Ақиқат пен аңыз Әзілхан Нұршайықов



Pdf көрінісі
бет19/42
Дата29.12.2016
өлшемі1,37 Mb.
#745
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   42
жануарым мысықтай боп кішірейіп кеткен сияқты еді.Табаны топыраққа тигеннен кейін ол 
орғи секіріп, қайтадан биіктеп шыға келді. Бүкіл ипподром шартылдата шапалақ соқты. 
Жоқ, ондай жігер, қайрат жалғыз менде ғана емес, менің командамдағы жігітгерде де бар 
екен.  Төрт  жігітім   тағы  да  бөгеттен  топ  етіп  асып,  соңымнан  ілесті.  Оларға да  ду  етіп 
алақан тағы да соғылды. 
     Сөйтіп командамдағы он бес адамның бесеуі он үш бегеттен бірдей мүдірмей өтті. Он 
үші он екі кедергіні мінсіз алды. Сол аққан бойда командамды тегіс жинап, сапқа тізіп 
алдым   да,   әскери   бөкен   желіспен   аренаны   бір   айналып   шықтық.   Трибунаға   тақағанда 
бәріміз бір кісідей ат үстінде қаздиып тік тұра қалып, қолымызды шекемізге қойып, салют 
бердік. Содан соң ер-тоқымға қайтадан отыра қалып, аренаның сыртына шығып тұрдық. 
       Бір кезде репродуктордан саңқылдап, комдивтің үні естілді. 

-         Үздік   әзірлігі   үшін   306-шы   полктың   бүкіл   командасына   алғыс   жариялаймын.   Ал, 
команда   капитаны   лейтенант   Момышұлына   сыйлыққа   сағат   беріледі.   Оны   командарм, 
Совет Одағының Маршалы Василий Константинович Блюхер өз қолынан тапсырады. 
     Оркестр «да-да-да-дат» деп қошемет керсетіп, бүкіл ипподром тағы да қол соқты. Тағы 
да Дотольдің командасы естілді. 
-        306-шы полк командасының капитаны мінбеге келсін! 
    Тақымды қысып кеп калып едім, Акбоз ат алға қарай ақ найзадай шаншыла сілтеді. Мен 
тағы да жарқ етіп трибунаның қарсысынан шыға келдім. Оған он метр қалғанда атымның 
басын   тартып   кеп   қалып   едім,   кұйрық-жалы   шашырап,   ол   аспанға   ақ   фонтан   болып 
атылды. Трибунадағы бастықтарға осылай сәлем бердім де, көкке шапшыған Ақбоздың 
алдыңғы екі аяғы жерге түскенше мен де оның үстінен төмен қарай ырғыдым. Екеуіміздің 
аяғымыз дік 
етіп   топыраққа   қатар   тиді.   Бұл   да   Ақбоз   ат   екеуіміз   ғана   жасай   алатын   өзгеше 
приемдардың бірі еді. Содан кейін «Еңкей» деп, Ақбоз атқа команда бердім. Ол алдыңғы 
екі  аяғын  бүгіп,  тізесімен  жер  басып,   трибунаға  қарай  үш  рет шұлғыды.   Сәлден  кейін, 
менен   бұйрық   күтіп   тұрған   атыма   «Тұр!»   дедім.   Атым   қарғып   тұрды   да,   қос   құлағын 
төбесіне   шаншып,   тіп-тік   бола   қалды.   Ат   пен   солдат   екеуіміз   қаздиып   қатар   тұрмыз. 
Мөлшерлі   секундтар   өткеннен   кейін   мен   қылышымды   жарқ   еткізіп   қынабынан   суырып 
алып, мандайыма көтере ұстап, әскери адыммен дік-дік басып, шпорларым зың-зың етіп 
трибунаның   алдына   келіп   маршалға   салют   бердім.   Қарасам   комбриг   Дотольдің   де, 
полковник   Коваленконың   да   куанғаннан   естері   шығып   кетіпті.   Екі   езулері   құлактарына 
жетіп,   маған  қарап  бастарын  изей  береді.  Командарм   сағатты  қолына  ұстап,  қою қара 
мұртының астынан жұмсақ қана жымиып тұр екен. Қылышымды қынабына салдым да, 
лыпып трибунаға көтерілдім. 
-         Сіздің   команданың   өнеріне   өте   қуаныштымын.   Сіздің   зор   табысқа   жетуіңізге 
тілектеспін, жолдас лейтенант. Жігіттеріңізге менен де алғыс айтуыңызды өтінемін, - деп 
командарм менің қолымды қысты да, екінші колындағы сағатты берді. Маршалдың түсі 
сонша суық болғанымен, сөзі сондай жылы екен. Бетіңе жымия қарай сөйлегенде тура 
туған әкеңнің лебізін тындап тұрғандай рухтанады екенсің. 
-        Совет Одағына қызмет етемін! Командама Сіздің алғысыңызды да айтып барамын, 
жолдас маршал,-деп оң қолымды шекеме көтердім де, мен мінбеден түстім. Сөйтіп мен 
маршал   Блюхерге   кылышпен   салют   беріп,   оның   қолынан   сағат   алған   кісімін,   қарағым. 
Қазір   «Ешкім   де   ұмытылмайды,   ешкім   де   ескерусіз   қалмайды»   деген   ұран   бар   ғой. 
Ендеше   біз   солдаттан   бастап   маршалға   дейін   ұмытпауымыз   керек.   Бұл   детальді   мен 
саған сондықтан айтып жатырмын. 
 
V
      Осылай деп Баукең бір бөгелді де, темекісіне қол созды. Пачкадан бір сигарет алып, 
оны   асықпай   ұзын   ақ   мүштігіне   сұғындыра   бастады.   Оның   етсіз   салалы   саусақтарына 
қарай   отырып,   мен   аренада   Ақбоз   атпен   шапқылап   жүрген   жиырма   жеті   жасар   жігіт 
Бауыржанды көз алдыма елестеттім. Ақбоз аттан қарғып түсіп, алдымен атына «сәлем» 
бердіріп,   артынан   өзінің   аяғын   дік-дік   басып,   шпорлары   сыңғыр-сыңғыр   етіп   келіп 
қылышын жарқ еткізіп, 
маршалға салют бергеніне сүйсіндім.
Осы арада Баукеңнің 1956 жылы армиядан босап, Алматыға келген бетінде көрсеткен бір 
мінезі туралы жұрт аузында жүрген әңгіме есіме түсті. Бір күні Бауыржан маузерін тағып, 
қылышын   асынып,   ақсақал   жазушыларға   сәлем   беру   үшін   полковник   формасымен 
Жазушылар   одағына   келеді.   Келсе   председательдің   бөлмесінде   креслоға   шірене 
шалқайып,   тығыршықтай   қара   домалақ   біреу   телефонмен   сөйлесіп   отырады.   Ол   екі 
сөзінің бірінде 
«О,   собаковод»   деп   қойып,   қарқ-қарқ   күліп,   ұзак   сөйлеседі.   Оң   қолымен   үстел   үстінде 
жатқан көзілдірігін иіріп және ойнап отырады. Бауыржан оның қарсысына келіп, үн-түнсіз 
қаққан   қазықтай   боп   қақаяды   да   тұрады.   Тығыршық   қара   әрең   дегенде   сөзін   бітіріп, 
трубканы жаба бергенде, Бауыржан: 

-        Встать! - деп ақырып кеп қалады. 
        Ана  жігіт  сасқалақтап  орнынан  атып  тұрады. Жалма-жан көзілдірігін киіп, алдында 
тұрған айбынды полковникке, кешірім сұрағандай, жалтақ-жалтақ қарайды. 
-        Сен кімсің? - деп Бауыржан сұстана үн қатады. 
-        Мен Жазушылар одағының секретары боламын, - дейді ол. 
-        Сен секретарь болсаң... - деп ол кезде мұрты жоқ Бауыржан ерні жыбырлап, құлағын 
қайшылаған   тістеуік   жылқыға   ұқсап,   иегін   көтеріп   кеп   қалады.   Содан   кейін   шпорын 
сыңғырлата   екі   аяғын   сарт   еткізеді   де,   қылышын   қынабынан   суырып   кеп   алады.   Оны 
жарқ-жұрқ еткізіп, жоғары қарай енді көтере бергенде секретарь сасқанынан сып беріп 
үстелдін астына кіріп кеп кетеді. 
-        Мен Бауыржан Момышұлымын! - деп Бауыржан қылышын салют берген атты әскер 
тәртібінше серт ұстап, қаздиып тұра қалады. 
-         Ойбай... Бауке... Кешіріңіз... Сіз екеніңізді... байқамай қалдым, - дейді зәресі ұшып 
кеткен бастық әр сөзін әрең айтып. - Ғафу етіңіз. 
-        Шық бері, - дейді Бауыржан. 
-        Қылышыңыздан қорқамын, - дейді анау. 
-         Ой,   неге  қорқасың?  Мен   саған  Жазушылар  одағының   генералы   деп   салют   беріп 
тұрмын ғой,-дейді бұл. 
Секретарь буыны дірілдеп, қапелімде орнынан тұра алмайды. 
-        Шіреніп отырғанға батыр ма десем, бала екенсің ғой! - деп 
Бауыржан қылышын сарт еткізіп қынабына салады да, кейін бұрылып, етігіндегі шпоры 
зың-зың   етіп,   есікке   қарай   аяндайды.   Ауыз   бөлмедегі   хатшы   қыз   бен   оның   қасында 
тұрғандарға сұқ саусағын шошайтып: 
-        Мына кабинеттегі үстелдеріңнің астында бір бала жатыр. Соны тұрғызып алыңдар, - 
деп шығып жүре береді. 
Бұл   сол   кездегі   бір   жас   басшы   мен   Бауыржан   арасында   болған   жай   еді.   Ол   жігіттің 
Баукеңнің қылышынан қорқып, үстел астына кіріп кеткені тағы да көз алдыма елестеп, 
бұрын талай көзден жас шыққанша күлген бұл оқиғаға тағы да бір жымиып алдым. 
Содан соң: «Е, Баукеңнің онысы біреуді шауып тастау үшін емес, есіне түсіп кеткен ескі 
дағдысы   екен   ғой.   Тегі,   бар   қаруын   тағынып,   Жазушылар   одағына   барарда   қазақ 
әдебиетінің   маршалы   деп   Сәбит   Мұқановқа   қылышпен   салют   беру   ойында   болған-ау. 
Одақта Сәбит болмаған соң, «қорықса қорықсын, қорыкпаса Бауыржан маған честь берді» 
деп мақтанып жүрсін деп, оның орнында шіреніп отырған қорқақ жігітті қалжақ етіп өте 
шыққан ғой Баукең» деп ойладым. 
Бауыржан. Айта берейін бе, әлде бірдеңені ойлап отырсың ба? 
Автор. Құлағым Сізде, Бауке. 
Бауыржан.  Содан менің шабандоз атым  жайылып кетті. Ақбоз ат екеуіміздің атағымыз 
аспанға шықты. Әсіресе өзі кавалерист Дотоль байғұстың қуанышында шек болған жоқ. 
«Командаңмен тегіс шауып бара жатқан ат үстінде тік тұрып честь бергендерің, өз атыңа 
тізерлетіп   «сәлем»   жасатқаның   -   бәрі   тамаша,   бәрі   төтенше   болды.   Бұл   екі   номер 
дағдылы ат ойындарына косқан сенің өз жаңалығың. Өзіңе тапсырылған істі әркашанда 
осылай твор честволықпен атқара біл. Бұл командирге қажетті ең тамаша қасиет» деп 
талай рет айтып жүрді. Содан кейін комдив мені барлау взводының командирінен таулы 
жерде атқа теңдеп жүретін батареяның командирі етіп жоғарылатты. Бұрынғыша 306-шы 
полктың ат спорты командасының капитаны болып қала бердім. Бұл мәселеде полковник 
Коваленко маған бүтіндей сеніп алды. 
Сөйтіп, Отан аясында Қиыр Шығыстың ғажап табиғатының кұшағында әскери әзірлігімізді 
арттырып, шынығып, ширап жүріп жаттық. Күн сайын денеміз шымыр тартып, ойымыз өсе 
түсті. 
        Отан   деген   ұғымымыз   ұлғайып,   оған   деген   махаббатымыз   арта   берді.   Өйткені 
шешеңді де туған күннен бастап емес, есейіп, ержеткеннен кейін ғана жақсы көресің ғой. 
Отан   да   сол   сияқты.   Оның   да   қадірін   өз   үйіңнен   ұзап   шыққанда   ғана   білесің.   Оның 
ұлылығын   да   сонда   танисың.   Сондықтан   жас   азаматтарды   әскер   қатарына   алғанда 

оларды өз ауылынан алысқа апарып тәрбиелеген дұрыс деп ойлаймын. Әскери қызметті 
алыста өтеген азамат Отан деген 
туған үй, тұрған қалаң ғана емес екенін жан-тәнімен, бүкіл тіршілік болмысымен түсінеді. 
Ал ауылынан ұзап шықпаған жастың Отан туралы ұғымы теория тұрғысында ғана болады. 
Алыста   жүріп,   жүрегін   сағыныш   кернемесе   ол   өз   ауылының   да   қадірін   білмейді.   Қиыр 
Шығыс менің ауылымның, ағайынның қадірін білдірген, Отанымның ойы-қырын танытқан, 
оның көп ұлтты ұрпағының өкілдерімен туыстастырып, достастырған ұлы университетім, 
мектебім болды. Өмірдің қилы-қилы қиыншылықтарынан жан-жақты сабақ беріп шыңдаған 
ұстазым да сол Қиыр Шығыс дер едім. 
     Өзгесін былай қойғанда, оның табиғатының өзі бір мектеп қой. Оңтүстіктің жылы жаз, 
жылымшы   қысына   үйренген   адам   алғашында   Қиыр  Шығыстың   күз  бен   қысына   көндіге 
алмай қиналады. Ал оған көндіктің-ақ құрыштай болып шыңдалып шықтым дей бер. Ал 
жазының өзі жаңбырдан көз аштырмайды. Майдан бастап августке дейін төрт ай төбеңнен 
сорғалаған су сүйегіңнен өтеді. 
         Соған қарамастан солдат жорықта жүреді. Күні бойы толарсақтан саз кешіп келіп, 
кешке   жаңбырдың   астында   отырып,   жорық   қазанынан   ас   ішеді.   Түнде   жаңбырдың 
астында   жатып,   тынығып   ұйықтайды.   Таңертең   желдірте   айдаған   топты   түйедей   боп 
төбеңнен жөңкілген бұлттардың жер сызған шудаларынан ұстап немесе жантая жауған 
жаңбырдың керегесін тепкілеп, тағы да ілгері тартасың. Тап берген жаудан Отанды қорғау 
үшін осылай 
әзірленесің. Егер төрт ай бойы кендір арқанды суға салып қойсаң ол шіріп кетеді. Ал адам  
шынығып, ширай береді екен. Ол үшін адам өзінің бір жібін іштен үнемі ширатып отыруы 
керек.   «Жауын   -   жаздың   сілекейі»,   «Жауыннан   қорыққан   жауға   жем   болады»   деп, 
қажымай қайраттана беруі қажет. 
       Ал Қиыр Шығыстың қысы қандай десеңші! Су қосылмаған таза спирт ішіп көргенің бар 
ма өзіннің? Болса, ең алғаш соның жүз грамын байқамай тартып жібергенде тыныс орның 
бітеліп қалған сияқтанып, сасқалақтамап па едің? Дәл сондай болып, Қиыр Шы- 
ғыс   аязы   тынысынды   тарылтып,   дем   алдырмай,   апшыңды   қуыра   кеп   жөнелгенде 
жаныңды қоярға жер таппайсың ғой, шіркін. 
        Бірақ ол алғашқы күндерде ғана солай боп көрінеді, артынан оған да үйреніп кетесің.
VI
Бірде  батареяны  бастап, тактикалық  сабақ  еткізу үшін қалың орманға қарай кіріп келе 
жаттым.   Айнала   аппақ   қар,   аяз   алпыс   градусқа   жуық   еді.   Аяқ   астынан   күн   күркіреген 
сияқтанып, бір нәрсе шатыр ете калды. Жазғы жауында аспанды қақ жарып өтіп, жақын 
тұсқа найзағай келіп түскендей болды. Дүрсілдеген дыбысы дүниені солқылдатып жіберді. 
Атым да жарқ берді, өзімнің де зәрем ұшып кетті. Қысты күні күн күркіремейді. Ол кезде 
бомбаның   жарылысын   естігеміз   жоқ.   Сондықтан   жер   жарылған   екен   деп,   айналама 
алақтай   қарап,   атымның   тізгінін   тарта   бердім.   Ондағы   ойым   жер   жарылса   атым   алып 
қашқан күйі сол жарыққа қойып кетпесін дегенім. Сөйтсем оң жақта, жүз метрдей жерде 
аппақ қар аспанға құйындай шаншылып тұр екен. Жерден лап етіп ақтүтін көтеріліп, сол 
көтерілген   жеріне   төмендеп,   қайтадан   шөге   бастағанға   ұқсады.   Оның   айналасындағы 
ағаштар   сатырлап,   біріне-бірі   үн   қатқан   іспеттенді.   Сатыр-сұтыр   бірдеңелер   біздің 
жанымызға   да   тақау   келіп,   ақ   қарға   сүңгіп   жатты.   «Ананың   біреуін   алып   кел»   деп 
атқосшымды жұмсап едім, ағаштың бармақтай-бармақтай екі-үш сынығын  алып келді... 
Сөйтсек ол аяздың қысымынан быт-шыт боп жарылып кеткен үлкен қарағай екен. Шауып 
барып оның орнын көрдік. Тек арса-арса болып ағарып, созсаң құшағың әрең жетерлік 
түбір   ғана   жатыр.   Оның   қаздиған   қырық   метрлік   тұлғасынан   түк   те   қалмаған,   аяз 
қысымымен шрапнельше шашырап жан-жаққа ұшқан да кеткен. Маған алғашында аспанға 
көтерілген ақ құйынға ұқсап, одан соң шөгіп бара жаткан ақ түтін тәрізденіп көрінген сол 
жарылған   қарағайдың   бұтақтарының   қары   екен.   Діңгегі   опат   болған   бұтақ   бейшаралар 
жақындағы ағаштарға асыла салбырап қалыпты.      
      Бұдан   кейін   де   біз   талай   ағаштың   ажалы   аяздан   келгендігінің   куәсі   болдык. 
Қарағайлардың аязға шыдамай сан рет аспанға ракеташа атылғанын көрдік. Одан бұрын 

күзде дауыл құлатып, жерге бас ұрып, көлденеңдеп сұлап жаткан талай бәйтеректерді 
кездестіруші   едік.   Жығылған   ағаш   жолымызды   бөгеп,   оларды   айналып   өтіп,   әлек 
болатынбыз.   Соған  қарағанда  бұл ешкімге иілместен  тік   тұрып  опат  болған  әсем   өлім 
екен-ау деп сан ойлағаным бар. Ұмытпасам, дәптерлерімнің бірінде қатты аязда тік тұрып 
өлген қарағайды мадақтаған өлеңім де болса керек. Бірак оның қай дәптерде екенін саған 
қазір тауып көрсете алмаймын мен. 
        Сонымен бірге Қиыр Шығыстың қыста соққан ызғырық желі және есімнен кетпейді. 
Жаяу   жүрген   адам   желдің   өтіне   онша   ұрынбайды.   Оның   үстіне   ол   өз   қимылымен   өзі 
жылынып   отырады.   Көресіні   ат   үстіндегі   адам   көреді.   Атқа   жеккен   зеңбіректеріңді 
сүйретіп, расчеттарды оған жаяу ілестіріп жорықта жүргенінде, колоннаның басында ат 
үстінде келе жатқан саған алдыңнан соққан ызғырық  кеудеңнен  найзадай қадалады-ау 
келіп. Қырық найза бірден сұққылап жатқандай болады. Шинель мен фуфайканың аязға 
әлі келгенімен, ызғырыққа шамасы жетпейді. 
         Өстіп қиналып жүргенде бір күні полк магазинінде шиыршықтаулы клеенкаға көзім 
түсті. Кәдуілгі дастарқан етіп столға жабатын көк ала шақпақты клеенка. Содан бір бес 
метрін сатып алып келдім де, атқосшым екеуіміз сертек тігуге кірістік. Келесі жолы сол 
сертекті гимнастерканың сыртынан киіп алып едік, көзің жамандық көрмесін, рақат болды 
да   қалды.   Клеенка   дегеніңіз   ызғырық   желдің   найзасын   денеге   дарытпайтын   ежелгі 
батырлардың ақ сауытынан немесе хандар киген кіреукеден кем емес екен. Содан соң 
магазиндегі калған клеенканы өз ақшама сатып әкелдім де, сертек етіп тігіп, іштеріңнен 
киіп алындар деп, батареяның зеңбірек атына мінетін жігігтерге үлестіріп бердім. Осыдан 
кейін 
күні бойы жүрсек те мен ат үстінен түспеймін. Басқа командирлер алдан соққан желге 
шыдамай, аттарынан қайта-қайта домалап түсіп, жаяу жүгіреді. 
     Бір күні командирлердің бірі: 
-         Бауыржан, сен үнемі шаншылып ат үстінде отырасың. Мына ызғырық желдің өтіне 
қалай шыдайсың? - деп сұрады. - Сенің бойында өзгеше бір құпия күш бар ма осы? 
-        Бар, - дедім мен. - Ол құпияны мен саған казармаға барған соң көрсетемін. 
-        Рас па? 
-      Рас. 
Казармаға   келген   соң   мен   оған   ішімдегі   клеенка   сертекті   көрсеттім.   Содан   кейін   өзге 
офиңерлер де іштерінен клеенка сертек киіп жүретін болды. 
          Біз   Сібірдің   аязында   осылай   шыңдалдық,   қарағым.   Кейін,   Москва   түбіндегі 
соғыстарда   сол   шыңдалудың   шапағатын   сан   рет   көрдім.   Қиыр   Шығыстың   қатты 
аяздарында   шыныққан   маған   Москва   түбіндегі   суықтар   өзіміздің   оңтүстіктің   жылымық 
қысы сияқты ғана боп қалды. Мен онда қолымды биялайға сұқпастан, аяғыма ылғи хром 
етік киіп жүрдім. Мәселе етікте немесе қолғапта емес. Менің бүкіл ісімде, мінезімде, барша 
әрекет, қимыл-қайратымда, титтей де болса, сол шыңдалудың ізі, әсері жатты. Жаз бойы 
жауатын   жауындар   да,   өкпеге   найзадай   қадалған   қатты   желдер   де,   тік   тұрып   «өлген» 
қарағайлар да сан рет есіме түсті. Соның бәрі маған берген табиғат мектебінің сабағы 
екен-ау деп, мені 
қиындыққа көнбіс етіп тәрбиелеген бір ұстазымның Қиыр Шығыс болғанын мақтаныш етіп 
жүрдім. Ал Орта Азияның жылы жағында өсіп, Қазақстан мен Сібірдің суығын көрмеген 
жігіттердің   қыста   қалай   бүрсендегендерін   майданда   сен   өзің   де   талай   рет   көрген 
шығарсың. Менің әскерге алынған жылы жақтың азаматтарын суық жақта шыңдау керек 
дейтінімнің мәнісі, міне, осы, қарағым. 
-        Ал енді сен кішкене демала тұрғын. Мен қазір келейін, - деп Баукең орнынан тұрып, 
есікке қарай беттеді. Денесі әлі де тіп-тік. Тек тебіндеп шыққан бурыл шашты басын ғана 
сәл еңкейте ұстап барады. Иығы да қушимаған, бойы да шөкпеген. «Шынында да, осының 
бәрі әскери тәрбиенің арқасы-ау» деп ойладым ішімнен. 
        Осы арада ертеректе естіген «Бойы бар бізден гөрі биігірек» деген өлең жолы есіме  
түсе кетті. Бұл Баукең туралы өлең еді. Оны шығарған қазақтың ардагер ақыны Қасым 
Аманжолов болатын. 
           Ол өленді біз сәті түсіп ақынның өз аузынан естіп, қолма-қол көшіріп алғанбыз. 

VII
            1948   жылы   август   айының   ішінде   «Қазақстан   пионері»   газетінің   редакторы 
Москваға   бір   жылдық   оқуға   кетіп,   оның   орнына   Амантай   Байтанаев   қалды.   Амантай, 
ҚазГУ-де бірге оқитын таныстығы бойынша, мені газеттің пионер және мектеп бөліміне 
меңгеруші етіп қабылдады. Ол жаңа оқу жылы басталуға он шақты күндей қалған уакыт 
еді.   Амантай   мені   қабылдай   сала   бұйрық   берді.   Газеттің   бірінші   сентябрьде   шығатын 
номеріне бір жақсы ақынның жақсы өлеңін әзірле, бүгіннен бастап заказ бер деді. 
        Бөлімде менен басқа Алмабек дейтін қолағаштай мұрнының астына текшелеп мұрт 
қойған тағы бір жігіт бар екен. Соған келіп ақылдасып, өлеңді кімге заказ береміз деп едім, 
ол бірден Қасымға беру керек деді. Өзі де өлең жазатын Алмабек тегі Қасыммен таныс 
болуы керек, ол өлеңді ақынның үйіне барып, ертең жаздырып әкелемін деп маған уәде 
етті. Бірақ ертеңінде жігітіміз ақынның өлеңін емес, уәдесін әкелді. Сендердің газеттерің 
балалардың газеті  ғой, бала ұғымына лайықтап бір өлең  жазып, редакцияларыңа өзім 
апарып берейін депті. 
       Бауыржан   туралы   бір   керемет   өлең   жазған   екен,   Қасым   маған   оқып   берді   деп, 
Алмабектің аузының суы құрып отырды. 
     Келесі   күні   бөлмемізге   қасым   кіріп   келді.   Ол   кезде   редакцияның   екі   бөлмесі   ғана 
болатын   да,   оның   бірінде   оңаша   редактор,   екіншісінде   машинисткамен   қоса   барлық 
қалған аппарат отыратын. Қасымды сыртынан жақсы білетін біз орнымыздан тегіс атып 
тұрдык. Ақын сыпайы ғана бас изеп, бәрімізбен амандасты. Содан соң басқаларымыздың 
бәрімізге   бір-бір  қарап   алып,   бірден   Алмабекке  қарай   аяндады.   Оның   қасына   отырып, 
әкелген   өлеңін   оқуға   кірісті.   Біз   тым-тырыс   боп   тыңдай   қалдық.   Үш   шумақтан   тұратын 
өленнің мазмұны мынадай екен. Жетпістегі шал жеті жасар немересін жетектеп мектепке 
қарай   әкеле   жатады.   Мектепке   жеткенше   асығып   шал   сүрініп,   бала   жүгіріп   келеді. 
Мектептің қасына тоқтай қалып атасы немересіне тағы да ақылын айтады: жақсы оқы, 
ақылды бол дейді. Мектептен келер заманшуындай болып жас балдырғандардың дүбірі 
естіледі.  Немере  атасының   қолынан   сытылып,   жүгіріп  барып  соларға қосылады.  «Жеті 
кетті жүгіріп, жетпіс қалды үңіліп» деп өлең аяқталады. 
      Ақын өлеңін өзінің жіңішке даусымен асықпай мақамдап оқып шықты да, «жетпіс қалды 
үңіліп» дегеннен кейін, сол шалдың бейнесін біздің көз алдымызға елестеткісі келгендей, 
мойнын соза түсіп, біздің бетімізге тағы да бір-бір қарап өтті. 
-        Өлең осы. Сендерге бұл ұнай ма, ұнамай ма, білмеймін, - деді ол содан соң. 
-        Ұнайды. 
-        Өте жақсы. 
-        Нағыз біздің газетке лайық өлең, - дестік біз. Ақын шабыттанып қалды. 
-        Ендеше алындар, - деп машинкаға басылған нұсқасын ұсынды. 
Өленді ақынның қолынан алып жатып Алмабек:
-        Аға, кешегі «Бауыржан» деген өлеңіңізді оқып беріңізші бізге, - деп қолқа салды. 
Қасым бәлсінген жоқ. Костюмнің ішкі қалтасына қолын сұғып, төрт бүктеулі қағаз алып, 
оны   жазып   алдына   қойды   да,   жаңағыдан   өзгеше   интонаңия,   өзгеше   пафоспен   оқи 
жөнелді.   Біз   бұрын   Бауыржанды   көрмеген   едік.   Өлең   оқылып   болғанда   Бауыржан 
қасымызда тұрғандай боп көрінді. Өлеңнің күші біздің тілімізді буып тастағандай болып, 
қапелімде ешқайсымыз ләм дей алмай қалдық. Жастық батылсыздығымыздан ба, әлде 
тәжірибесіз ша- 
лалығымыздан ба, кім білсін, бұл өленді қашан, қалай шығардыңыз, Бауыржанды көріп пе 
едіңіз? - деп те сұрай алмаппыз. Тек «Рақмет, аға!» деуге ғана шамамыз келді. Ақындық 
қуатының әсерін анық сезінген Қасым оқып болғаннан кейін қағаздарын қайта бүктеді де: 
-        Мә, осы дананы саған сыйладым, - деп Алмабекке берді. 
Содан кейін ақын қырандай қомданып орнынан тұрды да: 
«Қош болындар» деп, кеудесін тік ұстап бөлмеден шығып кетті. 
Қасымның   «Қазақстан   пионерінің»   өтінішімен   жазып   әкелген   өлеңінің   аты   «Жетпіс   пен 
жеті» еді. Үш шумақтан тұратын сол өлең үш бөлімнен құралған картина сияқты болып, 
мәңгі   менің   көз   алдымда   қалды.   Ылғи   бірінші   сентябрьде   мектепке   бара   жатқан 

балаларды көрген сайын менің ойыма жетпістегі шал мен жеті жасар бала түсетін. Көз 
алдыма редакция бөлмесінен шығып бара жатқан ақын елестейтін... 
 Ал   Қасым   кетісімен   біз   оның   Бауыржан   туралы   өлеңін   бірнеше   дана   етіп   машинкаға 
бастырып, қолма-қол жаттап алған болатынбыз. 
           Баукең бөлмеге қайта келіп кіргенше, мен ол өлеңді шумақ-шумағымен есіме түсіріп 
өттім. Ол өлең мынадай еді: 
Бір дауыл сапырды кеп өрт теңізін, 
Теңселтіп темір топан дүние жүзін. 
Бетіне туған жердің өшпестей ғып 
Ер жазды өз қанымен жүрген ізін! 
Нақ сол кез естідім мен ер дүбірін, 
Атағы атын алып келді бұрын. 
Үстінде туған елдің тұрды толқып: 
«Бауыржан Момышұлы» деген бір үн. 
Ақынның ак сұңқардай жүрегі бар, 
Алқындым бір көруге болып құмар. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   42




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет