Түрлі химиялық заттар әр түрлі микроорганизмдерге түрліше әсер етеді. Мәселен, ішінде шіріту бактериялары бар суға алдын ала пептон заты бар шыны капилляр түтікті малса, бірнешесекундтан кейін осы араға бактериялардың барлығы жиналады. Мұндай құбылысты оң хемотаксис деп атайды. Бұдан басқа теріс хемотаксис болуы мүмкін. Мұнда керісінше, бактериялар жаңағы зат толтырылған капилляр түтігі малынған жерден қашықтап кетеді. Пептон, минерал тұздар және фосфор қышқылы тұздары ортада өте аз мөлшерде болса, әдетте оң хемотаксис реакциясын көрсетеді. Ал қышқылдардан сілтілер мен спирттердің әсерінен көп бактериялар теріс хемотаксис реакциясын көрсетеді
Химиялық факторлардың ішінде орта реакциясының маңызы бар. Шынында ортаның қышқылдығы немесе сілтілігі ерітіндідегі бос күйінде кездесетін сутегінің және гидроксил иондарының концентрациясына байланысты. Соларға байланысты клеткадағы ферменттердің әсері де өзгереді, зат алмасу процесі де тұрақты болмайды.Микроорганизмдер белгілі дәрежедегі қышқыл немесе сілтілі ортада көбейіп, дами алады. Көптеген бактериялар үшін ең қолайлы орта — нейтралды немесе шамалы сілтілі, ал зең саңырауқұлақтары мен ашытқы саңырауқұлақтар үшін — шамалы қышқылды орта қолайлы болып есептеледі. Әдетте, ортаның реакциясы рН таңбасымен белгіленеді. рН жетіге жетпеген-де қышқылды, ал одан артқанда сілтілі болады. Егерде ортаның реакциясы оптималды болмаса, бактериялардың тіршілігі де тежеледі. Мәселен, сүрлемдегі сүт қышқылы бактериялары ашу барысында ортаны қышқылдандырады. Бұл кезде шіріту бактериялары тіршілік ете алмай қырылып қалады. Бұдан кейін ортадағы рН көрсеткіші одан әрі төмендегенде, алдымен сүт қышқылы стрептококкалар, кейіннен таяқша тәрізді бактериялар қырылады. Кейде ортаның реакциясын өзгерту арқылы ашу процесінің бағытында өзгертуге болады.
Лабораториялық жағдайда микроорганизмдер үшін қоректік орталар даярлауда рН керсеткішінің зор маңызы бар.
Мәселен, ауру қоздырушы — патогенді бактериялар үшін рН мөлшері 7,0—7,6, ал саңырауқұлақтар мен ашытқы саңырауқұлақтары үшін — 3,0—6,0 шамасында болуы тиіс.
Микроорганизмдердің споралары, олардың вегетативтік клеткаларына қарағанда, ортаның реакциясының өзгеруіне төзімді келеді. Қейбір микроорганизмдер тіршілік әрекеті кезінде түрлі органикалық қышқылдар түзеді. Бірақ осындай қышқыл ортада басқа қолайсыз факторлардың әсері күшейе түседі. Мәселен, қыздырған кезде белоктар көбінесе қышқыл ортада тезірек ұйыйды.
Микроорганизмдердің өсіп дамитын ортасының реакциясын қажетті бағытқа ыңғайлап, өзгерте алатын қабілеттері бар. Бұларға, мысалы: ашытқы саңырауқұлақтар жатады. Әдетте қышқыл ортада ашытқы саңырауқұлақтар спиртті ашу процесін жақсы жүргізеді. Егерде олар шамалы қышқылды немесе сілтілі ортаға кез келсе, онда спирттің орнына ортада сірке қышқылы түзіледі. Жалпы ортаның реакциясын өзгерте отырып, микроорганизмдердің пайдалы тобының тіршілігін жақсартып, зияндыларының әрекеттерін тежеуге толық мүмкіндік болады.