АқИҚат пен аңыз роман-диалог бірінші диалог I



Pdf көрінісі
бет25/32
Дата29.09.2022
өлшемі1,61 Mb.
#40875
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   32
Байланысты:
(pdf) Әзілхан Нұршайықов — Ақиқат пен аңыз

ҚАЗАНАМА
Социалистік
Отанымыз
үшін
неміс
басқыншыларына
қарсы
ұрыстарда, 1941 жылы 6 декабрьде, өрімдей жас, жайраң қаққан
жалынды азамат, Коммунистік партия мен қазақ халқының адал ұлы,
командир əм саяси қызметкер, гвардияшы Жолмұхамед Бозжанов жолдас
ер өлімімен қаза тапты.
Жолмұхамед Бозжанов жолдас ақ финдерге қарсы ұрыстарда
қатынасып, «Ерлігі үшін» медалімен наградталды, содан кейін Лениншіл
Қазақстан комсомолында жауапты қызмет атқарды. Содан бізге
ротаның саяси жетекшісі болып келді.
Фашистермен кескілескен қанды айқасқа кірген күннен бастап, ақтық
демі біткенше Бозжанов жолдас күн сайын, сағат сайын большевиктік
ерліктің, коммунистік адамгершіліктің, азаматтықтың үлгі-өнегесін
үздіксіз көрсетіп отырды. Сол себептен де бөлімшенің жауынгерлері мен
командирлері оны жанындай жақсы көрді.
Ұрыстың қиын-қыстау кездерінде мен оны сан рет ең жауапты
жерлерге жұмсадым, ең ауыр міндеттерді сенгендіктен соның иығына
арттым. Талай-талай қиын тапсырмаларды ол ойдағыдай орындап келіп
еді. Сондықтан да мен оны өзімнің көзсіз батырым деуші едім.
Бозжанов жолдас тəрбиеші саяси жетекші қасиеті мен қаһарман
командир қабілетін мүлтіксіз ұштастыра білді. Ол ерлікті ерекше
дəріптеп, қорқақтар мен үрейшілерді жан-тəнімен жек көрді. Сəбидей ақ
көңілділік, командирлік қаталдық, большевиктік адалдық Бозжановтың
бойынан бар жарасымын тауып үйлескен еді. Ол ротаны басқарды, одан
соң батальон командирінің орынбасары болды. Оған үлкен сенім білдіріліп,
соңғы уақытта полк партбюросының секретары болып жоғарылатылды.
Ұрыстарда көрсеткен батырлық, ерлігі үшін майдан командованиесі
оны үкімет наградасына ұсынған болатын.
Осындай асыл жүрек тоқтады, алтын бас ойлаудан қалды,
тостағандай қара көздер мəңгіге жұмылды, азаматтың үнемі күлімдеп
тұратын қызғылт ерні қозғалмастан тас боп қалды дегенге сенгім


келмейді. Бірақ, сенбесіме амал жоқ, бұл қасіретті жағдайды мен өз
көзіммен көріп тұрмын. Мұның орны толмас қаза екенін ойлағанда
көкірегім қарыс айрылып, жүрегім тулап, қан жылайды.
Жауынгер дос, гвардияшы жолдас, батыр политрук-командир
Жолмұхамед Бозжанов енді біздің қасымызда жоқ. Бірақ оның есімі, Отан
соғысының ері есебінде қарулас гвардияшы достарының жүрегінде, совет
халқының есінде мəңгіге сақталады.
Егер мен жауды түпкілікті жеңетін бақытты күнге жетіп, Отанға
аман-сау оралатын болсам, онда мен сенің атыңды өлеңге қосу үшін ұлы
Жамбылға айтып барамын. Онда сенің ерлігіңді дастан етіп жазу үшін
талантты жас жазушыларға баяндап беремін, Жолтай!
Қош бол, арыстаным, ардақты батырым менің!
Жолмұхамед Бозжанов жолдастың туыстары мен жақындарына шын
жүректен көңіл айтамын.
Жылаңыздар, жолдастар. Жылай тұрып, Жолмұхамед батыр біздің
досымыз, туысымыз, жақынымыз болған деп мақтан да етейік.
Полк командирінің орынбасары
капитан Б. Момышұлы,
8. XII — 1941 жыл».
Бауыржан. Əй, сен мұны қайдан тауып алдың?
Автор. Жолмұхамедтің ағасы Нұрмұхамед Бозжановтың үйінен.
Бауыржан. «Фашистің бетін ғана емес, бөксесін де көрдім... Шегінбей,
шабуылға шығып өлдім. Арманым жоқ, аға» деді ол өлерінің алдында
менің қолымды ұстап жатып. Панфиловтың өлгенін көріп, өз қолыммен
қоймағандықтан көпке дейін оны жолаушы кеткен кісідей көріп жүрдім.
Жолтайдың өлімі өзегімізді одан сайын өртеп кетті...
Автор. Жолтайдың соңғы айтқаны «Арманым жоқ аға» деген сөздер
болды дейсіз бе?


Бауыржан. Иə. Бірақ жас адамда арман болмаушы ма еді? Онысы тек
менің көңіліме қаяу түсірмейін дегені ғой. Сүйген қызы бар еді, қосыла
алмай кетті. Артында ұрпақ қалмады. Одан артық арман бола ма?
Автор. Сүйген қызының аты Ақлима екен. Жолтай екеуінің соғыс
басталар алдында қатар отырып түскен суретін де көрдім. Бірақ қазанама
келгеннен кейін Ақлима Жолтайдың күйігіне шыдамай, құса болып өліпті.
Бауыржан. А, солай ма? Жолтай: «Аға, мынау Сіздің келініңіз болады.
Соғыс біткеннен кейін осы кісінің қолынан шай ішетін боласыз» деп ол
суретті маған да көрсеткені бар еді.
Автор. Сіз қазанамада Жолтайды майдан командованиесі үкімет
наградасына ұсынды деп жазған екенсіз. Сол ұсыныс бойынша оған Ленин
ордені беріліпті.
Бауыржан. Білемін.
Автор. Сол қырық бірінші жылы 8 декабрьде айтқан уəдеңізді
орындапсыз, Бауке. Жолтайдың да атын «Москва үшін шайқас» кітабына
кіргізіпсіз.
Бауыржан. Жоқ, орындай алғамын жоқ. Менің кітабымда Жолтайдың
аты ғана жүр. Ал ол туралы Қасымның Абдоллаға арнаған дастанындай
поэма жазу керек еді. Ол менің қолымнан келмеді. Жастар бар ғой, бəлкім,
жазар əлі де.
V
Есікті ашып, Бауыржанның əйелі бөлмеге бас сұқты.
— Бауке, телефонға шақырады, — деді ол жайлап.
— Мен жұмыс істеп отырмын ғой, қолым бос емес, — деді Бауыржан
қатқыл үнмен.
Əйел «осы сенің мінезің-ай» дегендей күлімсірей басын шайқады да,
Бауыржанның қасына келді.
— Бауке, Талғат, — деді қайтадан сыбырлай үн қатып.


Бауыржан иегін көтерді. Мына кісі əйеліне: «кеткін, есікті жап!» деп
ұрысып тастар ма екен деп, мен қысыла жалтақтап қалдым. Жоқ бұл жолы
Бауыржан өйтпеді.
— Ə, Талғат па? Талғат болса барайын, — деп орнынан тұрды.
Кеңседе телефон шылдырласа, біреумен сөйлеп отырған сөзімізді,
ортасынан үзіп тастап, немесе жүріп жатқан жиналысты тоқтатып тастап,
трубкаға ұмтыламыз. Үйде телефон бажылдаса бөйтеңдеп дəлізіміздегі
трубкаға жеткенше асығамыз. Бəріміз сөйтеміз. Өйткені атам заманындағы
телефонның культі осындай.
Басқамызды құрдай жорғалататын телефон — əміршінің тек
Бауыржанға ғана əлі келмеуші еді. Иесінің сырын білетіндіктен бұл үйдің
телефоны шылдырайын ба, шылдырамайын ба деп алдымен ойланып
алатын, көбінесе, əй, қойшы, босқа əуре болып қайтемін деп, үндемей
қалатын сияқты боп көрінуші еді. Шылдыраса да, шылдырамаса да Баукең
телефон жаққа бармаушы еді. Үй иесі бүгін, бұрынғы əдетін бұзып,
телефонға кетті. Сонда оны орнынан тұрғызған Талғат деген кім болды
екен? — деп ойладым мен кабинетте оңаша қалғанда. Мен ондай есімді
адамды алдымен Жазушылар одағының айналасынан, одан соң баспалар
маңынан, газет-журнал редакциялары төңірегінен іздедім. Бірақ таба
алмадым. Соған бас қатырып қайтемін, жақындарының бірі шығар дедім де
қойдым. Осы кезде бөлмеге Баукең оралды.
Бауыржан. Талғат Бигелдинов қой, хал-жай сұрап жатқан. Ол орнына
келіп отырды. — Сен оны білуші ме едің?
— Білемін, — дедім мен бағанадан бері Бигелдиновтың аузыма
түспегеніне өкінгендей жəне оған кінəлідей күмілжіп. Күмілжитінім кешегі
Ұлы Отан соғысында атағы айдай əлемге аян болған асыл азаматтың Совет
Одағының Батыры атағын екі рет алған халқымыздың ең қаһарман ұлының
есімін бүгінгі тыныштық күннің тоқтығына масайрағандай боп, қапелімде
қаперімнен шығарып алған пенделігіме қысылғаным еді.
— Жалпы білуін білесің ғой, — деді Баукең темекісін тұтатып жатып.
— Жақын келіп, шүйіркелесе сөйлесіп пе едің деймін.
— Сөйлескенмін. Ертеректе бір түн бірге болып, Талғатпен ұзақ
əңгімелескенім бар. Алғашында кеудесінде қос Алтын Жұлдыз жарқыраған


мұндай ерен батыр елмен сөйлесе береді дейсің бе, өркөкірек келетін
шығар деп ойлап едім. Оным мүлде бекер болып шықты. Талғат
қарапайым, кішіпейіл, өте жұғымтал кісі екен. Өз басынан кешкен
оқиғаларды да мүдірмей, жақсы əңгімелейді.
Талғат Бигелдинов бұрынғы Ақмола қаласының іргесіндегі Майбалық
аулында туып өсті. Кейін ата-анасымен бірге Қырғызстан астанасы Фрунзе
қаласына көшіп келді. Қаршадайынан ұшқыш болуды армандады. Ол үшін
алдымен аэроклубта оқу керек еді. Алғашында оны жасың он алтыға
толмапты деп қайтарып жіберді. Талғат он алтыға толғанша асықты. Он
алтыға толған күні салып ұрып, аэропорт бастығына тағы келді. Енді оған:
— Бойың аласа екен, ұшқыш болуға жарамайсың, — деді.
— Жараймын, —деді ол ызаланып — ұзындардан кем ұшқыш
болмаймын, ағатай.
Қайсар Талғат аэроклуб бастығының табалдырығын тоздырып,
«ағатайлап» жүріп, сегізінші класқа келгенде аэроклубқа алынды. Оны
ойдағыдай бітірді. Самолетті өзі басқарып ұша алатын болды. Орта
мектепті бітіргеннен кейін Талғат енді нағыз əскери ұшқыш болуды алдына
мақсат етіп қойды.
Ол алдымен Саратовтағы əскери ұшқыштар мектебін бітірді. Онда
барлаушы самолеттерді үйренді. «Өнерді үйрен де, жирен» деген бар емес
пе. Енді оның басқа машиналарды білгісі келді. Осы оймен Орынбор
училищесіне түсті. Онда истребительде, штурмовикте ұшып дағдыланды.
Талғаттың көңілі штурмовик болуды қалады. Сөйтіп ол ұшқыш-штурмовик
болып, майданға аттанды.
Талғаттың Калинин, Воронеж, Дала, 1-ші жəне 2-ші Украин
майдандарында жасаған ерліктері орасан көп. Ол кеште маған қазақтың қос
батыры өз басынан кешкен сегіз ерлігін баяндап берген еді. Жаңа Баукең
Талғатты білуші ме едің дегенде, алдымен есіме түскен оның сегіз ерлігінің
бірі мынау еді.
Көзге қорашқа көңіл көншімейді. Ежелден солай. Майдандағы
штурмшы авиация полкына келген тəпелтек сержант Бигелдиновты
эскадрилья командирлерінің ешқайсысы өзіне алғысы келмеді. Талғат əр
командирдің бетіне жаутаңдай қарап, жалынғандай болды. Ақыры адамы


толмай қалған бір эскадрильяның командирі оны еріксіз қабылдауға
мəжбүр болды.
— Сержант, — деді командир Бигелдиновқа қабағын шытып, — менде
ұшқыштар ұнатпайтын он үшінші номерлі машина бар. Соған мінетін
болсаң ғана сені қабылдаймын.
— Мінемін! — деді Талғат жігерлі түрде. — Ұшқыштар одан он үш
саны — «шайтан дожынасы» деп қашатын шығар. Қазақтар шайтаннан
қорықпайды. Халық аңызының қаһарманы Алдар Көсе шайтанды астына ат
етіп мінген...
— Сен өйтіп батырсынба, — деді командир Талғаттың бойын көзімен
қайтадан бір шолып өтіп. — Талай ер жігіттер ол самолеттен сəтсіздікке
ұшыраған.
— Өз жанымды олардан артық деп есептемеймін! — деді Талғат.
VI
Он үшінші номерлі штурмовикпен Талғат тапсырма орындай бастады.
Бірнеше жауынгерлік сапар сəтті аяқталды. Бір күні Талғаттар «Демьян
қапшығына» түскен жау шебін ойсырата бомбалап, өз аэродромына қайтып
келе жатты. Жолда оларға жаудың бірнеше истребителі тап берді. Совет
штурмовиктері жан сауғалап, жер бауырлай ұшуға мəжбүр болды.
Бір
истребитель
Бигелдиновтың
соңынан
түсті.
Пулеметтен
бытырлатып атып келеді. Штурмовиктің жан-жағы жау оғынан шұрқ-шұрқ
болды. Оған қарай совет самолетінен оқ атылмады. Осыған қарап жау
ұшқышы штурмовикте атқыш-радист жоқ екенін білді де, енді мен мұны
жетектеп əкетейін деп ойлады: Талғаттың самолетімен қатарласа беріп ол:
«Кері бұрыл, менің алдыма түс!» дегендей ым жасады. Бұл бұйрығымды
қалайда орындайсың дегендей, ыржиып күлген болды. Талғат басын
шайқап, сұқ саусағын алға созды. Бұл оның: керек болса өзің түс, мен сенің
алдыңа түсе алмаймын, — дегені еді.
Фашист ұшқыш қатуланып, машинасын кері бұра бастады. Самолеттің
шапшаңдығын тежеу үшін салақтатып доңғалағын шығарып жіберді.
Сөйтіп ол Талғаттың артынан келіп, асықпай жəукемдемекші болды. Талғат
осы кезде штурмовикті шұғыл бұрып, бүйірден кері қарай өтіп бара жатқан


истребительді
нысанаға
алып,
оқты
төгіп-төгіп
жіберді.
Жау
истребителінен бұрқ етіп қара түтін будақтады. Сол түтінді шұбатып
барып, ол біздің жерге қонды. Талғат қатты зақымданған самолетін əрең
басқарып, аэродромға қарай тартты.
Бұрын шабуылды тек истребительдер ғана жасайды. Штурмовиктер
олардан жер бауырлай қашып, құтылуға тырысуы керек деп есептелуші еді.
Авиацияда қалыптасқан бұл қағиданы Талғат бірінші боп бұзды. Ол
штурмовикпен истребительге шабуыл жасады. Жасағанда оны жеңіп, жерге
түсірді. Бірақ мұны Талғат ешкімге айтып жатпады. Бұл сапарда бірнеше
жауынгер серіктерінен айрылып қайғырып қайтқан ол жаудың бір
самолетін құлаттым деп мақтану парықсыздық болар деп білді.
Ертеңіне оны полк командирі шақырды.
— Кеше кешке он үшінші номерлі машинамен тапсырмадан қайтқан сіз
бе?
— Мен, — деді Талғат.
— Жолда жау истребителін құлаттыңыз ба?
— Құлаттым.
— Оны неге айтпадыңыз, сержант?
— Олар біздің бес самолетімізді құлатып кетті. Ал мен олардың бір
самолетін бүлдірдім деп мақтанғым келмеді, жолдас полковник.
— Сіз қандай жауды құлатқаныңызды білесіз бе?
— Жоқ.
— Ол Европа аспанында жүз сегіз самолет атып түсірген фашистердің
ең атақты ұшқыштарының бірі екен.
— Ол жүз сегіз самолет, атып түсіргенімен, менің құлатқаным бір-ақ
самолет қой, жолдас полковник.
— Сізге армия қолбасшысының атынан жəне өз атымнан алғыс


жариялаймын.
— Совет Одағына қызмет етемін!..
Міне Талғат айтқан сегіз ерліктің ең алдымен есіме түскені осы еді.
Автор. Бигелдиновпен бір рет əңгімелескенім бар еді, Бауке, — дедім
Бауыржан бұрқ еткізіп аузынан түтін шығарған кезде. — Бір блокнот етіп
жазып та алғанмын. Ол кезде көзі тірі Совет Одағының Батырларымен
əңгімелесіп,
олар
жайында
көркем
очерктер
жазсам,
«Біздің
батырларымыз» деген атпен жеке кітап етіп жарияласам деген ойым
болушы еді. Кезінде Ұлы Отан соғысына байланысты көптеген кітаптар
жинап, оларды оқып та жүрдім. Мəселен, Талғатпен əңгімеден кейін оның
майдан қолбасшысы Совет Одағының маршалы И. С. Қоневтың «Майдан
қолбасшысының жазбалары» деген кітабын оқып, оның 5-ші əуе
армиясының қолбасшысы генерал С. К. Горюнов пен І-ші штурм
авиациясы корпусының командирі генерал В. Г. Рязановтың аттары аталған
жерлеріне «Б. Т.» деп белгілер соғып отырдым. Бигелдинов қызмет еткен
144-ші штурм авиациясы полкы генерал Рязановтың корпусына қарайтын
да, ал ол корпус генерал Горюнов армиясының құрамына кіретін. «Б. Т.»
белгісі «Бигелдинов Талғат» дегенім, оның ерлік соқпақтарының сүресін
осы тұстардан іздеймін дегенім болатын. Ішінде талай солдаттардың,
генералдардың, бір рет батыр атағын алған ерлердің де аттары аталатын
Отан соғысының жанды документі бұл тамаша кітаптан Совет Одағының
Батыры атағын екі рет алған Бигелдинов есімін кездестіре алмай, əттеген-
ай, ақсақал 1945 жылы Москвада болған Жеңіс парадында өзінің қасында I
Украина майданының жеңімпаз туын желбірете көтеріп өткен Талғатты
есінен шығарып алған екен-ау, деп алғашында ептеп өкініп те қалғанмын.
Бірақ майданда атақты адамдар көп, оның бəрін бір кітапқа сыйғызу
мүмкін емес қой деп, өзімді өзім жəне жұбатқанмын.
Бірақ мен тірі батырлармен тілдесіп жазсам деген ол кітапты жазбадым.
Өйткені уақытында оның жөн екен деген ешкім болмады. Оның керісінше,
əркімдер: оларды іздеп əуре болып қайтесің, одан да ойдан алып роман
жазбайсың ба десті. Ақыры мен ол ойымнан ажырап қалдым. Айтқанды
ғана істеп, айтпағанға аяқ баспау деген əдет біздің жазушыларда да бар ғой.
Баспаның жоспарына ілінген нəрсеңді ғана іс етуге дағдыланып алдық емес
пе?


Бауыржан. Ол сенің табансыздығың. Ойға алған ісіңді орындаудың
қиындығынан қашып, оңай іске ұмтыла берсең оған өзіңнен басқа ешкім де
кінəлі емес. Понятно тебе? Онда менің шаруам жоқ.
Бұл сөзді бекер бастаған екенмін деп ойладым да, мен тезірек ол
əңгімеден аулақ кетуге тырыстым.
Автор. Талғат ең алғашында Калинин майданында болған екен. Старая
Русса мен Демьянскідегі дұшпанды бомбалап, жердегі сіздерге ол көктен
көмектескен көрінеді.
Бауыржан. Білемін. Ал сен оның біздің əскерлер Берлинге тақағанда
жападан-жалғыз Берлинге ұшып барғанын білесің бе? — «Білемін» десем,
тағы бір пəлеге қалармын деп қауіптендім де, «білмеймін» дедім. —
Білмесең ол фашистер соғыс бастағаннан кейінгі төрт жыл ішінде
Германия астанасына кірген бірінші совет адамы, бірінші қазақ! Талғаттың
Берлинге сондағы сапары бірі иіріліп, бірі басын қақшитып аспанға
көтеріп, бірі тілін қайраған қанжардай жалақтатып, бықып жатқан ордалы
жыланның ордасына жалаңаяқ жүгіріп кіріп, олардың былқылдаған мұздай
суық денесін тұла бойың түршіге табаныңмен таптап өте шығумен пара-
пар. Бір жылан шағып қалса, шаруаң бітті емес пе? — Бауыржан мұрты
тікірейе, бажырайып маған қарады. Мен басымды изедім. Ол орнынан
тұрып, этажеркаға қолын созды. — Білмесең мына кітаптың мына жерін
оқы қазір! — Бауыржан бетін ашып, қолыма ұстатқан кітаптың сыртына
қарасам, Талғат Бигелдиновтың «Аспандағы айқастар» деген кітабы екен.
Бұл кітапты бұрын оқығанмын деп айтуға батылым бармады да, Баукеңнің
көрсеткен жерінен бастап, күбірлеп оқи бастадым. — Дауысыңды шығарып
оқы! — деді ол қатаң үнмен.
Мен кітаптың 108-бетінін басынан бастап, дауыстап оқуға кірістім.
VII
«Майдан шеті Берлинге жүз алпыс километр қалған. Біздің полк шағын
бір қаланың қасына орналасқан-ды. Гитлершілердің бекінісін бұзуға жер
бетіндегі əскерлерімізге көмектесіп, біз шабуылға күн сайын ұшып тұрдық.
Бірде таңертең полкқа генерал Рязанов келе қалды. Кешікпей оған мені
шақырды. Кіріп келіп баяндадым. Корпус командирі менімен амандасқан
соң, «отыр» деді.


— Планшетіңізді көрсетіңізші, — деді генерал.
Планшетімді ашып, картаны көрсеттім. Рязанов қарап отырды да:
— Е, қартаңыз жетпейді екен, — деді.
— Неге жетпейді? Майдан шетінен əрі елу километрге əбден жетеді.
— Жетпей жүрер.
Генерал маған барлай қарады да, полк штабының бастығы
подполковник Ивановқа:
— Капитан Бигелдиновтың планшетін алыңыз да, тағы да бір парақ
жапсырыңызшы, — деді.
Штаб бастығы бұл бұйрықты орындап болғанға дейін корпус командирі
самолеттің жайын, өз көңіл күйімді сұрастырды. Мұның не қажеті бар екен
деп түсіне алмай отырмын. Сол екі арада планшетім қолыма тиді де, онда
енді Берлиннің картасы пайда болғанын көрдім.
— Луккенвальде жағынан Берлинге барасыз, — деді генерал əр сөзін
сараптап, салмақтай сөйлеп. — Қаланың батысында көмір бар. Соны
тексеріңіз. Одан əрі — Потсдам. Онда не болып жатқанын көргейсіз.
Сонсоң үйге қайтыңыз. Ұшудың биіктігі елу-сексен метрден аспасын.
Міндет түсінікті ме?
Міндет түсінікті еді. Мені ойға қалдырып отырған ұшудың өлшеулі
биіктігі ғана. Барлауға сан рет шығып жүріп, биіктік туралы ешқашан сөз
болған емес-ті. Əдетте жағдайға қарай өзім қалаған биіктікте ұша
беретінмін. Енді болса...
— Сізді биіктік жөніндегі нұсқау ғой ойландырып отырған, — деді
менің көкейімді тани қойған генерал. — Таңырқамай-ақ қойыңыз. Бұл
жолғы сапарыңыз өте қиын болғалы тұрғандықтан ұшуыңызға ең қауіпсіз
осы биіктік.
Иə, бұл бір қиын сапар екені рас көрінеді. Жау ордасына жалғыз өзім
жүз алпыс километр ұшып баруым керек. Жəне мұның өзі тапа-тал түсте.
Берлинді зенитті артиллерия қызғыштай қорғап тұрғанын өзім жақсы


білемін. Əрі түнде, əрі өте жоғары биіктікте ұшқан бомбардировщиктердің
де аман қайтқандары кемде-кем.
— Рұқсат етсеңіз, бір өтінішім бар еді, — дедім картаны жиып алған
соң генералға қарап.
— Айтыңыз өтінішіңізді.
— Атқышсыз ұшуыма рұқсат етсеңіз.
— Неге?
— Ұшу сапары өте қауіпті. Мен... — деп бөгеліп қалдым, —
жолдасымның өміріне қатер төнбесе екен дегендіктен айтып тұрмын.
— Мұндай көңілсіз ойлардың керегі не! — Рязанов қасыма келіп, қолын
иығыма артты. — Бəрі ойдағыдай аяқталады. Командование барлаудың
нəтижесін күтеді. Атқыш жөніне келсек, оны өз қалауыңыз білсін. Ал,
жолыңыз болсын, капитан.
«Ильюшин» міне əуеге көтеріліп те кетті. Төменде не көргенімді
команда пунктіне түгел үздіксіз баяндап келемін. Луккенвальде артымда
қалды, Берлинге дейін енді жиырма километрден аспайды.
Ойда
жоқта
тап
алдымнан
аэродром,
онда
самсап
тұрған
истребительдер көрдім. Мəссаған!
Дереу қырын бұрылдым да, газды аямай беріп, қауіпті өңірден қаша
жөнелдім. Ағашы селдір орманның арасымен бірде жерге тие жаздап
төмен, біресе жоғары ұшып келемін. Аэродромнан аулақ кетейін деген
жалғыз ғана ой бар басымда. Неміс истребительдерінің əуеге екеуі ғана
көтерілсе болды, — мені оп-оңай жоқ қылады.
Сəті түсіп, əйтеуір, аэродромдағылардың көздеріне шалынбай кеттім.
Команда пунктіне едəуір мезет жауап бере алмадым да, ондағылардың
мазасы кете бастапты.
— Он үшінші, неге үндемейсіз? Он үшінші, неге үндемейсіз? — деген
үрейлі дауыс естіледі шлемофоннан.


Аэродромнан ұзап алған соң, байланысымды қайтадан бастап,
истребительдер жайын екі сөзбен хабарладым. Сөйтсем, бір жарым
сағаттан кейін біздің полктан екі эскадрилья келіп атака жасап, аэродром
құрытылыпты, самолеттер сол тұрған орнында өртеліпті.
Берлиннің шет аймақтары көрінді. Бірнеше минут өткен соң орталық
көшелер үстімен ұшып келемін. Төменде қаптаған адамдар, машиналар.
Скверлерде, алаңдар мен сау тұрған үйлерде орнатулы жүздеген
зениткалар. Иə, генералдың биіктік туралы айтқаны дұрыс екен. Бес жүз —
алты жүз метрге көтерілейінші, зенитчиктердің қағып тастайтыны даусыз.
Мына қалпымда «Ильюшин» зу етіп үстерінен өте шыққанша олардың
мойындарын бұрып та үлгере алмайтындары анық.
Міне көпірге де келдім. Оның үстінен төрт қатар шұбап танктер,
бронетранспортерлер, жаяу əскер тиеген автомашиналар өтіп барады.
Мұны команда пунктіне хабарладым да, атака жасауға рұқсат алдым.
— Атака жасаушы болма! Қой оны! — деген қатаң дауыс естілді.
Шынында да атака жасасам өзімнің мерт болуым мүмкін еді. Жаяу
əскерлер сасқалақтамай қимылдады дегенше самолет мылтықтың өзімен-ақ
атып түсіре алады. Өзің осындай барлауда жүргенде ондай тəуекелге бару
орынсыз болар еді.
Бұрылып алдым да, Потсдамға тарттым. Менің келу сапарым,
немістерге ойыншық көрінбеген болуы керек, Потсдам шетіне жете
бергенде алдымнан құлшына атқылаған зениткалардың кəріне тап болдым.
Жалт бұрылып, екінші жағынан енуіме тура келді. Зениткалар мұнда да
гүрсілдете қоя берді. Сонда мен үйге құр алақан қайтпақпын ба? Жоқ мен
мұнда тектен текке ұшып келгенім жоқ.
Сəл жоғары көтерілдім де, артиллерия шебіне шүйіле құлдырап келген
бойда бомбалар тастап, зеңбірек пен пулеметтен оқ жаудырдым.
Батареяның үні өшті. Сол саңылаудан өте ұшып, Потсдам үстін бір
айналып, артиллерия шептерін фотосуретке түсірдім де, зениткаларға
қайтадан атака жасап, арыздасып-қоштасып жатқан Гитлер Германиясы
астанасының төңірегінен сытылып шыға бердім.
Енді үйге қайтуыма болады. Берлинге қарап ұшқандағы ізіммен оралып
келемін. Тек аэродромды алыстан орағытып өттім. Оны біздің жігіттердің


тып-типыл еткенінен хабарым жоқ қой менің.
Майдан шетінен өттім. Енді көкіректі кере дем алуға да болады.
Орындығымның арқалығына шалқая кетіп, бір секундтай көзімді жұмдым.
Сонсоң сағатқа қарадым да, өз көзіме өзім сенбедім: барлау сапары көп
болса 20—25 минутқа ғана созылған секілді еді, əуеде мен ұшып жүргелі
бақандай екі сағат болыпты.
Аэродромға келіп, жерге қонуым сол екен, достарымның он шақтысы
жапырласа жүгіріп келіп, мені кабинадан суырып алды. Ұшқыштар,
механиктер, атқыштар мені аспанға лақтырып жүр. Əлде не күйге
ұшырайды деп, достарымның зəре құты қалмаған екен.
Команда пунктіне қарай келемін. Генерал Рязанов сонда болатын. Мен
ұшып жүрген уақыттың бəрінде де ол радистің қасында отырыпты.
Баяндадым. Генерал құшақтап, бетімнен сүйді.
— Саған алғыс айтамын, Бигелдинов, — деді менімен тұңғыш рет
«сен» деп сөйлесіп. — Командование атынан алғыс айтамын! Одақтастар
авиациясынан күндіз Берлин үстіне алғаш ұшып барған сенің самолетін
екеніне мақтануына болады!..
Бауыржан. Жоқ, мұны жалғыз Бигелдинов қана емес, мына біз, біздің
болашақ барлық ұрпақтарымыз мақтаныш етеді! Бигелдинов Ұлы Отан
соғысында қазақ халқы ерлігінің ең жоғарғы нүктесі! «Еріне қарап елін,
тасына қарап тауын таны» деген. Біздің еліміздің ерлігін ерекше танытқан
халқымыздың ардагер ұлы ол. Совет Одағында ұлдары екі рет ер атағын
алған ұлт кеп емес. Біз сол аздың біріміз! Сенбесең жан-жағындағы
көршілес республикаларға көз салып, саусағыңмен санап көр. Ендеше ол
— біздің ұлттық мақтанышымыз! Əскери əуе академиясын қазақтан
тұңғыш бітірген сұңқарымыз да сол! Мен саған 207 рет ұрысқа кірдім
дедім. Бірақ мен неше рет ұрысқа кірсем де, табанымды тіреп жерде
жүрмін ғой. Жердің адамға əр бұтасы болысады. Жер — қазсаң қорғаның
болып жəне шыға келеді. Ал Талғат 320 рет əуе жорығына шығып, бес жүз
сағаттай аспанда болған. Сол сапарлар кезінде жаудың орасан көп танк,
автомашиналарын бомбалап құртып, жүздеген жаяу əскерінің күлін көкке
ұшырған. Жау самолетін жəукемдеу штурмовиктердің шаруасы емес,
истребительдердің сыбағасы. Ал Талғат штурмовикпен жүріп жаудың жеті
самолетін жəне жер жастандырды. Ал аспанда болған сол бес жүз сағаттың


əр секунды, компастың тіліндей қалтылдап, өлім мен өмір сызығының екі
шетін кезек жанап, безек қақты емес пе? Сонымен бірге ол екі рет оқ тиіп
өртенген самолеттен жерге қарғыды. Бірінде он бес күн бойы жау жайлаған
жерде аш жүріп, ағаш кеміріп, аяқтан əл кеткенде төрт тағандап ілгері
ұмтылып, ерлікпен өз полкына келіп қосылды. Қоршауда қалған батальон
мен жалғыз кісінің арасы жер мен көктей. Көптің аты көп: біріне бірі сүйеу,
демеу күш, қуат қой. Жалғыз адамның жағдайы басқаша. Олай болса, нағыз
ер деп, ердің де ері деп сол Талғаттарды айтуымыз керек! Кеше, соғыстан
бұрын, «Егер соғыс болса, егер жау қаптаса» деп əн айтушы едік қой. Сол
сияқты, жаман айтпай жақсы жоқ дегендей, ертең Отанға қауіп төнсе лек-
легімен жауға аттанған қазақтардың ерлік туына есімі ұран болып
жазылатын ерлердің бірі Бигелдинов! Ендеше ондай ерді құрметтей
білуіміз керек! Бүгінгі батырды қадірлеу ертеңгі ұрпақтың ұранын
ардақтау. Понятно тебе, — деп Бауыржан зірк етіп сөзін аяқтады.
VIII
Бауыржанның əйелі тағы да есік ашып, ішке кірді. Біздің əңгімемізге
бөгет болғысы келмегендей, аяғының ұшымен басып келді де, Баукеңнің
қасына бір буда газет əкеп тастап, қайтадан шығып кетті. Тегі бүгінгі почта
болуы керек. Ең үстінде жатқан «Правдаға» көзім түсті де, Баукеңнің
«Правда» редакциясында болып, жарты сағат сөз сөйлегені есіме түсті.
Бірде біздің жазушыларымыздың бірі Латвиядан қайтып келе жатып,
Москваға соғады. «Бухарест» қонақ үйінен орын таба алмай тұрған оған
сонда жатқан Момышұлы кездеседі.
— Жеңгең ауруханада еді. Қысылып тұрсаң менің номеріме жайғасып,
оның орнына жат, — дейді Баукең.
Бұл февральдің орта тұсы болса керек. Жазушы Бауыржанның қасында
он шақты күн жатып, одан көп əңгімелер естиді.
22 февраль күні таңертең телефон шылдырайды. Баукеңнің қасындағы
қоңсы жазушы трубканы көтерсе:
— Бұл «Правда» редакциясынан ғой. Бізге Момышұлы жолдас керек
еді, — деп ар жақтан жұмсақ үнді ер адам үн қатады. Ол трубканы
Бауыржанға береді.


Баукең трубканы алып тыңдап тұрады да: «Қашан, қай сағатқа, қанша
минутқа?» деген екі-үш сұрақ қояды да: «Правдашылар үшін оны істеуге
болады, Паша» деп трубканы жабады.
Ертелетіп телефон соққан адам Жамбылдың бұрынғы аудармашысы, 8-
ші гвардиялық дивизияның «Отан үшін» газетінің алғашқы редакторы, ол
кездегі «Правда» газетінің қызметкері Павел Кузнецов екен. Правдистер
ертең, 23 февральда Момышұлы бізге келіп жарты сағат əңгіме айтып берсе
екен деп өтініпті. Сағат бірде алты жүз адам «Правданың» актовый залында
күтіп отырмақ екен. Бірге таман көлік жібереміз депті.
Содан кейін Бауыржан іштей толғанып, ойланумен болады. Көршісімен
арадағы бұрынғы əңгіменің бəрі қалады. Баукең бөлмеде арлы-берлі жүріп,
ертең сөйлейтін сқзін толғата бастайды. Ешқандай жазу жазбайды.
Ертеңінде сағат он екі жарымда Баукең атақты «қара көбелек»
галстугын тағып, шытырдай боп киінеді. Сөйтеді де бірге он минут
қалғанда бөлмеден шығып кетеді.
Біраз уақыттан кейін Бауыржан қайтадан бөлмеге келіп, шешіне
бастайды. Қоңсы жазушы сағатына қарап бірден қырық минут кетіпті. Тегі
көлік келмеген болар, Баукең содан соң қырсығып қайтып келген шығар
деп ойлайды да:
— Бауке «Правдаға» бардыңыз ба, бармадыңыз ба? — деп сұрайды.
— Бардым.
— Кездесу болмады ма?
— Болды.
— Тіпті тез ғой.
— Правдашылар деген тəртіпті халық қой. Мен барсам актовый зал лық
толып отыр екен. «Москва түбіндегі қорғаныс ұрыстары жəне оның Ұлы
Отан соғысы тарихында алатын орны» деген тақырыпта жиырма минут сөз
сөйледім. Правдашылар менің сөзімді бөліп, үш рет қол шапалақтады.
Менің сөзімнен кейін: Сіздің ордендарыңыз көп дейді ғой, оның бəрін қай
жерге тағасыз? — деген сұрақ қойылды. Мен оған: Отан берген, халық


сыйлаған наградаларым өте көп. Оларды, басқа да совет қолбасшылары
сияқты, кителімнің екі өңіріне қадаймын. Сыймағандарын арқама тағамын,
алқа етіп мойныма асып аламын! — деп жауап бердім. Жұрт ду күліп, тағы
да қол соқты.
Автор. Осы оқиға рас па, Бауке?
Бауыржан. Ы-ы-ың..., — деп алдымен сəл ыңылдап алды. — Рас. Бірақ
онда екі сұрақ қойылған болатын.
Автор. Екіншісі қандай еді?
ІХ
Бауыржан. Екінші сұраққа көбірек жауап беруге тура келді. Бір
журналист əйел: «Панфиловтың аузынан шыққан қандай қанатты сөздерді
білесіз жəне оның қандай жағдайға шығарылғанын айта аласыз ба?» деді.
Мен оған: Панфилов өте дана адам еді. Ол кісінің аузынан шыққан нақыл
сөздер орасан көп. Сізге мен соның қапелімде есіме түскендерін ғана
айтайын, — деп, бір-екі деп номерлеп, мына сөздерді айтып бердім.
1. Дүние толастамай мен шинелімді шешпеймін. Болашақ ұрпақтың
өмірі мен өнері, бақыты мен байлығы — осы сұр шинельдің ішінде.
— Бұл генерал-майор Панфиловтың 1941 жылы августта, дивизиясын
майданға бастап шығып бара жатқанда Алматы вокзалының перронында
тұрып айтқаны.
2. Байыптап істелген батылдық — əскери таланттың туысы.
— Бұл артполктың командирі полковник Кургановтың бір батыл ісіне
сүйсініп айтқан сөзі.
3. Кішкентай табыс — үлкен жеңіске үміттендіреді. Ол солдаттың
жауды жасқауға жəне жаныштауға деген сезімін тудырады.
— Бұл дивизия ең алғаш Крестцы деревнясы маңында бекініс
жасағанда жау тылына барлаушылар жіберіп, оларды жауға жанастырып
үйрету жөнінде полк командирі полковник Шехтманға берген кеңесі.


4. Шеп құрдық — шатыр тіктің. Шатырыңды жел ұшырып кетпеу үшін
қазығыңды мықтап қақ.
— Бұл дивизия 1941 жылы 7 октябрьде Волоколамск түбінде
тосқауылға тұрған кезде айтқаны.
5. Фашистер жегенді, одан соң ішкенді жақсы көреді. Ендеше анау
консерв-гранатты танктың табанына жемге беріңдер де, ал өртенгіш сұйық
затты сусынға ұсыныңдар. Шақырылмаған қонаққа бұдан артық сыйлық
болмайды. Жақсы солдат жан сауғаламайды. Ол ақылмен, айламен,
ынтамен соғысады. Фашист болат қораптың ішінде ғана батыр.
Сыртындағы қабығын сыдырып тастасаң сары үрпек балапанның өзі
болады да қалады. Содан соң танкты табаға айналдырып, оларды
шыжылдатып шығару сендердің қолдарында.
— Бұл генерал Панфиловтың Москва түбінде дұшпанды қарсы алар
алдында жау танкіне тоқпақ граната мен жанғыш затты қалай лақтыруды өз
қолымен көрсетіп, алғы шептегі жауынгерлерге айтқан ақылы.
6. Мергенге қырағы көзбен қоса, қыңқ етпес төзім керек. Көз — көреді,
төзім — жеңеді.
— Бұл дивизияның атақты мергені Төлеуғали Əбдібековке берген
кеңесі. Генерал Панфиловтан ақыл алған бұл батыр қазақ 397 фашисттің
көзін жойып, 1944 жылы 22 февральда ұрыс даласында ерлікпен қаза
тапты. Оның ТВ-2916 номерлі мергендік винтовкасы қазір Қазақстанның
Орталық музейінде сақтаулы тұр.
7. Əскери карта — ардақты документ. Ол — тарихтың, ұлы шайқастар
тарихының тамшысы. Карта — мыңдаған адамдардың өмірі мен өлімінің
өмірбаяны, шешен шежіресі.
— Бұл Волоколамск қорғаныс шебінде тұрған кезде генералдың
картасын абайсызда жыртып алған штаб бастығының көмекшісі
Колокольниковке ренжіп айтқан сөзі.
8. Беліне байлаған котелогы жоқ солдатты қарусыз солдат деп есептеу
керек.
— Бір жолы генерал кухнядан жапырлай ас ішіп жатқан солдаттардың


қасына келеді. Олардың біреуі ас ішсе, екіншісі жолдасының котелогіне
телміріп қарап отырғанын көреді. Сұрастыра келсе, телміріп отырғандар
бөлімге жаңадан келген жауынгерлер болып шығады, олар жолдасының
котелогы босауын күтеді. Бұған қатты кейіген генерал полк командирі
Капровты шақырып алып, дереу полкта котелок жасатуға бұйрық береді.
Капров генералға полкта котелок жасаттыратын лайықты материал жоқ
екенін айтып, ақталады.
— Материал деген мынау емес пе? — деп генерал сол маңда шашылып
жатқан мырышталған темірден жасалған патрон қораптарын нұсқайды. —
Осыдан үш күннің ішінде алты жүз котелок жасаттырыңыз жəне бірінші
біткен котелокты маған алып келіңіз.
Полковник Капров бұл бұйрықты орындап, жасатқан котелоктарының
біреуін генералға алып барып көрсетеді. Генерал котелоктың ішіне ыстық
су құйдырып, сақылдатып қайнаттырады да, оны төктіртіп тастайды.
Содан кейін таза су қайнаттырып, оған өз қолымен шай салып, Капров
екеуі сол котелоктан шай ішеді. Жоғарыдағы сөзді генерал сонда айтады.
9. Төзімділік — солдаттың төтенше қаруы.
10. Сен менің қызымсың, ал солдаттар — ұлым. Əр солдатты ағаңдай
көріп, оларды ажалдан арашалай біл, Валюша.
— Бұл екі сөз генералдың медсанбатта медсестра боп қызмет істеп
жүрген өз қызы Валентина Ивановнаға ұрыс арасында бір кездескенде
айтқан өсиеті.
11. Солдатты сыбап боқтай беру сардарлықтың белгісі емес; Солдат
сыйлаған сардар ғана қадірлі командир.
— Бұл генералдың Афанасьев деген майорға ренжіп айтқаны.
12. Ауыр ұрыс кезінде полктарда болғым келеді. Ауырып жатқан
баланы əкесі маңдайынан сипаса, ол едəуір əлденіп қалады. Ал ұрыстағы
солдат аурумен емес, ажалмен айқасады. Командирі қасында болса, солдат
ешқашан да ажалға əл бермейді.
— Бұл генералдың Волоколам ұрыстары кезінде алғы шептегі


бөлімдердің бірінде комиссар Мұхамедияровқа айтқан сыры.
13. Біздің дивизияның жауынгерлері тоңса, жау танктерін өртеп, соның
отына жылынады. От өшіп бара жатса, олар тамыздыққа тағы да танк əкеп
салады.
— Бұл генералдың Дубосеково оқиғасынан кейін аязды күні қолын отқа
жылытып отырып, дивизия комиссары Егоровқа айтқан сөзі.
14. Немістер біздің дивизияны «тағы дивизия» деп атайтын көрінеді. Ол
біздің адамдарымыздың тағылығынан емес, олардың тағыларды таяқтай
білетіндігінен болса керек.
— Бұл генералдың өз қызы Валентина Панфиловамен ең соңғы кезде
айтқан əңгімесінен.
15. Жауға жақын тұрсаң, оның жанын шығарасың. Алысқа көз
жеткенмен, қол жетпейді. Жауды көз көргенімен, қол ғана тұншықтыра
алады. Ендеше командир мен штаб бастығы артта емес, алда, ұрыстың
ұрымтал жерінде отыруы керек. Сонда ғана көз жеткенге қол да жететін
болады.

Бұл
генералдың
дивизия
штабының
бастығы
полковник
Серебряковке штабты жау оғының астында тұрған Гусеново селосынан
кейін көшіру туралы ұсынысына айтқан жауабы.
16. Гвардияшы болу — киын іс; совет гвардияшылары қиындықтың
бəрін де жеңеді! Жеңіске жол ашады! Жеңісті қолымен жасайды! Совет
гвардиясы атағын алу, совет гвардияшыларын басқару — аса зор абырой!
— Бұл 1941 жылы 18 ноябрьде «Правданың» əскери тілшісі Михаил
Калашников генералдың Гусеноводағы штабын іздеп келіп, «Правда»
газетінің 316-шы дивизияға 8-ші гвардиялық дивизия атағы берілгені жəне
оның жауынгерлік Қызыл Ту орденымен наградталғаны туралы Указ
басылған номерін əкеп бергенде айтқаны.
17. Өлді деген осы!..
— Бұл генерал Панфиловтың өлер алдындағы соңғы сөзі. Иван
Васильевич қырық бірінші жылы 18 ноябрьде Гусеново селосында оққа


ұшты. Бірақ ол өмірін немістерге арзанға берген жоқ. Панфиловтың көзінің
тірі кезінде оның дивизиясы жаудың 30 000 солдатын өлтіріп, 170 танкін
өртеген болатын. Генерал Панфиловтың жаудан ала жатқан «жастығы»,
міне, осындай болатын!
Осы кезде залдағы журналистер тағы да ду қол соқты. Қол соғу
тоқталғаннан кейін мен былай деп сөзімді аяқтадым:
— Генерал Панфиловтың бұл ақыл, нақыл сөздері — біздің дивизияның
тарихы. Əңгімемнің соңында менің сіздерге ол кісінің тағы бір сөзін
айтқым келіп тұр.
Бірде Панфилов санбаттың аспазы Сергеев деген солдатқа былай деген
еді:
— Аш солдатты маса да сүзіп құлатып кетеді. Адамдарды аш қылмай,
уақытында ауқаттандыру — аспаздың ең ұлы ерлігі!
Генерал айтқандай, маса сүзіп құлатып кетпеуі үшін, менің сіздерді
түскі тамаққа босатқым келіп тұр. Тыңдағандарыңызға рақмет.
Жұрт тағы да күліп, қол соғып жатты. Мені алғашында правдашыларға
таныстырып, сөз берген Павел Кузнецов журналистер атынан рақмет
айтты. Мен ешқайда бұрылмастан редакциядан шықтым да, есік алдында
əзір тұрған машинаға мініп, қонақ үйге келдім.
Х
Автор. Генералдың өзіңіз тікелей естіген ғибрат сөздерінен айтпаған
екенсіз ғой.
Бауыржан. Генералдың біздің батальонның окоптарын аралағандағы бір
сөзін айтайын деп едім, айтпадым. Өйткені правдашыларды да аяу керек
қой. Оларға түскі демалысқа берілгені бір сағат қана уақыт. Оның
жартысын мен жеп қойдым.
Автор. Біздің батальон Лама өзенінің жағасында тұрған кезде генерал
келіп, шебімізді, бекініс орындарымызды өз көзімен көріп қайтты. Ұзын
ордың ішінде біреулер темекі тартып, біреулер хат жазып, енді біреулер
мылтықтарын тазалап отыр екен. Генерал келгенде бəрі де орындарынан


ұшып тұрды. Бір жауынгер мылтығын тазалап болып, енді ғана затворын
орнына салғалы жатыр екен. Генералды көргенде сасқалақтап қалған ол
орнынан тұра бергенде затворын қолынан түсіріп алды.
— Халдарыңыз қалай, балаларым, — деді генерал жігіттермен
сəлемдескеннен кейін. — Жауды қарсы алуға əзірсіздер ме?
— Əзірміз.
— Дайынбыз, жолдас генерал.
Генерал жаңағы затворын жерге түсіріп алған жауынгердің жанына
келді.
— Сіз генералды көргенде сонша сасқалақтадыңыз, ал жау кеп қалғанда
қайтесіз? — деді ол жауынгерге жұмсақ үнмен.
— Сасқалақтағаным — генералымды сыйлағаным, генералды сыйласам
— жаудан жасқанбағаным ғой, жолдас генерал, — деп жауап берді солдат.
— Бəле, рақмет, — деді генерал күлімдеп. — Мені сыйлағандарың
жаудан жасқанбаңдар.
— Жасқанбаймыз.
— Жасқануды қойдық қой, жолдас генерал, — десті жауынгерлер
жамырай үн қатып.
Генерал жаңағы жауынгерге қайта бұрылды.
— Мынау қолыңыздағының аты не, жолдас жауынгер? — деді генерал
алдымен солдаттың қолындағы винтовканы, одан соң затворды алып,
орнына салып жатып.
— Винтовка, жолдас генерал.
— Сіздің солай жауап береріңізді біліп едім, — деді генерал мылтықтың
тұмсығын жоғары көтере мушканы сығалай көздеп жатып. Содан кейін
шаппаны шырт еткізе саусағымен тартып қалды. — Винтовка деген не?


— Қару, жолдас генерал.
— Бұл тек қару ғана емес, сіздің тағдырыңыз, жолдас жауынгер. Сіз
мұны күтіп ұстасаңыз, мен сіздің винтовкаңыз таза емес деп тұрғаным жоқ,
тілін ұқсаңыз — қай бөлшегі қай жерінде болатынын, қалай көздесеңіз
оқты дұшпанның қай жеріне тигізетініңізді бес саусағыңыздай білсеңіз —
жауды жеңесіз, мұратыңызға жетесіз. Ал оны білмесеңіз, мынандай тамаша
қаруды дұрыстап қолдана алмасаңыз — онда фашист сізді өлтіреді. Тағдыр
деген сол. Винтовка солдаттың тағдыр қосқан жары деген нақыл бар. Үйде
əйеліңіз бар ма еді?
— Жоқ, жолдас генерал, əлі үйленгенім жоқ.
— Үйленесіз, — деді генерал оған сенімді түрде. — Сізді болашақ
жарыңызбен жалғастыратын осы винтовка, балам. Міне, тағдыр деген осы.
Енді ұқтыңыз ба? — деп генерал солдаттың винтовкасын қайтарып берді.
— Ұқтым, жолдас генерал! — деп солдат күлім қақты. — Түсінікті.
— Түсінікті болса, мені тойыңызға шақырасыз ба? — деді генерал
жауынгерге қайтадан мойын бұрып.
— Шақырамын, жолдас генерал.
— Онда аты-жөніңіз кім, қай жерденсіз?
— Қызылəскер Темірхан Уашев, Жамбыл облысының Қордай
ауданынанмын, жолдас генерал.
— Темірхан ба, Тамерлан ба? — деді генерал көзін сығырайта күлімдеп.
— Темірхан, жолдас генерал.
— А, солай ма,— деді генерал ерніндегі күлкісін жиып, сəл иегін көтере
түсіп, байсалды үнмен. Генералдың əлде бір əзіл айтқысы кеп, ол ойын үзіп
тастаған тəрізденді. — Онда былай уəделесейік, Темірхан. Сіздің Қордай
ауданының орталығы Георгиевка мен біздің Фрунзенің арасы бір-ақ аттам
жер. Сіз жеңіспен елге қайтып, ата-анаңыз келін түсіргенде, мені тойға
шақыратын болдыңыз. Ал мен міндетті түрде келемін! Сонда Сіздің
тойыңыз, Чеховтың əңгімесіндегідей, генерал қатысқан той болады.


Келістік қой осыған? — деп генерал солдатқа қолын ұсынды.
— Құп, жолдас генерал, — деп, солдат мылтығын шапшаң иығына іле
салып, генералдың алақанын қос қолымен алып, ілтипатпен қысты.
— Жолдас Момышұлы, — деді одан соң генерал маған қарай бұрылып,
— енді маған танкпен қалай күресетіндеріңізді көрсетіңіз. — Осылай деп
генерал ілгері қозғалды. Өзіне құрмет көрсетіп, тартқан сымдай тік тұрған
жауынгерлерге басын изеп: — Ал, балаларым, мықты болыңдар! — деді.
Автор. Əңгімеңізге рақмет, Бауке.
Бауыржан. Саған да.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет