Айтыс II том



Pdf көрінісі
бет18/23
Дата16.02.2017
өлшемі0,96 Mb.
#4186
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23

Бәйімбет:
Бақтыбай, өлең айтасың
Кешке шейін жалықпай.
Бәйімбеттен жеңілмей
Сені Құдай тауып па-ай!
Жатақ жаттың, Бақтыбай,
Күрік болған тауықтай.

321
Айтыс II том
Жұтап Күшік қалғанда,
Бес ешкілі Бақтыбай,
Сенен сауын сауып па-ай?
Той-томалақ көрмейсің
Шілдехана, сауықты-ай.
Мақтансаң жөні келеді
Білемін деп орысша-ай.
Білінбейді, Бақтыбай,
Адал менен арамың.
Мақтанасың семірсе,
Астыңда бір-бір шолағың.
Қанағат етсең болмай ма,
Құдайдың берген шалабын...
Неге айтасың демегін,
Базардың кидің кенебін
Тесік, жыртық шалбардан
Көрінуші еді керегің.
Бай болмайсың, Бақтыбай,
Қой жайып, мал жиғанмен.
Істеріңнің бәрі ерсі,
Өздеріңе сыйғанмен.
Орыстың мініп шанасын,
Базарыңа барасың.
Көйлек-көншек аласың,
Ақшаң жетпей, тапшы боп,
Сонда бір жасып қаласың.
Антон менен Шодырдан
Ақша қарыз аласың.
Келер жолы көктемде
Топырағыңды саласың.
Мақтанбағын, Бақтыбай,
Білеміз ғой сырыңды
Өстіп құрып қаласың.
Біздің ел құмда жатады,
Қалтаға ақша басады.
Құнан қой мен дөнен қой
Кездемеге сатады.

322
Қазақ өнерінің антологиясы
Бексұлыға сіздің ел
Белшесінен батады.
Жаздай тапқан астығын
Бексұлыға тартады.
О да жетпей, тапшы боп,
Жалғыз атын сатады.
Сіздің елді Бақтыбай,
Өстіп Құдай атады.
Бақтыбай:
Бәйімбет, кепсің сандалып,
Айтыспаққа қамданып.
Там босаға, тар есік,
Байқап сөйле, аңғарып.
Соқыр болса ұлығың,
Көзіңді, тазым, қысып жүр.
Оған арнап ор қазып,
Өзіміз түсіп қалмалық.
Орыс деген халық бар,
Сөйлер сөзде парық бар.
Көрінбейсің, Бәйімбет,
Сөзімді менің нарықтар.
Өтірікті білмейді,
Ұрлығыңды қылмайды,
Біле білсең, Бәйімбет,
Орыста талай парық бар.
Несі жаман көрінді
Орыс салған қаланың?
Қазақ барып алады
Одан керек-жарағын.
Өнерінен именбей,
Одан да жиренбей.
Тілімді алсаң, қаңғырып
Айдалада қалмағын.
Дейсің бізді орыстас,
Орыс та болса қоныстас.
Қалай жемей тұрасың
Сыйлап берген тамағын.

323
Айтыс II том
Қаласы соның сатады
Көйлегі менен көншегін
Қатын менен баланың.
Сол орысқа, Бәйімбет,
Қарамай, кәне, қалғаның.
Орыс деген өнерлі
Оны аузыңа алмағын.
Қыздырдың ғой тілімді
Домбырамды қағамын.
Қойға ере алмай жүруші ең
Құмға күйіп табаның.
Байқап қалдым, Бәйімбет,
Тәуір екен самалың.
Бақтыбайдың алдына
Айдап келген түрткілеп,
Бәйімбет, сенің ажалың.
Ноғай менен орыстар,
Старшын мен болыстар,
Орыс та болса, басыңды
Осы күні сол ұстар.
Талдықорған базарым,
Базарсыз болмас ажарым.
Араласып, бәрі жүр –
Орыс, ноғай, қазағым.
Барын халық алады:
Шыны, шәйнек, қазанын.
Басында тұр зор қауіп.
Жатырсың құмда бор қауып.
Сорың қалың маңдайда
Арылар қашан азабың?
Бәйімбет:
Жақсы айтасың, Бақтыбай,
Домбыраңды қақтың-ай.
Үйсін, Найман бас қосса,
Сөз нақысын таптың-ай.
Намыстас боп орыспен
Жатақ болып жаттың-ай.

324
Қазақ өнерінің антологиясы
Орыс пенен қазақтың
Бәріне де жақтың-ай.
Ендігісін өзің айт,
Бірталай тісім батты ма-ай?
Жаяу едім өлеңге,
Ере алмадым аттыға-ай.
Бақтыбай:
Мақтан қылдың, Бәйімбет,
Қойың менен жылқыңды.
Егін салып, нан жесең,
Бұзбайды ғой шырқыңды.
Жеңемін деп желпеңдеп,
Едірейттің мұртыңды.
Жамандама орынсыз
Орыс деген жұртымды.
Теңемегін Шұбарға
Құм сексеуіл шырпыңды.
«Илләләға» келтірген
Пейілі жаман құлқыңды.
Көрмей кепсің жығылар
Алдыңдағы шұқырды.
Сенен несін аяйын
Өлең деген шіркінді.
Ең артынан айтпақ ем
Басыңды жеген құртыңды, –
дегенде Бәйімбет күліп, Бақтыбайдың қолын алады.
Бақтыбай:
Осылай едім, жайым деп,
Жөнге келдің, Бәйімбет.
Мұнан былай осылай
Сәлем бергін дәйім кеп.
Ақынды қорлап қайтесің
Тілінің жүрген майын жеп.
Жеңуім менің сөзсіз ғой,
Боп кетпесе астыртын
Бір қиямет-қайым боп.

325
Айтыс II том
ҚАДЫРБАЙ МЕН БАЙТОҚ
Бір  күні  Жәңгір  хан  билер  алдында  отырғанда  сыртта  Байтоқ 
ақын  келіп,  түсіп  жатыр  дейді.  Мәжілісте  ханмен  бірге  Қадырбай 
ақын  бар  екен.  Хан  Қадырбайға:  «Байтоқты  есіктен  кірмес  бұрын 
бір  ауыз  сөзбен  тоқтатшы»,  –  дейді.  Есіктен  кіре  берген  Байтоққа 
Қадырбай:
 
Осы үйде үлкен-кіші толып отыр,
Шай менен қымыз ішіп, болып отыр.
Байтоқ ақын келгенмен, орын бермей,
Басыма дәулет құсы қонып отыр, –
дейді. Сонда Байтоқ тоқталмастан:
Біреуі бес намаздың бесінде тұр,
Әлгі бір айтқан сөзің есімде тұр.
Алақандай басыңның бәрі жылтыр,
Дәулет құсы таз баста несіне отыр? – 
дегенде, отырған халық шулап, ақынға орын беріпті.
ҚАРАІШІК ПЕН ҚУБАЛА 
Қубала:
Осы жерге біздер келдік той бар-ау деп,
Күреңді бос жібердік ойнар-ау деп.
Бұ тойдан соң қалсам да, үмітім бар,
Жолдықты бізге деген қояр-ау деп.
Алдында есігімнің сыдырым тал,
Қабығын сыдырып жейді қой деген мал.
Біздерді көп сөйлетіп, не қыласың?
Әкел де, жолдығымды алдыма сал.
Қараішік:
Алдында есігімнің сыдырым тал,
Қабығын сыдырып жей ме қой деген мал?
Тоқ бала біздің елде толып жатыр,
Әй, бала, жолдығыңды айтысып ал.

326
Қазақ өнерінің антологиясы
Қубала:
Кім еді айтып желсөз өңмеңдеген,
Алладан келмей бұйрық өлмен деген.
Кешегі ел қыдырған есер күнде
Қыз бар ма Байбақтыда мен көрмеген?
Қараішік:
Сен едің азбан Тана, азған Тана,
Жығылсын атың жүрмей сазға жана.
Еш нәрсе өз еліңнен таппай келіп,
Құдықты біздің елден қазған тана.
Қубала:
Мен едім азбан Тана, азған Тана,
Жығылсын атым жүрмей, сазға жана.
Қараішік, келген жерден құдықты айттың,
Немене құдық деген, Құдай тоба!
Қараішік:
Тезегін таза көлдің термеймісің,
Жүгіртіп, ат құйрығын өрмеймісің?
Болмасаң, есің кеткен есер Тана,
Құдықты мал суарған көрмеймісің?
Қубала:
Қараішік қызығарсың қылығыма,
Келтірме бұндай сөзді бұлығыма.
Жолаушы, атым шөлдеп келе жатса,
Салайын тері қауға құдығыңа.
Қараішік:
Қубала, қызығарсың қылығыма,
Келтірме бұндай сөзді бұлығыма.
Жолаушы, атың шөлдеп келе жатса,
Қояйын астау құрып құдығыма.
Қубала:
Өлеңге сен де жетік, мен де жетік,
Айтсайшы жетік болсаң, мендей етіп,

327
Айтыс II том
Мінезі құнанымның тентек еді, 
Сындырмасын астауыңды қарғып кетіп.
Қараішік:
Қызды көрсең, япыр-ай, күлімдейсің,
Өзіңе өз қылығың білінбейсің.
Қызығып, қыз үйіне кіремін деп,
Мұрының сағанаққа ілінгейсің.
Қубала:
Күлмеймін, ойнамаймын баламын деп,
Ойнасам, бір пәлеге қаламын деп.
Неталы Бисалымен алып келді
Бір тұқым осындайдан аламын деп.
Қараішік:
Келе жатқан мына жақтан жүз қарақшы,
Ішінде жұртты құртқан бір қарақшы.
Тананың Қубаласын алып келіп,
Неталы, Бисалымен сен қарақшы.
Қубала:
Келе жатқан мына жақтан жүз қарақшы,
Ішінде жұртты құртқан бір қарақшы.
Қалмақтан біз ұрласақ, жылқы ұрлаймыз,
Өз бетін өз ұрлайтын қыз – қарақшы.
Қараішік:
Қубала, айта алмадың жардан ұшқыр,
Тіліңнің өткір қайшы ұшын кескір.
Үйіңнің барлық жаны қырылып қалып,
Байларда малайлыққа күнің кешкір.
Қубала:
Қараішік айта алмадың, жардан ұшқыр,
Тіліңнің өткір қайшы ұшын кескір.
Қазақтай көп қарғысты мен білмеймін,
Әкеңнің оң жағында ішің өскір.

328
Қазақ өнерінің антологиясы
 
ЗАМАН МЕН ҰМСЫН
Заман:
Ай, Алла, аманатың бізге міндет,
Иа, Мұхаммед пайғамбар, болдық үмбет.
Күнәдан пәк қылғайсың, иа, Құдірет, 
Ажалға сабыр бергей екі жендет!
Ай, Алла, аманатың бізге міндет,
Иа, Мұхаммед пайғамбар, болдық үмбет.
Күнәнің зардабынан қорыққаннан,
Кетіпті кей дәруіштер Меккені іздеп.
Жомарт ер ақыретте иман табар,
Сираттың көпірінен бәріңді айдар.
Күнәдан бұ дүниеде пәк болсаңыз,
Ішінен сегіз бейіш орын сайлар.
Жомарт ер ақыретте иман табар,
Сираттың көпірінен бәріңді айдар.
Күнәдан бұ дүниеде пәк болмасаң,
Ішінде жеті тозақ сорың қайнар.
Дін күтсе, иман берер жомарт ерге,
«Қол берген сауап дейді жеті пірге!»
Ақыретке барғанда, сұрау жоқ-ты,
Ішіне сегіз бейіш кіргендерге.
Дін күтсе, иман берер жомарт ерге,
«Қол берген сауап дейді жеті пірге!»
«Ассалаумағалейкүм!» – дегенмен тең,
Парызға дуа қылып жүрген ерге!
Ассалаумағалейкум – парыз сәлем,
Ғаршы, Күрсі жаратты, Лаух ал-қалам.
«Үлде киіп, хор қызын құшар, – дейді, –
Ішіне сегіз бейіш кірген адам».
Ассалаумағалейкум – парыз сәлем,
Ғаршы, Күрсі жаратты Лаух ал-қалам.
«Жеті тозақ ішінде жатар, – дейді, –
Иманынан айырылып қалған адам».
Қыз шыдап отыра алмады, өлеңді қоя берді:
Ассалаумағалейкүм, бердік сәлем,

329
Айтыс II том
Біз сөйлейік, рұқсат берсе қожам.
«Білмегенді сұра!» – депті Алла Тағалам, –
Қай сауаптан бейішті көреді адам?!»
Заман:
Дін мұсылман пендеге жаза қылмас,
Ораза мен намазын қаза қылмас.
Малдан – зекет, қолынан қайыр берген,
Сол себепті бейіштен құры қалмас.
Ұмсын:
Ассалаумағалейкум, бердік сәлем,
Біз сөйлейік, рұқсат берсе қожам.
«Білмегенді сұра!» – депті Алла Тағалам,
Қай қылмыстан тозаққа барады адам?!
Заман:
Қиямет қайым болғанда, ақыр заман,
Ақыретте жаныңа күнә жаман.
Өтірікші, зинақор, ұры болса,
Сол себептен тозақты көреді адам.
Ұмсын:
Кім көнбейді Алланың салғанына,
Бейшараның тозақта қалғаны ма?!
Күнә менен зинадан мұқым болып,
Тамам қожа бейішке барғаны ма?
Заман:
Мұсылманшылық көп пайда жандарыңа,
Жан қиналар күнәның салдарына.
Қожа, қара демеңіз, бәрі бірдей,
Жолықпаса Алланың оңдарына!
Ұмсын:
Қол берейік пірлердің төрт жарына,
Жолықтырғай Алланың оңдарына!
Шынжау тай, шартық қошқар нияз берсем,
Қандай пайда болады жандарыма?

330
Қазақ өнерінің антологиясы
Заман:
Нияз берсең, берерсің өз қамыңа,
Өлгеннен соң жатарсың жер тарына.
Шынжау тай, шартық қошқар нияз берсең,
Қожекең басшы болар алдарыңа.
Ұмсын:
Ажал келсе аңсызда, не айла болар,
Он екі иман жаныңа пайда болар.
Алланың аманатын тапсырған соң,
Жұмла жанның тұрағы қайда болар?
Заман:
Ажалдыны, амалсыз, Құдай қылар,
Иман берсе, өлгенмен, несі қурар?
Жұмла жанның тұрағын иман сұрар,
Иншалла, бейіш бар, сонда тұрар.
Ұмсын:
Ажал келсе аңсызда, не айла болар?
Он екі иман жаныңа пайда болар.
Алланың аманатын тапсырған соң,
Періштенің сұрауы қайда болар?
Заман:
Ажалдыны амалсыз, Құдай қылар,
Иман берсе, өлгенмен несі қурар?
Сираттың көпірінен сауал қылып,
Періштенің сұрауы сонда болар.
Ұмсын:
Ажал келсе аңсызда, не айла болар?
Он екі иман жаныңа пайда болар.
Алланың аманатын тапсырған соң,
Қыз, жігіттің күнәсі қайда болар?
Заман:
Ажалдыны амалсыз, Құдай қылар,
Иман берсе, өлгенмен, несі қурар?
Күнәң үшін қожаңа ысқат берсең,
Жаныңа бір шыбындай пайда болар.

331
Айтыс II том
Ұмсын:
Ажал келсе аңсызда, не айла болар?
Он екі иман жаныңа пайда болар.
Алланың аманатын тапсырған соң,
Естір құлақ, сөйлер сөз қайда болар?
Заман:
Ажалдыны амалсыз, Құдай қылар,
Иман берсе, өлгенмен, несі қурар?
Еститұғын құлағың, сірә да, өлмес,
Сөйлейтұғын қызыл тіл – аруақ болар.
Ұмсын:
Ажал келсе аңсыздан, не айла болар?
Он екі иман жаныңа пайда болар.
Алланың аманатын тапсырған соң,
Көздің нұры көгісіңмен қайда болар?
Заман:
Ажалдыны, амалсыз, Құдай қылар,
Иман берсе, өлгенмен, несі қурар?
Әлхамды ат қылып, мініп жүрер,
Топырақты тон қылып, киіп тұрар.
Ұмсын:
Алланың мың бір аты «Аллажар» ма?
Қожеке-ау, сізден бізге дәрмен бар ма?
Адамды өлгеннен соң, бес бөліпті,
Оның, сірә, қосылар жері бар ма?
Заман:
Қожа – Құдай пендесі, о да не дер?
Мұхаммедтен басқада жоқ-ты өнер.
Қиямет-қайым болғанша қосылмақ жоқ,
Заманақыр болғанда, сөз күн сұрар.
Жамиғы жан сол шақта түгелденер!
Ұмсын:
Қожеке-ау, сіз – ақсүйек, біз – қарамыз,
Бәріміз Тәңірі алдына бір барамыз.

332
Қазақ өнерінің антологиясы
Тәңірі алдында табамыз сізден сауап,
Дәнемені білмеген бейшарамыз.
Заман:
Ұмсын-ау, мұнша неге қысағаның?
Көп дейді сұрағаныңнан сұрамағың.
Шыныңменен: «Пірім!» – деп, нияз берсең,
Сауабымен Тәңірге тапсырамын.
Ұмсын:
Бір мағына сұрайыншы, Заман-еке,
Қиялы бұзған қалай-ды халал неке?!
Мүридін бастап Құдайға пірі апарса,
Елді неге іздейді мүрид Мекке?
Заман:
Қожаң айтар кітаптан, көрген сөзін,
Күнәң қалмас, Меккенің көрсең жүзін.
Ғалым қиған некені арам қылсаң,
Қаса доңыз болғаның, бір мегежін.
Қожа  қайраңдап  қалды,  не  айтарын  білмегеннен,  қалбалақтап 
айтқаны:
Ұмсын:
Қожекем – қара құлып, алтын сандық,
Тақсыр пірдің жауабына қайран қалдық.
Сөз сұрасам, теңейді мегежінге,
Қай жерінде қалды екен мұсылмандық?
Заман:
Әркім-ақ бұ дүниеден өтер, Ұмсын,
Өткен жанның жұмысы бітер, Ұмсын!
Ісіне шариғаттың талас қылсаң,
Күнәһың асып таудан кетер, Ұмсын!
Ұмсын:
Қожеке-ау, адал көп пе, арам көп пе?!
Жеті қат жер, жеті қат аспан көкте.

333
Айтыс II том
Көрер көз, сөйлеген сөз – бәрі күнә,
Қожеке-ау, өлең айту сізлерге еп пе?
Заман:
Шыныңмен Құдайдан қылсаң қауіп,
Тілеулі құл жүреді иман тауып.
Шын дініңе берік болсаң, Ұмсын ақын,
Өлеңнің күнәсы жоқ: істер сауық.
Ұмсын:
Қожекем кітабымен болжайды екен,
Екі жендет кітапты сұрай ма екен?
Көз бен тілден, күнәдан пәк болса адам,
Қожеке-ау, енді күнә қандайда екен?
Заман:
Ұмсын-ау, сөз күнәсі – өтіріктен,
Нәпсінің бір күнәсі – мәкүріптен.
Залалы жоқ адамды ғайбат қылма,
Аллаға тіл тигізбе, үміт етсең!
Ұмсын:
Қара кісі қожаны: «Иа, пір!» – дейді,
«Аллаға тіл тигізген кәпір!» – дейді.
«Пендесінің күнәсі сол-ақ па екен,
Білмеген қанша күнә жатыр?» – дейді.
Заман:
Иар солы Жаббардың ісі таса,
«Сауаптан обал көп!» – деп ойламаса.
Қол берген пірді салма көңліңізден,
Күнә сол – ата-анасын сыйламаса!
Ұмсын:
Қожеке-ау, пірлігіңмен қолдармысың,
Пірді ұмытқан Құдайға болар дұшпан.
Тәңірі алдына барғанда, тақсыр қожам,
Біз сол жерде көреміз қандай қысаң?!

334
Қазақ өнерінің антологиясы
Заман:
Ұмсын-ау, айтқан сөзге нанбаймысың?
Сен данышпан ақылды өз жынысыңнан.
Тәңірі алдында бар дейді талай қыспақ,
Әркім тартар өзінің қылмысынан.
Ұмсын:
Қожеке-ау, көрген сөз бе салдамаңнан?
Пендесі құтылмайды бір қазадан.
Қара кісі тартады қылмысынан,
Қожа қалай болады ысқат алған?
Заман:
Ұмсын-ау, мен ысқатты алушы емен,
Ысқат алған қожаның ақылы кем.
Ысқат алған қожаның рауаяты бар,
Өтейді намазының сауабымен.
Ұмсын:
Қожеке, олай деме, бір Алла де,
Кім сыйынбас Алланың құдіретіне?!
«Ысқатқор», – деп, шақырса екі жендет,
Сонда берер қожаның жауабы не?
Заман:
Иар сол Жаббардың ісі көп-ті,
Екі жендет: «Ысқатқор қайда?» – депті.
Сонда берер қожаның жауабы жоқ.
Күнә болар, айтпаймын өтірікті.
Ұмсын:
Қожалардың қойнында сөз бар екен,
Өлгеннен соң кеңдік жоқ, жер тар екен.
«Ысқатқор», – деп шақырса, үндемесе,
Қожамда да бір сұрау мол бар екен!
Заман:
Иары сол Жаббардың ісі бір дүр,
Өзің құрбы әйелде сен бір – дүлдүл.
Айтқан сөзің кем емес шариғаттан,
Құдайдың ұсындырған жері бар дүр.

335
Айтыс II том
Ұмсын:
Шариғат қапия ма, жария ма,
Қожеке, біз – шұқанақ, сіз – дария.
Сұрамаған бір сөзім қалған екен:
«Өлмес жан, өтпес дүние жаралған ба?»
Заман:
Сірә, жоқ Мұхаммедтей арызы жеткен,
Ыдырыс, Ғайса пайғамбар тірі кеткен.
Ұмсын-ау: «Өлмеймін!» – деп, қапы қалма,
Мынау жалған дүниеден бәрі де өткен.
Ұмсын:
Иманды адам өлгенде, қалай – демес,
Көкіректе дәрмен жоқ, денеде – күш.
«Мән раббик!» – деп, келгенде екі жендет,
Сонда пенде тіріліп, не дейді-міс?
Заман:
Тірлікте көңіл қой бір әдетке,
Иманды адам барады қаны бетке.
«Мән раббик!» – деп, келгенде екі жендет,
Жауап берер таянған Құдіретке!
Ұмсын:
Иа, Бисмилла, сақтай гөр «Мән раббиктен»!
Тақсырға қол бермедік әйелдіктен.
Сұралмаған бір сөзім қалған екен,
Елден бұрын сауапқа нені біткен?
Заман:
Иа, Бисмилла, сақтай гөр, «Мән раббиктен»,
Бір бисмилла мың жылда әзер біткен.
«Сауаптың бисмиллада байлауы», – деп,
Имам Ағзам осылай айтып кеткен.
Ұмсын:
Қожеке-ау, айттың тауып, сәлемет бол,
Сізден біздің сұралмай қалды бір жол.
Заманеке, сізді біз пір тұтайық,
Таңда махшар күнінде хабардар бол!

336
Қазақ өнерінің антологиясы
Заман:
Ұмсын-ау, екі дүние сәлемет бол,
Жабулы бойыменен қалсын ол жол.
Бізді сыйлап, қожа деп, пір тұтсаңыз,
Таңда махшарда имам Ағзам қаумында бол!
Ұмсын:
Дәуіт темір соғады, мылтық ата,
Бір Алладан басқада көп-ті қате.
Заман-еке, сізді біз пір тұтайық,
Ықыласыңмен қол жайып, берсең бата!
Заман:
Мүсәпірдің көңілінде бар дүр сана,
Жаратқан Жаббар Құдай, өзі пана!
Ұмсын-ау, түрегеліп, қолыңды жай,
Өмір мен иман берсін, иа, Раббана!
ШЕРНИЯЗ БЕН ҚЫЗ
 
Шернияз:
Жатады жайын шөгіп терең суда,
Кейбірде желді жігіт шыдамайды
Осындай алқалаған ұлы дуда.
Ақсұңқар асыранды құс алмаған,
Қатқақты қалың ылай ылайлаған.
Біз-дағы топты көрген жүйрік едік,
Намысқа, сөзге шыдап тұра алмаған.
Жиналған ұлы, кіші, жақсы ағалар,
Бір бала келді ортаңа сыналмаған.
Төменгі тоғыз арыс әкетеді,
Қиырға жөн сілтейді жолын тауып.
Жүйрік ат сүре шабад жерді қауып,
Баласы – мен – Әлімнің ен-таңбалы,
Барамын жөнге қарай жалғыз шауып.
Сөз айттың әңгімелей сөзді құрап,
Орамал жолдық алдың сөзбен сұрап.

337
Айтыс II том
Қызыл жел қыз аузында бар дегенмен,
Дауысым зордан шығад қорқыңқырап.
Атағың алты алашқа жайылған қыз,
Отырсың әлі күнге неғып шыдап?
Қыз:
Жігітсің өзің сері, елің алыс,
Болыпсың серіліктен елге таныс.
Манадан сөзге шыдап отыр едім,
Намысқа шыдатпаған сөзің шалыс.
Дұшпанға өзі ұрынған үндемесең,
Кісіге үлкен аға болар намыс.
Қабығы қалың болар қара талдың,
Қонысы су аяғы қара малдың.
Жырынды көпті көрген жүйрік жігіт,
Сөз сөйлеп, бір-екі ауыз жолдық алдың.
Желденбе, желді жігіт, жел қабарсың,
Сөзіне қыздың айтқан арланарсың.
Бұл – Табын, өлең баққан ел болады,
Пәлеге, аңдап сөйле, жолығарсың.
Шернияз:
Сен болсаң, пәлелі қыз, жолығайын,
Несіне пәле екен деп қорынайын.
Сен емес менің жалғыз көрген жауым,
Құдайдан жолықтырған, айналайын,
Ақырсаң, арқам қызар дауысыңа,
Келген соң өзің іздеп дабысыма.
Желсөзбен табанымды тайдырған соң,
Жетіліп, жел аяңдай шабысыңа.
Сырғисың аққан судай ағызам деп,
Тұрайын қарсы қарап ағысыңа.
Қыз:
Құдеке, тағы келді кезек сөзге,
Қиырдың қылаңындай келдік кезге.
Сұраған аты-жөнің айыбы жоқ,
Айтсашы, ат-жөніңді енді бізге?

338
Қазақ өнерінің антологиясы
Шернияз:
Ауылдың ақсақалы батыр, бегім,
Жаманға теңдік бермей, қағып жедім.
Сұрасаң, аты-жөнім мен айтайын,
Көшпелі руымыз Кете дедім.
Қыз:
Барады кешкі даусым жерді жарып,
Бай болған біздің Табын, дуа дарып.
Көшпелі көшіп жүрген, сорлы Кете,
Қыс болса, күнелтесің қайда барып?
Шернияз:
Жоғары елдің көбі біздің Шекті,
Көтібар, хан-төресі – Әлібек-ті.
Сұрасаң, қыс қыстауым мен айтайын,
Атырау біз қыстаймыз кең түбекті.
Қыз:
Қаз ұшса, үйрек қонар айна көлге,
Қалады көл суалса, бақа шөлге.
Қара өлең қайымдасып, айтысалық,
Құрысын, ерегіс сөз қалсын енді.
Бір сөзді аңдаусыздан айтқан болсам,
Аяғын қара өлеңмен өзің жөнде.
Өзің бай, ел сауырсы Кете болсаң,
Қаңғырып, қайдан жүрсің біздің елде?
Шернияз:
Жеті айыр Жемнің бойы – жердің төрі,
Жігітті шаршатады шымның өрі.
Жас күннен тиянақсыз болып өстім,
Зауықшыл дегенменен қыстау желі.
Шығады ыссы ай жылда сағым белде,
Табанды үй шыдайды дауыл, желде.
Түбірсіз, тиянақсыз, жас құдаша,
Сіңіп кет, қыз ойыңша біздің елге.
Жүрейін сіздің елге әзіл білсең,
Ауызбен әзілдесіп, ойнап-күлсең.

339
Айтыс II том
Жігіті сіздің елдің мен болайын,
Құдаңның осы жерде жайын білсең.
Қыз:
Құдеке, жаратамын тап өзіңді,
Тар жерде сала берме сен көзіңді.
Берейін үйге жүрсең қонақасы,
Қоя тұр, жай айтарсың бұл сөзіңді.
Шернияз:
Зергерлер шабады алтын қола, жезге,
Қиғаш қас жарасады бота көзге.
Қаңбақтай жел аударған Тәңірім айдап,
Қиырдың қылаңындай келдік кезге.
Осы елге сөз айтам ба қадір білмес,
Құрбыға базына айтам ба сенен өзге?
Аузыңнан ризалық сөз шыққаннан соң,
Ықылас мен риза айтқан сөзге.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет