Айбек қалиев



Pdf көрінісі
бет17/22
Дата28.12.2016
өлшемі2,1 Mb.
#669
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22

* * * 
 
Сонда қыз адақтады мәні-жайын: - 
Жаратқан қызды сорлы бір құдайым, 
Қарғажан, айтқан сөзің кетті батып, 
Тыңдаңыз, мен жайымды баяндайын. 
 
Әкеттің мені айырып айлаң асып, 
Амал не, тәйірім сізге қылса нәсіп, 
Қапастан қашып жүрген мен бір тоты 
Ол жігіт жарым емес болған ғашық. 
 
Бұл елде бір ру бар Абақ, Тарақ, 
Оларға дәулет берген құдай қалап, 
Бар екен Қожакелді деген байы 
Бықсыған өзі сараң, өзі салақ. 
 
Елдері «Байқожекем» дейтін оны, 
Жүреді көше жайлап ылғи соны. 
Үстінен ала жаздай түспеуші еді 
Көн шалбар, тері тымақ, сеңсең тоны. 
 
Жамбасы бір жатпаған жерге тиіп, 
Жаз шілде, қыс аязда, күнге күйіп, 
Қорек қып өлген малдың өлексесін 
Жемеген бір семізін ерні жібіп. 
 
Бар екен соның саңырау бір баласы, 
Бұл күнде жиырма алтыға келген жасы, 
Кәсібі қауға тартып, қой бағады, 
Өсірген осылай қып ата-анасы. 
 
Сөзіңді айқайлаған естір зорға, 
Ас, тойда мінеді екен жайдақ нарға, 
Ет салып құрбан айтта алатұғын 
Белінде жүреді екен шекпен дорба. 
 
Үстіне бір боз шекпен киеді екен, 

 
239 
Аяққа көн шабата іледі екен, 
«Па, шіркін, Қожекеңнің мырзасы» деп 
Көрінген мазақ қылып күледі екен. 
 
Әкемнің өз көзінің тірісінде, 
Жақтырмай елдің жақсы бір ісін де, 
Мал беріп Қожагелді құда түсті, 
Әкемнің жұрт күйінді бұл ісіне. 
 
Сол жылы дүниеден қайтып кетті, 
Мал үшін жалғыз қызын сатып кетті, 
«Ей, кемпір, ақ батамды бұзбаңдар!»- деп 
Өлерде өсиет қып айтып кетті. 
 
Бір бай бар Ошақтыда, аты Ботпай, 
Бар екен жалғыз ұлы жанған оттай, 
Ешкімге құда түспей жүрген кезде 
Келуші ед әкемізге ат құрғатпай. 
 
Айтқанын оның қабыл көрмеген-ді, 
Қызым жас, қоя тұр деп бермеген-ді. 
Өкпелеп тең көрмедің бойыңа деп, 
Өлгенде әкеме олар келмеген-ді. 
 
Былғайғы бір жаман ат рулы елді, 
Болар ма дәурен сүріп жүруге енді, 
Қасына бір жас жігіт жолдас алып, 
Бір күні саңырау күйеу ұрын келді. 
 
Шешеміз қонақ асы сойып қойын, 
Елеулі есік ашар етті тойын, 
Жеңгелер желпілдеп жүр алым сұрап, 
Түңілді көргеннен-ақ менің бойым. 
 
Сыбырлап күйеу келмес сырласуға, 
Болмады көңілдегі сырды ашуға, 
Отырдым тәуекелге белді буып, 
Болар ма амал таппай құр жасуға. 
 
Дастарқан бізге жайды тамақ жайлап, 
Ыңырсып сары самаурын келді қайнап, 
Алдына жеміс қосып төккен нанды. 
Жем жеген мәстек аттай былш-былш шайнап. 
 
Егер де болсаң барып сынағандай, 
Болар ең көрсең түрін жылағандай, 
Сөйлегенде өгізше мөңірейді 
Ұр да жық сөзі жардан құлағандай... 
 
Жалындым бір жеңгеме қайтайын деп, 
Әжеме бар мұңымды айтайын деп, 
Жаны ашып, жақын жеңгем алып келді: 

 
240 
«Тіл алса мен дағы айтып байқайын» деп. 
 
Жыладым мен анама үйге келіп: 
Қойыпсың бір құзғынға жемге беріп, 
Жанында оның дәурен сүргенімше 
Қалармын ебін тауып бір күн өліп! 
 
Шешеміз естіп, біліп күйеу жайын, 
Өзі де отыр екен етіп уайым. 
Жата ғой төсегіңе ренжімей, 
Көрерсің күнің туса, қалқатайым! 
 
Сонан соң күйеулерге берді хабар: 
«Бұл жолы қалыңдығын көрді, жарар, 
Тағы да мұнан кейін жасырын кеп, 
Сүйсініп сүйгенімен мейірі қанар. 
 
Аттансын әзірінше, айыптамай 
Қазақтың қағидасы солай болар. 
Емес қой ат жетпейтін ауыл алыс 
Берермін келсін десем өзім хабар». 
 
Аттанып күйеу кетті кінә қоймай, 
Етіне бір бағланның қалды тоймай, 
Дариға, күнім қашан туады деп 
Жыладым әбден жүдеп ойлай-ойлай. 
 
Күн бар ма малға сатқан қыз бейбаққа, 
Барады көнбей тулап қыз қай жаққа. 
Бар еді қыз ұзатқан тартыс ойын, 
Мен бардым бой көтерер қыз ойнаққа. 
 
Ортада біреу отыр тойды бастап, 
Қосады домбыраға әнді жастап, 
Аяғын Гүлсін-ай деп қайырады 
Салмағын сөздерінің маған тастап. 
 
«Аулым көшті Ақсудың аңғарына, 
Сөз айтамын сұлудың заңғарына. 
Құба жонда құланның қодығындай 
Аршалының жем болдың аңдарына. 
Ойпырым-ай, ойпырым-ай, Гүлсін-ай, 
Көрген де күнің құрсын-ай. 
 
Мейман болды-ау, меңіреу сал албарыңа, 
Күйінемін қамалып қалғаныңа, 
Жарық көрмей жалғаннан өткеніңше 
Иман сұра құдайдан жалбарына. 
Ойпырым-ай, ойпырым-ай, Гүлсін-ай, 
Көрген де күнің құрсын-ай!» 
 
Дегенде жұрт шу етіп деді, пәлі, 

 
241 
Дұрыс айтады деп күліп елдің бәрі, 
Сондағысы осы қыз ба екен деген 
Кісідей қарай қапты жас пен кәрі. 
 
Мұны естіп үйге жылап қайтып келдім, 
Жігіттің айтқан жырын айтып келдім, 
Алдына қамқор ана жасым төгіп 
Дедім мен жан күйігін тартып келдім. 
 
Анамның жүрегіне түсті жалын, 
Жалғыздың көтердім-ау деп обалын, 
Ән салған сал жігітті сұрастырса, 
Ботпайдың жалғызы екен, аты Ғалым. 
 
Шақыртты бір жеңгемнен түн ішінде, 
Анамның ризамын бұл ісіне. 
Жігітті жеңгем байғұс алып келді, 
Домбыра етегінің жүр ішінде. 
 
- Шырағым, шақырдың деп қылма өкпе, 
Шешеннің тілі ортақ деген көпке, 
Барып тыңдап қайтатын уақытым жоқ, 
Ән салсаң ұнатар ем тым әлбетте. 
 
Дегенде домбырасын Ғалым алып, 
Жіберді толғай шертіп әнге салып, 
Жұмбақтап бір-екі ауыз өлең айтты, 
Басқаға түсініксіз, біздерге анық. 
 
- Сөзімнің әуелгісі айым-қайым, 
Біреудің біреу білмес мәні-жайын, 
Бұлт басқан бір бейбақтың күн мен айын 
Басқаны айтып, ана, не қылайын. 
 
Абайсыз бір ақ сұңқар түсті-ау торға, 
Аяусыз, айуанға жем, болған олжа, 
Бұғаудан босанарға жәрдем таппай 
Жем болған жапалақ пеп құзғындарға... 
 
Деді де домбырасын сүйей салды, 
Еш адам білмей қалды бұл хабарды, 
Ғалымға қымыз құйып, анам сонда 
Азырақ бір күрсініп ойға қалды. 
 
- Шырағым, өкінгенмен құр не пайда, 
Қол созған талапкер көп аспанда айға, 
Қапаста тұтқын болған ақ сұңқарды 
Бұғаудан босататын ерлер қайда? 
 
Бұл бейбақ қалып еді жастай жетім, 
Тартып тұр қасіреттің зор бейнетін, 
Әншейін аяқ асты қылман деуші ем, 

 
242 
Кешегі әкесінің өсиетін. 
 
Қайтейін надандықпен айтқан сөзін, 
Болар ма мұны көріп менде төзім, 
Қайратың жетсе сен ал Гүлсінімді, 
Ақтарсың ақ сүтімді келсе кезің. 
 
Күн-түні қайғыда отыр көзін ілмей, 
Жас жаны жазылар ма дәурен сүрмей, 
Бұл қызға қайын да жау, төркін де жау 
Уақиға бұл ісіңді қалсын білмей. 
 
Ботпай жүр өкпелеумен үйге келмей, 
Ақыры алыс қалды бізді көрмей, 
Тағында тәңірі саған жазған шығар 
Шын сүйсең не қыламын сізге бермей. 
 
Орнынан жігіт сонда түрегелді, 
Кемпірден бата тілеп сұрады енді, 
«Өмірлі, бақытты бол, балларым» деп 
Риясыз анам байғұс бата берді. 
 
Сол-ақ ед бұл жігітпен кездескенім, 
Асығыс аттанғанша тілдеспедім, 
Сертім жоқ өз аузымнан менің берген 
Анамның сөзін бұзып тіл кеспедім. 
 
Қатені сізге істеген мойынға алам, 
Құдірет жазса солай бар ма шарам, 
Қолына қарақшының түсіп барып 
Мен қалай ақтығыма сендіре алам. 
 
Бұрыннан мағлұм емес оған сырым, 
Солған жоқ әлі жас ем қызыл гүлім, 
Нахақтан мені жігіт бос күйдірер 
Ер жеткен ер біле ме қыздың сынын. 
 
Басыма барсам қайғы салмаймын ба, 
Құтылмас қу жалаға қалмаймын ба, 
Бәрібір қайда кетсем хақ бұйрығы 
«Ат сауыры» деген атақ алмаймын ба? 
 
Кездескен болды бір іс таланыма, 
Жеткізсін тәңірі сені талабыңа, 
Екі елді жауықтырып кеттім бірақ 
Анамның қалдым тағы обалына! - 
 
Мұны айтып орнынан қыз түрегелді, 
Мінеки алыңыз, деп қолын берді, 
Ақ жүзін аймаладым қалқи жүзіп, 
Аққудай мекендеген айдын көлді. 
 

 
243 
Сонан соң атқа мініп жүріп кеттік, 
Арада ай жарымдай сапар шектік, 
Арқада жайлап жатқан қалың Жаппас 
Ауылға сәске түсте келіп жеттік. 
 
Күн шыжып, шілде түсті, аспан қайнап, 
Ылдида отырған ел жаздай жайлап, 
Шалқыған шаңқай түсте шағаладай 
Көрінді ақ боз үйлер андағайлап. 
 
Айтпағам өз жайымнан бір сыр ашып, 
Қанша ойнап-күлсек тағы сыр сұрасып, 
Менде жоқ маңырамаға жетім тоқты, 
Және жоқ паналайтын жыртық лашық. 
 
Белгілі Бұхар бай мен Сейіл байлар, 
Көп жылқы көк алалы мыңдап айдар, 
Екеуі екі көлдің бетін алып 
Қозы қос іргелес боп бірге жайлар. 
 
Оларға менің еркім алынбаған, 
Қызығып байлығына жалынбағам, 
Арланып есігіне жалдануға 
Ешкімге күнім салып табынбағам. 
 
Айналды сұм жүректі жаралауға, 
Болар ма жылу сұрап аралауға, 
Амалсыз тұрмыс айдап көндірмекші 
Біреудің босағасын паналауға. 
 
Бар еді Қалша деген бір құрдасым, 
Ол менен аямаушы ед мал мен басын, 
Кісі еді кедей, жомарт, ер көңілді, 
Түсуге кетті соған ықыласым. 
 
Қызға айттым - мынау қараша үйге түсіп, 
Демалып аттанайық сусын ішіп, 
Барамыз барар жерге кешке қарай 
Барады аспан қайнап, күн тағы ысып. 
 
Қыз айтты - ауылыңыз болса қашық, 
Барармыз дәм бұйырып болса нәсіп, 
Өзімнің сүйіп алған жарым деңіз 
Айтпаңыз басқа жайды бір сыр ашып. 
 
Біз түстік іздеп келіп замандасты, 
Шын достың уағдасы жоғалмас-ты, 
Үйінен жүгіре шығып Қалша байғұс 
Көрісіп бізбенен кеп амандасты. 
 
Ақсиып анадайдап күле келді, 
Түсініп біздің жайды біле келді, 

 
244 
Сырт қызға сыр білдіріп қалмастай боп 
Ішіне бір сұмдықты түйе келді. 
 
- Қарғажан, құтты болсын алғаныңыз, 
Осы еді біздің дағы арманымыз, 
Алдыңда көп әлеумет күтіп отыр 
Ас ішіп аздап үйге алданыңыз! 
 
Шешініп біз отырдық үйге жайлап, 
Жиналып келіп қалды ауыл-аймақ, 
Тетелес тең құрбыға хабарлауға 
Бір атқа Қалша кетті мініп жайдақ. 
 
Біреу келіп, біреулер қайтып жатыр, 
«Алғаның құтты болсын!» айтып жатыр, 
«Япырым-ай, мұндай сұлу көрмедік!» деп, 
Кейбіреу келіп шегін тартып жатыр. 
 
Шашуға бала-шаға тойып жатыр, 
Самаурын қатар-қатар қойып жатыр. 
Бір жігіт бір бағланды алып ұрып, 
Шиге сап домалантып сойып жатыр. 
 
Бесінде Қалша үйінен атқа міндік, 
Шеттегі бір ауылға тура жүрдік, 
Келеді аттанған соң Қалша бастап 
Ауылға бір бүйірлеу жақын келдік. 
 
Келеді аттанған соң Қалша бастап, 
Қу Қалша сөз айтпайды бір сыр тастап, 
Оңаша оқшау қонған бір ауылға 
Қалшекең келе жатыр бір жамбастап. 
 
Күмбездей тұр ақ отау тіккен сайлап, 
Желілеп жағалауға бие байлап, 
Қыз-қатын шағаладай дөң басында 
Келеді алдымыздан андағайлап. 
 
Түсірді ойпаң жерге Гүлсінді аттан, 
Шешініп, асыл киім алды жайлап. 
Қалша да қыз қасында бірге қалды, 
Артыңнан барармын деп жеңгетайлап. 
 
Іс еткен секілді бір алдын ойлап, 
Қайғысыз жүрген бір жан күліп-ойнап, 
- Бар дағы ақ отауды иеленіп, 
Түсе бер,- деді Қалша атты байлап... 
 
Ақ отау алтын оқа дөдегелі, 
Күмістен күмбез қаққан керегелі, 
Сом темір босағасы дауыл жықпас 
Болыскей шекетулі шегелері. 

 
245 
 
Тастаған асыл кілем, айнала ұстап, 
Жинаған көрпе-жастық шаймен тыстап, 
Не керек бұйымдарын дайын еткен 
Ауызбен бітіре алмас бәрін нұсқап. 
 
Боп қалды келін түсіп той-тамаша, 
Жыршылар, жырлай келді бетін аша, 
Біреу ат, біреу шапан алып жатыр, 
Әлеумет жиналып кеп дабырласа. 
 
Ән шырқап ақ боз үйден айқай салып, 
Сырттағы сыймаған жұрт түрді жабық, 
Бір жүзік, бір орамал алмаған жоқ, 
Балалар омырауына теңге тағып. 
 
Бұл дәулет бұған сая болды нағып, 
Мерейі болған үстем отын жағып, 
Тыңдаушы, таң-тамаша отырсыңдар, 
Ақыннан әлі күтіп артын бағып. 
 
Мәнісі бұл жұмыстың былай болған: 
Көз жасын төгіп Қалша жылай барған. 
Жиналған бозбаланың ортасына 
Сүйінші мана Қалша сұрай барған. 
 
Қасында бір сұлу бар Қарға келді! 
Ат соғып шаршағаннан зорға келді. 
Сұлудың әзіліне ортақ болып 
Ер Қарға жығылатын орға келді. 
 
Қызы екен Ұлы жүздің аты Гүлсін, 
Жалғанда өлмей Гүлсін тірі жүрсін, 
Дүниеде мұндай сұлу болады екен, 
Қарғаның арманы жоқ, ойбай құрсын! 
 
Кешегі Ләйлі сұлу, Баяннан да, 
Сымбаты артық Бәдіғұл-Жамалдан да, 
Қыз Құртқа, сұлу Жібек пар келе алмас, 
Теңі жоқ тірі жүрген адамдарда. 
 
Құрбылар, бекер емес мұным анық, 
Көргенде болар емес көзің қанып, 
Егер де осы айтқаным жалған болса 
Мойныма өлтіріңдер шылбыр салып. 
 
Қарғаның қорғалайтын панасы жоқ. 
Буылған бұлқынарға шамасы жоқ, 
Біреудің босағасын паналай ма? 
Қайтеді онан басқа шарасы жоқ. 
 
Қалшекең айтар сөзге қандай епті, 

 
246 
Отырған тамсандырды мына көпті, - 
Қор болған кедейліктен, сабаз-ай!- деп, 
Солқылдап Қалша жылап, жасын төкті. 
 
Бұл сөздің анығына олар жеткен, 
Ер үшін тартынар ма ел көмектен, 
Етелік деді бұған ағайындық 
Қарғадай бірің бар ма, ерлік еткен. 
 
Бізге де алыс емес осы Қарға, 
Қарғаның бізден артық досы бар ма? 
Елдессең, белдессең де, бәйгелессең 
Жарайды қай ісіңе қосыларға. 
 
Бұл Қарға қызды әкелді елім бар деп, 
Дейтұғын алтын Арқа жерім бар деп, 
Бір қызға сөзге бай боп айтқан шығар 
Тең құрбы, талай дос-жар ерім бар деп. 
 
Ел кезген есерлікпен ер едім деп, 
Елеулі елде екінің бірі едім деп, 
Ол қызға сөзге бай боп айтқан шығар, 
Қыз таңдап бір жаратпай жүр едім деп. 
 
Жиналған кіші інілер, үлкен аға, 
Қарғаның ерлігіне етсең баға, 
Қыз қызылшыл әзілге ортақ етер 
Бұл қызға етеміз бе мұны таба?! 
 
Жігіттер осы сөзді көпке салған, 
Бәрі де бұл тілекті қабыл алған. 
Қырық жылқы, жүз елу қой жинап алып 
Қазына он бес нарға жүгін таңған. 
 
Ерлердің жомарттығын елі көрген, 
Бәрі де сөзге келмей соңына ерген. 
Кіргізіп жас келінін оң жағына. 
Отауын кіші ұлының бірі берген. 
 
Мал қосып біреуі бес, біреуі оннан, 
Қарғаның туған екен жұлдызы оңнан, 
Болғанша қожа бесін бәрін байлап 
Қарғаның аулы екен жаңа қонған. 
 
Білмейді бұл сырымды мынау Гүлсін, 
Ешбір жан айтпаған соң қайдан білсін, 
Гүлсінді қалай алып келгенімді, 
Әлеумет, әлі күнге білмей жүрсің. 
 
Бұл кемпір сүйтіп алған Гүлсін еді. 
Алаңсыз мені дәйім бұл сүйеді. 
Үш тәулік өтіп еді арасында, 

 
247 
Бір күні Гүлсін қатты күрсінеді. 
 
Бұрынғы қалыбынан айрылып жүр, 
Қабағы түсіп, қатты қайғырып жүр. 
Тұнжырап түсі қашып түтіккендей 
Қайғыға тұла бойын алдырып жүр. 
 
Сұрадым:- Гүлсін, саған не қылды?,- деп, 
Көз жасың мұнша неге төгілді?- деп, 
Сарғайып сар сүзектей кеттің жүдеп, 
Гүлсінжан, кімнен тауың шағылды көп. 
 
Орынсыз біреу тілін тидірді ме, 
Жаманат, өсек тонын кидірді ме, 
Болмаса сүйген жарың еске түсіп 
Дауасыз жүрегіңді күйдірді ме? 
 
Сөйледі сонда былай маған Гүлсін: - 
Жарамды жаны басқа қайдан білсін, 
Ойлаймын шарға түскен сорлы анамды 
Сен жетіп арманыңа мәз боп жүрсің. 
 
Сорлы анам ақылы ауып кеткен шығар, 
Алжуға әлі бітіп жеткен шығар, 
Барымта, дау жанжалмен әркім тонап 
Атаның аз дәулеті біткен шығар. 
 
Жолыңнан қорықпасаң қауіп қылып, 
Барып кел, сорлы анамды сауықтырып, 
Есіңде бар ма, сірә, жаным Қарға, 
Кеткенің барлық елді жауықтырып.- 
 
Мұны естіп атқа мініп жүріп кеттім, 
Біріне сездірмедім жүрген көптің, 
Ай жүріп, арасында сапар шегіп, 
Аулына қайын-енемнің келіп жеттім. 
 
Үйіне өзім көрген танып кірдім, 
Есіктен сәлем беріп барып тұрдым. 
- Шырағым, жоғары шық,- деді анам, 
Қорғалап төменірек жерге отырдым. 
 
Мен үйге кіргеннен-ақ ашып есік, 
Кемпірдің кеткен мені көзі тесіп. 
- Отырған босағада себебің не? 
Шықпайсың төрге, балам?- деді,- нешік? 
 
- Мен келдім, қамқор ана, алыс жақтан, 
Хабарым бар жігітпін әр тараптан. 
Отырған босағада себебім сол, 
Қорқамын төр аттауға аруақтан... 
 

 
248 
Кемпір айтты:- Берірек келші жуық, 
Жақсы болсаң жібермес аруақ қуып, 
Гүлсінім жоқ болған күн келдің-ау, сен, 
Көзіме көрініп ед түсің суық. 
 
Білсең айт, Гүлсінімді, қайда кетті? 
Айрылып жалғызымнан болдым дертті, 
Қақбас ит, қатынымды тауып бер деп 
Тап берген Тарақтының азары өтті. 
 
Бүлінді өрде жатқан барлық халық, 
Нақақтан Ошақтылар жатыр жанып, 
Ботпайға қызыңды алып қашырдың!- деп 
Ол жатыр Сіргеліден барымта алып. 
 
Сіргелі тартпақ болды қалыңмалын, 
Ошақты қызды өлтірген «болды залым», 
Қалыңмал адам құнын қоса даулап, 
Екі рет тартқызбағы болды мәлім. 
 
Сол күні сен осы үйге келіп едің, 
Жүзіңді шала-шарпы көріп едім, 
Келді-ау деп сол шіркіннен сорлы Гүлсін 
Өзімше жорамалдап біліп едім. 
 
Шырағым, жөніңді айтшы, неткен жансың, 
Сүйіндір, аңсаған бір мейрім қансын. 
Мен сені текке келген жан демеймін 
Талабың тәңірі алдыңда жарылғасын! - 
 
Орнымнан түрегелдім қол қусырып, 
Анаға тағзым еттім басымды ұрып, 
Ұлықтан рұқсат алып кішілікпен 
Сөйледім босағада тіке тұрып. 
 
- Ей, ана, бұл күнамды ғафу еткін, 
Ғафулық сұрайын деп сізге жеттім. 
«Махфузда» тәңірім солай жазған болар, 
Өзіммен Гүлсініңді жүптіленттім. 
 
Өлген жоқ, Гүлсін тірі осы күнде, 
Оның жоқ менен бөтен досы мүлде. 
Келгенде сонша жерден тілегім сол, 
Жүрейін құлшылықта есігіңде. 
 
Руым Алшын, Ұлы жүз үлкен ағам, 
Бергелі аруағына келдім сәлем, 
Үш жүздің баласына мәлім болған 
Жон кезген, жолым сұйық едім жаман. 
Ғафулық алдыңыздан сұрай келген 
Ғайыбынан тәңірі берген Қарға балаң.- 
 

 
249 
Сонда ана саулы інгендей боздады иіп, 
Өзінің омырауына жасын құйып, 
Орнынан тұрып келіп мейірі түсіп, 
Үш рет маңдайымнан алды сүйіп. 
 
- Қарағым, Қарға десем Қарғам екен, 
Қарғаның жаманаты жалған екен. 
Өлсем де енді менің арманым жоқ, 
Гүлсінжан өз теңіне барған екен. 
 
 
Қарғажан, өрт екенсің жанып тұрған, 
Бетіңнен ерлік сесі тамып тұрған. 
Құдай-ай, тіл-аузым тасқа тисін 
Қабыл ет көз жасымды ағып тұрған!- 
 
Мұны айтып тәтті тағам дайындады, 
Жүрегім енді орнығып байымдады, 
Кемпірге арқа сүйеп алғаннан соң, 
Қаймығып Қарға жаудан тайынбады. 
 
Бұл үйден тамақтанып жүріп кеттім, 
Жиынға жылдам жүріп келіп жеттім, 
Төбеге топ жиналып жатыр екен, 
Шетінен келіп тұрдым қалың көптің. 
 
Жақындап келдім жуық сәлем беріп, 
Бәрі де таңырқады мені көріп, 
Қырмызы қызыл шапан, жібек белбеу, 
Басымда мақпал тысты сусар бөрік. 
 
Алыстан жүріп келген атым жарау, 
Көрінді әлеуметке салтым бөлек. 
Бәрі де елең қылып амандасты 
Жан-ау деп жүзі басқа жүрген келіп. 
 
Сұрады билер сонда атым-жөнім, 
Жүрсің деп не жұмыспен, қай жерде елің?.. 
Сұраған сұлтан, төре, билеріне 
Жауабым сонда мынау берген менің: 
 
- Бір аққу ұшқан екен айдын көлден, 
Дәмелі бір қаршыға соңына өрген, 
Қалыңға қаңғалақтап адасқанда 
Аққуға кез келіпті бір сұр мерген. 
 
Бір атып топшысынан түсіріпті, 
Өлмесін аққу маңғаз түсініпті, 
Аққуды алып кетіп емдеп жазып 
Ойнатып бақшасында ұшырыпты. 
 
Өтіпті сонан бері талай заман, 

 
250 
Көңілі шат, бақшада ойнар болмай алаң, 
Хабарын иесіне айта келдім, 
Құсыңды өзің ал деп тұрғанда аман. 
 
Руым Алшын, сұрасаң атым Қарға, 
Арқада сайран салып өстім арда, 
Болған соң кісі хақы иеленіп, 
Кететін шынымды айтпай жыным бар ма? 
 
Бұл елге бұзылғанды жөндей келдім, 
Жарасын, жаралысын емдей келдім. 
Ақ ниетке қаралық ойлағанның 
Артыма өлексесін теңдей келдім.- 
 
Сөйледім сонша топты таңырқатып, 
Шөлдетіп кещелерді шаңырқатып, 
Шешуін бұл жұмбақтың бірі таппай 
Шулады әр нәрсенің басын шатып. 
 
«Осы итің не деп кетті?» деді халық, 
Қамалап тұра қалды ортаға алып, 
Сен жынды кімді теңдеп кетесің деп 
Ұмтылды кеппелері ашуланып. 
 
Сөйледі бір жас жігіт сонда шеттен, 
Халыққа тұра тұр деп айқай салып, 
Атына қамшы басып омыраулап 
Ортаға келді жігіт топты жарып. 
 
- Ол жынды емес ақымақ, сендер жынды, 
Ит деп сөгіп, қамайтын, ол не қылды! 
Түйінін осы даудың осы шешер, 
Сонан соң мейлің кімнен алсаң құнды! 
 
Аққуы көлден ұшқан Гүлсін екен, 
Адасқан қаршығасы мен сұм екем, 
Тап келген бір сұр мерген өзі болды, 
Ерлікпен айла асырған бір қу екен.- 
 
Жұрт тұрды мына сөзге аң-таң қалып, 
Қайтадан қамаласты ортаға алып, 
Жоқ қылып қарақшыны кетелік деп, 
Жіберді қамшыменен бір-бір салып. 
 
Тұрғам жоқ онша олардан мен де сасып. 
Жібердім көк домбайға қамшы басып. 
Қамшымен бір-бір салып кеткенімде 
Жығылды бірталайы омақасып. 
 
Тоқтатты әлгі жігіт арашалап, 
Көп халық келіп тұрды тамашалап, 
Баяғы қызды ұрлатқан Ғалым екен, 

 
251 
Билерге келді жақын жанасалап. 
 
- Ей, жұртым, қыздың көрдің өлмегенін, 
Мен сорға бекер болды-ау сенбегенің, 
Билігін осы даудың мен айтайын, 
Тұрыңдар әділдігім көр де менің. 
 
Қыз үшін Тарақтылар қайғырмасын, 
Бұрынғы абыройынан айрылмасын. 
Көрсеттің көзімізге ерлігіңді 
Жарайсың, бәрекелде, жан құрдасым. 
 
Айтпаймын мен де алам деп сүйгенімді, 
Мен дағы сөндіремін күйгенімді. 
Бұл жігіт осы ауылға күйеу болсын, 
Тоқтаңдар, Тарақтың да, Сіргелің де. 
 
Гүлсіннің көкірегінде зар болмасын, 
Айырма сүйіп қосқан жан жолдасын, 
Бұғаудан босатылған бір көгілдір 
Шарықтап шалқар көлде сайрандасын. 
 
Ер-тоқым, екі атымның көзін берсін, 
Әлеумет әділдікті көзің көрсін. 
Әуелде ақ батаны бұзған өзім, 
Сондықтан бұл қалыңмал менен өнсін. 
 
Қайрылып ынтымаққа ары болса 
Тарақты көп сөйлемей енді келсін, 
Шешілді дау түйіні, шер тарады, 
Ағайын ендігісін өзі білсін.- 
 
Шу етті Сіргелі мен Ошақтылар, 
Тарақты жеке қалып нені қылар. 
Билер де бұл билікке қанағаттап, 
Тоқтатты даудың артын ұмар-жұмар. 
 
Баяғы даукес салақ Қожагелден 
- Билерім, билік тыңда енді менен, 
Даушылар өз билігін өздері айтып 
Тыныссыз, тындырмай ма әділ төрем. 
 
Қарғаның батырлығы болды мәлім, 
Жомарттық жұрт алдына етті Ғалым, 
Сүйгенін бір біріне қиысқанды, 
Қисық қой бұл билікке тынбағаным. 
 
Гүлсіннің менің балам теңі де емес, 
Қайтейін кем жаралған қор жаманын, 
Ғалымның мен алмаймын жалғыз тайын 
Бейқұттан бір жұтаған болсын малым...- 
 

 
252 
Орнынан жұрт қуанып түрегелді, 
Мінеки, билік-ақ деп бәрекелді, 
Жездем деп Ұлы жүздің жігіттері 
Кемпірге той жаса деп үйге келді. 
 
Гүлсінді мен сыйладым жолдасым деп, 
Дұшпанға Гүлсін таба болмасын деп, 
Бұл сырды айтпай кеттім әлеуметке 
«Ат сауыры» деген атақ алмасын деп. 
 
Талпындым шыдай алмай азар кекке, 
Сондықтан ұры атағым кетті шетке. 
Кедейге кесірімді тигізбедім, 
Жүргіздім құрығымды бай мен бекке. 
 
Жасымнан түзулікті ұнатамын, 
Жақсыға жан сырымды сынатамын, 
Жігіттер, тіршілікте түзулік бақ, 
Алмаңдар маған ұсап ұры атағын. 
 
Үйленіп отыз бесте аттан түстім, 
Ақтан тілеп несіпті адал іштім, 
Сырымның айтылмаған бірі осы еді, 
Бір саласы жастықта еткен істің. 
 
Аты екен атамыздың Құлмағамбет, 
Білмеймін арғы жағын мен де жөндеп, 
Келімсек деген жан жоқ осы елде, 
Таныды Қарға бізбен теңбе
-
тең деп...

 
Айтыпты әңгімелеп мұны Қарға, 
Қарғаның мұнан өзге шыны бар ма? 
Аяқтап өсиетін, көзін жұмып, 
Кіріпті жер қойнына тынығарға. 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет