Қазақстан темір жол қызметінің заңи базасы. Қазақстан Республикасы 2001 ж. 8 желтоқсанда Темір жол көлігі туралы Заңының 3 бабына сәйкес, Темiр жол көлiгiмен жолаушылар, багаж, жүк, жүк-багаж және почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен және шарттарда жүзеге асырылады. Тасымалдаушы осы Заңда және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда көзделгеннен басқа жағдайларда, ақысын төлеген және жол жүру немесе багаж, жүк, жүк-багаж және почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдарына арналған тасымалдау құжаттарын дұрыс ресiмдеген қызмет пайдаланушыларға тасымал жасаудан бас тартуға құқығы жоқ. Темiр жол көлiгi туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк-құқықтық актiлерiнен тұрады. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда осы Заңдағыдан өзге ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады. Әскери және арнайы тасымалдарды ұйымдастыру, қамтамасыз ету және орындау ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi.
Магистралдық темiр жол желiсi Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында ортақ пайдаланылатын темiр жол көлiгiнiң объектiсi болып табылады, жекешелендiруге жатпайды және Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейтiн шарттармен және тәртiппен Ұлттық темiр жол компаниясына берiледi. Магистралдық темiр жол желiсiне жатпайтын темiр жолдар жеке пайдалану объектiсi болып табылуы және жеке меншiкте болуы мүмкiн. Магистральдық темiр жол желiсiне жатпайтын темiр жолдарды салу (қайта жаңарту), сондай-ақ кейiннен пайдалану концессия шарттары негiзiнде жүзеге асырылуы мүмкiн. Тасымалдаушылар магистралдық темiр жол желiсi бойынша тасымалдарды магистралдық темiр жол желiсiн пайдалану ережелерiне сәйкес жүргiзедi. Тасымалдаушы магистралдық темiр жол желiсi көрсеткен қызметтер үшiн магистралдық темiр жол желiсiнiң операторына Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленген мөлшерде ақы төлейдi. Магистралдық темiр жол желiсiнiң операторы магистралдық темiр жол желiсi көрсететiн қызметтерге кемсiтусiз қол жеткiзудi қамтамасыз етуге және тасымалдаушыларға магистралдық темiр жол желiсiн пайдалануға бiрдей құқық беруге мiндеттi. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, өткiзу қабiлетiнiң шектелуiне байланысты тасымалдаушыларға поездар қозғалысының нақты бағытында магистралдық темiр жол желiсiн пайдалануға беру мүмкiндiгi болмаған кезде, тасымалдау тасымалдаушылардың магистралдық темiр жол желiсi көрсететiн қызметтерге кемсiтусiз қол жеткiзу ережелерiнде көзделген тәртiппен конкурстық негiзде жүзеге асырылады. Ұлттық темiр жол компаниясы магистралдық темiр жол желiсiн салуды, күтiп ұстауды және жаңғыртуды Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен бағдарлама бойынша жүзеге асырады.
Осы Заңға сәйкес, жаңа магистралдық жолдар салу Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша жүзеге асырылады. Магистралдық темiр жол желiсiн пайдалану кезiнде туындайтын мiндеттемелер орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған жағдайда, тараптар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында, магистралдық темiр жол желiсiн пайдалану ережелерiнде, сондай-ақ осылардың негiзiнде жасалатын шарттарда белгiленген негiздер бойынша және мөлшерде жауаптылықта болады. Мемлекеттiк меншiк болып табылатын темiр жол бойынша темiр жол қатынасын тоқтатуды Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмi бойынша уәкiлеттi орган жүзеге асырады. Тасымалдау шарттарының мiндеттi талаптары Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы Заңда және соларға сәйкес шығарылған тасымалдау ережелерiнде белгiленедi. Тараптар тасымалдау шарттарының өзге де талаптарын белгiлеуге ерiктi. Жолаушылар тасымалын ұйымдастырған кезде Ұлттық темiр жол компаниясы мен тасымалдаушылардың мемлекеттiк басқару органдарымен өзара қарым-қатынасы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шарт талаптарымен жүзеге асырылады. Тасымалдаушы өздерiнiң құзыретiне сәйкес мәлiмделген ерекше маңызды тасымалдарды жүзеге асыру туралы мемлекеттiк органдардың жазбаша нұсқауларын (шешiмдерiн) орындауға мiндеттi. Тиiстi нұсқауларда (шешiмдерде) осындай тасымалдар үшiн есеп айырысу тәртiбi мен мерзiмдерi туралы мәлiметтер болуға тиiс. Темiр жол көлiгiмен халықаралық қатынаста және транзитпен жолаушыларды, багажды, жүктi және жүк-багажды тасымалдау Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады. Локомотивтiк тартқыш операторы шарттар негiзiнде және уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен локомотивтiк тартқыш қызметтерiн көрсетедi. Тартқыш көлiк құралының (локомотивтiң) иесi бiрiншi кезекте арнайы және әскери тасымалдарды орындау үшiн ұлттық тасымалдаушыға локомотивтiк тартқыш көрсететiн қызметтердi ұсынуға мiндеттi.