Ахмет Байтұрсынұлының сөйлеуге қатысты тұжырымдары
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл ғылымын жүйелеп берген ғалым. Ол «Тіл -құрал» атты еңбегінде «Қай сөз қай орында өзгеріліп, қалайша, біріне-бірі қиындасып, сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек. Сөздің қисынын келтіріп жаза білуге қай сөз қай орында қалай өзгеріліп, қалайша біріне-бірі қиындасып, жалғасатын жүйесін білу керек» [1, 24 б.] деп атап көрсетеді. Бұл жерде негізгі ой жазу сауаттылығы туралы болғанымен Ахмет Байтұрсынұлының сөйлеудегі жүйелілікке, сауаттылыққа да баса мән бергенін аңғарамыз.
«Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, қазақ сөздерін алып, орыс не, ноғай сөзінің жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды [1, 24 б.] деген ғалым қазақ тілінің дыбыс, сөз, сөйлем жүйелерін бастауыш мектеп балаларына оқыту мақсатында «Тіл - құрал» атты еңбегін жазған еді.
Осы орайда, ғалымның «қазақ сөздерін алып, орыс не, ноғай сөзінің жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды» деген пікірі күні бүгінге дейін өте өзекті болып отыр. Өйткені, қазіргі уақытта қазақ тілінде, орыс тілінің жүйесімен сөйлеу, тіпті, жазу да белең алды. Әр тілдің өзінің құрылымдық жүйесімен сөйлеудің маңыздылығына мысал келтірсек, ағылшын тілінде «My friend and I» деген тіркес бар, тікелей аударсақ, «Менің досым және мен». «My friend and I study together» деген қарапайым мысалды қазақша айтсақ, «Мен досыммен бірге оқимын» немесе «Досым екеуіміз оқимыз» деп айтамыз. Ағылшын тілінің жүйесіне салып, «Менің досым және мен бірге оқимыз» деп сөйлесек, бұл қазақ тіліне мүлде жат, түсініксіз сөйлем болып шығар еді.
Орыс тілінің өмірімізге дендеп енуіне байланысты қазақ сөздерін орыс тілінің жүйесіне салып сөйлеу, жазуға құлағымыз үйренді. Орыс тілінің жүйесімен құрылған тіркестер, сөйлемдер, ақырындап, тілімізге сіңісті болып та бара жатыр. Мысалы, «Я думаю, что,...» деген тіркес бойынша «Мен ойлаймын, ол былай...», «Мен ойлаймын, ол көрді» деген сияқты сөйлемдер ауызекі тілімізде өте көп қолданылатын болды, кейде, тіпті, баспасөз беттеріндегі материалдардан да осыған ұқсас сөйлемдерді кездестіріп жатамыз. Жоғарыдағы мысалдардың таза қазақша құралуы «Мен былай деп ойлаймын», «Мен ол көрді деп ойлаймын» болуы керек, яғни, қазақ тілінде баяндауыш сөйлемнің соңында келуі тиіс. Ағылшын тілінің өмірімізге дендеп енуімен, алдағы уақытта қазақ тілін ағылшын тілінің сөйлеу, жазу жүйесіне салып қолдану үрдісі пайда болатын шығар деген қаупім де жоқ емес.
Ахмет Байтұрсынов «Тіл - құрал» оқулығындағы білімді жаңа тәсілмен оқытуға бағытталған «Тіл жұмсар» атты еңбегінде тілді үлкен бір машинаға теңейді. «Тіл – құрал. Қандай құрал болса да, оның жұмсаушысы екі түрлі болмақ. Біреуі – ішкі-тысқы бөлшектерінің бәрін біліп, олар қалай бір-біріне үйлесіп, үйлескенінен шығатын тетіктер бір-біріне қалай жалғасып, қалай қызмет ететіндігін біліп отырып жұмсаушы. Екіншісі, олардың бәрін білмей-ақ, құралдың жұмсауға керегі бар тысқы бөлшектері мен тетіктерін көріп, жұмсау әдісін үйреніп алып жұмсаушы. Ішкі бөлшектері мен тетіктерін бұл таныс құралды жұмсап жүріп, онымен көп істес болып барып, тәжірибе арқылы таниды. Солай танығаннан кейін ананың да, мынаның да құрал жұмсауы, оны тануы бірдей сияқты болып шығады. Бірақ асылында олай болмайды» [1, 294 б.] , – дейді. «Жалпақ жұрттың құрал тұтынуы көбінесе екінші жолды болады» дей отырып, тілді ішкі тетіктерді, яғни, құрылымдық жүйені меңгеріп қолданудың артықшылығын атап көрсетеді.
«Машинаның ішкі тетіктерін» – тілдің құрылымын біліп қолдану дегеніміз де, жоғарыда атап өткеніміздей, қазақ тілінде дұрыс сөйлем құрап, таза сөйлеуіміз үшін қажет. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама-қадарынша жарайды, бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын. Ойын ойлаған қалпында, қиялын меңзеген түрінде, көңілдің түйгенін түйген күйінде тілмен айтып, басқаларға айтпай білдіруге көп шеберлік керек» [1, 154 б.].
Пайдаланылған әдебиеттер:
Ахмет Байтұрсынұлы шығармаларының 6 томдығы, 2-том
Ахмет Байтұрсынұлы шығармалырының 6 томдығы, 1 том
Достарыңызбен бөлісу: |