Гвардия полковнигі Момышұлы Бауыржанды 9-шы гвардиялық
қызылтулы атқыштар дивизиясының командирі лауазымына бекіту
туралы
ҰСЫНЫС
Бұл лауазымның міндетін 1945 жылдың 25 январынан бері атқарып
келеді, батыл, өжет, тактикалық жағынан сауатты, ұрыс үстінде
əскерлердің өзара байланысын ептілікпен ұйымдастыра біледі, ұрысты
жақсы басқарады, тəртіпті. Өзіне де, өзгелерге де талап қойғыш
бағыныштыларының арасында абыройлы. Саяси ой-өрісі кең. Моральдық
жағынан берік. Партия ісіне берілген.
Əскерлерге
ойдағыдай
басшылығы,
Прибалтикадағы
неміс
группировкасын жою жөніндегі ұрыстарда көрсеткен ерлігі мен
батырлығы, үшін Қызыл Ту орденімен наградтауға ұсынылды.
Қорытынды: атқарып келе жатқан лауазымына лайық. Момышұлын
дивизия командирі лауазымына бекіту туралы ұсыныс енгіземін.
2-ші гвардиялық атқыштар корпусының командирі Совет Одағының
Батыры генерал-майоры Баксов.
8 март 1945 ж.»
Бауыржан. Рақмет.
VII
Автор. Осы ұсынысқа қоса берілген жауынгерлік мінездемеге корпус
командирі Баксовтан кейін өздерінің ризалықтарын генерал-полковник
Чистяков пен армия Соғыс Советінің мүшесі Совет Одағының Батыры
гвардия генерал-майоры Абрамов қол қойған.
Ол екеуінен төменірек: «Дивизия командирі лауазымына лайық» деп
жазып 2-ші Балтық майданының командашысы Совет Одағының Маршалы
Говоров пен Соғыс Советінің мүшесі генерал-лейтенант В. Богаткин деген
кісі қол қойыпты.
Міне осыдан кейін Сізге АГ-00 001 сериялы № 52 374 куəлік берілді.
Ол куəлікте Қорғаныс Халық Комиссарының 1945 Жылғы 28 марттағы
0115 санды бұйрығы бойынша Сіздің штатты лауазымыңыз 9-шы
гвардиялық Қызылтулы атқыштар дивизиясының командирі екендігі
көрсетілген. Сонымен бірге «Москваны қорғағаны үшін» медалымен,
Қызыл Ту орденімен наградталғаныңыз, Оңтүстік Қазақстан облысының
Жуалы ауданында туғаныңыз, əйеліңіздің аты-жөні Мұқанова Жамал жəне
Бақытжан деген ұлыңыз бен Шолпан деген қызыңыз бар екендігі айтылған.
«Куəлік иесінің өз қолы» деген жерге «Б. Момышұлы» деп латын
əріптерімен қол қойыпсыз. Бір қызық жері Сіз өз куəліктеріңіздің бəріне де
осылай латынша қол қойып отырғансыз. Бұл документтің бірінші бетіне де,
соңғы бетіне де 2-ші гвардиялық атқыштар корпусының командирі Совет
Одағының Батыры генерал-майор Баксов қол қойған. Менде бұл куəліктің
де фото көшірмесі бар. Осы рас па, Бауке?
Бауыржан. Рас.
Автор. Осы арада тағы бір анықтап алатын мəселе боп тұр, Бауке.
Бауыржан. Қандай?
Автор. Жаңылмасам Сіздің қызмет тізімдеріңіздің бірінен қырық
төртінші жылдың аяғында, академияның алты айлық курсын бітіргеннен
кейін, 2-ші Балтық майданының қарамағына жіберілді дегенді көзім шалған
сияқты еді. Ол кезде 2-ші Балтық майданының командашысы А. И.
Еременко болатын. Сонда Сіз қалай 1-Балтық майданының командашысы
Баграмянның штабынан, Василевский мен Жуковтың ортасынан бір-ақ
шықтыңыз?
Əлде генерал-полковник Чистяков Сіздің 2-ші Балтық майданының
резервінде жатқаныңызды біліп, Сізге сенгендіктен, басшылық орны бос
тұрған 9-шы гвардиялық дивизияға командир етуге шақыртты ма? Бұл
үшін, əрине, армия командашысы, майдан командашысымен ақылдасады.
Ал Баграмянның Сізді Ставканың екі Балтық майданындағы өкілі
Василевский арқылы шақырттырып алуы мүмкін ғой.
Бауыржан. Иə, солай.
Автор. Оған дейін генерал-полковник Чистяковпен кездескен бе едіңіз?
Бауыржан. Иə, кездескенбіз. Немене сен бір сұрақты қайта-қайта қоя
бересің. Сенбей отырсың ба өзің?
Автор. Неге сенбейін, Бауке. Анықтап алайын деп жатқаным ғой.
Москвада 2-ші Балтық майданына барамын деп өзіңіз тілек білдіріп пе
едіңіз?
Бауыржан. Иə.
Автор. Неге?
Бауыржан. Алыста жүрген адам үйіне қайтуы тиіс пе, жоқ айдалаға
қаңғып кетуі керек пе?
Автор. Əрине, үйіне қайтқаны жөн.
Бауыржан. Ендеше бұл да сол. Сол кезде генерал-полковник Казаков
басқаратын 10-шы армия 2-ші Балтық майданының қарамағында болатын.
8-ші гвардиялық Панфилов дивизиясы сол армия құрамында жүрді. Ол
менің туған үйім емес пе?
Автор. Рас. Сонда бармақ ойыңыз болып па еді?
Бауыржан. Иə. Дивизиямды, жігіттерімді сағындым. Онда мен екі
полкта қызмет істедім ғой. Соның қайсысы бос болса, бұрынғы орныма
баруға да бейіл едім. Бірақ жолда генерал-полковник Чистяков кездесті де,
ол мені өз армиясына шақыртып алды. Жақсы ұстаз жаман шəкіртін де
ұмытпайды екен.
Автор. Сіз жаман шəкірт болған жоқсыз ғой, Бауке.
Бауыржан. Сөздің сірəғысы емес пе?
Авто р. Ұстаздарыңыздан ұмытқандарыңыз бар ма?
Бауыржан. Шəкірт үшін ұстаздың жаманы жоқ. Олардың бəрі де есімде.
Солардың ішінде ең алдымен ойыма оралатыны Панфилов пен Чистяков.
Чистяков маған үш рет ұстаз болған кісі. Ал бір шəкірттің бір ұстаздан
бастауыш кластарда, орта мектепте жəне жоғары оқу орнында сабақ алуы
өмірде өте сирек кездесетін оқиға.
Автор. Ол кісімен байланысыңыз қандай?
Бауыржан. Қарт адамдардың арасында байланыс бəсеңдеу болады.
Москваға барғанда — соғамын, сəлем беремін. Былтыр Иван Михайлович
Чистяков Алматыға келді. Үйіме шақырып қонақ еттім.
Автор. Сізді жақсы көрген командирлеріңіздің бірі генерал-майор
Баксов па деп ойладым, Бауке.
Бауыржан. Баксов ер көңілді, өжет, өткір кісі еді. Тəртіптілікті,
тиянақтылықты ұнататын. Бұлтаң-сұлтаңы жоқ, тура мінезді нағыз орыс
адамы болатын.
Автор. Оны айтып отырған себебім Баксов Сізге алты-жеті жақсы
мінездемелер жазыпты.
Бауыржан. Онысына рақмет.
Автор. Өзіңізді екі рет Қызыл Ту орденіне ұсыныпты: 2 мартта жəне 16
майда. Сіз 1945 жылы 6 июньде 1 дəрежелі Отан соғысы орденымен
наградталдыңыз. Бұл Баксовтың сол ұсынысының нəтижесі болуға тиіс.
Бауыржан. Əрине.
Автор. Бір қызығы Сіз тек 6 июньде ғана наградталып отырыпсыз. Ең
бірінші рет Қызыл Ту ордені 1942 жылы 6 июньде беріліпті. «Москваны
қорғағаны үшін» медалін де 1944 жылы 6 июньде алыпсыз.
Бауыржан. Кездейсоқ көп сəйкестіктің бірі болар.
Автор. Сіздің батальон басқарған, полк командирі болған кездердегі
жауынгерлік іс, еңбектеріңізден азды-көпті хабардармыз, Бауке. Енді 9-шы
гвардиялық дивизияның басшысы болған кезіңізден қысқаша да болса
дерек айтпайсыз ба?
Бауыржан. 1944 жылдың екінші жартысынан бастап 1, 2, З-Балтық жəне
З-Белорусь майдандары əскерлерінің иығына Балтық республикаларының
жерін жаудан босату, бұл үшін ең алдымен жау шебін бұзып, Балтық
жағалауына шығу, сөйтіп Балтық пен Шығыс Пруссия арасындағы күре
тамырды талқандап, немістің «Солтүстік» армиялар тобын Германиядан
бөліп ұстау міндеті жүктелді. Дұшпанның 16 жəне 18 армияларына соққы
бере отырып, жаз бойы бұл майдандар осы міндетті сатылап орындаумен
болды.
Оңтүстік
Литваға
(Вильнюс,
Каунас,
Неман
жағалауы)
Черняховский бет қойды. Курляндия мен Ригаға қарай Баграмян құлаш
сермеді. Еременко Резекнеге бағыт ұстады. Сөйтіп Вильнюс, Шауляй,
Елгава, Двинск, Резекне алынды. 3-ші Балтық майданының армиялары
Остров пен Псковты, Ленинград майданының əскерлері Нарваны азат етті.
Сөйтіп бұл майдандар біртіндеп күз бойы алға баса берді. Рига босатылды.
Октябрьдің екінші жартысында 3-ші Балтық майданы ажыратылды. 1945
жылы январьдың басында қалған екі Балтық майданы шабуылды тоқтатып,
аз уақытқа табан тіреп бекіністе болды. 1-ші Балтық майданының
қарамағындағы 9-шы гвардиялық дивизияға мен осы кезде келдім. Бұл
майдандар мен армиялар штабтарында алдағы шайқас-шабуылдардың
жоба-жоспарлары үсті-үстіне талқыланып жатқан қарбалас, қызу шақ еді.
Олай болатын себебі мынадай. Қырық бірінші жылы немістердің біздің
Отанымыздың жеріне үш топқа бөлініп кіргенін білесің. Олар:
«Солтүстік», «Орталық» жəне «Оңтүстік» армиялар топтары деп аталды
ғой. Біздің əскерлердің соққысы салдарынан оның екеуі, əсіресе «Оңтүстік»
армиялар тобы тоз-тоз болып, бірнеше рет қайта жасақталды. Тек
«Солтүстік» армиялар тобы ғана үш жыл бойына қаймағы бұзылмаған
қалпында тұрды. Балтық майдандары əскерлерінің 1944 жылғы жазғы,
күзгі тегеурінді қимылдарынан кейін бұл да өзінің бұрынғы белсенді
оперативтік-стратегиялық бірлестік қалпынан айрылды. Бұрын Балтық
жеріне бауырын төсей созылып жатқан «Солтүстік» армиялар тобы, енді
таяқ тиген жыландай жиырылып, шиыршықталып, «Курляндия» армиялар
тобы деп аталып, түбекке тығылды. Бұл топта отыздан аса дивизия болды.
1944 жылы 5 сентябрьде Финляндияның бізбен соғысты тоқтатуына
байланысты, Финляндиядағы неміс əскерлері де «Курляндия» тобына келіп
құйылып жатты.
Сөйтіп, тар түбекке иін тіресе тығыздалып топталған жау жан аямай
қарсылық көрсетті. Жабайы шошқалар емен ағашының түбін тұмсығымен
қопарып, қалай ойран-асыр қылса, немістер де Курляндия түбегін сондай
етіп, окоппен ойып, траншеямен тілімдеді. Ордың əр он бес метрінен
автомат пен винтовканың тұмсықтары қылтиып, əр сексен метр жерде
қылғына қылқиып пулеметтер тұрды.
Орлардың алдына, 30 - 40 метрдей жерден, темір тікенекті сым темірлер
тартылып, артына, 15 - 20 метрге, бүйінің ініндей үңірейе блиндаждар
тізілген. Бұл — жау бекінісінің бірінші линиясы болса, содан жүз-екі жүз
метрдей қашықтықтан дəл осындай екінші линия тартылған. Екінші
линияның арты танк өте алмайтын жалпақ та терең орлармен қоршалып,
артиллериямен тығындалған.
Мұның бəрі бірінші рубеж аталады. Одан бес-алты километрдей
кейінде дəл осындай құрылыс, құралдары бар екінші рубеж басталады.
Одан кейін үшінші рубеж келеді. «Солтүстік» армиялар тобының
командашасы
генерал-полковник
Шернер,
осы
линия,
рубеждегі
солдаттардан бір-бірлеп отырып, өлсем де орнымнан шегінбеймін деген
қол хат алған.
Олай болатын себебі Совет Одағының жеріне басып кірген кезде Гитлер
өз күшінің сол қанатын Курляндия арқылы Ленинградқа төкті. Ленинградқа
блокада жасады.
— Егер Курляндия біздің уысымызда тұратын болса, Россия үшін
Европаға жол жабық. Курляндия — Россияның Балтық теңізіндегі
форпосты саналатын Ленинградты алатын плацдарм. Ол — Ленинградтың
тажалы, одан соң Россияның Европалық бөліміне сілтелетін найза.
Сондықтан Курляндияға тез табан тіреп, оны қаһарман қамалға
айналдыруымыз керек, — деп өзінің стратегиялық нұсқауын берді. Қырық
төртінші жылы Совет Армиясының Балтық майдандары əскерлерінің
жойқын шабуылы басталып, Гитлер армиясы амалсыздан кейін шегіне
бастады. Осы кезде Гитлер:
— Қайткен күнде де Курляндиядан айрылмау керек. Орыстар Балтық
жағалауына шыға алмайтын болсын! Əйтпесе Финляндия, Швеция,
Норвегия, Польша, Дания қолдан кетеді. Шығыс Пруссия қатал соққыға
ұшырайды. Одан кейін бүкіл империяға қатер төнеді, — деп жəне
бажылдады. — Күшті қорғаныс шебін жасап, қайткенде де Курляндиядан
айрылмау керек! — деп бұйырды.
Міне біз олардың осындай қорғаныс шебін бұзып барып, «Курляндия»
тобын қоршауға алуға тиіс едік. Біздің қолымызға өткен елді пункттерді
қайтарып алу үшін фашистердің күніне қырық рет қарсы шабуыл жасаған
кездері болды. Күніне төрт рет емес, қырық рет қарсы шабуыл! Түсінесің
бе жағдайдың қандай қиын болғанын?
Автор. Түсінемін, Бауке. 2-ші Балтық майданының командашасы А. И.
Еременконың жазбаларында да Сіздің бұл айтқаныңызды растайтын сөздер
бар.
Бауыржан. Оның үстіне Балтық жағалауының ауа райы өте құбылмалы
ғой. Бірде жауын, бірде тұман болып, ілгері басқан аяқты кейін кетірген
кездер де аз болған жоқ. Маршалдар мен генералдардың күйіп-пісіп,
ызаланатын себептері де сол. Осындай қиын-қыстау кезеңде менің 9-шы
гвардиялық дивизияға басшы болуыма тура келді.
Дивизияда жеті полк бар еді. Олардың төртеуі орденді полк.
Орынбасарым өзіміздің Қазалының балықшы орыстарының ұрпағы, Совет
Одағының Батыры гвардия полковнигі Генадий Фадеевич Шляпин деген
жігіт. Ол қазақша судай жүйрік екен. Саяси жұмыс жөніндегі орынбасарым
қарт большевик, Саратов обкомының бұрынғы секретары гвардия
полковнигі Иван Михайлович Коньков деген кісі. Шляпин кейін мені аға,
оны ақсақал деп атайтын. Мен дивизияның жеті полкымен, олардың
командир, жауынгерлерімен жете танысқаннан кейін, біраз күннен соң
біздің корпус шабуылға шықты.
Курляндия — орманды, батпақты өлке. Онда аяқты, тұсаулы аттай,
кібіртіктеп қана басасың. Жүгіре алмайсың, тартпа шалшық аяғыңнан
алып, аттаған сайын сүріндіреді. Сондықтан да біздің майдандарымыз
аршындап ілгері баса алмай, жау шебін кеміріп мүжіп келе жатқан болатын.
Біздің дивизияға Латыш ССР-інің Приекуле станциясын жаудан азат ету
міндеті жүктелді. Оны картадан қараймын десең, Лиепая қаласының
шығыс жағынан ізде. Литва ССР-інің шекарасына жақын жерде. Дивизия
алғашқы күні жаудың жоғарыда айтылған үш қатар бекінісін бұзып,
станцияны алды. Одан кейін екі күнде тағы да сегіз километр алға басты.
Содан соң тағы он күн соғысып, ол он күнде он жеті километр ілгері
жылжыдық. Жаудан он бес елді пунктті азат еттік. Олардан есімде қалғаны
Жабали, Усайтюгворс, Видсмунка, Ұсайты деген деревнялар. Жиырма
шақты күнде не бəрі жиырма бес шақырым жерге жылжыдық. Соның өзі
Курляндия жағдайында аса зор жеңіс болып есептелді. Дивизиямыз жаудың
жиырма бес зеңбірегін, бес минометін, қырық бес пулеметін, отыз бес
танкін жойып, мыңға тарта неміс солдаттары мен офицерлерін құртты. Бұл
цифрларды мен саған өз жанымнан шығарып айтып отырғаным жоқ.
Корпустың сол кездегі ресми документтерінде осылай жазылған болатын.
Автор. Рас, Бауке. Ол документтердің кейбір көшірмелерін мен өз
көзіммен көріп оқыдым.
ІХ
Бауыржан. Осыдан кейін дивизия екінші эшелонға демалысқа
шығарылды. 6-шы гвардиялық армияның қолбасшысы Совет Одағының
Батыры, генерал-полковник Иван Михайлович Чистяковтың өзі келіп
құттықтады.
Осыдан кейін генерал-полковник біздің дивизияның 120 жауынгері мен
офицеріне өз қолымен награда тапсырды.
Автор. Ол бір ауыр ұрыстар болған екен, Бауке. Өзгесін айтпағанда
отыз бес танкті ойрандау осал іс емес қой! Ол күндерде қысылған, сасқан
сəттеріңіз болды ма?
Бауыржан. Неге болмасын. Қысылуды сұрасаң күніне əлденеше рет
қысылдық қой. Сасқан сəттер де болды.
Алғашқы күні, жаудың екі түбегін тартып алып, үшіншісіне ұмтыла
бергенімізде, фашистер танктерін тасалап бізге қарай дүрсе қоя берді. Алғы
шеп абыржып барып, кейін толқыды. Мен де дивизиямның алғы
тізбектерін өкшелеп келе жатыр едім. Командирі қасында тақау жүрсе,
жауынгердің жаудан беті қайтпайды. Зеңбіректер бір елі қалмасын деп
Шляпинге қатты тапсырып қойғанмын. Өйткені зеңбірек ерткен жаяу əскер
танктен тайсалмайды.
Қалай дегенмен де, алғы шеп кейін лықығанда мен едəуір сасқалақтап
қалдым. Бірақ адам бойында жасырын жатқан неше түрлі күш-қасиеттер
бар ғой. Солардың бірі қайрат пен жігер.
Қайрат — қамал бұзады. Шляпин жігерлі жігіт еді. Танктерді көргенде
ол да бар зеңбіректен атқылап берді. Кейін толқыған жігіттерді тоқтату
үшін мен қылышымды жарқ еткізіп қынабынан суырып алдым да:
— Қайда барасыңдар, менің қырандарым, алға! — деп алға қарай
ұмтылдым.
Дивизия командирін көргеннен кейін жауынгерлер кейін бұрылып,
«Ура!» деп қайтадан жауға қарай лап қойды. Дүние тарс-тұрс, гүрс-гүрс
болды да кетті. Жау танктері де лаулай бастады. Жігіттер жанына кеп
қалғанын шоқпар гранатпен соғып, «КС-пен» өртеп, жайрата жөнелді.
Біз, алғашында кейін серпілген жігіттерді өкшелей қуып, екпіндеп келіп
қалған бір топ неміспен қоян-қолтық келіп, найзаласа жұлқысып кеп кеттік.
Менің дəл қарсы алдыма біл арғымақтай офицер кісінеп келіп қалған екен.
Баяғы Сибирьде жүргенде үйренген ат үстінен шыбық шабатын əдісіме
салып, қыл мойынды қиғаштай тартып кеп жіберіп едім, офицер жұлындай
ұшып түсті.
— Алға, қырандарым, — деп тағы да қарлыға айқайлап, ілгері жүгірдім.
Қырандарым, таудан төңкерілген судай ағындап, менен озып, айналамнан
алға қарай ағылып жатты. Қираған танктердің біріне тақап қалғанымда
люктен шығуға тырбанып жатқан жау офицерін көзім жəне шалып қалды.
Оны маузермен көздей басып кеп салдым да, домалатып танктың алдына
сұлаттым. Осы кезде артымнан біреу келіп қапсыра құшақтай алды. Жалт
қарасам орынбасарым Геннадий Фадеевич Шляпин екен.
— Ағатай, Сізге не болды? — деді ол қазақшалап. — Кейін қайтыңыз.
Сөйтсем ол менің жаяу əскерді бастап, атакаға жүгіргенімді көріп, олжа
транспортерге міне салып, соңымнан қуып келіпті. «Ағатайлап» жалынып,
транспортерге отырғызып, мені кейінірекке алып шықты.
Ол күні мен, қылыш сілтеп, маузерден атып, жеке өзім жаудың екі
офицерін жойдым. Ал менің дивизиямның жауынгерлері жиырма танкты
өртеп, көптеген дұшпанды жер жастандырды.
Автор. Дəл осы ұрыстарға байланысты 2-ші гвардиялық корпустың
командирі Совет Одағының Батыры гвардия генерал-майоры Баксов
мынадай мінездеме жазған екен, Бауке; Орысшасы өте əдемі. Аудармастан
сол
қалпында
оқиын:
Достарыңызбен бөлісу: |