Аудармадағы лингвистикалық принцип, ең алдымен, түпнұсқа мәтіннің формалды құрылымын қайта құруды көздейді.Алайда, аударма жасау барысында тек лингвистикалық принципті негізге алатын болсақ, нәтижесінде сөзбе-сөз аудармаға қол жеткізуіміз мүмкін, яғни, тілдік құрылымы жағынан мәтін дәлме-дәл, жоғары дәрежеде аударылса, көркемдігі жағынан сапасы төмендеу болуы ықтимал. Демек, аударма барысында формализм құбылысы орын алып, стилизация түпнұсқа мәтін тілінің заңдарына сәйкес жүзеге асырылады. Барабар аудармаға қол жеткізу үшін ондай жағдайларға жол берілмеуі қажет.
Егер аударылып отырған сөйлемнің синтаксистік құрылымын аударма тілінде ұқсас тілдік құралдармен беру мүмкін болса, онда бұл нұсқа дұрыс және әдеби жағынан өңдеуді қажет етпейді деп есептеледі.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, отандық және шетелдік зерттеушілердің пайымдауынша, көркем аударманы лингвистикалық қана емес, сонымен қатар әдеби жағынан, сөз жасау өнерінің бір түрі ретінде де қарастыру қажет [83].
Бұл теория бойынша, түпнұсқа мәтініндегі автор тарапынан ұсынылып отырған идеяны түпкілікті түсіну және оны тиімді тілдік бірліктер арқылы мағыналық эквиваленттерді қолдана отырып оқырманға жеткізу – аудармашының ең басты мақсаты болып табылады.
Демек, аударма көркемдігі, әдебилігі жағынан барабар бола отырып, кей жағдайларда лингвистикалық жағынан баламалы болмауы мүмкін деген қорытынды жасай аламыз. Бұл жерде тіл, ең алдымен, көркемдікке қол жеткізу құралы ретінде ғана қарастырылып, бағыныңқы сипатқа ие болып отыр. Себебі, көркем аударма барысында туындайтын ерекше тілдік мәселелер аударылып отырған мәтіннің жанрына және аударма теориясының заңдылықтарына сәйкес шешілуі тиіс.
Аударма өнері келесі үдеріс түрінде өтуі мүмкін: көркем шығарма аудармашыға әсер етіп, оның бойында белгілі бір эмоционалды құбылыстардың туындауына әсер етеді; осы факторлардың (объективті және субъективті) өзара әрекеттесуі негізінде аудармашы мәтін мазмұнын түсініп, өңдеп, белгілі бір ой-тұжырымға келеді және осының нәтижесінде аударма мәтіні туындайды. Демек, түпнұсқа мәтініне тән шығармашылық қасиеттер оның аудармасында да болуы тиіс, себебі көркем аударма да шығармашылықты қажет етеді.
И.А. Кашкин ғылымға шынайы аударма тұжырымдамасын енгізді. Оның пікірінше: «... түпнұсқа мәтінге тән, мазмұндық және бейнелі объективті шындықты қайта жаңғырту шынайы аударманың мақсаты болып табылады. Түпнұсқа тілінің өзіндік грамматикалық құрылымын ескеріп, автордың негізгі ойын, көзқарасын, болмысты қабылдауын түсіне білу... түпнұсқадағы тілдік бірліктер арқылы сипатталған ойларды, заттарды, іс-әрекеттерді және жағдайларды, оларды ой елегінен өткізіп, автордың шынайы ойын біртұтас және нақты жеткізу қабілеті аудармашы үшін өте маңызды» (біздің аударма – Ж.А.) [84].
И.А. Кашкиннің бұл пікірімен аударма теориясына қатысты еңбектерімен танымал А.В. Фёдоров та келіседі: «Түпнұсқа мазмұнының жан-жақты берілуі, оның формалды және стилистикалық аспектілерінің сақталуы арқылы ғана аударманың толыққандылығына қол жеткізуге болады» (біздің аударма – Ж.А.) [85].
Басқаша айтқанда, аударманың мақсаты мәтінді біреудің қабылдауы үшін толығымен өзгерту емес, түпнұсқаның мазмұнын, функциясын, стильдік, коммуникативтік және көркемдік құндылықтарын мүмкіндігінше сақтау болып табылады. Көркем аударма мәтіні түпнұсқа мәтініне «жуықтауы» ғана мүмкін, себебі, аудармашы-автордың басқаға ұқсамайтын өзіндік тілдік материалы, тілдік ортасы, өзіне тән шеберлігі мен шешендігі бар.
Көркем аударма түпнұсқаға негізделеді, оған тәуелді, бірақ, сонымен қатар оның өзіндік «еркіндігі» де бар, өйткені аударма мәтіні сол тілдің фактісі болып табылады. Сондықтан, белгілі бір әдеби шығарманың әртүрлі тілдерге аударылуы және сол тілде сөйлеушілер тарапынан еркін қабылдауының сыры мәтіннің аударылатын тілдің табиғатына, ерекшеліктеріне сәйкестендірілуіне байланысты деп пайымдаймыз.
Шығармада жалпы әлем жұртшылығына ортақ, танымал зат, бұйым, құбылыс, оқиға т.б., сонымен қатар беймәлім мәселелер сипатталуы мүмкіндігін ескергеніміз жөн. Демек, аудармашыға шетел тілін жетік білу жеткіліксіз, сол елдің тұрмысы, тарихы, мәдениеті, діні т.б. жөнінде аялық білімі болуы міндетті.
Бүгінгі таңда тіл білімі ғылымында тілді тек коммуникативтік және когнитивтік қызметі аясында ғана емес, сонымен қатар этнолингвомәдени қауымдастықтың жеке мәдени коды ретінде жаңашыл антропоцентристік парадигма негізінде және әртүрлі тілдерді салғастырмалы аспект тұрғысынан қарастыруға деген қызығушылық пен талпыныстың күннен-күнге артып келе жатқан себебі де осында.
Аудармашы, ең алдымен, индивид және реципиент қызметін атқарады. Әлемнің тілдік бейнесі жеке тұлға тарапынан қоршаған ортаға (әлеуметтік, экономикалық, тарихи, физикалық және т.б.) қатысты ақпаратты жеке, өзіне ғана тән түрде қабылдауының негізінде қалыптасатындықтан, аударма барысында адамның психологиялық ерекшеліктері маңызды орын алады. Әлемдегі адамдардың психологиялық мінез-құлқы әртүрлі болып келетіндігі белгілі, сол себептен, белгілі бір мәтінді әртүрлі аудармашылар өздерінше түсінеді.
Демек, көркем мәтін аудармасына интерпретациялық сипаттама тән. Бір мәтіннің әртүрлі интерпретациялары болуы мүмкін. Осындай интерпретациялық нұсқалардың аударма тіліне негізделген кейбір семантикалық, лексикалық, құрылымдық және синтаксистік ерекшеліктері болуы заңды құбылыс. Демек, көркем мәтінді интерпретациялау пәнаралық білімді қажет ететін өте күрделі құбылыс деп бағалауға болады.
Көркем аударманы іске асырмас бұрын түпнұсқа мәтіннің семантикалық, стилистикалық аспектілеріне көңіл бөлу, көркемдік талдау жасау тәрізді күрделі дайындық жұмыстары жүргізілуі қажет. Осы үдерістерден кейін ғана шығарманың мағынасын, стилін және бейнелілігін түсінуге мүмкіндік туады.
В.Н. Комиссаров, А.В. Фёдоров, Г. Гачечиладзе және тағы да басқа танымал ғалым-аудармашылардың зерттеулері негізінде көркем аудармаға қойылатын келесі талаптар анықталды:
– нақтылық: аудармашы оқырманға автор ұсынған идеяларды толығымен жеткізуге міндетті. Бұл нәтижеге қол жеткізу мақсатында аудармашының түсініктемелер қосуына болады, бірақ түпнұсқа мәтіні бұрмаланбауы тиіс;
– ықшамдылық: аудармашының ой, пікір-пайымдаулары жинақы болуы керек;
– түсініктілік: аударманың тілі мен мазмұны анық, нақты және түсінікті болуы қажет. Оқырманның қабылдауына және түсінуіне қиын оралымдардың мүмкіндігінше сирек қолданылғаны жөн;
– әдеби: аударма әдеби нормаларға сәйкес болуы тиіс.
Аударма мәтінінің реципиентке эстетикалық әсер етуі – көркем аударманың басты міндеттерінің бірі. Көркем аударманың бұл ерекшелігі М.Ю. Лотман, В.Н. Базылев, Т.А. Казакова, В.Н. Комиссаров, А.Ю. Кузнецов, К. Райс, В.В. Сдобников, Ю.П. Солодуб, С.В. Тюленев, А.В. Федоров, Ө. Айтбаев, А. Алдашева, Ж. Жақыпов т.б. сынды ғалымдардың еңбектерінде қарастырылған.
Көркем аударма көптеген жылдар бойы ғалымдардың назарын өзіне аударып келе жатқан күрделі мәселе. Оның жазушының шығармашылық нақышы, дүниетанымы, заманы мен әдеби мектебінің ықпалы, лингвистикалық құралдардың алуан түрлілігі, жазба және ауызша стильдердің үйлесімділігі тәрізді мәселелері өзектілігін жойған жоқ. Семантикалық өріс, мазмұн және форманың этномәдени реңкі, шығарманың пайда болған дәуірі, автордың жеке стилі, әдеби жанрдың спецификасы көркем шығарманың негізгі ерекшеліктері болып табылады. Көркем әдебиет – бұл өнер, көркем аударманың ең басты ерекшелігі де осында.
С.В. Тюленевтің пікірінше, көркем мәтіндегі когнитивті ақпаратты жеткізудің сан алуан құралдары бар. Аудармашы тарапынан көркем мәтінді қабылдаудың да өзіндік психологиялық, танымдық ерекшеліктері бар. Зерттеуші әрбір реципиенттің көркем мәтінді жеке қабылдауы мәселесіне тоқтала отырып, аудармашының да реципиент болып табылатындығын ескертеді. Осыған байланысты көркем мәтіннің түрлі интерпретацияға ие бола алатынына назар аударады. Ғалым көркем мәтінді аудару барысында автор тарапынан қолданылған көркемдік ерекшеліктер мен әдіс-тәсілдерді толығымен сақтаудың мүмкін еместігін атап өтеді [86].
И.В. Сдобниковтың пайымдауынша, көркем образ көркем мәтіндегі ақпарат тасымалдаушы және реципиентке ерекше әсер ету құралы болып табылады [87].
А.Ф. Ширяев пікірінше, көркем мәтіннің түпнұсқасы мен оның шетел тіліндегі аудармасының эстетикалық әсері әртүрлі мәдениет өкілдеріне бірдей болуы керек. Зерттеуші түпнұсқа мен аударманың эстетикалық әсерінің дәлме-дәлдігін көркем аударманы бағалаудың ең маңызды критерийі ретінде қарастырады [88]. Ғалым «эстетикалық барабар аударма» жасауға ықпал ететін факторларға сараптама жасай отырып, аударма барысындағы негізгі қиындықтардың солардан туындайтынын дәлелдейді. Аталған факторлар қатарына мыналар жатады:
1) түпнұсқаның идеологиялық және тақырыптық мазмұнын терең түсіну, автордың идеясын түсіну (аудармашы автордың қарсыласы емес, керісінше «досы»);
2) түпнұсқа мәтіннің образ жүйесіне, әуелгі және қосалқы (вторичный) бейнелерге ерекше көңіл бөлу;
3) автордың идиолектісіне деген мұқият көзқарас [89].
Қорыта келгенде, көркем аудармашының басты міндеті түпнұсқа мазмұнын өзге мәдениеттің тілдік құралдары арқылы барынша жеткізіп, реципиентке эмоционалды және эстетикалық әсер ететіндей нәтижеге қол жеткізу болып табылады. Түпнұсқа мен аударма мәтін оқырмандарға бірдей әсер етіп, сәйкес эмоционалды және эстетикалық әсер тудыруы қажет. Осыған орай аудармашы шешендікті, бейнелеу құралдарын өз орнымен үйлесімді етіп қолдану шеберлігін, аударма мәтінді реципиенттің қалай қабылдайтынын алдын ала болжай алу қабілеттерін жетілдіруі қажет. Осы мақсат-міндеттердің аясында көркем мәтіндегі фразеологизмдерді барабар және үйлесімді аудару мәселесі қамтылады. М. Әуезовтің шығармалары негізінде көркем мәтінде кездесетін этномәдени семантикалы фразеологизмдердің тіларалық берілуін (орыс және ағылшын тілдерінде) салғастырмалы түрде зерттеу, талдау, дұрыс, бұрысын анықтау осы бағытта атқарылатын міндеттердің бірі.
Тілдің адамдар арасындағы қарым-қатынастың маңызды құралы екендігі, ол арқылы адамдар өзара пікір алмасып, өзара түсіністікке қол жеткізетіндігі белгілі. Адамдар арасындағы байланыс екі жолмен жүзеге асырылады: ауызша және жазбаша түрде. Егер коммуниканттар бір тілде сөйлесе, онда байланыс тікелей жүзеге асырылады, алайда адамдар әртүрлі тілде сөйлесе, тікелей байланыс мүмкіндігі болмайды. Осындай жағдайда тұлға аударманың көмегіне жүгінуге мәжбүр. Осының нәтижесінде аударманы әртүрлі тілдерде сөйлейтін адамдар арасындағы қарым-қатынасты іске асырушы, тілдің коммуникативтік, кумулятивтік, эстетикалық, экспрессивті қызметтерін қамтамасыз ететін маңызды көмекші құрал деп танимыз. Аударма әртүрлі халықтар арасындағы ой-пікір алмасуда үлкен рөл атқарады және әлемдік мәдениеттің асыл қазынасын насихаттауға септігін тигізеді.
Бірақ бір тілден екінші тілге аударма жасау өте күрделі мәселе. Бұл орайда В. фон Гумбольдт: «Әр аударма мүмкін емес мәселені шешудің әрекеті тәрізді көрінеді. Себебі, әрбір аудармашы өз тілінің ерекшелігін ескере отырып аударма жасауды, сонымен қатар түпнұсқа мәтіннің аударма мәтініндегі өзіндік ерекшелігін сақтауды көздейді. Бұл талаптын екеуін қатар орындау тек қиын ғана емес, сонымен қатар мүмкін емес тәрізді» дейді [55, с. 124]. В. фон Гумбольдтың аударманың күрделілігіне, қиындығына қатысты пікірінің дұрыстығына аударма жасау тәжірибесінде көз жеткіземіз. Көркем шығарма мен аударма мәтіндерін салғастыра зерттей келе, шығарманың мазмұнын шашау шығармай жеткізе білудің өзі шеберлік дер едік. Ал түпнұсқадағы авторлық стиль, әдіс-тәсілдер, тілдік ерекшеліктер мен бейнелілік ескерілсе, сақталса, оны елеулі нәтиже санар едік. Себебі, аудармадағы кез келген тілдік эквивалент (балама), зерттеу нысанымызға қатысты алар болсақ, фразеологиялық балама, әртүрлі мәдениет өкілдерінде бір-біріне мүлде ұқсамайтын ассоциация туғызуы мүмкін.
Төменде көркем аударма барысында фразеологизм этномәдени семантикасының тіларалық берілуі үлгісі ұсынылды (4-сурет).
У
Барабар аударма
+
Х
Э
Фразеологизм семантикасының
өзгеруі
тномәдени семантикаға ие
фразеологизм аудармасы
Сурет 4 – Этномәдени семантикаға ие фразеологизм аудармасының үлгісі
Жоғарыда берілген сызбада көркем мәтінде кездесетін этномәдени семантикалы фразеологизмді аударуда аудармашы тарапынан қолданылуы мүмкін аударма үлгісі ұсынылып отыр.
Зерттеу жұмысымыздың басында айтып өткеніміздей, аударма, оның ішінде көркем аударма шығармашылық әрекеттің ерекше түрі. Сол себепті, көркем аударма үдерісіне үлгі ретінде белгілі шектеу қою немесе нақты, тұрақты үлгі ұсыну мүмкін емес. Көркем аударма, ең алдымен, адамның жеке ойлау қабілетіне, біліміне, шығармашылығына және шеберлік дәрежесіне байланысты іс-әрекеті. Сондықтан аударма үлгісі аудармашының талғамына байланысты өзгеріп отыруы мүмкін. Дегенмен, зерттеу жұмысымыздың аясында, біз көркем мәтінде кездесетін этномәдени семантикаға ие фразеологизмдерді аудару үлгісін ұсынуды жөн көрдік. Сызбадан көріп отырғанымыздай Х өсі – бұл этномәдени семантикаға ие фразеологизм аудармасы, ал У өсі – аударма нәтижесін бағалау бағаны. Аударма барысында аудармашы қолдана алатын әдістер ұсынылған, яғни баламалы аударма, калькалау, сипаттама, транслитерация, фразеологизмді аудармай, қалдырып кету (түсіріп тастау). Аударма сапасы У өсінде орналасқан «+» және «-» белгілері негізінде бағаланады.
Мысалы:
«Абай Жолы», (түпнұсқа): Бір белден асып, екінші белдің өріне қарай тоқтамай жарысып келе жатты. Осы өрде бурыл ат есік пен төрдей алға түсе беріп еді [31, б. 4].
Осы тіркестің аудармада берілуін қарастырғанда, төмендегідей мәселелер анықталды:
«Путь Абая», Л. Соболев т.б. аудармасы – аударылмаған.
«Путь Абая», А. Ким аудармасы:
На одном из перевалов, на самом крутом выгибе холма, черногривый иноходец Байтаса, опередивший соперника на расстояние от двери до тора1...
1Тор – почетное место в юрте, расположенное у стены напротив входа [90].
«Abai», Progress Publishers аудармасы – аударылмаған.
«Abai», Л. Наврозов аудармасы – аударылмаған.
Жоғарыдағы мысалдардан көріп отырғанымыздай, қазақ тіліндегі «өте жақын, бір аттам ғана жер; таяқ тастам жер» деген мағынаны білдіретін «есік пен төрдей» фразеологизмі А. Кимнің аудармасында ғана берілген. Ал қалған үш аударма нұсқаларында мүлде түсірілген. Бірақ, біздің пайымдауымызша, «есік пен төрдей» фразеологизмінің орыс тіліндегі баламасы «в двух шагах» және ағылшын тіліндегі баламасы «a stone's throw away» (сөзбе-сөз аударма: тас лақтырым жер) болуы керек. Өзара туыс емес үш тілде «жақын» деген ұғымды білдіретін фразеологизмдер әртүрлі ассоциативтік бейне негізінде қалыптасқанымен, бір мағынаны білдіреді, яғни, берілген фразеологизмді аударма мәтіндерінде аударма тілінің мәдениетіне жақын фразеологиялық балама арқылы беруге болар еді.
Тағы бір мысалды қарастырып көрейік:
«Абай Жолы», (түпнұсқа)
«Путь Абая»,
(Л. Соболев т.б. аудармасы)
«Путь Абая»,
А. Ким аудармасы
«Abai», Progress Publishers аудармасы
«Abai»,
Л. Наврозов аудармасы
Құнанбай – өз басы бір шешеден жалғыз, бәйбішенің жалғызы. Қара шаңырақ иесі[31, б. 62].
Кунанбай – единственный сын своей матери Зере, старшей жены его отца. Большая юрта рода осталась за ним… [91].
Кунанбай был единственным сыном у своей матери Зере, старшей жены отца
[90, с. 104].
The only son of Zereh, his father’s eldest wife, Kunanbai had inherited the Great Yurta, was the possessor of enormous wealth and wielded unchallenged power [92].
The only son of Zereh, his father’s eldest wife, Kunanbai had inherited the Great Yurta, was the possessor of enormous wealth and wielded unchallenged power [93].