Кіріспе жазғанда мына кеңестерді ескерген жөн: Кейбір студенттер үшін кіріспені соңында жазған тиімді. Өйткені жазылым барысында түрлі ойлар туындап, олар эссе құрылымы мен кіріспенің жазылуына әсер етуі мүмкін. Әдетте, жинақталған материалдарыңызға байланысты негізгі бөлімнің жоспарын құрып, негізгі бөлімнен бастаған дұрыс. Негізгі бөлімде талданған мәселеге орай және оның жазылу жүйесіне қарай кіріспе бөлімді жазып шығу жеңілірек болады. Дегенмен кейбір студенттер жазба жұмысын кіріспеден бастағанды жөн көреді, себебі олар негізгі бөлімде қандай мәселені қарастыратынын анық білуі мүмкін. Автор алдымен кіріспені жазуды қаласа, соңынан қайта қарап, түзетіп шығуды ұмытпауы керек.
Кіріспе көлемі жазылатын эссе көлеміне тікелей байланысты.Егер жиырма беттен тұратын ғылыми жұмыс жазылса, екі бет кіріспе жазылуы мүмкін. Сондықтан да кіріспені көлемді түрде жазуға болмайды. Егер кіріспеде тақырып жөніндегі әдебиеттерге кеңінен тоқталу қажет болса, оны әдебиеттерге шолу бөлімінде жазуға болады.
Мүмкіндігінше ой анық болуы керек.Талқыланатын тақырып алғашқы сөйлемнен-ақ білінуі қажет. Ойды немесе тақырыпты алыстан қозғау жиі кездесетін қателік. Жоғарыда айтылғандай, кіріспе – жазба жұмыстың ең жиі оқылатын бөлімі, сондықтан бұл бөлім мүмкіндігінше жинақы әрі жүйелі болуға тиіс. Автор ойын кіріспеде анық білдіруі қажет болса, оны кіріспенің соңында беруіне болады, бірақ бұл міндетті емес.
Сонымен, кіріспені жазудың қарапайым жолдары мынандай:
Оқырманды жұмысты оқып шығарлықтай құнды екеніне сендіру;
Кіріспені жалпы ақпараттан бастау, бірақ алыстан орағытып әкелетін ауқымды мағлұматтардан бастамау;
Кіріспені соңынан жазу;
Алғашқы сөйлемге ерекше мән беру.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
Кіріспені жазу барысында неліктен бірінші сөйлемге ерекше мән береміз?
Кіріспе мен қорытынды арасында қандай айырмашылықтар бар?
Кіріспеде жазба жұмысының құрылымы таныстырыла ма?
Кіріспе бөлімінде статистикалық мәліметті қолданудың мақсаты неде?
Жазылым үдерісінде кіріспені қай кезенде жазған дұрыс?