Уақ Жұмабайдың Нұрғалимен айтысы
Уақ Жұмабай 71 жасқа келіп, қартайған шағында Жағалбайлы еліне бір асқа барады.
Сол аста Жағалбайлы елі Нұрғали атты жас ақынын Жұмабайға айдап салады. Нұрғали
айтысты Жұмабайдың перзентсіздігін, кәрілігін бетіне басып, тиісе бастайды:
Мен өзім осы күнде жас ақынмын,
Мен өзім жас та болсам бас ақынмын.
Егер де домбыра ұстап, денем қызса,
Қарт ақын Жүкеңдерді басатынмын.
Жұмеке, айтысарлық шамаң бар ма?
Мен жүйрік – жеткізбейтін шабандарға.
Өз басың тіресуге жарамасаң,
Тең келер таралғыға балаң бар ма?
Сонда Жұмабай тұрып:
Қанатын қаға алмаса сұңқар дарын,
Менің де өлең-жырдан бұлтарғаным.
Ағайын бала мінер көк тайыңды,
Бәйгеге білмей қостың тұлпар барын.
Шамаңды, көлеміңді байқа балам,
Жөн болар шалабыңды шайқамаған.
Өлеңші ата келіп бата берген.
Бір қонып кеткенің жөн қайта маған.
Кеудемде дауылды өлең ұясы бар,
Сендейлер шыға алмайтын қиясы – жар.
Төбемде қаз бауыр бұлт әлі де тұр,
Шамдансам жыр нөсерін құя салар.
Өлеңнің ордасы емес қосын алып,
Жүрсің бе сайтан ертіп досың қалып.
Шегіртке айғырындай шедірейтіп,
Қай мықты ертіп жүрген қасына алып.
Бүгін мен көрсетейін көресіңді,
Шығарып жұрт алдында өлесіңді.
Кімсің сен, қайдан шықтың, қай ақынсың,
Өлеңге билік айтар төре-сынды.
Жеңіп ал Әбішімді немеремді,
24
Ахмет жыр күмбезін теңер енді.
Қиратып қабырғаңды өлеңменен,
Аударар шаңырағың керегеңді, –
деп бір қайырып алып, Нұрғали тосылып, үндемегеннен кейін әрі қарай төкпелете жөнеледі:
Сөз сөйледім жасымнан,
Кетпей жүр қайғы басымнан.
Кәміл пірім қайдасың,
17 жаста қосылған.
Қарсыласпай қалам ба,
Бар екен дұшпан басынған.
Түйін қабақ тас түлек
Қалыңнан қасқыр іледі.
Түрікпеннің наркескен
Бауырдай тасты тіледі.
Оза шауып бәйгі алдым,
Бұл қай жақта жүр еді,
Нұрғали атты жас бала
Сөз мәнісін білмеді.
71-дегі кәрі шал,
Маған да не деп күлгені.
Атан түйең бар болса,
Жүгіңді артпа есекке.
Тоқсан қарға ұшады,
Бір тастаған кесекке.
Өзімнен соңғы ақын деп,
Қосушы едім есепке.
Көзім тірі тұрғанда,
Бұл сөзіңді есепте.
Топқа айтарлық сөзің жоқ,
Жастығыңды пеш етпе.
Тоқта, бала, көзіңді аш,
Жігіттікке болмас мас.
Байлық-жарлылық білдірмес,
Бұтқа біткен екі тас.
Аз бен көпті байқатпас,
Жиырма бесте қызба жас.
Дәу қарағай құласа,
Баялышпен тең болмас.
Ақсұңқардың баласы
Құладын құсқа жем болмас.
Қудың өті болмаса,
Қарғаның өті ем болмас.
Қартаймақ түгіл өлсем де,
Молам сенен кем болмас!
Уақ Жұмабайдың Нұржан Наушабаевпен айтысы
25
Нұржан:
Мен тек айыл жүйрікпін,
Алты бассам таусылар,
Алты айшылық өктемім.
Ит өлген жерге айдай бер,
Жалғар жалқау көк перім.
Мағырып пен Машырықтың,
Арасына жеткенше,
Сыр беремін деп пе едім?!
Арғын-қыпшақ жиылса,
Мен тұрғанда сөйлейтін,
Бар ма, қазақ, жоқ теңім?!
Домбырасын қолтықтап,
Қутыңдаған шалың кім,
Түрінбей келген шекпенін?!
Жұмабай:
Сөз сөйледім жасымнан,
Кетпей жүр қайғы басымнан.
Кәміл пірім қайдасың
17 жаста қосылған.
Тым озатын қол қысқа,
Ақын болсаң жаз нұсқа.
Түркістан, Сібір, Орынбор,
Дабылым кетті алысқа.
Құланиек күн шықпай
Тоймаушы едім шабысқа.
Сыр бермеге жоқ едім,
Сілтеуші едім алысқа.
Асыл ердің белгісі –
Жанын қияр намысқа,
Жамандықтың белгісі –
Өзін-өзі мақтаған,
Мақтаншақ жұртқа жақпаған,
Осы айтқаным анық па?!
Алып қашпа екенсің,
Көбік ауыз қарыспа.
Зорыққанын білмейтін,
Құр құмарсың жарысқа.
Айт дегенге арс етіп,
Етегіме жабыспа!
Сен бір сайтан көбелек,
От алып түскен қамысқа.
Құтырған төбет секілді,
Әл жетпеспен алыспа!
Менің атым – Жұмабай,
Меніменен қағыспа!
Меніменен қағыссаң,
Ісің кетер шалысқа.
Жер тағысы сен болсаң,
26
Көк тағысы мен едім,
Тырнағыңды салыспа!
Ойнашы шырақ теңіңмен,
Ұшпайсың көкке көңліңмен.
Майдандасып, кектескен
Дұшпаның емен сенің мен.
Орынсыз жерге ұрынбай,
Сөйлесеңші жөніңмен
Сөйлемесең жөніңмен,
Мұзға түскен қаңбақтай,
Ұшырармын деміммен.
Сүйегің майда күл болар,
Бір сипасам жеңіммен.
Адамның жақсы асылы,
Кірсіз таза нәсілі.
Орынсыз ғайып соқтықпас,
Ақылының басымы.
Көрінгенге шабысар,
Ақылсыздың кәсібі.
Халыққа мәлім емес пе,
Кімнен кімнің басымы.
Біреу жарлы, біреу бай,
Біреу ауру, біреу сау,
Мен бе істеген осыны?!
Біреу тақта, біреу құл,
Біреу жетім, біреу тұл.
Адамзаттың асылы,
Жоқтан бар боп тумай ма?!
Қартаймай ма, тозбай ма?!
Өлмей-жітпей, өзгермей,
Соқтыменен жүретін,
Шайтанның ба едің нәсілі.
Жас қартайып, тозбай ма,
Жарлы байып, оңбай ма,
Батырға бір оқ кез келсе,
Бәйшешектей солмай ма?!
Алтын тақтан хан тайса,
Қарашы бір күн болмай ма?!
Бақыт деген бір қаңбақ,
Бақыты жерге қонбай ма?!
Бақыты кетсе желменен,
Бетіне кетіп қалмай ма?!
Нұржан өлеңді жазып шығарады екен, Жұмабай ақынның сөзінен кейін қағаз-қаламын
қолына ала берген Нұржанға Жұмабай:
Ай, Нұржан, Нұржан сөйлегін,
Домбыраңды қолға алып.
Әкетейін деп пе едің,
Ашуың келіп, долданып,
27
Бастырайын деп пе едің,
Үкіміңді қолданып.
Аттыға жаяу ергендей,
Қағазыңды шимайлап,
Не айтпақ едің зорланып.
Күркірейін аспаннан,
Жауатын бұлттай торланып,
Ақын болсаң сөзге ұста,
Ғибрат, үлгі, жаз нұсқа,
Қиялдан терең ойланып.
Айтыспақ болсаң менімен,
Домбыраңды ал толғанып.
Жарасады айтысқан,
Әнге басып ыңыранып.
Саған тиген жан бар ма,
Отырсың неге бұлданып?!
Ақын болсаң қайтейін,
Айтысып ақын жеңген жоқ.
Батыр болсаң қайтейін,
Көмек сұрай келгем жоқ.
Молда болсаң қайтейін,
Жансыз дала жапанда,
Иман таппай өлгем жоқ.
Бай болсаң, Нұржан, қайтейін,
Қайырыңды көргем жоқ.
Би болсаң, Нұржан, қайтейін,
Құны кетіп атамның
Еңбегі кетіп баламның,
Жалалы болып немесе,
Билігіңе көнгем жоқ.
Кедей болсаң қайтейін,
Құба шекпен үстімде,
Қара шолақ астымда,
Жан қалтамда бір сом жоқ,
Өзімде жарып жүргем жоқ, -
деп төгіле жөнелгенде, Нұржан тоқтатып:
Еңкейін еңбек етіп еккенімді,
Пісіріп өзім ордым сепкенімді.
Әлеумет, айып етіп аңыз қылма,
Кішілік үлкен шалға еткенімді.
Дарияның тасқынында кете бардым,
Нұржаның қанжығаға бөктерілді.
Аталы сөзге тұрмай ақымақтарша,
Ағаменен болмайын жеккөрінді.
Торқалы көгаланы көлденең тартып,
Үстіне жауып мына шекпенімді.
Құдайым сөз байлығын берген екен,
Жүкеңнің қасиеті көп көрінді.
Көріп ем мұнан бұрын көп ақынды,
28
Бәрі де қойып еді бет беруді.
Қамалып, қашқанменен құтылмастай,
Бөгеді бөгет салып өткелімді.
Жұмеке, сырттан сізге қанық едім,
Келгеннен кескініңнен танып едім.
Шамырқанбай шарбысын көрсетпес деп,
Азырақ шаужайыңнан қағып едім.
Сыртыңнан екпініңді білуші едім,
Құдай-ау, бір кез қыл деп тілеуші едім.
Болғанда сіз – дария, біз – шұқанақ,
Құмар боп ғазеліңе жүруші едім.
Жұмеке, айыбымды ұрдың бетке,
Ғибрат, мұныңды інің қабыл етті.
Әурелеп босқа мені сөйлеттің деп,
Жұмеке, өтінемін айып етпе! –
деп сөзге тоқтап, жеңілгенін мойындап, шапан жауып, астындағы атын мінгізеді. Жұмабай
ақын да Нұржанның атына қанық екен, оның бала кезінен бастап, елге еткен еңбегін тізбелей
келіп:
... Сағынған ағаң мен болсам,
Аңсаған інім сен болсаң,
Шу дегенше тұсалып,
Бұл не сөз деп ойладым,
Нұржанжан несін сынайсың,
Қамыт соғып қажыған
Кәрі тарлан жорғаның.
Шекпеніңді шек тұтып,
Нұржанның берген сыйы деп,
Әр жерге айта жүрейін,
Қоржыныма жайлағын
Көгалыңды өзің мін
Атыңды сыйлап, Нұржаным,
Аруағыңа байладым.
Ұлы шаң көрмей, терлемен,
Асқар тау көрмей, өрлемен.
Сені көріп есіме
Түсіп кетті Нұржаным,
Қайдағым мен жайдағым! -
деп батасын беріп, атын өзіне қайырыпты.
Уақ Жұмабай мен Нұржанның жазба айтысы
Нұржан ақын Қостанайдағы ақ патшаның «Маусым жарлығынан» кейінгі зорлық-
зобалаңды жұмбақтап «Торғайдағы туғандарға» хат жазып жіберген екен. Осы жұмбақ-
хаттың шешімін Жұмабай ақын табады:
Тобылдың биік көк жары –
Қостанайдың қаласы,
Қағынды деген сөз екен.
29
Жалын шығып жарынан,
Өртеніп жатқан кез екен.
Ор бойында Орынбор
Губернеміз сол екен.
Онда қайғы мол екен.
Қу қарағай – ақ сақал,
Ақ терегі – ақ патша,
Старшын, бұлты – поп екен.
Жанып жатқан жалпақ өрт –
Сорлық қазақ елі екен.
Жанып жатқан жас шырпы –
Елдің балғын ұлы екен.
Өзін қақпан көк төбет –
Өзінен шыққан зор екен.
Қысы суық, жері отты –
Патшаның зәрлі заңы екен.
Матаулы қалған биесі –
Сорлы болған ана екен.
Өртенген елді меңгерген,
Залым патша жау екен...
... Торғайда қазақ топтанып,
Хан сайлады деген соң,
Патшаға қарсы тұруға,
Бел байлады деген соң.
Қолдан бала бермеуге,
Көнбей жатыр деген соң.
Айтқанына болыстың,
Ермей жатыр деген соң.
Сұрағанын патшаның
Бермей жатыр деген соң.
Бір Құдайға сыйынып,
Қарсыласпақ деген соң.
Бір тілекке сыйынып,
Қамшы баспақ деген соң.
Сарпала туы салбырап,
Қырға шықты деген соң,
Көтеріліп, ұлғайтып,
Шыңға шықты деген соң.
Ел түйініп бірбеткей
Қонысқа шықты деген соң...
Белгілі ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Оспанов Уақ Жұмабай
ақынның тағы бір өлеңін Алматы қаласының тұрғыны 97 жастағы Мұқанов Смағұл деген
ақсақалдың аузынан жазып алып, «Қостанай таңы» газетінің 2004 жылғы 19 мамырдағы
номерінде жариялады.
Уақ Жұмабай Сыр өңіріне барған бір сапарында кіші жүз Алтын руының атақты
байларының бірі Мәстек деген байдың үйіне түседі. Оны бай үйіне қондырмай, қуып
шығады. Жүкең байдың қылығын бетіне басып, өлең шығарады. Бұл өлеңге қарсы жауап
өлеңі жазылады, онда Торғайдың Есенгелді, Алтынсары деген байларының да қонақасы
бермегендігі айтылады.
30
Есенгелді он мың қой біткен аса бай кісі болса, Алтынсары кәдімгі шынжыр балақ,
шұбар төс, қазақ тарихында өзіндік орны бар батыр, би Шегеннің кенже баласы.
Алтынсары Жұмабайды шақыртып: «Ал, енді осыған бүкіл кіші жүздің баласы
сусындайтындай жауап қайтар!»-дейді. Сондағы Жұмабай ақынның шығарған өлеңі:
Әркім де сиынады Алласына,
Әйтімбет хат жаздырған молдасына.
Хат келді хабарский Қармақшыдан,
Болыстың Тосынский жорғасына.
Бұл хатқа жауап бермей болмайды жөн,
Ауруға іздеп алған табылмайды ем.
Өнерде өрен жүйрік тұлпар едім,
Сөйлеймін сөз сөйлесем жаңылмай мен.
Қадірлер Алтын, Жаппас, Бай баласы,
Орынбор, Семейде жүр айналасы.
Алтынның жақсысына сөз жазып ем,
Бай Мәстек бермеді деп қонақасы.
Бұл кезде халқың-тары, жорғаң-тауық,
Жорғаңның жұрт үстінде сыбағасы.
…Табылар іздегені өлмегенге.
Көп алтын аруағына бас ұрамын,
Жұмысым жоқ татулық сүймегенде.
Рас па, «Мәстек–мырза» деген сөзің,
Мәстектің «мырзалығын» көрді көзім.
Мәстегің жібімейтін қатқан торсық,
Алтын ед, исі шығып кетті борсып.
Үйіне барса қонақ қондырмайды,
Түсе алмай жақсы адамдар жүргені ұрсып.
Әуелден кірісіпсіз қиянатқа,
Бірталай өтірік сөз жазып хатқа.
Қой сатып жәрмеңкеден аламын деп,
Мырзаңыз Әйтімбет бай мінген атқа.
Кездесіп бір малайға жүріп кеткен,
Жолықпай Алтынсары деген қартқа.
Алтекең бәйгі бермес ол бір жүйрік,
Қорғанбек, Дәуренбекпен қанат, құйрық.
Баласы Арғын-Қыпшақ қол қусырар,
Үйінде жатып егер қылса бұйрық.
Жанымбет арғы атасы Мұса, Шеген,
Олардай бар ма сенің аумас кемең?!
Ол дағы бір құдайдың ісі шығар,
Асабас Әйтімбеттен десең төмен.
Дәубайды білемісің сен бейшара,
Ұрпағы ер Жәнібек шыққан дара.
Он төртте хакім болып ел билеген,
31
Келеді бір сүрінбей жалғыз қара.
Үшеуі Қорғанбектің гауһар, жаһұт,
Ішінен орта жүздің туған артық.
Дұшпаны ерегескен қауіп етер,
Алыстан алады деп еппен тартып.
Әбдібек бәрінен де сөзге жүйрік,
Табылмас ол ауылдан кем мен кетік,
Ахмет народный сот болып тұр,
Барады кейінгілер одан да өтіп.
Мысықтай жаурыныңды күдірейтпе,
Таудағы арыстаннан талап етіп.
Қажыға тіл тигіздің қағба барған,
Айналып байтолладан сабақ алған.
Зиратын Мұхаммедтің көрген жан жоқ,
Құл болсаң бір құдайға деме жаман.
Меккеге жете алмай жүр біздің қазақ,
Байлары Мекке бармай тартар азап.
Пейіштен иманды құл орын алар,
Бар дейді имансызға жеті тозақ.
Көңілім бұл сөзіңе ауырады,
Мекке мен Мәдинаны қылдың мазақ.
Молдеке, осы сөзің болды қиын,
Көп адам іздеп кетті-ау хақтың үйін.
Құдайым, сабырменен берсе абырой,
Тас иіп, шешіледі темір түйін.
Биыл да он бес кісім қағба кетті,
Баруға әр пенденің күші жетті.
Мойнынан бес парызын түсірмеген,
Мақтайсың Мәстекпенен Әйімбетті.
Тілесең егер иман жаппар хақтан,
Сауапты әулиелер іздеп тапқан.
Қолына бір жаманның түссе гауһар,
Бағасын білмей оның мысқа сатқан.
Өзіңе осы өлеңің қанша лайық,
Біреудің молдасы едің дәріс айтқан.
Молдеке, қатарыңнан тудың пысық,
Басайын екпініңді жүрсең ісіп.
Арқаға кімнің арын арлай кеп ең,
Бауырың Сырда жатыр қара күшік.
Алааяқ бәйге бермес мен бір шұбар,
Ежелден жігіт едің сөзге құмар.
Бермесе Есенгелді бермегені,
Алдыңа сараңдығың келген шығар.
32
Жорғамын жолға түсіп самғайтұғын,
Бәйге аты серпініндей шалмайтұғын.
Ежелден бәйгі бермес көкайылмын,
Илеуге екі күнге болмайтұғын.
Қырымнан көретұғын қыран құспын,
Аң алмай, сірә жерге қонбайтұғын.
Шабысым Көрғұлының кер атындай,
Алдыма жүгірсе жан салмайтұғын.
Бұл сөзім көп ұзамай болсын қысқа,
Арғыннан алатұғын әркім нұсқа.
Иесі бұл қағаздың мен–Жұмабай,
Тұрағым Торгайский облыста.
СЕЙДАХМЕТ БЕЙСЕНҰЛЫ
(1841-1914)
Уақ
Жұмабай
ақыннан
кейінгі
Торғай
дәстүрлі
ақындық
мектебін
қалыптастырушылардың бірі ретінде Сейдахмет Бейсенұлының есімін ерекше атауға болады.
Торғайдағы ақындық мектептің негізін салып, оның көркемдік дәстүрін дамытуды
Сейдахмет ақын шығармашылығының да маңызы зор.
33
Ақын Сейдахмет Бейсенұлы 1841 жылы қазіргі Қостанай облысы, Арқалық ауданына
қарасты Қайыңды ауылында дүниеге келіп, 1914 жылы қайтыс болған.
Сейдахмет ақын өлеңмен сурет салады. Образбен сөйлейді. Адам характерін жасауда ол
өзі тұстас ақындардың қай-қайсымен де таралғысы тең түсіп отырады. Кейде Махамбетше,
аузынан от шашырата үстем тап өкілдерін өкірте сынаса, бірде Шернияздай ащы сарказмды
қолданады. Қолма-қол, ауызба-ауыз айтысқа келгенде Шөжедей тапқыр, Орынбайдай
орнықты сөйлейді. Кейде Базар жыраудай төгіп-төгіп алып, өлеңнің әдемі топшылы түрін
жасайды. Сондықтан болар Ахмет Байтұрсынұлы Сейдахмет ақынды жаттап өскен,
дарынына тәнті боп бас игенге ұқсайды [3, 31 б.].
Торғай, Қостанай, Ақмола, Ақтөбе өңірлеріне “Таңат Сейдахмет ақын” деген атпен
белгілі Сейдахмет Бейсенұлының шығармалары Торғай ақындық мектебінің басқа өкілдеріне
қарағанда, ХІХ ғасырдың өзінде баспа бетін көрген. Ағартушы Ыбырай Алтынсариннің
“Қазақ хрестоматиясында” ақынның “Бір нашардың Әділ төреге айтқаны”, “Сейіт-Ахмет
деген жігіттің ғашығына айтқаны” атты өлеңдері жарияланған. Осы жерде айта кетерлік тағы
бір қызғылықты мәселе, жергілікті журналист Бөгетбай Әлмағамбетов “Торғай таңы”
газетінде жарияланған “Тағат Сейдахмет ақын” атты мақаласында Сейдахмет пен
Ыбырайдың төс түйістірген дос болғандығы, Ыбырай қайтыс болғаннан кейін, оның кіші
қызы Шәрипаны Сейдахмет ақынның өз қолынан жасаулап ұзатқандығы туралы деректер
келтіреді [13].
Сейдахмет ақынның есімі Ахмет Байтұрсынұлының ұлы Абай туралы жазған “Қазақтың
бас ақыны” атты мақаласында да ұшырасады. Сонымен бірге Ахмет Байтұрсынұлы “Әдебиет
танытқыш” еңбегінде Сейдахметтің “Мінажат” өлеңі мен жоғарыда аталған, ғашық қызына
арнаған өлеңін мысал ретінде пайдаланған [4].
Сейдахмет Бейсенұлының шығармашылығын зерттеумен Сабыр Шәріповтің де
айналысқаны туралы дерек бар. “Лениншіл жас” газетінің 1969 жылғы 29 наурыздағы
санында сол кездегі Гурьев мемлекеттік педагогика институтының орыс, қазақ және шетел
әдебиеттері кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Ермек Өтебаевтың “Жазушы папкасындағы жырлар” атты мақаласы жарияланған. Ғалым
бұл мақаласында белгілі жазушы Сабыр Шәріповтің өмірі мен шығармашылығын зерттеу
ісімен шұғылдана жүріп, көптеген қосалқы жайттарға, тың табыс, өнімді “олжаға”
кездескенін айтады. Мұнда автор бірқатар ақындар мен шешендер сөздерінің жиналғанын
әңгімелей келіп, мақаласының үштен бірін Сейдахмет ақынға арнайды. “Сабыр Сейдахметтің
біраз өлеңдерін жинаған. Тегінде ол Сейдахметті қағаз бетіне толығырақ түсіру арқылы
оның талантын да тани білген сияқты”, – дей келіп, ғалым С. Шәріповтің деректеріне сүйене
отырып, ақынның туған, өлген жылдарын жорамалмен көрсетіп, “Сейдахмет сыншыл,
бұқарашыл реалистік әдебиет өкіліне жатады” – деп баға береді [14].
Академик Қажым Жұмалиевтің “ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті” еңбегінде
Ыбырай Алтынсариннің ықпалында болып, онан үлгі алған ақындар қатарында Сейдахмет
ақынның есімі де ұшырасады: “Алтынсарин оқытудан, мектеп жұмысынан бос кезінде халық
көпшілігімен қоян-қолтық араласып, асқан кішіпейілділікпен олардың мұң-мұқтажына көңіл
бөлумен қатар халықтың жуан ортасынан шыққан талант иелері, ақын, әр алуан
өнерпаздардың өсіп ілгерілеуіне көмек көрсетіп, жетекшілік еткен. Күдері, Ақмолда,
Сейдахмет, Нұржан т.б. ақындардың теріс бағытын оңға түзеуге көп кеңес береді... Көп
ақындар Ыбырайды өздерінің рухани басшысы деп білген. Сондықтан да олар Ыбырайдың
іс-амалындағы бұқарашылдықты, ел қамын сөз етіп, жұрт пайдасын ойлап, ел ортасындағы
дау-шар мәселесіне турашыл әділдігін өз өлең, жырларына арқау етіп алған. Мысалы
Сейдахмет өзінің “Бір нашардың әділ төреге айтқан сөзі” деген ұзақ өлеңінде бай мен
кедейдің арасындағы дауға төреші болған оқымысты қазақтың әділдігі жөнінде айтылады”
[15, 224-225 б.].
Сейдахмет ақынның шығармашылығы мен өмірі туралы жергілікті журналистер Н.
Бектемісов пен Б. Әлмағамбетов республикалық, облыстық, аудандық мерзімді баспасөз
беттерінде мақалалар жариялап, шығармашылығына кеңінен тоқталған. Филология
34
ғылымдарының кандидаты, доцент, ақын Серікбай Оспанов та “Қостанай таңы” газетінде
жарияланған “Ахметтің өскен ортасы” атты зерттеу мақалаларының топтамасындағы бір
бөлімді Сейдахмет ақынға арнаған [7].
Сейдахмет ақынның қолда бар өлеңдеріне қарағанда, өлеңді ерте бастағандығын
аңғарамыз.
Он үште топқа түсіп айқайладым,
Жас күнде албырт қиял байқай ма алдын.
Шоқ болып жүрегіне барып түстім,
Жамылып шен-шекпенін шалқайғанның, -
дейді ақын. Ақынның өлең жазуды ерте жастан бастауына оның ескіше сауаттылығы да оң
ықпалын тигізген сыңайлы. Ол “Оқуға он жасымда талап еттім”, – деп басталатын өлеңінде
он жасынан бастап талап еткендігін ғана емес білімнің, оқудың пайдасын жете түсінгендігін,
ізденіс, талпынысы мен білімге деген құштарлығын дәл бейнелейді.
...Оқуға он жасымда талап еттім,
Баланы бұрын түскен қуып жеттім.
Жыр, қисса-өлең кітап оқымауды,
Басыма зор уайым, қайғы тұттым.
Аз ұйықтап, аз тағам жеп ыждағаттап,
Жанымды ізденіспен ренжіттім,
Ойнақтап Ортекедей ойын салған,
Алаңсыз, армансыз күн, қайда кеттің?
Талпыныс, талаптылық қасиетті,
Өзіме айнымастай тірек еттім.
Бұл өлеңнен біз Сейдахмет ақынның өз заманындағы кейбір ақындар сияқты құр
ақындық таланттың буына семірмей, оқып-біліп, үнемі ізденгендігін, сол арқылы ақындық
талантын ұштай түскендігінің куәсі боламыз. “Жыр, қисса-өлең кітап оқымауды, басыма зор
уайым, қайғы тұттым”, – деген жолдар ақынның шығыстық қисса-дастандармен, сол
кезеңдерде жарық көрген шығармалармен таныс болғандығын аңғартады. Бұл қисса-
дастандар Сейдахмет ақындығының қозғаушы күші, тәлімгер ақындық мектебі ретінде
қызмет атқарғандығы даусыз. Осылайша ескіше сауат ашқан Сейдахмет кейіннен Көртоғай
болысының жарлықпен бекітілген (указной) молдасы қызметін атқарады.
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығында өмір сүрген
Сейдахмет ақын шығармашылығының негізгі тақырыбы – ақ патшаның билік жүйесіндегі
әділетсіздік. Бұл дәуірдің қазақ елінің саяси, қоғамдық өмірінде елеулі ерекшелігі барлығын
айттық. Қазақ жері, халқы Орынбор, Сібір, Астрахан, Түркістан губернияларына
бөлшектеніп, аға сұлтандық жойылған бұл кезеңде қазақ халқының өз атауы түгілі “Қайсақ”
қосымшасы да алынып тасталып, ресми түрде қорлық көрсетіліп, “қырғыз” атанған.
Губерния, уездерде орыс әкімі тағайындалып, жергілікті халықтың өкілдеріне болыс,
ауылнайлық сияқты төменгі қызметтер ғана қалған. Оның өзінде отаршыл Ресей өкіметі
“бөліп ал да, билей бер” саясатын қолданып, ел ішін бір-бірін күндеу, жағымпаздық сияқты
жағымсыз әрекеттерді әдейі туғызып отырған. Онсыз да бір-бірімен бақталас, араз,
жанжалдасып бірікпей отырған елді тізгіндеп ұстау жеңіл. Отаршылдық бұл арамза саясат
өзінің ұлы жемісін берді. Қазақ қауымының бірлігіне, оның жауынгерлік рухына үлкен
нұқсан келтірді. Бір кезде Жоңғар басқыншыларына қарсы отандық соғыста күш жинап,
соққы берген, ұлан байтақ жерін азат еткен, тіпті Қытай әскеріне де соққы беріп, Үрімжіні
басып алған қазақ елі, орыстың қарапайым қара шекпендісінен қаймығатын болды. Өйткені
үкімі күшті заң соның жағында еді. Тіпті азулы болыс, билердің өзі орыстың бұзақы бас
35
бұзарына ауыз аша алмайтын. Бұл дәуірдегі қазақ халқының қоғамдық-саяси, әлеуметтік
жағдайының картинасы Абай шығармашылығында кеңінен көрініс тапқандығы мәлім.
Түп негізі отаршылдық саясатта жатқан қоғамдық-саяси өмірдегі әділетсіздікті қазақ
ақын-жыршылары әртүрлі түсінді. Мысалы Дулат, Мұрат, Шортанбай сияқты “зар заман”
ағымының өкілдері отаршылдық саясаттың сырын тереңнен аңдап Ресей өкіметінен көрсе,
Торғай ақындары бұл жағдайдың себеп-салдарын халықтың алауыздығынан, бірлік пен
татулықтың жоқтығынан іздеді. Бұған патша өкіметінің күнделікті жүргізіп отырған аяр үгіті
мен сұрқия насихаты да әсер етті.
Қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік бұзылуы қазақтың өз кінәсі деген түсінік пен ұғым
осылай қалыптасты. Қазақ халқы алауыз, күншіл, надан деген түсінік біздің заманымызда да
жоғалған жоқ. Мұндай әдет пен мінез ұлтымызға отаршылдық саясатпен сіңгендігін қаперде
ұстауға тиістіміз. Мұны ХІХ ғасырдағы қазақ зиялылары Шоқан, Ыбырай, Абай және басқа
да көрегендеріміз сол кездің өзінде сезіп, біліп, елді бірлікке, игілікке, адамгершілікке
шақырған. Олар орыс білімі арқылы өркениетті елдердің ғылымы мен өнеріне қадам басты.
Қазақ халқы ислам дүниесінің ғылым-білімімен қатар, дүние жүзінің өркениетіне ұмтылды.
ХІХ ғасыр бізге осындай екі жақты ерекшелігімен сараланады.
Халқымыздың ойы мен сана сезіміндегі осындай өзгерістерді өз көзімен көріп, түйсініп,
сезіне білген Сейдахмет ақын оның жағымсыз жақтарын, өз шығармаларында қатты сынады.
Күншілдік, өсек-өтірік, ұрлық, басараздық, қулық-сұмдыққа қарсы күресті. Қоғамдық
өмірдегі осы көрініп тұрған мерездерді сылып тастауға бар күшін салды. Өзі сөзімен де,
ісімен де елге үлгі-өнеге берді. Жамандықтан өзі безініп, жұртты да бездірді, жақсылыққа,
адамгершілікке ұмтылды. Өз басы адалдық, әділдік жолына қызмет еткен адамдарды қолдап,
өнеге етті. Олардың ісін уағыздап, үлгілі, өнегелі істерге шақырады. “Қай жерде жақсы
көрсем жанап өттім” немесе “Халқымның жолдас болдым ағасына, Бой да емес өңір де емес
жағасына” деген жолдар осыны айғақтайды.
Ақын шығармалары әділетсіз төрелер, парақор болыс, билер мен дүмше молдаларды
ащы мысқылмен сынауға бағытталған. Ол осы тақырыптағы өлеңдерінде бірде:
...Теретін жамандықты мен бір тауық,
Екі адам араз болса, қылдым сауық,
Екі араз татуласты деп естісем,
Қалады көшім тоқтап, жүгім ауып.
Бір адам жамандықты таста десе,
Тұрамын шабаланып, иттей қауып...
немесе:
Атаңыз Тілеуліге харам жаққан,
Кем емес барлығы да мал мен бақтан.
Баласы ұрлық қылған бәрі де бай,
Құдайым бұл кәсіптен мені қаққан, –
деген өлеңінде және Әмір Әбдіғапардың екі жігіті ұрлап салған малын іздеп, Әбдіғапардан
қорыққан екі шалдың Сейдахметке өтініп “малымызды әпер” дегенде ақынның жазып берген
өлең-хатында:
Арғыннан мал іздеген келді екі шал,
Мінген ат, киген киім, бірталай мал.
Арамнан жиіркенбес інім едің,
Өлтіріп екеуін де сен тонап ал! –
деп ащы сарказм мен иронияны қолданса, тағы бір өлеңінде заман шындығын, қоғам
көрінісін былайша суреттейді:
36
Болыстар ауылнай мен ұры қолдап,
Кедейді арзандатты, байды бұлдап.
Ұрылар екі қара ұрлап келсе,
Береді әкіміне бірін сомдап.
Ұрыдан малым шықты деп естісе,
Келеді мал иесі әкімге аңдап.
Жалынып малымды әпер деп отырса,
Ұрыны қашырады өздері ымдап.
Бетін басып “тап” деген балаларша,
Біреудің біреу отыр көзін алдап...
Ақын өзі өмір сүрген замандағы ұрлық, парақорлық, әділетсіздік, қазіргі тілмен айтқанда
сыбайлас жемқорлық, коррупция сияқты кеселді әдеттерді аяусыз сынай отырып өз
қоғамының картинасын панорамалық сипатта суреттеген:
... Пұл болса ешкім бақпас жолдасына,
Алданар арам дүние олжасына.
Біреудің ұры, залым малын ұрлап,
Сұрасаң бәле солар өз басыңа.
Парық жоқ бұл заманның адамында,
Бірінің бірі нанбас алласына.
Қарсы дау біреу айтса соны тыңдап,
Бақса да адам көз жетті оңбасына
Пақырды міскінменен партия ғып,
Береді садақасын қолқасына.
Бұл сөзі Сейдахмет өтірік пе,
Рас па салдым көптің ортасына.
Сейдахмет ақынның өзі указной молдалық қызмет атқарған, имандылық жолын ұстанған,
намазын қаза қылмай өткен, діни сауатты кісі болған. Сондықтан да ел арасындағы надан,
дүмше, арамза молдалар ақынның ащы сынынан тыс қалмаған. Бірде зекет жинай келген бір
молда Сейдахмет ақынның малы жоқтығын біле тұра, оның зекет беруін талап етеді.
Шариғат заңы бойынша қырық ұсақ малдан бір тұяқ діни орын-мешітке тиесілі екен. Сонда
Сейдахметтің молдаға айтқаны:
Мүждаһит жоғарыдан келді бізге,
Мың-дағы тоғыз жүзінші осы күзде.
Үш тасид бұрынғы өткен иманда жоқ,
Мұны тұт, баяндайын көңіліңізге.
Жоқ парыз бұрын да жоқ бізге салсаң,
Малым жоқ беретұғын сөзге нансаң.
Ішкен, жеген тамағым сайда жатыр,
Қырық нәжістен бір нәжіс зекет алсаң.
Ақын заманындағы әлеуметтік теңсіздікке көп көңіл бөледі. Елді әділеттілікке шақырып,
бұқарашыл пиғылда болып, қалың бұқара мүддесін көздейді. Ел өмірінің күнделікті өмірін
тақырып етіп жырлаған Сейдахмет ақын арнау өлеңдер, толғау, термелер, мысалдар, жұмбақ
өлеңдер жазған. Сонымен бірге поэзияның көлемді жанры – дастанға да қалам тербеген.
Жасынан шығыс әдебиетімен таныс болған Сейдахметтің “Мың бір түн”, “Тотынама”
сюжеттеріне құрылған “Махрума” және “Өнерлі уәзір” атты екі дастаны бар. Жоғарыда
талдап көрсеткен өлеңдерінің тақырыбы мен шығыстық сюжеттерге дастан жазуы
37
Сейдахметтің ұлы Абаймен рухтастығын танытқандай. Аталған “Махрума” дастанында
жақсылыққа жамандық жасап, өзін өлімнен азат еткен әйелді қорлыққа салған опасызға
лағынет айтылып, ажарлы, ақылды, адамға мейірімі мол әйелдің қиындықты жеңіп,
еркіндікке жеткені суреттелсе, “Өнерлі уәзір” дастанында мұсылман діні тыйым салған
суретшілік өнер уағыздалады. Мұнда ақын өнерді игеруді насихаттаған.
Ақын аталған шығармалардан басқа кедейлік, жоқшылық тақырыбына “Байлар мен
Таңатар”, “Сейдахмет пен кедейлік”, “Өкініш” сияқты жырларын арнаса, әлеуметтік
әділетсіздікке қарсы “Біз көрдік талай жанның қиянатын” қоғам өміріне өз көзқарасын
білдіретін “Айна” сияқты жырларын жазған.
Сейдахмет ақындығының бір қыры мысал жанрынан да көрінеді. Бізге ақынның “Түлкі
мен сауысқан” атты мысалы. Мысалдың негізгі сюжеті Крыловтың “Қарға мен түлкі” атты
мысалына ұқсас. Алайда, Сейдахмет мысалының ерекшелігі түлкіден алданған сауысқан
кейіннен түлкіні алдап қасқырдың апанына бастап апарып, қасқырға жем қылады. Мұндағы
идея – “біреуге қиянат жасама, өз басыңа келеді” немесе “біреуге ор қазба, өзің түсесің”, –
деген тұжырым. Сондықтан да Сейдахмет мысалы Крылов мысалынан анағұрлым мәнді де
мазмұнды шыққан.
Сейдахмет ақын өлеңді жазып шығарған. Сонымен бірге барша қазақ ақындары сияқты
суырып-салма импровизаторлығы да басым. Ақынның бұл қыры кейбір қағысуларынан анық
байқалады. Күлік деген досымен ренжісіп қалғанда айтқаны:
Иілмей тас болғаннан сынған жақсы,
Қасыңа пәле келсе тынған жақсы.
Мінгенше жамандармен алтын таққа,
Жақсымен бірге түскен зындан жақсы.
Дос емес дос сыртынан мақтамаса,
Бір-бірін жамандықтан сақтамаса.
Болса да бүгін тату, ертең араз,
Достығы бүгінгінің тап-тамаша, –
деген өлеңінде ақынның импровизаторлық қасиетімен бірге философиялық ойлылығы, өз
заманындағы достықтың жалтармалығын, баянсыздығына деген ирония да жатыр.
Жоғарыда айтылған ойымызды қуаттайтын тағы бір мысал оның Алтыбас Ақмолда
ақынның:
Қолыма ойландым да қалам алдым,
Бейрұқсат жазасы көп алған малдың.
Аулыңа су берем деп шақырып әкеп,
Сейдеке, бір түйемді ұрлап қалдың, –
деген сөзіне қайтарған мына жауабы:
Өлеңге бейқұттығым түйе малдай,
Қайтейін ашыққан соң түйеңді алмай.
Таңертең, ерте тұрып жібергенде,
Асушы ед алты қырдан бірі қалмай.
Бұрынғы өтіп кеткен балалығың,
Жүр екен әлі күнге естен қалмай.
Бұл өлеңде Сейдахмет ақынның кедейлігі, бұрынғы өз өнерінің арқасында ешнәрседен
тарықпай өткен дәуренін аңсау сезімі байқалады. Шынында да, Сейдахмет қартайған
шағында таршылық, жоқшылық бейнетін көреді. Оның бұл кезде жазған өлеңдерінің
38
көпшілігі жоқшылық, кедейлік тақырыбына арналған. Ахмет Байтұрсынұлы “Әдебиет
танытқыш” еңбегінде жариялаған “Мінажат” өлеңінде:
Құдай-ау мен не жаздым бұл заманға?
Қадірің болмайды екен жұртқа әманда.
Ел-жұрттың қасиетті жолы қалып,
Болмай жүр еш қадірім бір адамға.
Секілді ай мен жұлдыз аспандағы,
Қажетің түссе егер бір наданға.
Бұл күнде іздеп тапқан кетті достар,
Сұрасқан хал-ахуал, көңіл қоштар.
Деміндей айдаһардың тартқан достың,
Бірі жоқ осы күнде қолмен ұстар, –
деп қартайып, кедейленген шағында қадірінің болмай, бар кезіндегі, бай кезіндегі
“айдаһардың деміндей тартқан” достарының сырт айналғанына қынжылады. Қарынының
ашқаны емес, қадірінің қашқанына жылайды.
“Шағында жігіттіктің қонды бақыт, Дамылсыз үсті-үстіне кірген олжа”, – деп жырлаған
ақын сал-серілік құрған күндерін аңсап, кедейлік пен жоқшылыққа налиды:
... Қолдағы аз мал кетті, бала есалаң,
Кез болдым алпыс үште қалың сорға.
Үйіме қонақ келсе анда-санда,
Қолыма мал түспейді қамдасам да.
Әйтеуір жоқшылықтың жолы қиын,
Қатардан қара басым қалмасам да.
Ақын кедейлігінен ұялмайды, атақ-даңқына қанық, оны қадір тұтатын қонақ келгенде,
қазақтың қонақжайлылық салтын жасай алмағандығына, жомарт қолды жоқтықтың
байлағанына күйінеді. Күйінеді де өзін-өзі өлеңмен жұбатады:
Кейде жоқ таба наным, кейде дайын,
Мен – борсық семіретін ұрған сайын.
Ат шөпке, адам тояр ықыласқа,
Болсаң да бөрі құрсақ, қылма уайым.
Ақын шығармашылығы идеясының өткірлігімен, тақырыбының тереңдігімен ғана емес,
көркемдігімен де құнды. Оның образды ойлау қасиеті жұмбақ өлеңдерінен айқын көрінеді.
Алтыбас Бекентай деген ақынға Сейдахмет ақын мынадай жұмбақ жасырады:
Құдайым мұндай өнер берген оған,
Мәнзалын мекен еткен лайлаған.
Бөрі мініп, ешкі ертіп бір сағым зат,
Келеді есек өңгеріп, түйе айдаған.
Қарсыласы бұл жұмбақтың шешімін таба алмайды да, Сейдахмет жауабын өзі айтады:
Қоянның құлағы еді мысалы есек,
Ерінін түйе ерніне қылдым есеп.
Төрт аяғы бөрінің аяғындай,
39
Құйрығын ұялмаймыз ешкі десек.
Содан соң екінші жұмбағын жасырады:
Ағаңда толып жатыр әртүрлі өнер,
Мұны шеш дана болсаң сөзге шебер.
Бір тыным мұны тапсаң алар едің,
Бір нәрсе судан туып, судан өлер.
Бұған қарсыласы былай жауап қайырады:
Сөз шықпас жан қиналмай ауыз беріктен,
Таппасам бұл жұмбақты болады өкпең.
Су құйып егін ексе, бітік дақыл,
Қала ма бір күн соққан қыркүйектен.
Алайда оның бұл шешімі дұрыс болмай, Сейдахмет жұмбақтың шешімін өзі айтқан екен:
Бекентай жақсы айтасың мына кепті,
Не дейін, айта берсем сөзім көп-ті.
Судан туып, суда өлген тұз емес пе,
Егінге неге салдың қыркүйекті?
Сейдахмет ақын қарасөзге де шешен, тапқыр. Оның айтқыштығы жөніндегі көптеген
әңгімелер ел ішінде әлі күнге дейін айтылып келеді. Бұл әңгімелер біздің жұмысымыздың
зерттеу аясына кірмесе де, бір жағы ақынның талантын әр қырынан таныту мақсатымен,
екінші жағынан шешендік өнер де әдебиеттің бір саласы болғандықтан, тоқталып өткенді
жөн көрдік. Ақынның тапқырлық сөздері көбіне кедейшілікке, жоқшылыққа байланысты
болып келеді. Ақынның “Қолдағы аз мал кетті, бала есалаң, Тап болдым алпыс үште қалың
сорға”, – дегеніндей, кенже баласы Әлімжан қыдырымпаз екен. Оның қыдырымпаздығы
сондай, ауылдың жанынан өтіп бара жатып, кездескен адамнан “біздің үй аман ба”, – деп
сұрайды екен. Сейдахмет ақынның “Біздің Әлімжан қайда баратынын өзі де білмейді”, –
деген сөзі мәтелге айналып кеткен екен. Сол Әлімжан айлап қыдырып үйіне келгенде,
алдындағы асқа көңілі толмай, “ет жоқ па”, – деп ренжіген екен. Сонда Сейдахмет:
“Әлімжан-ау, ет қайдан болсын, келмейді деген сенің өзің биылдыққа үшінші рет келіп
отырсың”, – деген екен.
Тағы бірде үйге келген қонақтар құрауыз аттанып бара жатқанда, Сейдахметтің бәйбішесі
ұялғаннан:
- Шай-пай ішпедіңіздер ме, – деп қалады. Сонда Сейдахмет:
- Бәйбіше-ау, ерте айттың ғой, қонақтар әлі үйден шыққан жоқ, отырып қалса қайтесің, –
депті.
Бірәлі деген бай жомарт адам екен. Осы кісі Сейдахметпен сыйлас болады. Бірде
Сейдахмет ақынның үйінде көже ішіп отырып:
- Мал басқа бітеді,
Қына тасқа бітеді.
Байлық ішіп-жейтін ерге бітпей,
Ішіп-жемейтін насқа бітеді.
Құдайда да әділдік жоқ-ау. Көжені мынадай ғып дәмді ұстайтын Сейдекеңнің үйіне бір үйір
жылқы берсе қайтеді екен, – дейді Бірәлі. Сонда Сейдахмет тұрып:
- Берем десең бір үйір жылқы өзіңде де бар ғой, Бірәліжан. Құдай бермеген бір үйір
жылқыны өзің беріп, сол құдайдың өзін бір ұялтшы, – деген екен.
40
Сейдахметтің мұндай шешендік сөздері мен тапқырлықтары өте көп. Ол да жеке
зерттеуді қажет ететін бөлек мәселе.
Достарыңызбен бөлісу: |