Байжан
Ал, Байжан, жаз бір терме қалам салып,
Сен жүрсің ауыл кезіп, дәулет ойлап.
Біткенде мұнша мал не қылар ең,
Аруанаң бес жүз болса, үш жүз тайлақ.
Өргізіп, бір ауылдан мыңнан қойды,
130
Жылқыны көл жағалай қойсаң бойлап.
Тіктіріп, мейман үшін ақ боз үйді,
Бес жігіт қызметке қойсам сайлап.
Дастарқан шайға салар тарелке де,
Пісірген, тоқаш төксем сары майлап.
Ұстатып, бұғалықпен асау тайды,
Ту бие және сойсаң, қалған шәйлап.
Ауылда көрші болған адамдарым,
Жүгірсе, пышақ алып, алақайлап.
Баршасын мейманымның тәрбиелеп,
Тойдай боп, тойып қалса ауыл – аймақ.
Сол қолдан әрбір жерден қайырымды
Бес – алты беріп тұрсам құнан тайлап.
Қолымда ақ дабыл құс, қолда дабыл,
Астымда қара жорға ат жүрсем майлап.
Мінгені саятшының бір – бір бедеу,
Жер тарпып, ауыздығын тұрса шайнап.
Салақтап қанжығамда қызыл түлкі,
Құлпырып, көзді тартып, түгі жайнап.
Құс салып, ит жүгіртіп, кешке келсем,
Алдымнан жарым шықса гүл – гүл жайнап.
Қолымнан құсымды алып, атымды ұстап,
Енгізсе есік ашып, орын сайлап.
Байжанның өзіне айтқаны
Ал енді, молла Байжан, кеңес баста-ай,
Бұрынғы қалпыңнан артық аспа-ай.
Сыпыршы сұңқар қуған лашындай,
Жүйріктей шаң жұқпаған, қорқып – саспай,
Жүргізген от арбаны шойын жолда-ай,
Тозаңның будақтасын белден аспай.
Аңдап бас, аяғыңды кәрі тарлан,
Бұл күнде екі отыз бес келдің жасқа-ай.
Жеткен соң жас жетпіске о, дариғай,
Келмеген кемдік бар ма біздің басқа-ай.
Ғашық боп таңдап алған ақ маралдар,
Ит тиген болып отыр арам астай.
Шешеңнің ағып жатқан көзі бітіп,
Шықпай тұр, жапырағың қу ағаштай.
Кемпір – шал басын қосып жиналғанда,
Сөйлесе Байжан кетпес көңіл ашпай.
Құрбымды қатар өскен жадыма алсам,
Жылаймын қапа болып өксік баспай.
Байжанның жолдастыққа жазғаны
Ыстық қан, ызалы ашу, қайнаса кек,
Теңселер, тебіренер жер менен көк,
Адамнан адам туып жаралғалы,
Еш адам жақсылықты көрмейді жек.
Жолдасын жарға итеріп, жауға бермес,
131
Нәсілді, затындабар болса асыл тек.
Ары үшін, намысы үшін басын беріп,
Тұратын жолдас болсын жан пида деп.
Табылар мұндай жолдас ілуде бір,
Салады кейбір жолдас көңілге кір.
Жүрегің тастай қатып, мұз боп тоңса,
Шешілмес шемен болып, іштегі сыр.
Бұл өзі бекер, босқа айтылған жоқ,
Айтылып, ел аузында болып жүр жыр.
Қоздырса ашу, аразды арандатып,
Дау – жанжал, ұрыс – керіс, шығады шер.
Сыртыңнан сабыр бағып, жүрсе торып,
Арамдық кеудесіне кірсе толық.
Тың тыңдап, тыпыр қағып, тыным таппай,
Бәленің бәрін жияр түгел, толық.
Өрге айдап көкірегін соқса қиял,
Өзі оңбаған, басқаны қайтып тияр.
Күшіктей сүтке тиген боп жүреді,
Қылығы болмаған соң жұртқа сияр.
Қолынан келері жоқ, айтады өсек,
Өсектен аузы тынбайт, адам десек.
Шақ – шақ қып, бірді бірге шығыстырып,
Лағынат айтқаның аз – атса керек.
Мұндайлар жамандыққа жаны құмар,
Ішінің сау жері жоқ, бәрі шұбар.
Қам қылып күні бұрын құлатуға,
Басыңды отқа итеріп, шоққа тығар.
Мұндайлар жақсылықты күтпес ақтан,
Жолыңа жүретұғын құрар қақпан.
Аңдамай, алдауына түсіп қалмай,
Бойыңды аулақ тартып, мықтап сақтан.
Қасыңа қамқорлықпен келген болар,
Пысықсып, сырттан қамды жеген болар.
Бұл адам – адамзаттың сұмырайы,
Өзі өрде, өзге адам төмен болар.
Жүрекке өсек – аян зерде болар,
Басы көкте, аяғы жерде болар.
Жолдасын шұқанаққа итере сап,
Өзі аман, ондай қулар төрде болар.
Ішпес ас, бермес сараң, пісте болар,
Сонаршы ерте кетсе, кеште оралар.
Адамдық абыройын, арын сатса,
Әрдайм мұндай қулар есте болар.
132
МӘТІБАЙ АҚЫН
(1843 - 1928)
Мәтібай Сарыбасұлы 1843 жылы қазіргі Қостанай облысының аумағындағы Ақмешіт
деген жерде дүниеге келген. Ескіше хат таныған Мәтібайдың әкесі Сарбас Сүйіндікұлы да
домбырашы, әнші, ақын болған. Патшалық Ресейдің отарлау саясатының барысында ақын
әулеті 1868 жылдардың шамасында Торғай бойына қоныс аударады. Бір деректерде
Мәтібайды қажылыққа барған деседі. Мұны ақынның өз өлеңдері де растай түседі. Өміріне
өлеңді серік еткен Мәтібай ақын 1928 жылы Торғай бойында Бектұр деген жерде өмірден
өткен екен.
Мәтібай – импровизатор.
Оның «Жалғыз атым жоғалды», «Байларға», «Ел аралау сапары», «Қыздың қарсы
сөйлеуі», «Меккеден оралғанда айтқаны» т.б. толғаулары ел арасында кеңінен таралған.
Ақын шығармашылығы жайында бірнеше мерзімді баспасөз беттерінде мақалалар
жарияланып, Б.Әлмағанбеттің «Торғайдың топжарғандары» кітабында атап өтілген.
Мәтібай ақынның арғы аталары Құдайсүгір батыр бір жорықтан қоржынға салып бала
алып келеді де, оны Саламат деген туысына беереді. Сол бала Кендірбайдан: Ерден, Берден,
Сарыкөбен деген үш ұл туады. Үшеуі де дәулетті бай болады. Мәтібай солардың бір семіз
биесін сойып алады. Келер жаз Жарбастының ықпалды Досмағамбет,Тай деген кісілері
Мәтібайдың жалғыз биесін алып береді. Бұл жөнінде Мәтібай былай деп жұртқа жайып
жібереді:
Атаңыз ат бермеген, ас бермеген,
Ат беріп, ас беруді қош көрмеген.
Бұл Ерден, Берден қайдан оңсын,
Әкесі Кендірбайға бас келмеген.
133
Тай менен Досмағамбет ақылың жоқ,
Бір құлды осыншама қастерлеген.
Құлыңнан сарытабан биемді әпер,
Кетейін бөлек жайлап басқа елменен.
Тай менен Досмағамбет құлымды бер,
Ежелден ескілікті пұлымды бер.
Киімшең атамыздың бір баласы,
Ұқсайды Шектібайға Сарыкөбен ер.
Шектібайға ұқсайды деп ақын тағы бір пәленің шетін шығарады. Ағайынды үшеуі
тіпті масқара болады. Мына өлеңді естігеннен кейін Сарыкөбен Мәтібайды шақырып алады.
-Шырағы өлеңді қой. Мен алдым. Сен бердің. Енді өзің ала ғой, - деп биесін
қайтарыпты.
* * *
Туыстары Кеңбейіл, Әбіштер тіл білетін адамсың, сен тындырып кел
деп Мәтібайды бір даулы шаруаға жұмсайды. Күз тақап қалған кез екен. Қыстау, қоралардың
жайын өздеріміз тындырып қоямыз деседі. Ұзақырақ жүріп Мәтібай елге оралса жұрт
қыстауға көшіп қонған екен. Отын – шөп түсірілмеген, қыстау – қора аңғал – саңғал, жай –
жапсарын сұрай келген ағайындарға Мәтібай былай депті:
Ит туды Құдайсүгір қатыныңнан,
Болды ма анамыздың жатырынан.
Үй, қора жөнделмеген, отын, шөп жоқ,
Отырмын мен ұялып қатынымнан.
Бала жас отын жинар ұй маңына,
Сондықтан өзім жүрем үй қамына.
Туыстықты сендерден қашан көрем,
Жәрдемдерің жоқ болса мал – жаныма?
Ағайын ала болса бірлік кетер,
Дәулетің басындағы бір күн өтер.
Бірлікті сақтамасаң ағайындар,
Ел болудың түбіне сол – ақ жетер.
Мына сөзді естігеннен кейін ағайындары жиналып, үй мен қораны жөндеп, отын,
шөбін түсіріп беріп Мәтібайдың көңілін тындырады.
* * *
Сөз білетін өнерпаз Мәтібайды ел жақсылары өз жанына ертіп жүруге құштар болған.
Ақылға тоқтамайтын тентектерді Мәтібайдың отты жырымен тоқтатқан. Мәтібайдың көбірек
ерген адамы өз ағасы Жарбасты Дәнен болыс. Бір жылы Дәнен болыс Мәтібайды ертіп, көп
адаммен найманның асына барады. Астың бар кәдесі бітіп, ел тарап жатқанда сол елдің
жақсыларының бірі Дәненге кісі салып, бір туысының асқа өкпелеп, дау шығарып жатқанын
хабарлайды. Сұрастырып білсе Дәненнің жақын інісі Бисары деген кісі екен. Оның мінезін
білетін Дәнен Мәтібайды жұмсап, ол маған көнбейді, сен бірдеңе деп оны тоқтат дейді.
Мәтібай ас иелерінің көзінше Бисарыға қатал сөз айтып тоқтатады:
Бисары би емессің би дейтұғын,
134
Қаратабан қашаннан құл дейтұғын.
Түбінде бір шатағың болмаса егер,
Жай адам асқа өкпелеп жүрмейтұғын.
Шешеңнің мен айтайын қалыңмалын,
Қашаннан жеті жұртқа мәлім малын.
Құнажын қызыл сиыр, бір шыт көрпе,
Жанында ұмытпаңыз «қарын қамын».
Қой айдап қорасымен асқа бардың,
Бұл күнде алпыс үш жасқа бардың.
Сиырдай тірсегіне жүре тышқан,
Түсіне ұқсамайсың басқа малдың.
Мына сөзді естіген жұрт: Бисарының Дәненге жақындығы жоқ екендігін біледі, оған
ренжімейік, - деп тарасыпты.
Меккеден оралғанда айтқаны
Ауызды онбір ашып дуан бардым,
Бұл жолға жүрген сайын қуанғанмын.
Үш қонып, төртінші күн Ырғыз бардым,
Жөндейді қақтағалам істің бәрін.
Сәлемде Торғайдағы қалған жұртқа,
Атамыз батыр Қобылан, анам Құртқа.
Қайырлы сапар болсын дей көріңіз,
Салауат айтқан сайын бізді ұмытпа.
Шалқардың келіп түстік қаласына,
Сәлемде арғын, қыпшақ баласына.
Келген жан бұл дүнияға қайтпақ керек,
Риза боп жер мен көктің арасына.
Баруда Орынборда бес күн жаттық,
Алланың кесім еткен дәмін таттық.
Тоғыз күн Ыстамбұлда еру болып,
Қажылар қылады екен сауда – саттық.
Сұлтанның консулынан билет алдық,
Тәуекел параходқа жүгім салдым.
Жол екен күн сөткелік Қара теңіз,
Мүдірмей Ыстамбұлға жетіп бардық.
Әнсарда зиярат бар Ыстамбұлда,
Зиярат етіп едім барған жолда.
Сол жолда пайғамбардың ізін көрдім,
Секілді көрінеді алтын ділдә.
Әзірет Хамзаға жаяу бардым,
Ахат таудың түбіне таяу бардым.
Көлік жоқ, ыстық күнде жаяу жүріп,
135
Әр жерде бір отырып, есім тандым.
Біреуі зияраттың мешіт Қағба,
Көп адам намаз оқып тұрдық сонда.
Мұздалина тауына қайта шығып,
Минада құрбан айтып шалдық жолға.
Яссауи Қожахмет айдағанда,
Аспанннан күн миыңнан қайтпағанда.
Ғарасат майдан күні қалай болар,
Келмейді жатсам ұйқым ойлағанда.
Кейбіреу үйде отырып тамаққа тоқ,
Тамаққа тоқ болсада басқаға жоқ.
Дүниені көбейтем деп отырғанда,
Түседі төбесіне қорғасын оқ.
Ұмытпа бай болдым деп бір құдайды,
Жер тартқан рақымсыз Қарынбайды.
Меккені кәпір тұрып қайда барды,
Жомарттық қылғаны үшін Атымтайды.
Атымтай бізден бұрын жомарт өткен,
Жан бар ма есігінен құры кеткен.
Нашарға фақыр мүскін қайып қылып,
Олдағы қоңыржайға сөйтіп жеткен.
Ибраһим пайғамбарым малды болды,
Мал біткенде жандының алды болды.
Жүз түйе тауға шығып құрбан қылып,
-
Әй, ата, беліңде арқан, қолда алмас,
Көп қайра алмасыңды өте қалмас.
Баласы атасы үшін құрбан болса,
Тентек деп екеуімізді айып қылмас.
Әй, ата, мен құрбандық сенің үшін,
Бір шытпа қабағыңды менің үшін,
Айналған аязды күн анам байғұс,
Түз көрер құлазыған үйдің ішін.
КҮДЕРІ ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ
(1861-1931)
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті шығармаларына тақырып еткен халық ақындарының
арасында Күдері Жолдыбаевтың орны ерекше. Оның тек екі-ақ шығармасы баспа бетінде
жарық көрген. Ол туындылары – "Амангелдінің Торғайды алғаны" және "Ер туды"
дастандары "1916 жыл" жинағына және орта мектептің әдебиет пәні оқулығының
хрестоматиясында жарияланды. Ақынның бұл аталған шығармаларынан да басқа өлең-
толғаулары болғандығы ақиқат. Ол туралы деректер де көп. Алайда бұл шығармалар біздің
қолымызға түсе қоймады. Күдері ақынның шығармалары қолында бар кісілер түсініксіз
себептермен бізге бергісі келмеді. Алайда, жоғарыда аталған екі дастанын қарастыра отырып
136
байқағанымыз – Күдері Жолдыбаевтың ауыз әдебиеті мен жазба әдебиет дәстүрлерін терең
меңгерген кең тынысты ақын екендігі.
Ақынның "Амангелдінің Торғайды алғаны" дастаны Торғайдағы 1916 жылғы ұлт-
азаттық көтерілістің негізгі шайқастарының бірі – Амангелді сарбаздарының Торғай
қаласына шабуылын суреттейді. Дастанның кіріспесінде патшаның "Маусым жарлығынан"
кейінгі ел басындағы ауыртпалық пен күйзеліс, патшаның ел ішіндегі жандайшаптары –
губернатор, уезд бастығы, болыстар мен аулынайдың халыққа істеген зорлық-зомбылықтары
бейнеленген. Ал, негізгі бөлімде Амангелді бастаған сарбаздардың Торғай қаласына
шабуылы кезіндегі ерлігі туралы айтылады:
...Оқ жыландай ысқырған,
Жалын шашқан, ышқынған,
Үңірейген мылтық аузына,
Атқойып, көп іркілмей,
Шашақты найза желкілдеп,
Ақ сойылдар сартылдап,
Амангелді алдында,
Атылған оққа жарқылдап,
Қарамастан айқайлай,
Ермеген оған жан болмай,
Көп көшені шаңдатып,
Қалаға кірді аңыратып...
Ақынның екінші шығармасы "Ер туды" Доғал-Үрпек соғысындағы оқиғаларды арқау
еткен. Мұнда да көтерілісшілердің жанкешті ерліктері, азаттық жолында қаза тапқан
ерлердің бейнесі суреттелген.
Оқиғаны баяндау, жырдағы ырғағы, ақындық стилі Орта Азия халықтарының ауыз
әдебиетінде ортақ сарындарды беретін сияқты. Мың сан солдат Амангелді бастаған
сарбаздарға қаптап келе жатады. Жаудың алдын бөгеп, жолын тосып батырлар жатыр:
...Ерлер сонда тұрды тасып,
Аттарына қамшы басып.
Қайраттанды қаһарланып,
Қалмалық деп қорқып, сасып.
Мінген ерлер қазанатқа,
Көп жиылған азаматқа,
Амангелді сөз сөйледі,
Алдындағы жамағатқа...
Өлеңнің сыртқы көркемдік құрылысында, ырғақ толқынында жазба поэзияның әсері де
жоқ емес. Әрине бұл әсер жырдың халықтық маңызын төмендетпейді, қайта бұрынғы ерлік
дастандарының соғысты суреттеу әдісін орынды пайдаланған. Батырлар жырында налу,
күйіну, ерлердің әлсіздігінің, қайраты жасығандығының белгісі болып отырмайды. Ерлікті
сағынған, кегім кетті деп іштей ызаланған жауынгерлік рухтың жандануы қуаттану белгісі
болып отырады. Амангелдінің жанашыр жолдасы қолында қаза тапқанда, сенің кегіңді
алармын деп серт беруі, майданға кіргелі тұрғанда сенімен бірге боламыз деп сарбаздардың
ант етуі – бәрі батырлар жырындағы ерлік бейнені жырлағандығын көрсетеді. Күдері
ақынның поэмасы осындай ерекшелігімен маңызды болып келеді [1, 257 б.].
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің әдебиеттегі көрінісін сөз еткен зерттеулерде ғана
аты аталып жүрген Күдері Жолдыбаевтың белгісіз шығармаларын жинастырып, оның қазақ
137
поэзиясындағы орнын айқындап ғылыми баға беру – өз алдына жеке зерттеуді қажет ететін
тақырыптардың бірі.
Амангелдінің Торғайды алғаны
Бұл не заман уланған,
Питнә қаулап дулаған?
Қазаққа қысым күн туып,
Қатын мен бала шулаған.
Старшын, болыс жағынып,
Мойнына знак тағынып.
Ар, иманын ұрлаған,
Еріксіз басқа қол салып,
Мұншама жұртты қорлаған.
Халқың көзі қарайып,
Аспанды бұлт торлаған.
Жасөспірім жастарды,
Аламын деп солдатқа,
Еріксіз айдап зорлаған.
Ұлықтың сөзін мақұлдап,
Жарамсақтап жақындап,
Бұзылып болды оңды адам.
Жау жағадан алғанда,
Ит етектен шырмаған.
Мылтық ата білмейтін,
Тіл білмейтін бұл қазақ,
Не бітірмек кіл надан?
Жер қаздырып шеп қылса,
Қара сухар жеп тұрса,
Қайтып келмес бір де адам.
Айдарлымды айдады,
Тұлымдымды байлады.
Епті пысық күн көрді,
Момындарын қоймады.
Надандықтан жаман жоқ,
Өлейік деп ойлады.
Қарағай сапты найза алып,
Ат айғырын жаратып,
Айбалтасын қолға алды.
Әрлі-берлі толғанды,
Ел қоныстан қозғалды.
Құла жоннан жол салды,
Басқа қара күн туып,
Қара бұлт құрсанды.
Кереге жаллды кер бесті,
Кезінен бұрын бусанды.
Шошынып қазақ қорықты,
Асаудай тулап зорықты.
Ақсуатқа үй тігіп,
Көк қасқаны шалыпты.
Басшы болып еліне,
Ниеті қара жүріпті.
138
Үріккен елден шашылған,
Дүниеге қулар молықты.
Айдау көріп мал азды,
Ұйқысы кетіп жан азды.
Қатын мен бала домықты,
Отбасында отырған,
Алжыған кемпір, кәрі шал,
Жылай-жылай торықты.
Түйеден қом, аттан жал,
Бәрі үзіліп болыпты.
Күнде сүргін айдалды,
Ақсақал, Теңіз, Тәуіпке,
Көшкен сайын жақындай,
Кәрі құртаң қой қалды,
Шулаған нар ол қалды.
Көшке ере алмай шойнаңдап,
Қоралаған тай қалды.
Ақылынан адасқан,
Айдасын қазақ қай малды.
Күнде сойыс көбейіп,
Сылтау етіп көр-жерді,
Қырып жүрміз хайуанды.
Ат жалын тартып мінгендей,
Қосында жігіт сайланды.
Еңбектеген бала мен
Еңкейген кәрі шал қалды.
Қалаға жүрді көне алмай,
Жұмыстың артын көре алмай.
Ала таңна алдалап,
Тәуекел деп ат қойдық,
Тосыннан оған көне алмай.
Жасанған жауға кездесіп,
Аспаннан қардай оқ жауды.
Түтін мен шаңы аралас,
Бірін-бірі көре алмай.
Ойынға атын үйретіп,
Найза алып, сойыл сүйретіп,
Телеграм сымы қиылды,
Бағанасы жағылды,
Балтамен шауып күйретіп.
Елуден адам бөлінген,
Қызыл үйін поштаның,
Шауып алдық қиратып.
Қатын-бала, үлкенін,
Үріккен қойдай шулатып.
Пошта жолдың үстінде,
Почтальон, начальник,
Жол болмады қашарлық.
Қарулы дұшпан болған соң,
Бұған да қарсы жасандық.
Начальник қашты қысылып,
139
Айдады атын тықсырып.
Үш қара атты қуалап,
Арбасын қатты ұшырып.
«Келгеніңді атам» – деп,
Алты атарын ұсынып.
Тұрғандарға жұрт шапты,
Қорқар ма жаудан шошынып?
Пәуескесіе қиратып,
Сойылмен ұрып түсіріп.
Дұзақ салып мойнына,
Сүйретіп жүріп өлтірдік,
Тұлыптай қылып ісіріп.
Атын алып жетелеп,
Қалаға кеткен қосынға,
Қосылды келіп төтелеп.
Аманкелді батырдың,
Қолы шапты батыстан.
Абатыны балталап,
Батыр-бұтыр атысқан.
Тұтқында жатқан жандарды,
«Шығарып өзі алам» – деп,
Аманкелді қамданды.
Үш түйіліп, үш барып,
Сегіз кісі шығарып,
Ала алмады қалғанды.
Көтеріліс даңқымен,
Түйіліп қала қалғанда,
Казармамен казначей,
Сонда жиған бар жанды.
Басқа үйлер қалған иесіз,
Төрт жерге солдат түйініп,
Бекініп әбден алғаны.
Бұзуға сол қорғанды,
Атқан таңмен айғайлап,
Қалаға қосын лап берді.
Айнала қоршап дуанды,
Тұс-тұсынан ат қойды.
Қарсы шыққан адамды,
Көк найзамен сүзгілеп,
Тақымға салып езгілеп,
Лаулаған қала өртінде
Көкбардай тартып желпіне,
Сары ала туды көтеріп,
Қозғалды топ еркіне.
Оқ жыландай ысқырған,
Жалын шашқан, ышқынған.
Үңірейген мылтық аузына,
Ат қойды көп іркілмей,
Шашақты найза желкілдей.
Ақ сойылдар сартылдап,
Аманкелді алдында,
Атылған оққа жарқылдап.
140
Қарамастан айғайлай,
Ермеген оған жан болмай,
Көп көшені шаңдатып,
Қалаға кірді аңыратып.
Күрсілдеген зеңбірек,
Сыртылдаған пулемет,
Өлтірді нелер боздақты.
Домалап талай ат жатты,
«Ой, бауырым!» – деген ащы үндер.
Жүректе кекті оятты.
Долданған көп тайынбай,
Жауға қарсы жұрт шапты.
Серпілген сойыл оң-солға,
Офицерді құлатты.
Алқымға алдық қалғанын,
Погондарын алғанда,
Көк найзамен салғанда,
Борсаңдап қашты жандарм.
Қандаладай езгілеп,
Шаштық жауыз қандарын.
Аманкелді осылай,
Жыр қылдым Торғайды алғанын.
Қарпық Шолақұлы
Ахмет Байтұрсынұлына байланысты атап өтерлік тағы бір ақын Қарпық Шолақұлы.
Ахметпен жерлес әрі рулас Қарпық ақын өлеңдері бізге толық жетпеген.
Қарпық ақынның руы – Үмбетей.
Бергі атамыз – Аралбай,
Шыға бір шапқан қамалға-ай.
Қыдыр дарып, бақ қонып,
Нәсілі қалды заманға-ай, –
141
деп ақынның өзі жырлағандай, Үмбетейден Аралбай, Аралбайдан Өміртай, Өміртайдан
Қожырбай, Қожырбайдан Шолақ, Шолақтан Қарпық. Ахаңның аталас туысы [53].
Шолақтың балалары оқыған, көкірегі ояу, көзі ашық, сөзге шешен жандар болады.
Солардың ішінде Қарпық ақынның шоқтығы биік. Қарпық ақынның толық жеткен
өлеңдерінің ішінде "Төлебайдың жамағатының жоқтауы" деп аталатын жоқтау мен ақынның
ағалары Байтұрсын мен Ақтас айдаудан қайтып келгенде айтқан өлеңінің орны бөлек. Бұл екі
өлең де бізге Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері арқылы жетті. Кеңес заманында ел аузында
жасырын түрде айтылып жүрген бұл өлеңдер Ахаң мен Жақаң ақталғаннан кейін
жарияланды. "Жоқтау" жинағында Ахаң: "Төлебайдың жоқтауын шығарған Қарпық ақын",–
дейді [5, 41 б.]. Ал "Әдебиет танытқыш" еңбегінде: " ... Байтұрсын, Ақтас деген жақын
ағалары 15 жыл айдауда болып, қайтып келіп тұрған қуаныштың үстінде айтқан Қарпық
ақынның марқайыс толғауында мынадай сөздер бар:
Кәпірге қылыш сілтеп қарысқаным,
Дүниеде теңін тауып жарысқаным.
Тәніңнен дұшпан көрсең түгің шыққан,
Лайық заманына арыстаным.
Нашарды сырт дұшпаннан арашалап,
Қам ойлап қарашаға болысқаным.
Үлгімен әр орында тұра берген,
Ақылға Аплотондай данышпаным.
Достардан қасірет отын қалыс ойлап,
Қайырлы сағатында қауышқаным.
Шұбалаң, Қарақоға, Жыланшықпен,
Дені сау түсінікті болыстарың.
Бұл күнде сіздер үшін дұғада тұр,
Атқарып жолдас болған орыстарың",
– деп Қарпық ақын өлеңінен үзінді келтіреді [41, 164 б.].
Ахметтің әкесі Байтұрсын мен ағасы Ақтас 1885 жылдың 12 қазанында Жыңғылды
бекетінің жанындағы Жаркешу өткелінде Торғай уезінің бастығы, полковник Я. П.
Яковлевтің басын жарады. Осы оқиғаның себебінен Шошақ әулетінің үш арысы Байтұрсын,
Ақтас, Сабалақ 15 жылға Сібірге айдалады. Осы кісілер Сібірге жер аударылып бара
жатқанда Қарпық ақын айтқан толғау өлең бізге Әбіқай ақынның баласы шежіре-шешен
Ахметқан арқылы жетті.
... Байтұрсын, Ақтас түсіп жанған отқа,
Тартылды жазаланып, ісі сотқа.
Кәрі ояз Яковлевпен ерегесіп,
Кигізді басын жарып, қызыл ноқта.
Сібірге он бес жылға жер айдалды,
Дүние шыркөбелек, шыр айналды.
Айрылған қамқоршысы, ерлерінен,
Халықтың көкірегіне дерт байланды...
Ал Ахмет Байтұрсынұлы "Әдебиет танытқышта" келтірген Қарпықтың марқайыс –
толғауының басы Ахметқан нұсқасында былай басталады:
Байтұрсын, Ақтас ағай сәлем бердік,
142
Шүкірлік жүздеріңді аман көрдік.
Сендердің тұқымың деп бізді соқты,
Не қиын, қилы-қилы заман көрдік.
Аққан жас көзімізден тиылмады,
Сібірден келдіңіздер қиырдағы.
Жақсы ғой топырақтан тысқары боп,
Дәм-тұздың осы жерден бұйырғаны.
Құдайға мың мәртебе шүкіршілік,
Қалмасын көңілде енді күпіршілік.
Алланың добы деген адам басы,
Бәрінен артық бұл күн, бұл тіршілік [53].
1990 жылы "Жазушы" баспасынан "Боздағым" атты қазақтың жоқтау жырларының
жинағы басылып шықты [54]. Құрастырып, алғысөздері мен түсініктерін жазған филология
ғылымдарының кандидаты Тоқтар Арынов. Жинақ баспаға Ахаң есімі ақталмай тұрған кезде
ұсынылғандықтан Ахаңның есімі бұл кітапта аталмаса да, ол құрастырып Мәскеуде 1923
жылы араб әрпімен басып шығарған "23 жоқтау" жинағындағы дүниелер толығымен
енгізілген [55].
Аталған жинақта Қарпық ақын шығарған бес жоқтауы жарияланған. Оның үшеуі
Төлебайға арналған. Төлебай есімі Торғай төңірегіне кең танымал. Елінің бірлігін қолдаған,
патша нөкерлерінің жергілікті жерлердегі озбырлығына қарсы тұра білген Төлебай алып
тұлғалы, зор денелі батыр кісі болған. Төлебай қайтыс болғанда Қарпық ақын оның екі жасар
қызына, келіндері мен бәйбішесіне жоқтау шығарып береді. Төлебайға арналған бірінші
жоқтау қызының атынан айтылады.
... Елу алты жасында,
Дүниеден өтті арыстан.
Аруақты туған атақтым,
Бабасынан сөйлесем,
Белгілі бекзат данышпан...
деп басталатын жырдағы мазмұн мен дерек Төлебай әулетінің арғы-бергі тарихынан көп
мағлұмат береді. Осы жырда ел ағаларының есімдерін атай келіп, сөз түйінінде:
... Қазынасын күтелік,
Жаратушы Алланың.
Тәжмағамбет, Ахмет,
Тілегін қатты тілейік,
Қадірлі екі ағаның,–
деп азалы Ахметтің болашағына үміт арта отырып жоқтауын аяқтайды. Төлебайға арналған
бірінші жоқтау мазмұны жағынан бай, тарихи деректері де мол. Келінінің атынан айтылатын
екінші жоқтау жыры қысқа да, нұсқа қимастық үлгісінде жалпылама жырланған. Төлебайдың
бәйбішесінің атынан айтылатын үшінші жоқтау жыр да қорғасындай салмақты, мағыналы.
Одан кейінгі екі жоқтау Есмағамбет, Ерғазы сияқты ел ағаларына арналған. Бұл жоқтауларда
ел қамын ойлаған ерлердің еткен істері мен азаматтық бейнелері сипатталады. Есмағамбет
Торғай еліндегі сол кезеңде білімді, ойлы адамдардың бірі болса, Ерғазы Байтұрсынның
туған інісі, ол ағалары Байтұрсын, Ақтас, Сабалақтар Сібірге айдалғанда олардың
жанұяларына бас-көз болып, қамқорлығына алған кісі. Ағаларының жоқтаушысы болған
Ерғазы патша жандайшаптарының қолынан 41 жасында қаза табады.
143
Қарпық шығарды дейтін жыр-жоқтауларды оқи отыра, ақынның сөз құрау шеберлігі мен
шешендік дарын, шежіре санатына таң қаласың. Бұрын Қарпық ақын туралы сирек
әңгімеленетін. Ал, Қарпықтың Қазгелдісі туралы жиі айтылып жүрді. Қазгелдінің
азаматтығымен қатар артында қалған шешендік шежіре, көсемдік сөздері бар. Қазгелді
орысша да сауатты болған көрінеді [55].
Үмбетейден сөз ұстап, өлең қуғандар болса, осы Қарпық мектебінен шықты, осының
әсері деп әбден айтуға болады [56, 31 б.].
Ахметке Торғай атырабының атақты жырауы Қарпықтың тигізген шарапаты мол. Қарпық
жыраудың әуезді үні, өлең өрімдері, табанда үйлестіретін тапқыр ұйқастары, шешендік
шеберлігі, халық тарихын жете білетіндігі жас Ахметтің талант көзін ашуына көмектесті. Ол
бірте-бірте талант дегеннің тазалықтың, адамгершіліктің, ардың ісі екенін айқын түсіне
бастады [ 6, 119 б.].
Қарпық ақынның сөз саптауы мен түбірлі төрт буынды шымыр ұйқасынан, дәл тауып
қолданған теңеулері мен өткір тілінен оның осал ақын болмағанын аңғару қиын емес.
Сонымен бірге, өлең құрылысынан, шұбыртпалы ұйқаспен жазылуынан оның Торғай
ақындық мектебінен сусындағаны, өткір де өжет, шындықты бетке айтатындығы да
байқалады [53].
Достарыңызбен бөлісу: |