Айтыс II том



Pdf көрінісі
бет20/23
Дата16.02.2017
өлшемі0,96 Mb.
#4186
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23

Ділдә:
Молдеке, айттың сөзді таң көрсең де, 
Өзіңде ықтиярың, шам көрсең де. 
Нанбайды ол сөзіңе біздің ауыл, 
Қатардан сегіз кісі жан берсең де.
Сейдәлі: 
Бас болып би мен сардар аттанар қол, 
Қалады қол аттанса қазылып жол. 
Мегежін иттен қорып аяйын ба? 
Ықтияр, маған десең, қатыным бол.
Ділдә кідіріп отырғанда, шаптыға тұрып, молда Бәйімнің әйелі, 
қыздың жеңгесі сөйлейді:
Көрінер түлкі Алтайы іннен шыққан, 
Өсек сөз бұ секілді кімнен шыққан? 
Бикешім айдан ару, сүттен сұлу, 
Өзіңдей молда айтады діннен шыққан.
Сейдәлі: 
Ей, жеңгей, бір мен емес өсек айтқан, 
Өсек пе өзіңдегі бешені айтқан? 
Бәйеке, жұрттан асқан керемет деп, 
Қатының осы ма еді кешегі айтқан?
Әй, жеңгей, меніменен ерегеспе, 
Лайық кісі емеспін ерегеске. 
Аузынан әр түрлі сөз шығарады, 
Молдаңыз шыныменен ерегессе. 
Өтеғұл шешесіне ас бергенде, 
Бар едім сонда болған төбелесте. 
Билерден бір таяқ жеп қалмадың ба, 
Сен сонда сөйлеймін деп Елемеске? 
Жалпылдап арасында сен жүресің, 
Қай жерде екі кісі төбелессе. 

358
Қазақ өнерінің антологиясы
Қашаннан атың шыққан бір әйелсің, 
Ұлы жүз, Арғын, Жаппас құн егессе. 
Осынша бір қатынды тел өсіріп, 
Япырм-ай, Әлім деген ел емес пе? 
Әлі де айтар сөзім толып жатыр
Көре ғой қызығымды ерегес те...
Әйелді бір жігіт итермелеп, шығарып жібергенде, Ділда сөйлейді:
Ділдә:
Молдеке, шам көрсең де, осы сөзің, 
Өзіңе білінбейді өз мінезің. 
Әстемсіп маған не деп сөз айтасың, 
Келіп пе ең түзетуге сенің өзің?
Болады біреу тентек, біреу мақұл, 
Пенденің Құдай сұрар әр мінезін. 
Абайла, көпке тентек болып жүрме, 
Шарпыды от-жалындай айтқан сөзің.
Сейдәлі: 
Қыз бала, әне, сондай менің сөзім, 
Ежелден Құдай берген бір мінезім. 
Кісіге қарап тұрған өзің тидің,
Сенің де мақұл емес бұл мінезің. 
Ісіне өзі қылған өкінбейді, 
Сөйледім мақұл етіп көптің сөзін.
Ділдә:
Молдеке, көп күн болды келгеніңе, 
Қайтарсың аман болсаң елдеріңе. 
Құрбы деп құрбы ішінде айттым өлең 
Мас болма мендей қызды көргеніңе. 
Ашуым келе қойса, мен – бір тұлпар, 
Сөйлермін, қарамаспын өлгеніңе.
Сейдәлі: 
Екі жыл болды мұнда келгеніме, 
Мен сені қуанбаймын көргеніме. 
Айтысып, енді сені жеңбей кетсем, 

359
Айтыс II том
Ризамын елді көрмей өлгеніме. 
Шайтаным сескенбейді сендей қыздан, 
Шыдасам, ере алмассың желгеніме.
Ділдә:
Молдеке, аш көзіңді, айт сөзіңді, 
Балайсың мың кісіге бір өзіңді. 
Сен неге жалқау тарттың ерінгендей, 
Құлқыңды біле алмадым, мінезіңді?
«Бір күнгі шабысыма ере алмас», – деп, 
Сыртыңнан шамалайсың сен өзіңді. 
Ақын деп, жұрттан озған бір жүйрік деп, 
Біздің ел мақтайды екен құр өзіңді.
Сейдәлі: 
Отырмын сөйлей алмай, ұйқым келіп, 
Азғана отырсайшы сөзді бөліп. 
Біреудің мен де өзіңдей баласы едім, 
Қаларсың обалыма кетсем өліп. 
Теңселген торы жорға секілденіп, 
Тұрмайсың басың тартса кежірленіп. 
Мен сендей желпінгенге жеңсік едім, 
Тап болдың таланыма Құдай беріп. 
Сыртыңнан құмарланып жүрсем-дағы, 
Көрген соң өнеріңнен тұрмын жеріп.
Ділдә:
Молдеке, орын тауып жерінбейсің, 
Айтуға қаңқу сөзден ерінбейсің. 
Қудалап, айып-шамды айта берсең, 
Шырағым, сен де мінсіз көрінбейсің.
Сейдәлі: 
Айта бер, Ділдә сұлу, мінім болса, 
Шын сөйле, жалған айтпа, дінің болса. 
Бетіме қаратпастай қылар едім, 
Өзімнің елімдегі күнім болса.
Ділдә:
Жайлауға ел көшпейді жаз болмаса, 
Айналып көк аралға қаз қонбаса. 

360
Қазақ өнерінің антологиясы
Тілінен жағы бұрын сөйлеп барад, 
Жақсы еді осы ақының таз болмаса?
Сейдәлі: 
Әй, Ділдә, сен де тазсың, жеңгең де таз, 
Қышиды таздың басы көргенде таз. 
Өзіңді өзің айтып, жұртқа жайдың, 
Таз болса, қыз болады шерменде таз.
Сау болсаң, орамалың қолыңа алшы? 
Алады бас киімін өлгенде таз. 
Үйіңде әкең де таз, шешең де таз, 
Әкеңнің кенже інісі, жеңгең де таз, 
Үйіне сол жеңгеңнің бара қалсақ, 
Отының басы толған әпенде таз. 
Қатыны Құрымбайдың Үрім де – таз, 
Өзінің жалғыз қызы Дүрім де – таз. 
Айтасың салық қылып оның несін, 
Шығады екі үйіңнің бірінен таз. 
Бәрі таз Қолбарақтың төрт баласы, 
Гулеген шыбын болад ел арасы. 
Ішінде отыз екі таз бар екен, 
Бәрінен мынау пұшық отағасы. 
Құдайдың шүкір етемін бергеніне, 
Айналып, сөз өзіңе келгеніне. 
Манадан айтпадым ба, Ділдә сұлу, 
Шындасам, ере алмассың деп желгеніме. 
Құйрығын жатқан жылан өзің басып, 
Мінекей, тиді шарпу елдеріңе.
Ділдәның, сірә, бағы ашылмады, 
Көрінді жағасынан жасырғаны. 
Ду болды ұлы күлкі үйдің іші, 
Бір шәйнек шай ішкенше басылмады.
Күлкімен отырғанда, бір шәйнек шай ішіліпті. Сейдәлі қалжың-
дап, Ділданы тағы қағытты.
Қайдасың, Ділдә сұлу, ұрандасым? 
Абайла, сырттан дұспан сыр алмасын.

361
Айтыс II том
Шай салып, ақ шәйнекке су құйсайшы, 
Қайтарып самауырынның бұрандасын.
Ділдә:
Бұл күнде көңілім қайғы, көзім сағым, 
Тәңірдің кім алады берген бағын?
Бір мүрде тауып бүгін осы жерден, 
Осынша құнығып туған неткен Табын?!
Сейдәлі: 
Әркімге бір Жаратқан пана берсін, 
Ұзамай, Ділдә, саған бала берсін.
Сөйлей бер сөзің болса өз жөніңе, 
Орнында айтылған сөз қала берсін.
Ділдә:
Болады жылда осындай мерекеміз, 
Құрбыға жарасады не десеңіз?!
Молдеке, есітейік көрмесек те, 
Түрін айт, қандай адам жеңешеміз?
Сейдәлі: 
Ділдәжан, жеңешеңіз, әне, сондай –
Аршын төс, алма мойын, жазық маңдай.
Үйіне қатар-құрбы бара қалса, 
Жүзіне кете алмайды мейірі қанбай. 
Алаштан алдым таңдап, аты – Ханша, 
Болып тұр заманында қызға патша. 
Мен оны аса мақтап, не қылайын, 
Сен жоқсың, Ділдә сұлу, бір сынынша.
Ділдә:
Молдеке, айт өлеңді сөз келгенде, 
Тәңірдің берген сөзі кез келгенде. 
Жүргенде өзің мұнда, жеңешеміз 
Қайтесіз, айнып кетсе, сөз бергенге?
Сейдәлі: 
Айныса, айни берсін сөз бергенге, 
Ат майын кім мінбейді кез келгенде?

362
Қазақ өнерінің антологиясы
Құдайым бір тәубасын жаңылтпаса, 
Жоқ еді ондай мінез бір көргенде.
Ділдә:
Молдеке, айт өлеңді сөз келгенде, 
Аяйсың не жайыңды біз келгенде?
Көңілің қорғасындай балқыды ма, 
Қасыңа біздей сұлу қыз келгенде?
Сейдәлі: 
Мен, сірә, қызықпаймын қыз келгенге,
Болса да қызыл алтын қыз бергенге. 
Ділдажан, ит мінезім келіп отыр, 
Қасыма сен ұсаған қыз келгенде!..
Ділдә:
Лашын сұңқар өлді де, басар қалды, 
Байлар көшіп кетті де, нашар қалды. 
Жиғанымның бәрі де сиыр еді, 
Жалғыз көні құрыған қашар қалды.
Сейдәлі: 
Мал болмас жалғыз қашар қанша бақсаң,
Тоңар деп күндіз-түні жабу жапсаң. 
Пұл беріп, қашарыңды мен алайын, 
Қайтеді қашарыңды маған сатсаң?
Ділдә:
Молдеке, қашарымды ала алмайсың, 
Алсаң да, келістіріп баға алмайсың. 
Қыдырып түнде тұрып, оттап кетсе, 
Іздесең, оны қайтып таба алмайсың.
Сейдәлі: 
Өлеңді мен айтайын зордан ойлап, 
Екеуміз отырайық күліп-ойнап. 
Кеткені түнде тұрып айып емес, 
Үйренер бір-екі күн қойсам байлап.
Ділдә:
Қашарым биылдан соң сиыр болар, 
Сиыр болса, ол өзі бұйым болар. 

363
Айтыс II том
Молдеке, сол қашарды алмай-ақ қой, 
Сірә да, өз басыңа қиын болар.
Сейдәлі: 
Атымды мініп шыққан қыр басына, 
Тұс болдым сауда білмес ұрғашыға. 
Сатпасаң, сатпай-ақ қой енді, Ділдә, 
От түссін қашарыңның жанбасына.
Алмаймын қашарыңды құнын беріп, 
Өзің-ақ қуана бер түрін көріп. 
Сатпаған сат дегенде қу қашарың,
Ұрының кетер өзі соңына еріп.
ЕШНИЯЗ САЛ МЕН КЕНЕКЕС
Ешнияз сал: 
Құрысын, Елібайың, су бермейді
Жатқаны жазы-қысы, той көрмейді. 
Сол жерде құнын бір-ақ жоқтатар ем, 
Толыбай қолымды ұстап, жібермейді.
Кенекес:
Құрысын, қыр қазағы, қондырмайды, 
Сексеуіл отын жақсам, тоңдырмайды. 
Үйіне зәуіқайыр қондырса да, 
Онымен тамақ беріп оңдырмайды.
Ешнияз сал:
Берейік Елібайға ет пен майды-ай, 
Елібай қайдан білсін қант пен шайды-ай?
Елібай көже берсе ішер еді, 
Елібайға жүгері көже қайда-ай?!
Мір тілі Елібайдың зәрден ащы, 
Шығаршы үйден сабап Елібайды-ай.
Кенекес:
Ешнияз, бәрекелді, мынау ісің, 
Айтады осы сөзді үлкен-кішің. 

364
Қазақ өнерінің антологиясы
Аулыңа келсе қонақ «Қуамын» деп, 
Өзіңнің болса бұ да көргенсізің.
Ешнияз сал:
«Келді» деп бұл Елібай бұғайын ба, 
Бұққандай, бұл Елібай құдайым ба? 
Мір тілі Елібайдың зәрден ащы, 
Осы итті үйден қуып шығайын ба?
Кенекес:
Шөмекей, Кетеменен – жез бенен мыс
Жетіру: Тама, Табын – алтын-күміс. 
Ауылым Бұқарбай мен Сейілдікі, 
Артыңа қарасайшы, байғұс, Құлыс.
Ешнияз сал:
Бұқарбай, Сейілменен ағайын ба, 
Дегенің «ағайыным», абайың ба?
Алып кел Бұқарбай мен Сейіліңді, 
Шыққанша салың судан сабайын ба?
Кенекес:
Қорқады үргеніштік түрікпеннен, 
Бар еді қай тегіңде ұрып көрген?
Атыңа мін де ауылыңнан шық далаға, 
«Құйрығы ауыл итінің түрік» деген.
Ешнияз сал:
Еліңнің жазы менен күзі қалай? 
Айтатын бір-біріне сөзі қалай? 
Ау, жаным, сенен мен бір сөз сұрайын, 
Болады Елібайдың қызы қалай?
Кенекес:
Ішкені қыздарының қант пенен шай,
Не қылсын қант, шай ішпей, әкесі бай. 
Аршын төс, алма мойын әрбір сұлу,
Бар еді Елібайда жазық маңдай.
Таққаны өңіріне өңшең күміс, 
Жүреді омырауын көтере алмай...
 

365
Айтыс II том
ҒЫЛЫМИ 
ҚОСЫМШАЛАР

366
Қазақ өнерінің антологиясы
Жамбыл Жабаев (1846, 28.02, Жамбыл обл. маңы, Шу өзенінің бойы – 1945, 
22.06, Алматы обл. Ұзынағаш) – екі дәуірді көрген қазақ поэзиясының алыбы. 15 
жасында Сүйінбай Аронұлынан бата алып, ақындық талантын шыңдаған. Тегі: Ұлы 
жүз, Шапырашты, Екей.
Айкүміс  (т.ж.?  –  қ.б.ж.?)  −  Жетісудағы  әйгілі  ақын  қыз,  әзірше  өзге  мәлімет 
белгісіз. 
Сарбас  Майкөтұлы  (1849,  Жамбыл  обл.,  қазіргі  Қордай  ауд.,  Долаңқара, 
Мәтібұлақ – шамамен, 1914) − Кенен Әзірбаевтың ұстазы, аталас ағасы. Тегі: Ұлы 
жүз, Дулат. Жалайыр ақыны Қабан (Қабылиса) жыраудың жиені. 
Досмағамбет (Доспамбет) (1883, Алматы обл., Қаратал ауд. − 1910, сонда ) – 
тегі: Ұлы жүз, Жалайыр, Балғали. 
Құлмамбет  (1826/1840,  қазіргі  Алматы  облысы,  Райымбек  ауд.,  Күрметі 
аулы − 1903/1906, Алматы обл., Еңбекшіқазақ ауд., Түрген) − Жетісуда Сүйінбай 
бастаған  айтыс  мектебінің  негізін  қалаушылардың  бірі.  Әкесінің  есімі  ел  есінде 
сақталмағандықтан,  Құланаян  Құлмамбет  атанған.  Тегі:  Ұлы  жүз,  Албан, 
Қызылбөрік, Құланаян. 
Ноғайбай Сүлейменұлы (1855, маусым, Ертіс жағалауы ? – 1919/1923 ?, Ал-
тай,  Бурылтоғай  өңірі).  Ол  туралы  1888  ж.  «Қырғыз  халқының  ақын-жырауы 
Ноғайбай» атты мақала «Этнографическое обозрение» басылымында жарияланған. 
Мақала  авторы  А.Ивановский  ақынмен  Зайсан  көлінің  жағасындағы  Қарабатпақ 
жайлауындағы Көлденең судың бойында Садықан Ақатұлы деген қазақтың аулын-
да 1888 ж. жазында кездескен, бұл кезде ақын 33 жаста болған. Зағип болған деседі.
Ноғайбай Сүлейменұлының басқа да айтыстары бар. 
Жарылқасын  Сырманұлы  (1857,  Қызылорда  обл.,  Жалағаш  ауд.  –  1905)  – 
көрнекті ақын Омар Шораяқұлы ұстаз тұтқан.
Айқын,  лақабы  –  Айымторы,  Бексарықызы  (1859  –  қ.б.ж.?)  –мәлімет 
сақталмаған. Атажұрты Сарыарқадан, бірақ айттырған адамына қыз көңілі толмаған 
АҚЫНДАР 
ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТТЕР

367
Айтыс II том
себепті  әкесі  Бексары  Түркістан  өңіріндегі  Қоңырат  ортасына  көшіп  келген.  Бұл 
жерде де Айқынның ақындық атағы жайылған. 
Сарышолақ Боранбайұлы (1858, Ақтөбе обл., Шалқар ауд. – 1929, сонда, Нияз 
(Құмдық)  қорымы  )  –  ұлт  мүддесін  көздеп,  отаршылдыққа  қарсы  болған  себепті 
есімі де, шығармалары да аталмай, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана мұрасы 
халқымен қайта табысты. Атақты Мөңке би – Тілеудің бел баласы, ал Сарышолақ 
Тілеудің Жалтума деген немересінен тарайды. Тегі: Кіші жүз, Әлім, Шекті, Тілеу.
Тоқсұлу (1887, Ақтөбе обл., Мұғалжар ауд. – қ.б.ж.? ) – тегі: Кіші жүз, Әлім, 
Назар.
Бақи сұлу (1862, Ақтөбе обл., Мұғалжар ауд. – қ. б.ж.?) – тегі: Кіші жүз, Әлім, 
Жекей. 
Құлый (1888 − 1909) − тегі: Кіші жүз, Әлім, Тілеу.
Мәшһүр-Жүсіп  Көпейұлы  (1858,  қазіргі  Павлодар  обл.,  Баянауыл  ауд., 
Қызылтау  –  1931,  сонда)  –  ақын,  ауыз  әдебиеті  үлгілерін  жинаушы.  15  жасынан 
өлең жаза бастады. 1875 ж. біраз уақыт мұғалім болды. 1887−1890 ж. Самарқанд, 
Ташкент, Түркістан, Бұхара, т.б. қалаларды аралап, араб, парсы тілдерін үйренген, 
Шығыстың классикалық әдебиетімен жете танысқан. 
Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы (1858, Солтүстік Қазақстан обл., Айыртау ауд. 
−1930) – кеңес кезіндегі асыра сілтеу науқанына қарсылық танытқаны үшін «халық 
жауы» атанып, түрмеге қамалған. 
Құдайберген Әлсейітұлы (1871 ?, қазіргі Павлодар обл., Ертіс ауд. – 1935, Ре-
сей, Омбы обл., Шарпақ ауд., Жұмабай ауылы) – Сарыарқаның атақты ақындарының 
бірі, Иса Байзақовтың ұстазы, желдірмені осы Құдайбергендікі деп те орындайтын 
нұсқалары болған. 
1965 ж. «Айтыс» жинағында (1, 542-б.) тегі аталмаса да, қайтыс болған жылы 
1931ж. деп көрсетілсе де, Үкілі Ыбыраймен айтысқан Құдайберген ақын осы екені 
түсінікті.
Құдайберген Әлсейітұлы Қадишамен де айтысқан. Тегі: Орта жүз, Қыпшақ. 
Қадиша  (т.ж.?  –  қ.б.ж?  )  –  тегі:  Орта  жүз,  Қарауыл,  Мүлтіксары,  Жауар. 
Құдайберген Әлсейітұлымен айтысқан.
Оңғар Дырқайұлы (1859, Қызылорда обл., Қармақшы ауд. – 1902). 1895 ж. Ал-
тын  руының  ақыны  Топжан  Байназарұлымен  де  айтысқан.  Тегі:  Кіші  жүз,  Әлім, 
Қаратамыр.
Ырысты қыз (т.ж.? – қ.б.ж.?) – тегі: Кіші жүз, Әлім, Шөмекей, Аспан, Төбет 
аталығынан.  Қазалы,  Қармақшы  өңірінде  көшіп  жүрген.  Ол  қарақалпақ  ақыны 
Әжінияз Қасыбайұлымен (1829 – 1878) де айтысқан. 
Қызыл  жыршы  (Мырзабек  Байжанұлы)  (1870,  қазіргі  Оңтүстік  Қазақстан 
обл., Отырар ауд. Маяқұм ауылы –1945, күз, сонда) – Майлы қожа, Мәделі қожа, 

368
Қазақ өнерінің антологиясы
Нұралы, молда Мұса, Айтбай, Балтабай, т.б. ақындармен айтысқа түскен. 1939 ж. 
Шымкенттегі олимпиадаға қатысып, Алматыға шақырылған, бірақ партиялық цен-
зура: «Алланы көп айтасың», – деген желеумен шетқақпайлық жасаған. 
Классикалық жырау типіне анық келмегендіктен, жыршы деп беруді жөн көрдік. 
Тегі: Орта жүз, Қоңырат, Көтенші, Жаманбай, Қира. 
Әкімгерей  Қостанов  (1878,  бұрынғы  Орынбор  обл.  Бөрте  ауылы  –  1932, 
Қарақалпақстан, Шымбай қыстағы) –А.Затаевичке ондаған ән мен күй жаздырған, 
жыршы.
Болман Қожабайұлы (1880, Қарағанды обл., Ұлытау ауд. − 26.9.1972, сонда). 
Тегі: Орта жүз, Найман.
Тайжан Қалмағамбетов (1878, Қарағанды обл., Ұлытау ауд. − 1938) – атақты 
Ыбырай Сандыбаевтың туған жиені. 1936 ж. Мәскеуде өткен қазақ өнерінің бірінші 
онкүндігіне қатысқан. 
Иманжан  Жылқыайдаров  (1882,  Қарағанды  обл.,  Ұлытау  ауд.  –  10.8.1973, 
сонда). 
Бибіғали Оңғарбайқызы (т.ж.? – қ.б.ж.?) − Иманжан ақынның жерлесі, ауыл-
дас. 
Кеншімбай Қабанұлы (1865, Қызылорда обл., Сырдария ауд. – 1925, сонда). 
Кейбір  деректе:  Көншімбай.  Өз  елінен  қуғын  көріп,  Ор  бойындағы  Жағалбайлы 
еліне келіп, болыстың хатшысы болып, қызмет еткен. Сол жерде Ақсұлу қыздың 
сұлулығы мен ақындық даңқын естиді. Тегі: Кіші жүз, Байұлы, Жаппас. 
Ақсұлу Орысбайқызы (1873/1874, Қостанай обл., Жетіқара ауд. – 1930). Тегі: 
Кіші жүз, Жағалбайлы, Балқожа. Кейбір деректе: Орынбаева.
Сауытбек  Ұсаұлы  (1868,  қазіргі  Жамбыл  обл.,  Шу  ауд.  –  1931,  сонда  )  − 
Ашаның алты салының бірі. Тегі: Ұлы жүз, Дулат, Күнту, Мәмбет.
Сыбанбек Ұсаұлы (1878, қазіргі Жамбыл обл., Шу ауд. – 1932, сонда) − Сау-
ытбек Ұсаұлының туған інісі. Ол да ақындық дарынымен белгілі болған. Тегі: Ұлы 
жүз, Дулат, Күнту, Мәмбет.
Майса  –  Суан  еліндегі  Байта  деген  байдың  қызы  деу  бар,  бірақ  олай  емес, 
Сәмбеттің қызы. 
Мәулімбай  Саяқбайұлы  (1871,  көктем,  қазіргі  Алматы  обл.,  Қапал  ауд., 
Ақтөбе-Шұрық – 1918, күз, Сарыбұлақ). 
Кәрібай Таңатарұлы (1872, Семей өңірі, Ақсуат ауд.– 1931, шекара сызығы).
Әсет  Найманбайұлы  (1864/1867,  қазіргі  Шығыс  Қазақстан  обл.,  Үржар 
ауд.,  Бақты  ауылы  −  22.03.1922/1923,  ҚХР,  Құлжа  )  −  ақын,  әнші,  композитор. 
Өмірбаяндық деректерін анықтауда түрлі пікір бар. 

369
Айтыс II том
1916  жылы  ұлт-азаттық  көтеріліс  кезінде  жазалаушы  отрядтардан  дүрліге 
қашқан елмен бірге Әсет Найманбайұлы Қытайға өткен. 
Ол Қали, Қызыр, Қосымбай ақындармен және т.б. ақындармен айтысқан. 
Мансұр Бегежанұлы (1875, Қызылорда обл., Шиелі ауд.−1933, Өзбекстан, На-
манган) − көрнекті ақын Нартай Бегежановтың туған ағасы. 
Дәме  Тобақабылқызы  (1894,  Бұқар  әмірлігі,  Елібай  өлкесі,  Сарыбел  мекені 
–  қ.б.ж.?)  –  қарақалпақ  әдебиетінің  көрнекті  ақыны.  «Ақ  Дәме»,  «Ақын  Дәме» 
атанған.  Өмірінің  кейінгі  кезеңі  белгісіз,  ата-бабалары  да,  барған  жұрты  да  бай 
болғандықтан, тарихта орын алған жағдайларға орай Ауғанстанға ауып кеткен де-
ген хабар бар. 
Әжек Мырзаұлы (1885, Алматы обл., Райымбек ауд., Қарабұлақ ауылы − 1934, 
Қытай) − түпкі атасы – жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыстарда ерекше көзге 
түскен Шағаман батыр. Тегі: Ұлы жүз, Албан, Қызылбөрік.
Қазақбай (XIX ғ. алғашқы жартысы, Ақтөбе өңірі) – «Қырымның қырық баты-
рын» жырлаған. Онымен айтысқа түскен жас Нұрпейіс Байғанин Қазақбайды ұстаз 
тұтқан. Бірнеше эпосты содан үйренген, тәлім, тәрбие алған. 1906 ж. 23-наурызда 
Қазақбайды  Орал  уезі  Жиренқопа  болысынан  (қазіргі  Ақтөбе  обл.)  Орынбордың 
архив комиссиясы арнайы шақыртып, бірнеше жыр жазып алған. Ғалым В.Карлсон: 
«Қазақбай 56 жаста екен, өлеңдерді бөгелмей, суырып салып айтумен бірге көптеген 
күйлерді, батырлар жырын біледі», – деп жазған. Тегі: Кіші жүз, Әлім, Кете.
Нұрпейіс Байғанин (1886, Ақтөбе обл., Байғанин ауд. − 1945, 9.04). Ақынның 
анасы – атақты Бұқарбай жыраудың қызы Үміт күміс көмей әнші әрі суырыпсалма 
ақын. Тегі: Кіші жүз, Әлім.
Жаңылдық  Әйтімбетқызы  (1902,  қазіргі  Жамбыл  обл.,  Талас  ауд.,  Үшарал 
ауылы − 1957, сонда) − бірнеше айтысы ел аузында сақталған, бірақ дер кезінде 
жазылып  алынбағандықтан,  көбі  толық  емес.  Бізге  жеткен  айтыс  мәтінінде 
Жаңылдықтың әкесі Әйтпенбет делінген, бірақ ұрпақтарының айтуынша, дұрысы: 
Әйтімбет. Тегі: Ұлы жүз, Ошақты.
Құдайберген Қайырлапұлы (т.ж.? – қ.б.ж.?) – Жаңылдық Әйтімбетқызымен 
айтысқан, өзге мәлімет белгісіз. 
Қадырбай (т.ж.? – қ.б.ж.?) – тегі: Кіші жүз, Байұлы, Алаша, Бөкейлікте өмір 
сүрген болуы керек. 
Байтоқ (т.ж.? – қ.б.ж.?) – Батыс Қазақстанда, Жәңгір ханның Жасқұстағы са-
райында  болған.  Халел  Досмұхамедұлының  «Аламан»  жинағында  Байтоқ  жырау 
ретінде (1991, 58-б.) аталған. Тегі: Кіші жүз, Байұлы, Алаша. 
Қубала  /Сұлтанғали/  Қуанышқалиұлы  (XIX  ғ.  2-жартысы,  Батыс  Қазақстан 
обл., Казталов кентінің маңы). Тегі: Кіші жүз, Жетіру, Тама, Дәулеткелді. 

370
Қазақ өнерінің антологиясы
Сейдәлі Жұмабекұлы (1839, Ақтөбе обл. – 1928) – соңғы мәліметтер бойынша, 
ата-анасы Қарақалпақстандағы Бесқала өңіріне көшкен. Тегі: Кіші жүз, Жетіру, Та-
бын, Қаражон, Болат.
Алтын (1858, Арал теңізінің оңтүстік өңірі, Қаражар – қ.б.ж.?) – қарақалпақ 
халқының арасында «жуаби», «ділуар» («айтқыш») деп танылған сөз шеберлерінің 
бірі. Алтын қыз кәсіпқой шайырлықты емес, ауылдың алтыауызын дамытушылардың 
бірі болған. 
Сейдәлімен айтысқаннан кейін бір жылдан соң, 1884 ж. Тасбайға ұзатылған.
Тегі: қарақалпақ еліндегі Қолдаулы тайпасы. 
Бәйім (т.ж.? – қ.б.ж. ?) – ақын. Ділдәнің туған ағасы. Тегі: Кіші жүз, Әлім.
Ешнияз Жөнелдікұлы (1834, Қызылорда обл., Қармақшы ауд. – 1902, сонда) – 
Сыр өңіріндегі салдық, күйшілік өнердің көрнекті өкілдерінің бірі. 

371
Айтыс II том
АЙТЫСТАР ТУРАЛЫ 
ТҮСІНІКТЕР
Жамбыл мен Айкүміс. Бұл айтыс 1872 ж. болған. Жаз айында Ақтасты жай-
лауында Есқожа ауылына Жамбыл ақын келген. Осы тойда сұлу қыз Айкүміспен 
кездескен.  Жастар  өлең  айтып,  алтыбақан  теуіп,  тарасқан.  Антологияға  Жамбыл 
Жабаевтың екі томдық шығармалар жинағынан (2010, 44-46-б.) алынды.
Жамбыл  мен  Сарбас.  Айтыс  1885  ж.  өткен.  Верный  (Алматы)  қаласындағы 
Қожамберді байдың үйінде Жетісудың атқамінер болыс-билері, елдің игі жақсылары 
бас қосқан думанды жиын өткен. Осы топта Сарбас ақын ешкімге дес бермей оты-
рады. Осыған байланысты шапыраштылар: − Бұл өзі Жамбылмен шайқасып көрді 
ме екен? Шын ақын атанса, абыройын Жамбылдың алдында сынап көрсін, − деп, 
ұсыныс тастайды. Дереу Ұзынағашқа кісі жіберіп, Жамбылды алдыртқан. 
Ұсынылып  отырған  мәтін  Жамбыл  Жабаевтың  екі  томдық  шығармалар 
жинағынан (2010, 79 − 114-б.) алынды.
*Ескерту: Айтыста «Байдабек» деген кісі аты кездеседі, бұл ақынның өзіндік 
сөз қолданысы болуы мүмкін деген оймен осылай қалдырдық.
Жамбыл мен Досмағамбет. С.Мұқановтың анықтауынша, бұл айтыс 1902 ж., 
ал  кейінгі  зерттеушілер  (С.Садырбаев)  1907  ж.  болған  деп  санайды.  Айтыстың 
орын алу тарихы: Жалайыр елінің молда ақыны Досмағамбет Үйсіндегі нағашысы 
Көбісбайдікіне келеді. Оның ауылы Іле өзенінің солтүстігіндегі Арқарлы тауын ме-
кендеген. Осы ауылдағы отырыстың үстінен түскен Жамбыл мен Досмағамбет екеуі 
айтысады. Ұсынылып отырған мәтін Жамбыл Жабаевтың екі томдық шығармалар 
жинағынан (2010, 115-137-б.) алынды. 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет