –атай. 
Кішіге сөйлегенде есіміне басқа жұрнақ, яки жұрнақ орнына бүтін 
сөз жалғанады, мәселен, -жан, -ан, -ман, -ш. Сүйткенде, «Тұрмұхаммед» 
деген есім «Тұрман» болып, «Ермұхаммед» деген есім «Ержан» болып, 
«Қосмұхаммед» деген есім «Қосан» болып, «Жұмағали» деген есім 
«Жұмаш» болып, уа ғайри сондай жұрнақтар, я сөздер қосылып айтылады. 
12) Дағдыландыру. Жоғарыда көрсетілген «-еке», «-жан», «-ман»,
«-ан», «-ш» жұрнақтарын жалғарлық сөздер тапқызып, жалғату. 
«-шаң» (-шең) жұрнақ зат есіміне жалғанады, сол зат екінші затқа 
көрнеу екендігін көрсету үшін, мәселен, «шапан» деген сөзге «-шаң» 
жұрнағын жалғап, «шапаншаң» дейміз: кісі үстінде шапан көрнеу 
екендігін көрсету үшін, «бөрік» деген сөзге «-шең» жұрнағын жалғап, 
«бөрікшең» дейміз, кісі басында бөрік көрнеу екендігін көрсету үшін. 
Ескерту. «-шаң» (-шең) жұрнақ басқа мағанада да жүреді, яғни зат 
есіміне жалғанады басқа мағана туғызу үшін. Мәселен: «Ашу» деген сөзге 
«-шаң» жұрнағын жалғап, «ашушаң» дейміз, ашуы оңай пайда 
болғандығын көрсету үшін; «Тер» деген сөзге «-шең» жұрнағын жалғап, 
«тершең» дейміз, тері тез шығатындығын көрсету үшін; «Кір» деген сөзге 
«-шең» жұрнағын жалғап, «кіршең» дейміз, кірі оңай қонатындығын 
көрсету үшін.
Сүйтіп, «-шаң» (-шең) жұрнақ зат есіміне жалғанады, сол заттың 
оңай пайда болатындығын көрсету үшін де. 
13) Дағдыландыру. «-шаң» (-шең) жұрнақтар екі түрлі мағанасында 
жалғанарлық сөздер тапқызып, жалғату. 
«-а» (-е) жұрнақ зат есіміне жалғанады, сол затты іске айналдыру 
үшін. Мәселен: «Ас» деген сөзге «-а» жұрнағын жалғап, «аса» дейміз, 
асты іске айналдыру үшін; «Дем» деген сөзге «-е» жұрнағын жалғап, 
«деме» дейміз, демді іске аудару үшін. 


59 
14) Дағдыландыру. «-а» (-е) жұрнақ жалғарлық сөз тапқызып, 
жалғату. 
«-ла» (-ле, -да, -де, -та, -те) жұрнақ зат есіміне жалғанады, істі сол 
затпен істеу үшін. Мәселен: «Таға» деген сөзге «-ла» жұрнағын жалғап, 
«тағала» дейміз, істі тағамен істей үшін; «Шеге» деген сөзге «-ле» 
жұрнағын жалғап, «шегеле» дейміз, істі шегемен істеу үшін; «Тұз» деген 
сөзге «-да» жұрнағын жалғап, «тұзда» дейміз, істі тұзбен істеу үшін; 
«Таяқ» деген сөзге «-та» жұрнағын жалғап, «таяқта» дейміз, істі таяқпен 
істеу үшін; «Тіс» деген сөзге «-те» жұрнағын жалғап, «тісте» дейміз, істі 
тіспен істеу үшін. 
15) Дағдыландыру. «-ла» (-ле, -да, -де, -та, -те) жұрнақтар 
жалғанарлық сөздер тапқызып, жалғату. 
«-ғар» (-қар, -кер) жұрнақ зат есіміне жалғанады, басқаны сол затта 
болдыру үшін. Мәселен: «Аң» деген сөзге «-ғар» жұрнағын жалғап, 
«аңғар» дейміз, аңында болдыру үшін; «Бас» деген сөзге «-қар» жұрнағын 
жалғап, «басқар» дейміз, басында болдыру үшін; «Ес» деген сөзге «-кер» 
журнағын жалғап, «ескер» дейміз, есінде болдыру үшін. 
16) Дағдыландыру. «-ғар» (-қар, -кер) жұрнақ жалғанарлық сөздер 
тапқызып, жалғату. 
«-сын» жұрнақ зат есіміне жалғанады, сол зат сияқтану үшін. 
Мәселен: «Адам» деген сөзге «-сың» жұрнағын жалғап, «адамсың» дейміз, 
адам сияқтану үшін; «Жігіт» деген сөзге «-сің» жұрнағын жалғап, 
«жігітсің» дейміз, жігіт сияқтану үшін.
17) Дағдыландыру. «-сын» жұрнағы жалғарлық сөздер тапқызып, 
жалғату. 
«-шыл» (-шіле) жұрнақ зат есіміне жалғанады, сол зат сияқты 
істеуді көрсету үшін. Мәселен: «Қазақ» деген сөзге «-шыла» жұрнағын 
жалғап, «қазақшыла» дейміз, қазақ сияқты істеу үшін; «Естек» деген сөзге 
«-шіле» жұрнағын қосып, «естекшіле» дейміз, естек сияқты істеу үшін.
18) Дағдыландыру. «-шыл» (-шіле) жұрнағын жалғарлақ сөздер 
тапқызып, жалғату. 
«-ық» (-ік) жұрнақ зат есіміне жалғанады, сол зат пайда болуын 
көрсету үшін. Мәселен: «От» деген сөзге «-ық» жұрнағын жалғап, «отық» 
дейміз, от пайда болуын көрсету үшін; «Жел» деген сөзге «-ік» жұрнағын 
қосып, «желік» дейміз, жел пайда болуын көрсету үшін. Бұл жұрнақтар 
кей сөздерде «-ай» (-ей) жұрнақ та айтылады. Мәселен: «От» деген сөзге 
«-ай» жұрнағын жалғап, «отай» дейміз, от пайда болуын көрсету үшін; 
«Іс» деген сөзге «-ей» жұрнағын жалғап, «ісей» дейміз, іс пайда болуын 
көрсету үшін.


60 
19) Дағдыландыру. «-ық» (-ік), «-ай» (-ей) жұрнақтар жалғанарлық 
сөздер тапқызып, жалғату. 
«-гер» жұрнақ зат есіміне жалғанады, сол затты қолданушыны 
көрсету үшін. Мәселен: «Сауда» деген сөзге «-гер» жұрнағын жалғап, 
«саудагер» дейміз, сауданы қолданушыны көрсету үшін. 
20) Дағдыландыру. «-гер» жұрнағы жалғанарлық сөздер тапқызып 
жалғату. 
«-дай» (-дей) жұрнақ зат есіміне жалғанады, басқа затты сол затқа 
балау үшін, теңеу үшін. Мәселен: «Ай» деген сөзге «-дай» жұрнағын 
жалғап «айдай» дейміз, бір нәрсені айға балағанда; «Күн» деген сөзге
«-дей» жұрнағын жалғап, «күндей» дейміз, нәрсені күнге балағанда; «Оқ» 
деген сөзге «-тай» жұрнағын жалғап «оқтай» дейміз, оққа балағанда; 
«Шөп» деген сөзге «-тей» жұрнағын жалғап, «шөптей» дейміз, шөпке 
балағанда. 
21) Дағдыландыру. «-да» (-дей) жұрнағын жалғарлық сөздер 
тапқызып, жалғату. 
«-дағы» (-дегі) жұрнақ зат есіміне жалғанады, нәрсенің болуы, сол 
затта екендігін көрсету үшін. Мәселен: «Тау» деген сөзге «-дағы» 
жұрнағы жалғап, «таудағы» дейміз, болуы тауда болса; «Үй» деген сөзге 
«-дегі» жұрнағын жалғап, «үйдегі» дейміз, болуы үйде болса; «Жас» деген 
сөзге «-тағы» жұрнағын жалғап, «жастағы» дейміз, болуы жас кезде болса; 
«Түс» деген сөзге «-тегі» жұрнағын жалғап, «түстегі» дейміз, болуы түс 
кезде болса.
22) Дағдыландыру. «-дағы» (-дегі) жұрнағын жалғарлық сөздер 
тапқызып, жалғату.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   98




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет