Ахмет Байтұрсынұлы. Тіл – құрал



Pdf көрінісі
бет79/98
Дата29.11.2022
өлшемі2,67 Mb.
#53419
1   ...   75   76   77   78   79   80   81   82   ...   98
Байланысты:
945831 1429633719

Оқу жайы 
 
Бұл күнде оқудың керек екеніне ешкімнің таласы жоқ. Қай жұрт 
болса да оқумен ілгері басып тұрғандығын, кейін қалудың себебі оқудың 
кемдігінен екенінен көріп тұрамыз. Оқусыз халық қанша бай болса да, 
біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына 
көшпекші. Мұның себебі – ойлап қараса, біздің қазаққа мағлұмсыз емес. 
Бұл заманда не нәрсе машинаға айналды. Қазақ биыл 5 теңгеге сатқан 
нәрсесін келер жылы өзі 10 теңгеге қайта сатып алады. 10-11 сомға алып 
отырған былғары – былтырғы 4-5 сомға өзі сатқан терісі. Кезі 5-6 сомдық 
шұғалар, торқалар – қазақтың бір пұтына 3-4 сом алып, сатқан малының 
жүні. 
Қазақтың осы күні сатып алмайтын нәрсесі жоқ, сол алған 
нәрселерінің бірін де қазақ өзі істеген емес. Қазақ пайдаланып отырған 
шөп шабатын, киім тігетін машиналар, соқа-сайман, арба-шана, киім-
кешек, ыдыс-айақ бәрі де зауыт, пабрикаларда істеліп шыққан. Бұл істеліп 
шыққан нәрселердің сүйегінен іс ақысы он есе қымбат. Бұлай болғанда, 
қазақ басқа жұрттың өнерін қымбатқа сатып алып отыр. Мұнан 20-25 жыл 
бұрын қазақ Бұқар, Ташкентке түйемен кіре салып қанша пайда қылушы 
еді. Теміржол түскен соң ол пайда да қазақ қолынан кетті. Басқа 
жұрттарда өздерінің істеген нәрселері өз ішінде сатылып, жұмсаған ақша 
өз елдерінде қалып, шетке кетпейтін болса, оны жұртқа шығын деп 
есептемейді, тек бірінен-біріне ауысқанға санайды. Қазақ малының 
басқаларға кетпейтін орны жоқ. Жоғарыда айтылған шаруа туралы 
болсын, партиаға мүбталла болсын, бәрінде де қазақтың байлығы осы 
көлденеңге, көк аттыларға түсіп, соларға жем болады.
Қазақтың шаруасына бір жақтан надандығынан кемшілік келгенде, 
екінші жағынан білімсіздігін көріп тұрғандар басынып, елдіктен, 
теңдіктен қалдырып, тиісті сыбағасын қианат етіп тұрғаны санасы бар 
қазаққа ескерерлік іс еді. Бұл заманда қолы жетпегендерді теңдікке 
жеткізетін, әлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнер-білімге мезгілі 
өтпей тұрғанда үйренсек тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ 
астында жаншылмас едік, біз де өз алдымызға бір жұрт екендігімізді 
білдірер едік.
Осы замандағы жан таңырқарлық нәрсенің бәрі ғылыммен табылған. 
Адам баласын көкте құстай ұшқызған, суда балықтай жүздірген – ғылым. 
Дүниенің бір шеті мен бір шетіне шапшаң хабар алғызып тұрған – ғылым, 
от арба, от кемелерді жүргізген – ғылым. Осыларды істеп отырған 
жұрттың бәрі де сондай болмаған. Бұлар да басында біздей, қатта бізден 
де өнерсіз болған. Халық жүре, оқи, талаптана келе осыншаға жеткен. 


309 
Әуелгі заманда жұрт шақар дегенді білмейді екен, далада аңша өсіп-өніп 
жүріпті, араларында «менікі-сенікі» болмапты, аңның терісін киім, етін 
тамақ, тарамысын жіп, сүйегін ине қылды, екі ағашты біріне-бірін үйкеп 
от шығарды. Жазу-сызуды көпке шейін білмеді, соңынан оны да ойлап 
тауып, басында аңның терісіне жазып жүріпті. Сөйткен жұрттар осы күні 
қандай тамаша іс қылып тұр!
Енді біздің қазақта оқудың көп-азын мөлшерлеу үшін мынау есепті 
көрсетеміз. Әр жердегі қазақтың өнер-білімі қаралас, сол себепті бір 
облыс, иаки бір уез елдегі оқудың таралуын көрсетсек, күллі қазақтағы 
оқуды шамалауға болады.
Торғай облысында 1912-нші жыл бірінші ғинуарға шейін 570 мың 
109 қазақ тұрған, қазақ баласы оқитын 132 школ болған. Бұлай болғанда, 
әрбір 3 мың 561 кісіге бір школдан ғана келеді екен.
Қостанай уезінде 1909-ншы жылғы есеп бойынша 60 мың 594 еркек, 
52 мың 63 әйел – барлығы 112 мың 657 қазақ болған. Бұлардан қазақша 
оқыған (қат танитын) еркек 6 мың 65, орысша қат танитын 690. Қазақша 
қат танитын әйел 379, орысша қат танитын әйел 29. Бұл есептен көрінеді: 
Қостанай уезінде қазақша қат танитын еркек әр бір жүз кісіден алтау, 
орысша қат танитын әйел әр бір үш жүз кісіден біреу, орысша қат танитын 
әр бір төрт мыңнан біреу екен. Бұл сипырлар қазақта оқудың тіпті 
аздығын көрсетеді. Қостанай қазағынан кейбір жерлердің қазақтары кем 
оқиды.
Қазақта орысша болсын, қазақша болсын оқу ісі жақсы тәртіпке 
қойылмаған. Қостанай уезіндегі 132 школдың 109-ы ауылнай школ. Қай 
жерде болса да қазақ үшін ашылған школдардың көбі ауылнай школ. 
Сонда оқыған балалар ілгері школдарға келіп оқымаса, тіршілікке 
пайдалы білім алып шыға алмайды. Азғантай үйренген орысша жазу-
сызуынан қарайып, тілін тіпті ұмытып қалады. Қазақ баласы тәуірірек 
оқырлық школдарда қазыналық орын аз, өз күшімен оқытуға әркімнің 
шамасы келе бермейді. Екі класты школдар әр уезде бір-екеуден, оларға 
30-дан артық қазақ баласын алмайды. Орта әм жоғарғы школдарда 
қазыналық орын бұл кезде жоқтың қасында. Әр облыстың қазақтары үшін 
университет, институттерден 2-3-тен артық орын жоқ. Бұрынғы ашылған 
орындар әр түрлі сылтаумен кеміген. Сүйтіп, тәуірірек оқитын 
орындардың қазақ үшін есігі бекіп, жолы жабылған.
Қазақша оқу әлі бір белгілі тәртіпке келіп жеткен жоқ, кемшілігі 
есепсіз көп. Қазақша оқу кітаптары жаңа ғана көрініп келеді, тәртіппен 
оқытарлық мұғалімдері аз, оқу проғырамы жоқ, белгілі оқу жылы жоқ, 
салған мектептер жоқ, мұғалімдерге арналған айлық ақы жоқ, қазақша 


310 
оқуды аймаққа бірдей жеткілікті етерлік жасалған өрнек жоқ, оқыту 
ғылымын үйрететін даримұғаллимин (педутшилише) жоқ.
Орысша әм қазақша оқудың екеуінен де керегінше пайдалану үшін, 
қазақ әуелі әр нәрсенің асылына түсініп іс етерге керек. Күкімет қазаққа 
қазақша мектеп салып бермейді, қазақтың қазақша оқуын тіпті тілемейді. 
Сондықтан мектептерімізді тәртіпке қойу, қазақша оқуды қалыққа тарату - 
өз міндетіміз.
Жалпақ жұрттың қолы орысша оқуға түгел жетсін, оқымаған жан 
қалмасын, орта әм жоғарғы школдардан көбірек оқылсын десек, қазақтан 
қазынаға деп жиылған ақшалардың нендей орынға, оның ішінде оқу 
жолына қанша жұмсалатынын, күкіметтің осы күні қазақты оқытуға 
жұмсап отырғаны бізден жиылып тұрған ақшадан артық па, кем бе – соны 
білу керек. Егер кем болса, кінәлі күкіметке аудармай, кемін толтыру 
керек, ақшаны артық төлеп, пайдасын кем көретін болсақ, лайықты 
жолымен есептесіп, школдарды көбейттіріп әм жоғарғы школдардан 
молырақ орын аштыру тиіс.
Қазақ қалқында бұл күндегі орысша әм қазақша оқу жайы осы.
Мұнан былай оқу әм оқыту мәселесі «Қазақ»-та түгел жазылып 
тұрмақшы.


311 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   75   76   77   78   79   80   81   82   ...   98




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет