Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
56
қайтқаннан кейін ұзынқұлақ бұл оқиғаны Аққозыға да жеткізген. Нәсілі берік жас
әйел, іші оттай күйіп, кеудесіне қайғысы сыймай тұрса да сыртына еш сыр
шығармаған. Бар ашуын жүрегіне түйіп сазара қалған.
Жасынан ерке-шора боп өскен келінінен «осы
тағы бір сойқан шығарып
жүрер» деп күдіктенген Әбілқайыр Аққозыға кісі салған.
— Құдай риза, біз риза, ұлымның атына шіркеу келтірмей жыл отырды, —
деді, — жас жан еді, обалына қалмайын, ерге шықсын. Аға өлсе, ініге мұра, Шах-
Будақ ұлым қаза болғанмен тірі әлі он ұлым бар, таңдағанының атын айтсын,
қосамын.
«Жақсы, ойланып көрейін, ойымды үш күннен кейін қайын атам — хан иемнің
өзінің алдында айтамын» деп Аққозы жауабын қайтарған.
Үш күннен кейін Әбілқайыр өзінің үзеңгілес серіктерін,
батырлары мен
билерін шақырып алып, солардың көзінше:
— Келін шырақ, ойланып болған шығарсың, қай қайныңды таңдадың, атын
айт, — деді.
Жесір сұлудан дәмесі бар, ордада отырған ханның он ұлы бірдей Аққозыға
көздерінің жанарын төге қарады. Аққозы да оларды жайбарақат бір шолып өтті.
Ақырын жымиды.
— Он ұлыңыз да алмас кездіктей бірінен-бірі өткен асыл! Таңдау да қиын, —
деді ол сол жымиған қалпында, — әйтсе де
хан ата, сізден бір тілегім бар...
— Айт.
— Орындайтын болсаңыз... айтайын.
Хан ойлана сөйледі.
— Орындалмайтын тілекті Аққозы келіннің өзі де сұрамас деп жоримын. Егер
Сайбан шаңырағына кір келтірмейтін болса...
— Жоқ, кір келтірмейді. Менің өтінішім абыройыңызға абырой қосады.
— Тыңдалық онда. Айт.
— Айтсам... — кенет Аққозы қойнынан қара құранды суырып алды. — Міне,
құран, хан ата, — деді ол. — Осы құранды басыма көтеріп тұрып өмір-бақи ерсіз
өтуге ант етемін. Сізден өтінемін, антымды бұздырып қарғысыма қалмаңыз.
Орақтың қалай өлгенін Аққозының естігенін хан бірден ұқты. Бір сәт он ұлын
бір жылқышы құрлы көрмеген тәкаппар келінін антын бұзғызып, еріксіз
аттастырып өшін де алмақшы болды. Әйткенменен, бұның бәрі хан үйіне кір
келтіретінін ойлап Әбілқайыр:
— Бердім тілегіңді, — деді басын жерден көтермей.
Жұмақ күнді дозаққа айналдырған, о сөлекет дүние! әттең, әттең, өмір-бақи
ерсіз өтуді ант еткен Аққозы Орақтың тірі қалғанын білген жоқ. Бұл адам сенгісіз
ғажайып оқиға еді. Тастай қараңғы түнде құйрығына байланған заттан үріккен
Ақбақай тарсылдата
жөңкіп шауып келе жатып, алдында жатқан қара суға күмп
берген. Артындағы заты су жағасында өсіп тұрған жуан үйеңкі талдарға маталып,
бөрте ат қорықты көл шетіндегі қалың шылға шырмалып не әрі, не бері жүре
алмай қалған. Таңертең жылқы суаруға келген жылқышылар ұзын арқанға
байланған, бет-аузының тамтығы жоқ, тек кеудесінде шығар-шықпас жаны бар
Орақты тауып алған. Болған оқиғаны айтпай түсінген серіктері көзден таса,
Ұлытау маңындағы бір үңгірге апарып баққан.