Алматы “Жазушы” 2013



Pdf көрінісі
бет12/19
Дата11.01.2017
өлшемі1,64 Mb.
#1641
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   19

161
* * *
Қазағын қозғап сан қырдың,
Азабын боздап таң қылдың.
Ой қағып жүріп өстің де,
Қой бағып жүріп қаңғырдың.
Тұлғасын Тәңір жасаған,
Ақ алмас тілді Қашаған.
Кеңестің кезі кеткен соң,
Жүз жетпіс жыл жеткен соң,
Біз болып қайта жаңғырдың.
Заманға көзің кекті шын,
Келешек бізге жетті ісің.
Отыз ақынға жүк болар,
Отыз-ақ жырың құт болар,
Қосайдан қалған тектісің.
Сөздері сойыл салмақты.
Жартысын ғасыр жалмапты.
Қашаған жырың, ойпырмай,
Отыздан өзге қалмапты.
Алысқа шауып ақ арман,
Алашқа атың таралған,
Адайдан шыққан әруақтым.
Киялмен ойға қондырам,
Түсімдегі ән, сол бір ән.
Рухың қонған шатырда,
Өзіңмен бірге жатыр ма,
Қай жерде қалды домбыраң?
Наданның көрмес тағын құп,
Ауызың алтын, жағың құт.
Сұңқарлар дара сыйланар,
Тұлпарлар ғана сыйланар
Сіздің кездерді сағындық!

162
Қазір ше, талай топ жардық,
Ақиқат деп те оқталдық.
Басты аяп... бірақ, тоқталдық.
Ұлы ұрпақ ұсақталды ма,
Улы тіл тұзақталды ма?
Сарай ақыны боп қалдық.
Қашаған ақын, жан бабам,
Торғайға толды сары далаң.
Шалалау қазақ, жарты адам,
Сойыл сөз жойқын тамшыңмен,
Он сегіз өрім қамшыңмен
Тіліп бір кетсең арқадан.
Табады сонда ұл тағын,
Атады нағыз жыр таңым.
Жарымдар топтан бой алар,
Дарындар бәлкім оянар –
Ұйқыда жатқан ұрпағың.
Қазақтың ұлы екенін
Ұқтырар кезге жет, елім.
Маңғыстау, Үстірт бойына,
Қашаған ақын тойына,
Махамбет болып келгенмін,
Махамбет болып кетемін.
Жырларың жұртқа аманат,
Ел мұңын жұтқан азамат.
Адайдан шыққан алпауыт,
Қазаққа дарыған қазына,
Қосайдан қалған қазанат –
Қашаған!

163
ТӘУЕЛСІЗДІККЕ 20 ЖЫЛ
Тәуелсіздік жыр болып жан қыстауда,
Келген кезде болмайды әнді ұстауға.
Ананың сүті сіңген батырына,
Бабаның құты қалған Маңғыстауда.
Ежелден талай ерлер аттандаған,
Қазақстан өз жұртын тапқан далам.
Адайдың үні естілер «Қосайлаған»,
«Ағатайлап» Беріштер шапқан далам.
Құнды не бар ер үшін ардан бөтен?
Ел дегенде еңіреп, жардан да өтер.
Қазақия кешегі хан Керей мен
Жәнібек, Абылайдан қалған мекен.
Заман да өткен қылышпен қан сапырып,
Қазақ үшін қарумен жан шақырып.
Сол хандардың тері үшін тұрғызылған.
Ақ Ордам Астанада хан шатыры.
Келешекке қадамын анық басар.
Шетелдік дос, қазақтай халыққа бар.
Астанасы аңыздың ақиқаты,
Аспанның астындағы алып шаһар!
Қазақтай дархан елді күшті ел десе,
Алдыңнан азат халық шықты, ендеше.
Сол Астанам әйбат болу екіталай,
Атырау мен Маңғыстау құт бермесе,
Жұмылған жұдырықты құп көрмесе.
Азаматтар арманы аспанды орған.
Тау тұлғалар мүсіні тастан қонған.
Егеменді ел, ертеңің ертегідей
Талай-талай ақынға дастан болған.

164
Кешегі тоң күнімді бақ жылытар.
Шамам келді Аллалап, ақты ұлықтар.
Тәуелсізбіз... бірақ, мен тағы аңсаймын,
Сана-құлдық, тіл-тұлдық шақты ұмытар.
Тілді өлтіре көрмеспіз теңдігіммен,
Дінім... Санам... сасамыз енді кімнен?
Мен қазақпын шекараны көзбен емес,
Өлшей білген көңіл мен кеңдігіммен.
Анадай боп соғыстан ұлын күткен,
Енді мұңлы шықпайды жырым біткен.
Сен Қазақсың қыр далада қазық қағып,
Асқар-асқар тауларға туын тіккен!
ГҮЛ ЖАТЫР АЯҚ АСТЫНДА
Мына өмір саған мұңын тағыпты,
Тағдырың тартып тұзын кіл.
Ұғар едім ғой сонша бақытты,
Жел болып өпсем жүзіңді.
Алдыңа барып гүл ұсынып едім.
Неліктен төмен қарадың?
Тыныштық орнап күрсіне бердің,
Жас толып мұңлы жанарың.
Төмен қарадың,
Неге, қарағым?
Иықтан шашың төгіліп,
Жаныңды нендей жеді құрт?
Сезімің аппақ сарыала күздей сөгіліп,
Өмірден қалсаң жеңіліп,
Жылайсың кейін егіліп.
Жалғыз тал гүлім қолымда қалды,
Жалғыз жүрегім жаралы.
Бар шығар, бірақ, оның да мәні,
Тағы да теріс қарадың.

165
Бұра сап дереу қиялға бетті,
Азаптан мынау қаштым ба?
Автобус келіп, аяңдап кеттім,
Гүл жатыр аяқ астында.
Еділбек ДҮЙСЕНОВ 
(Маңғыстау)
 
АЛДАСПАН ЖЫРДЫҢ АҚИЫҒЫ
Жауһар жырлар жүрегіме себеле,
Жыр дегенің жалтақтауға көне ме?
Жалын алдым, ақын баба, өзіңнен,
Тәлім алдым жырларыңнан, өнеге.
Сөз қалдырдың кейінгіге батымды,
Бүкпей айттың біреуге айтар датыңды.
Мәрт мінезің, найзағай жыр нақышы
Алты Алашқа танытып тұр атыңды.
Басын қостың жырмен талай елдердің,
Өлмес өлең көкірекке өңгердің.
Өшпестей ғып сөз қалдырдың ұрпаққа,
Көшпестей ғып жүйрік жырға дем бердің.
Жаным толқып шабыт қысар шағы бар,
Өзегімнен өзен-өлең ағылар.
Қашағандай жүйрік жырау қашан да
Әр жүректің биігінен табылар.
Қайсар сөзбен қайралғанда қаламым,
Жырларыңнан жылу алар жанарым.
Ақиқаттың алдаспанын көтерген
Жыр Құдайы өзің бе деп қаламын!..

166
МАҢҒЫСТАУ
Жүздесемін әрқашан шаттана мен,
Маңдайдағы құт сынды бақ даламен.
Жалықпаймын қараудан келбетіңе,
Көкжиекпен көрісіп жатқан әлем!
Уілдеген тентек жел сарындары,
Сары толқын сияқты шағылдары.
Сағыныштай алыста сағымдары...
Бауырыма басамын бәрін-дағы.
Маңғыстауым, бабамдай көрінесің,
Арқау болып аңызға өрілесің.
Көгіңдегі көк аспан жұлдызындай
Жарқырады-ау төсіңде небір есім.
Сені қорғап өтіпті батырларым,
Сені жырлап өтіпті ақындарым.
Кең далада қалшиған көне ескерткіш,
Жайып салып осының жатыр бәрін.
Маңғыстауым, өзіңсің бар асылым,
Киелісің қашан да, дара сырың.
Жамандықты бойыңа жуытпайтын
Болсам деймін мәңгілік жанашырың!
КӨКТІ КЕЗГЕН ҚИЯЛЫМ
Биіктікке құмармын шамасы мен,
Қазағымның көтерер даласы кең.
Бара жатыр қиялым көкті кезіп,
Анау ақша бұлттардың арасымен.
Қойма болған қиялым бар асылға,
Жақсылық та, мейірім, жарасым да.
Көзді жұмып, қиялмен көріп тұрмын,
Ойласаң, не керектің бәрі осында.

167
Қиялдамай қалайша жайланамын?
Күнді күтіп, бағамын Ай қабағын...
Сезінгендей боламын болмысыммен
Қиялымның шындыққа айналарын!..
Гүлсім ДҮЙСЕНБАЕВА
(Астана)
 
ДОМБЫРА
(Қашаған Күржіманұлының 170 жылдығына)
Күн мен түні жарасқан кең даламдай шат қабақ,
Күмбір-күмбір дүние, қызыл шанақ, ақ шанақ.
Қошқар мүйіз көркімдей бабамнан ой өргенім,
Құм төсінен төгілген ғажап-ау ою-өрнегім.
Қазақтың төл үні бар, сыры, жыры бар жасын,
Қос ішегіндей көңлімнің қос қанаты талмасын.
Қос ішекті кере тарт жалғыз түймем түйіншек,
Саусағым сені іздеген күйінсек не сүйінсек.
Тиек – шанақ бетінде, перне – мойын қуалап,
Қазыналы көкейден алтын зерлі жыр ағад.
Күйіңді бұрап келтіріп көкірегімнің көзіндей,
Қасиеттім, құлағың Қашекемнің өзіндей.
Аңызға бөккен байтақты кезінде талай қызыл тіл,
Қорғасын құйып балқыған ойылған оймақ ұзын қыр.
Жеткізген ханға осылай бұрында болған бір ақын
Қазақтың мұңын, мұратын.
Сені естіп күнім күңіренді, ақтабан шұбырынды аңырап,
Содан төріме іледі қастерлеп қара шаңырақ.

168
Сені естіп санам серпілді, ұмытып түгел еркімді,
Саған бердім сертімді!
Сенің төсіңде күй мен жыр, Қашаған ақын аты бар,
Құрманғазы, Дина әжем жазып кеткен хаты бар.
Әлдилеп әлем бесігін анашым сені тыңдатты
Қарт әкем шертіп отырар.
Есіңе көпті салады ескі күндердің салмағы,
Мойныңа таққан үкі де үміті болар алдағы.
Тәуелсіз мынау қазақтың бүгіні және ертеңі –
Үкілі үмітім желбіре, асқақтап асыл арманы!
Әруағы жебесін!..
БЕЙНЕУ
Беу, дариға, боз керім далам,
Беліңнен ойдың безгегін бағам.
Балбалдар салған баябан аңыз
Бағзыдан қалған өзге бір ғалам.
Ерлігің – аңыз, бесігің – арман,
Еңбегін беріп, несібін алған.
Ер Бейнеу бабам ел тарихында
Ертегі болып есімі қалған.
Иірім жолдар сыры көп жұмбақ,
Игілікке тұр иығын қомдап.
Адыраспан исі – киесі сынды,
Иен өлкенің ғұмыры қымбат.
Нәзира-дәурен, іңірге ғашық,
Нәркес-күй толқыр, Сүгір жыр тасып.
Нәби Хақ, Өзің қолдай гөр енді
Нәті асау жұртқа нұрыңды шашып.
Ебелек самал еншісі қырдың,
Еншісі болдың есіл де сырдың.

169
Ертеңге үміт жалғадым-дағы
Еркінді дәурен, ерке өмір сүрдім.
Уантып, көңіл жадырағасын,
Уақыттың мұңы адыра қалсын.
Уағдам осы, топырағыңнан
Тамырлы тінім ажырамасын!
Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ 
(Маңғыстау)
 
СӨЗ БӘСІ
Пілдің тірі бәсі де мың ділдә,
Өлсе тері бәсі де мың ділдә.
Қашаған Күржіманұлы
«Бісміллә» – сөздің басы-дүр,
«Бісміллә» – сөздің расы-дүр,
Әғузы, Әлхам және бар бұйырмыш Хақтан,
Жаратты дейді Лаухыда тіл мен кәләмді...
Озалдан Өлең қорғалап қиын қыспақтан,
Бөледі Нұрға Жанымды түннен қараңғы.
Нешелер Тақтақ тумады шаршыға түскен,
Соларша біраз сөйлелі байрақты жерде.
Қытаң заманға біткен соң қарсы да күшпен,
Қызыл тілімді аңлатып сайратты Зерде.
Аламан басы қаумалап құралған талай,
Пәм алған жұртым жел сөзден атасы тегін.
Халалды ғана тұтынған Құраннан қарай,
Әулие-Пірлер көп өтті батасы керім.

170
Мұхаррам дүние қашанғы тұралы баста,
Сан Пайғамбардан қалынған біз түгіл жалған.
Әркімдер бес күн жанарын шылады жасқа,
Шатланба зайғы фәниде, жүз түңіл зардан!..
Келмесе пәрмен Алладан – шығарман Бәйіт,
Артық та кемді әшкертіп көңіл делбедім.
Жалғыз-ақ сәтте құшар-ды мың арман ғайып,
Мінәсіп нәубет тапқым бар өмірден менің.
Сағадат-қайыр айдатып бұйырықпенен,
Бахадар хәлше айтындым тәрбия қылып.
Мәшһурат-кеңес құрылса жыйылып кенен,
Жүгіптей жайнап жүремін сардия күліп.
Ықтият болдым Құдайдың құдіретімен,
Мәужілі теңіз құсанып жүрек тербенсе.
Дәнігіп түнде жұлдызды ой үдіретіп ем, 
Сахауат шамның зайырын тілектен берсе.
Белгілі Шайыр Адайдан Қашаған дүрлеп,
Алшыннан асып, Алашқа дабысы жеткен.
Сүргіннің сойы көрген бе шашадан кірлеп,
Озаған жүйрік желмен де жарысып өткен.
Аузына топты қаратқан ділмарым қанша,
Жазылған аты Махфузда туылмай жатып.
Әруақты Ақын боратты-ау Жырларын қарша,
Жап-жарық менің Жаныма туын байлатып!..
РУХТАСУ
Мынау маңғаз Маңғыстауымның
Тауынан да әулиелік байқадым,
Тасынан да әулиелік байқадым!..
Зиярат қылып кілең бейітке,
Дұға бағыштап талай шейітке,
Жанымды тазартып қайтамын...
Мен, мен деумен, мен деумен,

171
Жауға қылыш сермеумен,
Ар-намысын бермеумен –
Ерлер өткен қызғыштай қорып байтағын!
Озал да озал, озалдан
Ақындық тағдыр маңдайыма бұйырды,
Алланың сөзі таңдайыма құйылды.
Аспан мен Жердің арасы,
Әруақтардың даласы,
Қарт Каспийдің жағасы,
Ару Ақтаудың қаласы –
Жүрегім болып Пір Бекетке сиынды,
Сиынбаса – жағдайым менің қиын-ды.
Бір кездері адыра қалған қиянның
Топырағына тарықтым,
Атырабына зарықтым!..
Қалай дүн-дүниеге сыярмын,
Қалай ақыл-есімді жыярмын,
Қалай көзімнің жасын тыярмын –
Бақыты кемдеу халықтың
Басына қонбаса бүгінгідей жарық күн?!
Бұл – атажұртым, өз елім,
Бұл – аманаты Құдайдың.
Сондықтан да барлығына төземін,
Сондықтан да барлығына шыдаймын!
Заманның түрі – меңіреу,
Ал менікі – еңіреу:
«Кешіре гөр алдыңдағы кінәмді,
Қайран Маңғыстауым – мұнайлым!..»
Өп-өтірік жалаулатпан ұранды,
Жалған өмір сүре алмайды бұлай кім?
Төбесінен ана Отпанның
От көрдім бабалардан қалмыш кешегі.
Жоқтасам – кескектілерді жоқтармын,
Бірақ олар қайта туады деседі.

172
Мұнар, мұнар, мұнар көш,
Шынжырбалақ, шұбартөс –
Біздің елдің көсемі һәм шешені.
Солар жүрген сара жол ғана
Адастырар түбінде сорымызды бес елі.
Қыңыр тірліктің зарпынан
Қабырғамды қайыстырыппын ғапылға.
Жалғыз едім ғой жалқыдан –
Шыбын жаным шырқырағанда жатырда.
Уа, қайтейін жазбай өлеңді,
Айналам нұрға бөленді!..
...Бүкіл ғұмырымды салар болсам ақылға,
Көкмойнақ аттың баяғы
Қамалға қарай шапқанына татыр ма?!
БАҒЗЫ БАЛЛАДА
I
Әлқисса, Абыл да өлед, Қабыл да өлед,
Пендеге ең бірінші сабыр керек...
Харут пен Марут атты періштелер
Жағдайды баян қылды Тәңірге кеп:
– Келеді жер бетіне сұмдық төніп,
Бәрін де көзімізбен тұрдық көріп.
Адамдар қан төгеді демеп пе едік? – 
Шықты, рас, сол сөздері шындық болып.
 – Неге-дүр қарсысыңдар Жаратқанға? – 
 Ашуын содан кейін таратты Алла, – 
 Күнәға батарсыңдар нәпсі берсем,
 Құр қалмай әйелден де, шараптан да...
Мынадай Хақтан бұйрық болды кенет:
– Таңдаңдар үш періште орны бөлек,
Оларды жер жүзіне жіберемін,
Үшеуі тайғақ, қисық жолды көред!..

173
Бірі – Аза, бірі – Әзірейіл, бірі – Азайа, 
Жасауға бара жатыр күнә-зая.
Әзірейіл ғана жалғыз жолдан қайтып,
Тоба деп жалбарынды Құдаяға...
II
Әлқисса, шуға бөлеп тыныш төрді,
Ерлі мен зайыптыны ұрыс бөлді.
Өзара дау-дамайды шешу үшін
Қазыға жүгінуді дұрыс көрді.
Баяғы қос періште қазы бопты,
Күллі жұрт сыйлайды екі хазіретті.
Күйеуі көзіне шөп салғандықтан,
Әйелдің бұларға айтар назы көп-ті.
Ол өзін Зуһра деп таныстырды,
Ерінің нарттай бетін намыс тілді.
Аза мен Азайаның есі кетіп,
Зуһраны қосағынан алыс қылды.
Бағасын қазылардың халық берді,
Періште екеніне нанып келді.
Үкімде айтылғандай – айыпты ері
Жарына бір әдемі үй салыпты енді.
Қазылар періште емес, уыт болды,
Үйіне Зуһраның жуық қонды.
Шыдатпай шектен шыққан нәпсілері,
Жүгіртті ақырында суық қолды...
– Ұялмай дейсіздер-ау періштеміз,
Зиналық – үлкен күнә, теріс, теріс! –
Айқайлап байғұс әйел жаны қалмай,
Бұларға танытпады келіскен іш.
Қосқан соң сорлы Зуһра зарға мұңды,
«Исми ағзамды» оқып жалбарынды.

174
Екеуін алдап сосын айласымен,
Тазарды дәрет алып таңда нұрлы.
– Әйелдің нелерің бар пәктігінде? –
Сөйледі кенет аспан Хақ тілінде.
Зуһраны періштелер көкке ұшырып,
Шолпан ғып әр сахарда жақты күнде...
III
Әлқисса, оқиғаның жалқы мәні:
Жұлдыз боп адал Зуһра жарқырады!
Көп әйел қызығады оған іштей,
Бір қатын қызғаныштан шарқ ұрады.
Тағдыр да кейде, білем, теріс келер,
Тірлік те кейде, білем, кері істелер.
Құдайдың пәрменімен сынамаққа,
Барады сол қатынға періштелер.
– Келіңдер, күліп-ойнап шаршамайық,
Сол үшін арақ ішіп, ән салайық.
«Исми ағзамды» оқып таң алдында,
Тәңірдің құдіретіне тамсанайық!
Айтқаны осы болды салдақының,
Аспанға шыққысы кеп таңда ақырын.
Бірақ та бұл қылыққа қаһарланып,
Сайқалдың қалдырмады Алла түгін.
Нән гүрзі төбесінен төніп тұрды,
Бір ұрып бес бөлікке бөліп тынды:
Үшеуі отқа айналды лапылдаған,
Екеуін албастымен толықтырды...

175
Ербол БЕЙІЛХАН 
(Астана)
 
ҚАЙЫРТПАЙ КЕТКЕН ЖҮЙРІК ЕҢ...
Маңғыстау – көне шежіренің сүрлеуі,
Аңызға толы: теңізі, тауы, күңгейі.
Әуелі Алла! Пір соңы – Бекет сиындым,
Бисмиллах, тілімнің шешіл күрмеуі.
Бір Алла, Өзі, жоқсыздан барды жасаған,
Бермесе Ием, өлең туа ма тасадан?
Жаратқан Алла, Қыдырға бата бергізіп,
Сөз дарып бойға ақын атанды Қашаған!
Сөз деген – мұра, сөз деген – асыл киелі,
«Қайыртпай кеткен жүйрік» ең сөзің жүйелі.
«Топан» деп жырлап, Алаштың мұңын жоқтаған,
«Көбік шашқан» жалғасын тапқан күй еді...
Тұлпар ең озған, сұңқар ең ғажап ұшқаны,
«Абайсыз өскен алшаң» ең бөлек ұстамы.
«Сұраған жұртқа» беріп ең сөздің жауһарын,
Әніңе салды Каспийдің әнші құстары.
Дүние-базар, алмасқан алшы-тәйкісі,
Рухын сыйлар, азат ойыңның тамшысы.
Жеті жұлдыздай сәулелі жырын төгіп тұр,
Аңызға айналып «Адайдың жеті Қайқысы».
Жырыңа бөлеп – Еділ, Жайық, Електі,
Бұлбұл үніңе Көкжардың жұрты шу етті.

176
Дауысыңды естіп, ордалы жылан шошыған,
Ақиық ақын, дегелек құстай жүректі.
Алмастай өткір, «тәк-тәксіз өскен тарпаңым»,
Құлнияз бенен Нұрымның көрген айқайын.
Маңғыстау сынды мәндала шапан жарасқан,
Сарыарқа сынды жазира ойлы байтағым.
Жыраудың ізі, құс тістеген шешені,
Батысым байлық, ән менен жырдың мекені.
Ойларым асқақ теңіз, тауларда тербеліп,
Көңіл дөненім, Ақтауға қарап өседі.
Маңғыстау тағы, қоштасып жатыр күзімен,
Каспидің құсы сағынышыңды түзіп ең...
Қашаған ақын, Құлатты кеттің құлдилап,
Желмая мінген, Асан қайғының ізімен...
ҚАЗАҚСТАН-ҚЫРАН ҰШЫП БАРАДЫ...
Әлімсақтан айналғансың аңызға,
Тарихың бар таңбаланған тастарға.
Далаң толы әулие мен абызға,
Арғы тегім Ғұндар менен Сақтарда.
Мекен еткен Азияның кіндігін,
Қолымызда дүниенің тұтқасы.
Түркілермен тамырымның бірлігін,
Әйгілеп тұр Күлтегіннің көк тасы.
Қайсарлық бар Заринаның назында,
Ер Атилла, қанша жауды үркіттің.
Шежірем бар, Фарабидің сазында,
Қобызында тағдырым бар Қорқыттың.
Ойран болған Отырарым орнында,
Ар садағам малым түгел жиғаным.
Алла аузында, Мұхаммедтің жолында,
Яссауи мұсылмандық иманым.

177
Бабамыздың бәрі шешен, көсемнен,
Ерін салған жүйрік пенен жорғаға.
Керей менен Жәнібектің көтерген
Ақ боз үйі айналды Ақ Ордаға.
Қобыз ұстап, Қотан жырау ән салған,
Баба салтын, бал қымызын үзбеген.
Асан Қайғы желмаяда тамсанған,
Жерұйық жер осы міне іздеген.
Қарға бойлы Қазтуған мен Марғасқа,
От жырымен қылыш ұстап қан төккен.
Қасым ханның қасқа жолы жалғасса,
Шалкиіз бен Ақтанберді ән төккен.
Тәуке хандар бағындырған даланы,
«Жеті жарғы» киіз кітап заңыма.
Бабаларым һам сауатты, саналы,
Арулардың дақ түспеген арына.
Біздің халық – бәйтеректей мәуелі,
Үш биім бар – ынтымақтың тұтқасы.
Болмағанмын әуелден-ақ дау елі,
Аталы сөз айтылады, қысқасы.
Жығылмаған Абылайдың ақ туы,
Баһадүрлер найзасымен көк тілген.
Бұхарлардың күмбірлеген жақсы үні,
Бірлігіммен босағама бақ кірген.
Махамбет пен Кенесары ер еді,
Бодандықтың құрығына көнбеген.
Гауһар қыз бен Бопай ару өр еді,
Ел қамы үшін, ат үстінде ерлеген.
Ел ұмыта ма, Исатай мен Сырымды,
Ізбасары – Амангелді, Бекболат.
Елдік үшін қаншама ер қырылды,
Намысы алмас, үзеңгісі бес қабат.

178
Кеңестердің келемежін тоқтатқан,
Ойлы, оқыған, арыстары Алаштың.
Түк қалады аунағанда жақсы аттан,
Өтетінін белгенсіңдер «қараш күн».
Қайсар ұл-қыз азаттықты аңсаған,
Ызғарлы қыс, ерлікпенен тұншықты.
Еркіндік деп, барша әлемге жар салған,
Желтоқсанда қар астынан гүл шықты.
Ойланамыз, ғасырларға көз салып,
Тарихым бар, толқымалы тағдырлы.
Қазақстан жылдан-жылға нұрланып,
Атағымыз ғаламшарға жаңғырды.
Бүгін міне, тәу етеміз тәубеге,
Еңселенді, еркіндікте ұлысым.
Жазылады жараланған сау дене,
Жоғалмасын, бірлігім мен ырысым.
Қарағанды келбетіне таң қылып,
Күміс көлге Ай сәулесі тамады.
Қанатына алтын күнді қондырып,
Қазақстан-қыран ұшып барады...
ІҢІР
Түбіт ойдың қылшықтарын жұлмалап,
Көз шырымын Күн ілді.
Көлеңкелер тау етегін қумалап,
Сайға кіріп сүрінді.
Қанаттының айтылатын бар мұңы,
Дауысында байғыздың.
Шың басында маужырады қар гүлі,
Иісінен жалбыздың.
Жарық сәуле тұншықты да іңірге,
Барқыт түске боялды.

179
Айна көлдің беті толып күбірге,
Жарқанат құс оянды.
Ай сәулесі шаңырақтан төгіліп,
Отау жапты түндігін.
Сыр мекені түн келді де емініп,
Іңір қысты құйрығын...
КҮЗ КӨҢІЛ
Тамыз тозып, естіледі күз үні,
Жоннан үрікті, жаз жайлаудың қызығы.
Тозған сайын әжем жамап қоятын,
Көңілде бір киіз үйдің үзігі.
Пұшпақ киіп, үкі тақтым үмітке,
Маған сенсең, бой алдырма күдікке.
Кеше кеткен уақытты қуамын,
Мініп алып, өлең атты-Күлікке!
Боз даланың өңі қашып, шаң басты,
Заман ұлып, боталы інген боздасты.
Тырналардың соңындағы қобыз мұң,
Домбыраның шанағына алмасты.
Күн мейірлі. Қара тастан май ақты,
Бейпіл сөзден қауырсын мұң, қанатты.
Оқ маздатқан Сақ пен Ғұнның ізімін,
Қаламұшпен атып алдым манатты...
Таудан жиі көретінмін мүсінді,
(Садағы бар бейне адам пішінді).
Етегі жоқ заманға айтып не қылам,
Түлкі аңның боғы сынды түсімді.
...Алтын күздің көзі тиіп, жаз өлді,
Қамыс толқып, қияқ көкке саз өрді.
Көшкен ауыл жұртын сипап қалғандай,
Жамау көңіл, сағыныштан наз емді...

180
Тамыз тозып, естіледі күз үні,
Жоннан үрікті, жаз жайлаудың қызығы.
Тозған сайын әжем жамап қоятын,
Көңілде бір киіз үйдің үзігі...
Назгүл БЕРДІҚОЖА 
(Қызылорда)
 АРЫСТАН ЕДІ ҚАШАҒАН...
Ұлы Даласы туғасын ұлын,
Көкірегін күйге толтырып
Безбүйрек сонау ғасырдың мұңын
Безбеңдеп айтқан бөлтірік.
Жанымда жақұт сән қылық толып
Жазбасам өлең жанға сын
Жұтылмас жырың жаңғырық болып,
Оятты жанға жауқазын.
Зердеме салдым, зереніңді Алаш,
Аузыма сөз сал Жасаған
Ақылдың ізі дегенім қораш
Арыстан еді Қашаған.
Өз биігінде жоқ теңі бұл ер
Таратқан сәуле сауаппен
Қашағанды көр де Көкбөріні көр
Тәңірге ғана тәу еткен
Бұлқынып сезім бұла кеудемде
Кездерім болса зар төккен
Ой тұманынан шыға келгенде
Алдынан жыр боп жарқ еткем

181
От орап кейде жаһанды жасыл
Ізгілік кетсе көз іліп
Қашағаны жоқ қаһарлы ғасыр
Назгүлдің нәзік сырын ұқ.
Сүлейлі Сырдың теріп жыр гүлін
Төрелер бермес төріңді қарып...
Есіктен кіріп келдім мен бүгін
Есқали айтқан домбыраңды алып.
Керуеніңді ата,келешекке бұр,
Билерді әкеп бұрынғы
Табаныңа сенің себелеп те сыр
Қарсы алам төсеп жырымды
АЗАТПЫН ДЕП КҮБІРЛЕЙДІ ТОРДАҒЫ ҮН...
Азатпын деп күбірлейді тордағы үн,
Тордағы үннің сезінемін салмағын.
Тоқсан бірде тәуелсіз ел азат боп,
Сетінеді басыңдағы сор қалың.
Біз бақ таптық, таңдай ояр тәтті бақ,
Тәңірім бар тілегіме саққұлақ.
Маңдайына маң даланы сыйғызған,
Алаш жұрты аз қиналған жоқ бірақ.
Қастық көріп, достық көрер жандардан,
Айрылып Исатайдай сардардан.
Жігерін құм, жүрегін мұң тырналап,
Махамбеттер жылап өткен жалғаннан.
Жаратқанның екі болмай жарлығы,
Жанын қинап кең дүниенің тарлығы.
Хан Кененің басын кесіп алғанда
Бассыз елді басынды ғой барлығы.
Табытыңдай ауыр ма еді атырап,
Жат жерлерде жанарлардың жасын ап.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет