Одағайлардың жиілік сөздігі сөзтізбесінің ерекшеліктері
– сөзтізбеде одағайлардың барлық семантикалық түрі қамтылды;
– бейканондық лексикалық бірліктер ретінде қаралғандықтан, жалпы
сөзтізбеде одағайлардың орфограммаларына қатаң талап қойылмады, көбі соңғы
орфографиялық сөздікке сəйкес түзетілгенімен, біразы мəтіндегі нұсқамен
қалдырылды, мысалы, уахалейкүм, уағалейкүмассалам; уа, уай, уау; уəллаһи,
біллəһи; уф, уф-уф, ойбай, үйбай, ойбуй, ойбу; шу, шүу; ах, аһ; айда, əйда; əуп,
əуіп. Бұлардың бірінің орфограммасы сөздікте бекіген (уағалейкүмассалам, ой-
бай, шүу, аһ т.б.), екіншілері мəтіндегі таңбалануы бойынша (уахалейкүм, үйбай
т.б.) сөзтізбеге түзетілмей алынды;
– бірнеше рет қайталанған нұсқалар да сөйлеу бірліктері ретінде берілді: ай,
ай-ай, ай-ай-ай;
– бұл сөз табының сөзтізбесінде -ай, -ау, -оу демеулік шылаулары негізгі
сөздерінен ажыратылмады: шіркін-ай, шіркін-оу, япыр-ай, япыр-оу, япырым-ай,
япырым-оу, апыр-ай, апыр-ау, апырым-ай, апырым-оу.
Модаль сөздер жиілік сөздігі сөзтізбесінің ерекшеліктері
– бұл сөздер сөз таптарының құрамына жатпайды, алайда олардың мəтіндегі
жиілігі жоғары екенін ескеріп, бөлек алу ұйғарылды;
– жалпы сөзтізбеде -ақ шылауы бөлек жиілікпен берілді, алайда сондай-ақ
модаль сөзінде ол негізгі сөзден ажыратылмады, себебі сондай сөзі бұл шылаусыз
есімдік негізді сын есім ретінде таптастырылды;
– болымсыздық мəндегі беймүмкін сөзі модаль сөз ретінде таптастырылды.
Көмекші есім жиілік сөздігі сөзтізбесінің ерекшеліктері
– бұл сөздер сөз таптарының құрамына жатпайды, алайда олардың мəтіндегі
жиілігі өте жоғары екенін ескеріп, зат есімге таптастырмай, бөлек алу ұйғарылды;
– сөзтізбеде алды, арты, қасы, жаны, ортасы, арасы, асты, үсті т.б. мəтінде
кездескен көмекші есімдер қамтылды.
|