Халықаралық жеке құқықтың түсiнiгi мен мәнiн айқындап болғаннан кейiн бiз тағы бiр мәселе қарастыруымыз қажет. Бұл мәселе бiзге халықаралық жеке құқықты құқық саласы ретiнде айқындап, оның құқық жүйесiнде алатын орны қандай деген сұраққа жауап бередi.
Аталған сұраққа жауап беру халықаралық құқықтың түсiнiгiмен және оның құқықтық табиғатымен терең байланыс-та болып келедi, сондықтан да бiз бұл тұрғыда да ғалымдардың ойларының көп ұшқырлығымен кездесемiз. Олар:
1) халықаралық жеке құқық кең ауқымда алғанда халықаралық құқыққа жатады;
2) халықаралық жеке құқық мемлекеттiң iшкi заңнамасының құрамына кiредi;
3) халықаралық жеке құқық бұл құқықтың кешендi саласы болып табылады, яғни iшiнара халықаралық жария құқыққа және жеке құқыққа – мемлекеттiң iшкi заңнамасына қатысты болып келедi.
Осы аталғандардың барлығының шеңберiнде өздерiне тән айырмашылықтары бар.
Бiздiң көзқарасымыз бойынша, осы тұста бiрқатар қорытындыларды жасауға болады:
– халықаралық жеке құқықтың халықаралық жария құқықпен тығыз байланысты екендiгi даусыз, бiрақ бұл тұста ол жеке құқықпен – мемлекеттiң iшкi заңнамасымен де тығыз байланыста болып табылады;
– халықаралық жеке құқықтың халықаралық құқықпен тығыз байланыста болуына қарамастан, ол iшкi құқық жүйесiне кiредi. Бұл құқықтық реттеу пәнiнен – жеке құқықтық қаты-настардың мазмұнынан келiп шығады. Бұл қатынастар барлық кезде мемлекеттiң бастамасында (әрине бұл тұста мемлекеттiң заңының астарында деген сөз) болып табылатын субъектiлер – жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың арасында болғандықтан жеке құқықтық реттеуге көп ұшырайды. Халықаралық құқық-тық реттеу жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың арасындағы жеке қатынастарды реттеуге бағытталмағандығын бiлемiз;
– iшкi құқық жүйесiнде азаматтық (отбасылық және еңбек) құқықтың бiр бөлiгi болып табылмайды. Ол осы жүйеде өзбетiн-дiк орынға ие болып табылады, өйткенi оның өзiне тән реттеу әдiсi мен өзiндiк пәнi бар болып табылады;
– бұл құқықтың аты халықаралық жеке құқық деген сөзбен байланысты болғанмен, ұлттық-құқықтық табиғатқа ие болып табылады. Халықаралық жария құқықтан айырмашылығын атап айтар болсақ, халықаралық жария құқық барлық мемлекеттерге тән құқықтың аясында өмiр сүретiн болса, халықаралық жеке құқық бұл жекелеген мемлекеттердiң құқықтық жүйесiнде өмiр сүредi. Мысалы, қазақстандық халықаралық жеке құқық, ресейлiк халықаралық жеке құқық, украиндық халықаралық жеке құқық т.б.
– жоғарыда аталғандардың негiзiнде халықаралық жеке құқыққа анықтама беруге болады. Халықаралық жеке құқық – бұл шетел элементiмен күрделендiрiлген, жеке құқықтық қатынастарды реттейтiн, мемлекеттiң унификацияланған жеке құқық-тық және коллизиялық құқықтық нормаларының жүйесi болып табылады.
Әрине, халықаралық жеке құқықта мемлекеттiң өзiнiң ұлттық құқығының болуы басқа мемлекеттердiң қатысуының жоқтығын бiлдiрмейдi. Бiзге белгiлi болғандай, кез келген мемлекеттiң құқықтық жүйесiнде ұқсас ережелер мен нормалар кездесiп жатады. Бұл түсiнiктi де, дегенмен, құқық бұл мемлекеттiң iшкi юрисдикциясы бола тұрғанымен, құқық жүйесiнде де құқықтардың бiр-бiрiне әсер етуi болып тұрады. Әсiресе, мұндай екi жақты әсер етулер халықаралық жеке құқықта көп кездесiп жатады, өйткенi, ол өзiнiң құқықтық табиғаты бойынша халықаралық қатынастарда жатқан қатынастарды реттеушi.
Халықаралық жеке құқықты зерттеген кезде салыстырмалы құқықтану көп маңызға ие болып табылады. Салыстыру дегенiмiз – бұл түрлi мемлекеттердiң құқықтық жүйелерiндегi институттарды бiр-бiрiне сәйкестендiру болып табылады. Мысалы, шетелдiк тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағында кәсiпкерлiкпен айналысуларының құқықтық негiздерi туралы мәселенi зерттеген кезде бiз сол мемлекеттiң құқығына жүгiнумiзге тура келiп отырады, өйткенi бұл негiздер сол мемлекеттiң тиiстi заңнамасында реттеледі.