Алаштың АҚИЫҚтары мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы



бет43/69
Дата11.12.2023
өлшемі0,7 Mb.
#137644
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   69

МЕН ӨМІРГЕ ЖЕРІКПІН


(Неверевтен)

Біздің қырдағы бір қыстаққа демалысқа тоқтаған кезіміз еді. Сабалақ жүнді үлкен иттің арқасынан сипап үйдің іргесінде отырдым. Иттің білтеленген жексұрын жүніне күннің жарық сәулесі түсіп, иттің үстіне қарай еңсемді беріп, еңкейіңкіреп отырғаным маған да жайлы, рақат болды.


Шатырдан сырғанаған су анда-санда тырс етіп тамып, қораның сыртында қатты жаңғырықтыра қаңқылдап қаздар жүр.
Құлын жіңішке даусымен сылдырата кісінеп, тауықтар тықылдайды.
Терезенің алдында күнге шағылысқан болат мойнын жарқыратып созып зеңбірек тұр.
Терлеген ат ерттелген күйінде шөп жеп жатыр. Мен апрельдің күн шуағына маңдайымды тосып, өрмекшінің торындай тоқылған жұқа бұлттың жыртығынан көрінген қаракөк аспанға қарап жаттым. Зеңбіректің дауысынан құлағыма ақау түскен жоқ еді.
Қаздардың қатты қаңқылдағаны, тауықтардың тықылдағаны, ақырын абайлап, анда-санда тырс етіп иығыма тамған тамшының дыбысы құлағыма нақ-нақ естіліп тұрды. Бұл менің соғыста кешірген жазғытұрымым. Әлде ақырғым осы бола ма?
Қарсы келе жатқан жас тілеулі жазғытұрымнын айғайын, сыбдырын тыңдағанда жүрек өрекпіп көтеріледі.
Менің үйімде қатыным, екі балам бар. Төменгі ретте кішкене үйім бар.
Кеш болса-ақ, бақшадағы дыбысқа құлақтарын тігіп, тыңдайды, әмісе күткендері мен.
Кім біледі, әлдеқашан бәрін де қабырға көміп тастады ма?
Аяғымның астында сарылдап аққан бұлаққа, зеңбіректің дөңгелегіне қонған торғайларға қарап отырғанымда, қаны қашып, жүдеген балам Сергей мен жасыл шашбауын алтындай сары шашына таққан үш жасар қызым Ниуска көз алдыма келгендей болды. Олар біріне-бірі жабысып, терезе алдында отыр. Терезенің алдынан шұбырған халықтың арасынан мені тауып алып, тіземе отырмақшы.
Бұлардың мұңлықсып, сүмірейген түрі менің жүрегіме әкелік қайғысын құяды.
Әлдеқашан үйімнен келген ескі хатты қалтамнан алдым. Қатыным мені жұбатып айтады:
- Мен жыламаймын, сен де бекін, - деп. Мен кетерде былай мына сөздерді айтып еді:
:- Өзің неге тіленіп барасың, әлде, тіршіліктен жалықтың ба?
Қатыным мені тіршілікті сүйетінімді ұқпай жүрер деп қорқып айттым:
- Ана-балаларым үшін маған бару керек, барамын, - дегенімде қатынымның бетіне жас сорғалап кетіп еді.
Ол жасының ішінде қайғы да, махаббат та, қасірет те бар еді.
Бірақ, менің буыным босаған жоқ.
Енді қатыным маған қайрат береді:
- Біз үшін қорықпа, мен шыдамдымын, бәрін де көтеремін, - деді.
Ендігі Сергейдін хаты.
Ол жазу жаза білмейді, бір таяқша, құйыршық, дөңгелек имарат, кішкене шапқан ағаш, жапырағы жоқ. Астына шешесі шешуін жазады.
- Қалай жорысаң да мейлің…
Мен Сергейдің жазуын танимын. Мен бұл жазуды алғашында майданға кірерде көргенімде, осы таяқша мен құйыршық ашық көзімен қарап, қайрат беріп еді.
Мен жолдастарым көрсе күлер деп, жапырақ қағазды тасалап сүйіп едім.
Мылтығымды шымшып айтты:
- Жүр әке!..
Мен әлі де солай ойлаймын.
Мен ішім пысқаннан, немесе қартайғаннан, не өмірден жалыққаннан өлімге қарсы бармаймын. Мен өмірге жерікпін. Мынау кең дүние, тып-тынық таң мен шапақ, аспанға құлашын жайып ұшқан тырналар, сай-саладан сылдырап аққан бұлақтардың бәрі көңілімді көтереді. Жүрегімді қуантады. Мен махаббатты көзіммен аспандағы бұлтты, жердегі бұталардың бәрін шұлғап құшамын. Сүйтсе де өлімге қарсы барамын… Берік басып, қобалжымай, ажалға қарай қарсы барамын. Ажал маған қарай ауыр зеңбіректің қара жерді қақ айыратын отымен ұшып, не жеке-жеке атылған бес атарлардың қарақас түтіндерінің арасын құшып келеді. Бораған қардын қатпарларының арасынан қараңғы түнді жамылған ажалдың көзін көре тұра, айнымай алдыма қарай жүремін. Менің өлімге қарай жүруімнің себебі - өмір сүргім келеді.
Бұл сезімді екінші алуан қалай қылып айтарымды білмеймін. Шыр айналып қарқылдап, күліп жүрген ажалдың суық қолы денеме тигенін сезбеймін.
Менде ешбір қорқыныш та, уайым да, босаңсу да болмайды. Әмісе, жарқыраған жасым, жоқ жас баламның қуаныш пен күлімсіреген көзі, өзімнің алыста қалған жас күнімдегі жаспен жойылып, мезгілсіз сөнген көзімдей болмаса игі еді – деген ой жаныма қатты батты.
Менің көзімнен қанша жастың аққанын, қанша жанның, кімнің қолы шашымнан жұлғанын есептей алмаймын. Менің есімде қалған жалғыз нәрсе, менің көзімде қуаныш жоқ еді. Көзім күле білмеуші еді. Жас балалардың көзіндей қуанышты от біткен емес.
Мен алғаш дүниеге келгенде, кең жарық үй бізден басқа «бақытты» жандардікі екен де, шешем екеуіміздің сыбағамызға сасық, суық еденнің асты тиді. Шешем елге кір жуады: мен көзімді ашып, көргенімді танырлық, есім кіргендегі есімде қалған нәрсе біздің еденнің астындағы үйімізге жіп керіп, жайып тастаған су көйлек, дамбалдар, күннін көзін анда-санда бір-ақ көреміз.
Ол сәуле де екі темір қақпақты терезеден әрең өтіп, оқта-текте ғана сығалайды. Әке дегенді білген емеспін.
Ол әлде еденде жататын етікші болды ма?
Әлде момын, құдайдан қорыққыш шіркеудің кешкі лампысын жағатын Қарыбай болды ма?
Әлде маскүнем, безеу бет төре ме?
Шешем ішуші еді. Біздің үңгірге түнде солдаттар, парақоттың жүкшілері, жыртық көйлекті жүк таситын бержебайлар, қашқындар, қалташылар келуші еді. Кейде шешемді жүгін тарта алмаған аттай сабайды. Кейде есі кеткенше ішкізіп, менен ұялмай төсекке жата кетіседі.
Біз «сорлы» болдық. Шешем маған солай деп ұққызды:
- Ваське екеуміз де «сорлымыз», өл, балам! – деп.
Бірақ мен өлмедім. Мен жұртты аралап жүрдім.
Мен махаббат, аялау, жылы шырай дегендерді көрген емеспін.
Мен дәл иттің күшігінше: біреу ұрса –жылаймын, маңдайымнан сипаса – күлімсіреймін. Мен ол кезде біздің неден сорлы екенімізді, басқалардың неліктен бақытты екендігін ұға алмай, әр уақытта мұңды көзіммен терең аспанға қараймын. Маған аспанда адамның өмірін реттеуші, марқаматты құдай отырады деп жұрт ұғындырған.
Оған тілек тілеу керек, ол көмек қылады – деп те. Біздің өмірімізді түзетуге кімде-кімнің болса да көмегі қатты керек болып, дұғалы көзіммен биік аспанға қарадым.
Құдайдан хабар болмады. Құдай менің жылаған көзімнің жасын көрмеді.
Мені өмірдің өзі оқытты. Ол менің алдыма шын хақиқатты ашып салған соң, мән-жайын анық ұғынып, құдайға дұға оқығанымды тоқтаттым. Шешем мен екеуміздің неліктен еденнің астында отырғанымызды, бізді тыққан басқа бір адамның еркі емес, біздің үстіміздегі оты жанған, лампысы маздаған, электрі жарқыраған, кең үйлерде отырғандар екенін мен анық білдім. Бұл бір таптың өмірі мен солардың пайдасына бола мыңдаған адамдар хайуан есебінде еденнің батпағына батып былғанады. Мен шешемнің бірде дүре жеп, біресе ардан кетіп, менің көзімше жолдастарымен төсекке жатқанының түпкі тағдыры неден екенін ұқтым. Анамның айық күнінде көзінен көрінген қатты қасірет пен әдемі аналық махаббаты мен күлімсірегенін көргенде, жүрегіме махаббат құйылып, шешеме қабырғам қайысып кетеді. Ол жас, сұлу әйел болғандығынан, кедейлік, теңдік жоқ, кемшілік оны көшеге шығарып, күңгірт шамшырақ түбіне апарып, ақырында жолдастарынан таяқ жеп… қайтқанда, неше рет өзін де, өмірін де, жастығын да қарғаушы еді.
Мен көп нәрсенің сырын білдім. Білгенімнің ең алды мыналар:
- Мынау сәнге, салтанатқа толған дүниеде мен де жүрмін, бірақ ешнәрсеге ие емеспін, жалшымын. Шатырдың астын мекендеген итпін. Мен жасымнан еңбек ете бастадым. Құдайдың құтты күні босанбай еңбек етсем де, мен кедеймін, мен дүниеге керексіз, шұқырға тастайтын ылас зат есебіндемін. Менің сүйенішім, сенімім нашар, егер қол-аяғымның бірінің буыны биттей босанса, не шіріген кеудем еңбекке жарамаса, жарамсыздығым үшін, қазір сыпырынды секілдендіріп үйден шығарып тастайды. Менің күш, қайратымның иесі болған байға менің қадірім адамның қадірі секілді емес, қызметке керек саймандарының қадірі секілді. Ауырып төсекте жатқан өзімді қорлап, мені де, басқаларды да иен көшеге шығарып тастайды.
Міне, менің Сережкемнің таяқшасы мен құйыршығына күлімсірей қараған махаббатым мені тайсалтпай, мылтықтың аузына қарсы жүгіртеді. Қорлық пен езілген анамды сүйген жүрегім, аяғым мен қолыма қайрат береді.
Сергей мен секілді иттің күшігі болып, қайратын, денсаулығын сатып, күн көретін адам болып қала ма деген ой зәремді ұшырады.
Жасыл шашбауын алтындай сары шашына тағып жүрген кішкене Ниускені ойлауға батылым бармайды, зәрем қалмайды. Менің күнәсіз, ашық жарқын әйел баламның шырайы бұзылып, қаны қашқан жұқа ернін тістеп, бетіме қарай алмай ұялып, жерге қарап, сандалақтап басып, кешке үйден шығып, күңгірт жанған шамшырақтың түбіне барып, еденнің астындағы үйге еріккен арамтамақ, арам көзді жастарды ертіп келе ме деген жалғыз ой жүрегімді жарып кете жаздайды.
Қарама-қарсы тұрған мылтықты көзім көрмей, зеңбіректің жарылғандағы дауысын құлағым есітпейді. Мен тістеп, етбетімнен жата қалып, жорғалап, тағы да атып тұрып ілгері ұмтыламын. Өлім де жоқ, мәңгі әлпештейтін жарық күн де жоқ. Ауыздықсыз аттай алып қашқан жас өмірдің күнінде жазғытұрымғы жаратылысын, қызықты әнін құлағым есітпей, анамның:
- Ұмтыл, балам, ұмтыл! – (деген) дауысын есітемін. Менің жалғыз ғана сезгенім:
- Менің өмір сүргім келеді. Ал, сондықтан жазғытұрымғы жарық күнді өзім үшін де, Сережкем мен Ниускам үшін де, тағы да көздерін жас жойып, жастай жарық күнді көре алмай қалған сорлылар үшін де атысып алғым келеді. Менің бір қолымды оқ үзді. Бұл ақырғы құрбаным емес. Мен не өліп, мына жерге кіремін, немесе дұшпанды жеңіп үйге барамын.
- Басқа жолым жоқ. Мен өмірге жерікпін.
Сережкем мен Ниускам да, басқа бізбен қатарлас жоғарғы үйдегілердің арам құдыққа тоғытқан жандары да қызықты өмір сүрсе екен деп тілеймін. Менің өмірді сүйгендігім, мені ажалға қарсы айдайды. Қызықты өмірге жетпекке осыдан оңай, осыдан жеңіл жол жоқ.
Менің сапарым алыс. Мынау кешкі шапақ, сұлу таң, мына сойқын далада сан кездесер, менің қайғым – жарық қайғы, адамға қайрат береді. Менің жолым осы.

ЭСКИМОС КИШ ДЕГЕН БАЛА


(Дж.Лондоннан)

БЕТАШАР



Бұл кітапшаны оқушы алаштың баласы, жалпы алаш баласына Эскимос деген елдің жайы мәлім емес шығар, қысқаша сезім бергенім артық болмас деп, мына төмендегі сөзді жаздым.
Бұрынғы заманда, елдің бәрі - күн жерді айналады, жер тап қозғалмай тұрады деп иланған. Күн айналмайды, жер - күнді айналады деген адамдарды неше алуан азаппен өлтірген замандар да өткен. Енді бүгінгі заманда — жердің екі түрлі жүрісі бар: бірі арбаның дөңгелегінше 24 сағаттың ішінде домалап, күнге бір мезгіл өзіміз тұрған бетін төсегенде — күндіз атанып, енді басқа жағын төсеп, бізге көлеңке беті болғанда —түн атанатын тәулік жүрісі. Екінші 365 күн 5 сағат пәлен минут, пәлен секундте күнді айналып — жыл тәулігін жасайтын жүріс, барлық елге ай мен күндей даусыз болды. Жер домалақ нәрсе. Жердің дәл жуан ортасы күннің дәл астына келеді. Ол жерде күн адамның тас төбесінде болып көрінеді. Ол жердің аты — экватор атанады. Сол экватордан жердің екі жақ тұмсығына қарай салқын тарта береді. Бұл екі тұмсықты полюс деп атап, бірін сол жақтағы, бірін оң жақтағы полюс дейді. Дәл экваторға, құрғақ жерден Африка деген жердің тұмсығы ғана ілініп, басқа жолының бәрі теңіздің үстімен кетеді. Бұл теңіздер қазандағы судай қайнап тұрады. Экваторларға жақын жерлерді — шамал тақта дейді. Яғни, ыстығы, суығы орташа дегені. Жердің екі тұмсығы — кәдуілгі қыс болады. Біз жердің түстік жағындамыз. Темірқазықтың астына қарай жүре берсек - суықтық аса бермек. Эскимос: бұрынғы заманда аңшылықпен барып қалған сары тұқымнан таралған ел; бүгін сол Темірқазықтың астында — әмісе қыс болып, қар басып жататын жерде. Үйі қардан болады, терезесі мұздан, дәулеті - аңдардың еті, қайғысы - қарны болып жүрген ел.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет