2.2 Көркем аудармадағы этнолингвомәдени симметрия және асимметрия белгілері Көркем мәтін – бұл шығармашылық идея мен үдерістің іске асуының нәтижесі. Көркем шығармаға ақпараттық, нақты эмоциялық, эстетикалық, тұжырымдамалық, танымдық қасиеттер тән. Заманауи тіл білімінде жүргізіліп жатқан зерттеулердің басым бөлігі антропоөзектік парадигма негізінде «адам-тіл-мәдениет» үштігін негізге ала отырып, жаңа зерттеу бағыттарын қалыптастыруда. Осы бағыттағы өзекті мәселелердің бірі – қазақ және ағылшын тілдеріндегі фразеологизмдер, олардың этномәдени семантикалық қырлары, аударма барысында тіларалық берілуі.
Әлемде өмір сүріп жатқан кез келген этностың танымы, дүниеге деген көзқарасы мәдениетінде, тілінде өз ізін қалдырып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілген. Этнос тарихы, мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі, таным болмысы жайында ақпарат беретін этнолексикалық бірліктер қатарына фразеологизмдердің де жататыны жөнінде алдыңғы бөлімде айтылды. Осы орайда ғалым Ә. Қайдардың: «Халықтың дүниетанымы мен болмысы оның тек тілінде сақталып, тіл арқылы көрініс тауып отырады. Әртүрлі заттың, құбылыстың аты-жөні, сыр-сипаты т.б., әдет-ғұрып, салт сана мен дәстүрлер жайлы мағлұматтардың бәрі де кейінгі буындарға тек тіл фактілері арқылы ғана, яғни тілдегі сөздер мен сөз тіркестері, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер, аңыз-ертегілер арқылы ғана келіп, жетуі мүмкін» [113] деген пікірін толығымен қолдаймыз және бұл тұжырым жоғарыда айтылған пайымдауымыздың дәлелі іспеттес.
Фразеологизмдердің көркем әдебиет тілінде этностың эстетикалық талғамын көрсете алатын ерекше, бейнелі тілдік құрал екендігі анық. Осы мәселе Е. Жанпейісовтың «Қазақ прозасының тілі», С. Қасқабасовтың «Қазақтың халық прозасы», сондай-ақ Ө. Айтбаев, Н. Уәли, Г. Смағұлова, Ш. Сейітова, Ж. Қоңыратбаева т.б. сынды ғалымдардың еңбектерінде қарастырылып, талданған [114, 115]. Тұрақты тілдік бірліктердің бұл түрі тек жеке тұлғаның (автордың) ғана емес, сонымен қатар белгілі бір тілде сөйлейтін тұтас халықтың ұлттық және тілдік бейнесінің ерекшелігін көрсетері анық [116]. Ғалым Ө. Айтбаев өз зерттеулерінде фразеологизмдердің қызметі, эмоционалдық-эспрессивтік бояуы және оларды аудару мәселелерін жан-жақты қарастырған [38, б. 61]. Себебі, көркем аударма – басқа ұлт өкілдерін төл мәдениетімізбен, тарихымызбен, салт-дәстүрімізбен таныстырудың бірден-бір жолы екендігі анық. Сондықтан отандық аударматану саласы мәселелерімен шұғылданушы мамандар көркем аударма мәселесіне ерекше көңіл бөлуі тиіс деп пайымдаймыз.
Жаһандану дәуірінде әдебиетіміздің үздік үлгілерін әлем назарына ұсына алу мүмкіндігі көркем аударма мәселесін жан-жақты зерттеудің маңыздылығын арттыруда. Қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын өзге тілдерге аудару – өте жауапты іс. Аударма жоғары деңгейде орындалуы шарт. Себебі, аударма туындылар өзге ұлт өкілдеріне еліміз жайында ақпарат беріп, қазақ халқына байланысты белгілі бір образдың қалыптасуына өз ықпалын тигізері анық.
«Мәдениет-ұлт-тіл» үштігі бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Ұлт мәдениеті мен ұлт тілі – ұлт тұтастығының негізгі белгісі. Мәдениет – қоршаған ортаны, әлемді жәй, сырт көзбен бақылау немесе қоршаған ортаға бейімделу емес, жеке адамның (социум), халықтың өз ұлттық-этникалық ерекшеліктеріне орай қоршаған ортаны қабылдауы, түсінуі, оны өз ұлттық мінез-құлқы, пайымы, шұғылданатын кәсібі арқылы танып-білуі, алған таным-пайымдауын бағалауы. Көркем аударма да төл әдебиет сияқты эстетикалық қызмет атқаруы маңызды [117]. Этностың сырт әлемді тануы, дүниеге деген көзқарасы ұлттық тілде көрініс табады, сондықтан да болар шығу төркіні халықтың тұрмыс-тіршілігімен, тарихымен, мәдениетімен астасып жататын бейнелі, этномәдени семантикаға ие тілдік бірліктерді аудару ерекше қиындық туғызады [118].
Көркем аударма – бұл күрделі және көпқырлы шығармашылық әрекет. Аударма барысында әртүрлі ұлттар мәдениеті, ойлау қабілеттері бір-біріне ұқсамайтын тұлғалар, сан-алуан әдебиеттер, дәуірлер, әлеуметтік айырмашылықтар, әртүрлі дәстүрлер мен көзқарастар тоғысады. Әр ұлттың өзіне тән, халық сырын ашатын көркем әдебиеті бар [119].
Ұлт – бұл, ең алдымен, социум, әлеуметтік топ, сол себепті, ол дүниежүзілік қоғамдық даму үдерісінен оқшау өмір сүре алмайды. Әлемдегі кез келген ұлттың тарихын алсақ та, ол шартты түрде өзге халықтардың тарихымен байланысып жатады, басқа ұлттармен әлеуметтік, экономикалық қарым-қатынасқа түседі. Ал тіл – қарым-қатынастың басты құралы екені баршаға аян. Ұлтаралық, мемлекетаралық қарым-қатынасқа келетін болсақ, әртүрлі тілде сөйлейтін халықтар арасында тілдік дәнекер керектігі анық. Міне, осы тұста аударманың қажеттігі айқындалып, мәні мен маңыздылығы арта түседі [120].
Аударма адам қызметінің тарихтың терең қойнауынан бастау алған көне түрлерінің санатына жатады. Адамзаттың дамуы барысында әртүрлі тілдерде сөйлейтін топтардың пайда болуынан бастап сол топтардың өзара қарым-қатынасын қамтамасыз ету мақсатында тілмаштар пайда болды. Бертін келе заман талабына орай әдеби шығармаларды аударудың қажеттілігі туындап, өзара тіларалық қарым-қатынас әдебиетаралық, мәдениетаралық байланысқа ұласты. Көркем аударма әлем халықтарының бірін-бірі танып білуіне, рухани дамуына ықпал етті. Осы пайымдауымызға Р. Нұрғалидың: «Еш уақытта ешбір елдің әдебиет өнері томаға-тұйық қалыпта ұлттық шеңбердің ішінде ғана өсіп жетілген емес. Ана топырағында жаратылған өнер басқа жұрттардың озық асыл қазыналарынан нәр алып, байығанда ғана өркен жаймақ» деген пікірі дәлел боларлықтай [121].
Көркем сөз шебері, ұлы жазушыларымыздың бірі М. Әуезовтің өз шығармаларында этномәдени семантикаға ие бейнелі сөз орамдарын аса шеберлікпен қолданғаны өткен тарауларда айтылды. Автордың қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, тарихын сипаттау дәстүрі көркем мәтінге қайталанбас ұлттық реңк береді. Міне, осындай ұлттық реңкті аударма барысында сақтап қалуға тырысу көркем аудармашыға қойылатын басты және күрделі талаптардың бірі.
«Көркем аудармадағы этнолингвомәдени симметрия және асимметрия белгілері» деп аталған бөлімде аударма үдерісіндегі мәдениеттер мен тілдер арасындағы симметрия және асимметрия құбылыстарының мәнін ашып, көркем мәтіндегі фразеологизмдерді аудару барысында орын алатын сәйкессіздіктерді анықтау міндеті жоспарланды.
Біздің пайымдауымызша, аудармашылар тарапынан көркем мәтінді қазақ тілінен орыс және ағылшын тілдеріне аудару барысында орын алатын мәдениетаралық асимметрия мәселесіне айтарлықтай дәрежеде көңіл бөлінбегендіктен, бүгінгі таңда қазақ көркем мәтіндерінің аударма сапасына қатысты көптеген сұрақтар туындап отыр. Көркем аударма мәселелерімен ұзақ жылдар бойы әртүрлі сала, атап айтқанда, әдебиеттану, тіл білімі, журналистика т.б. мамандары қызығушылық танытып, шұғылданып келеді. Дегенмен, көркем аударма сапасына қатысты даулы мәселелер әлі де болса орын алуда, шешімін таппаған сұрақтар баршылық. Көркем аударма барысында, біздің зерттеу нысанымызға қатысты айтар болсақ, кейбір фразеологизмдердің мағынасының бұрмалануы, қабылдап жатқан тіл жүйесіне, мәдениетіне мүлде жат және үйлесімсіз берілуі алдыңғы тарауда берілген мысалдарда көрсетілді.
Бүгінгі таңда әлеуметтану, әлеуметтік лингвистика, мәдениеттану және басқа да гуманитарлық ғылымдар саласында жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстары мәдениетаралық коммуникация мәселелеріне ерекше көңіл бөлуде [122]. Жаңа жаһандану заманында әлемде өмір сүріп жатқан халықтардың бір-бірінің мәдениетіне, тіліне, дініне деген төзімділік пен құрмет үлкен маңыздылыққа ие болып отыр. Көркем әдебиет аудармасы өзге халықтың мәдениетімен танысудың басты жолдарының бірі екендігі жоғарыда айтылды. Түпнұсқа мәтін мен оның аудармасын салыстыра зерттеу нәтижесінде мәдениетаралық және тіларалық коммуникация барысында туындайтын мәселелердің күрделілігі, маңыздылығы және шешуді қажет ететін сұрақтардың баршылық екендігі дәйектелді [123].
Қазақ көркем мәтіні мен оның орыс, ағылшын тілдеріндегі аудармаларын талдау барысында аудармашылардың түпнұсқа мәтінді өзіне тән дүниенің тілдік бейнесі арқылы түсініп аударғанын, нәтижесінде аударма мәтінінде бірқатар сәйкессіздіктердің орын алатындығы байқалды. Көркем аударма мәтінінде жоғарыда аталған сәйкессіздіктердің кездесуін қазақ, орыс және ағылшын халықтарының болмысының, таным-түсінігінің, «әлемінің тілдік бейнесінің» асимметриялы болуымен байланыстырамыз. Диссертациялық жұмыста симметрия және асимметрия терминдерін пайдалануда Н.Г. Гончардың зерттеулері, анықтамалары басшылыққа алынды [124].
Көркем мәтіндегі фразеологизмдердің тіларалық берілуінде орын алатын этнолингвомәдени асимметрия белгілерін сараптау мақсатында М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы және оның орыс, ағылшын тілдеріне жасалған аудармалары алынды. Себебі, түпнұсқа шығармада этномәдени семантикалы фразеологизмдердің ауқымды тобы қолданылғандығы айқындалды, осыған орай аударма барысында симметрия мен асимметрия мәселелерінің алатын орнын анықтау қажеттігі туындады. Сондай-ақ фразеологиялық этномәдени симметрия мен асимметрия мәселелерінің аударматану тұрғысынан жеткілікті дәрежеде зерттелмеуі де осы мәселені арнайы қарастыруымызға негіз болды.
«Абай жолы» романының орыс (екі аударма нұсқасы) және ағылшын (екі аударма нұсқасы) тілдеріндегі аудармаларын талдап, зерттей келе, олардың өзге елдің оқырманына қазақ халқының мәдениеті және тұрмыс-тіршілігі жайында мол ақпарат бере алатындығын жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, берілген зерттеу жұмысымызда түпнұсқа мәтін және оның аудармаларын салғастыра зерттей отырып, табиғаты күрделі тілдік бірліктерді қарастырамыз, солардың қатарына ұлттық реңкті сақтаушы, аудармашы үшін ерекше қиындық туғызатын этномәдени семантикаға ие фразеологизмдерді жатқызамыз. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұндай фразеологизмдердің аударма тіліндегі толық семантикалық баламаларын табу қиын. Төменде түпнұсқа мәтіндегі этномәдени семантикаға ие фразеологизмдердің орыс және ағылшын тілдеріне аударылуын қарастырамыз.
«Абай Жолы», (түпнұсқа)
«Путь Абая»,
(Л. Соболев т.б. аудармасы)
«Путь Абая»,
А. Ким аудармасы
«Abai», Progress Publishers аудармасы
«Abai»,
Л. Наврозов аудармасы
Смағұл Оспанмен түйдей құрдас[31, с. 90].
...Смагул, брат Абая по младшей матери – Айгыз, ровесник Оспана
[91, б. 96].
Smagul was weeping bitter, angry tears for all that he was as old asOspan
[92, с. 97].
… Smagul, the son of Abai’s younger mother, Aigiz, a boy of Ospan’s age [93 p. 127].
Көріп отырғанымыздай қазақ тіліндегі «түйдей құрдас» фразеологизмінің баламасы табылмағандықтан, сипаттама аударма тәсілі қолданылған, яғни орыс тіліне «ровесник» (с.с.а.: құрдас), ал ағылшын тіліне «old» сын есімінің салыстырмалы түрі «as old as» (с.с.а.:: бірдей жаста) және «of Ospan’s age» (с.с.а.: Оспанның жасында) бірліктері арқылы берілген.
«Түйдей құрдас» фразеологизмнің шығу төркініне келер болсақ, Н. Уәлидің «Тіл заңдылығы мен сөз сыры» атты еңбегінде берілген «түй(дей) сөзінің бастапқы түрі – түз(дей), түз(у), яғни «бірдей», «тегіс» деген мағынаны білдіретін болған» деген пікірін қолдаймыз [125]. Бұл жерде аударма барысында асимметрия құбылысы орын алып отырғанын көріп отырмыз. Халқымыздың табиғаты үшін түз/түй сөзі (яғни, «жазықтық», «жазық дала») өте жақын болғандықтан, адамның жасы салыстырмалы түрде айтылып, ол жоғарыдағы фразеологизмде көрініс тапқан.
«Түйдей құрдас» фразеологизмнің этномәдени семантикасы, мағыналық реңкі орыс және ағылшын тілдеріндегі аудармаларда сақталмаған, дегенмен, сәтті аударма деп бағалауға болады. Алайда, біз «Smagul and Ospan are age mates» (біздің аударма – Ж.А.) деген нұсқаны ұсынар едік, яғни, сипаттама тәсілін қолдану арқылы «түйдей құрдас» фразеологизмінің этномәдени емес, универсалды (бірдей жастағы адамдар) семантикасы беріледі. Жоғарыда берілген мысалдарда асимметрия лексикалық деңгейде орын алып отыр. Бірдей жастағы, құрдас адамдар ұғымы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде, мәдениетінде бар болғандықтан, оны аудару қиындық туғыза қоймайды. Аудармашылар сипаттама тәсілін қолдана отырып, сәтті аудармаға қол жеткізген. М. Әуезов бұл ұғымды күнделікті қолданыстағы «құрдас» сөзімен де беруіне болатын еді, дегенмен, мәтіннің көркемдігін, әсерлілігін күшейту мақсатында қазақ халқының белгілі бір тарихи дамуы барысында қалыптасқан, бір сыңары жалпыға түсініксіздеу, бейнелі тіркесті қолданған.
Байқап отырғанымыздай, мәдениетаралық асимметрия мәселесін қарастыра отырып, тіларалық асимметрияға тоқталмау мүмкін емес. Себебі, үш мәдениетте де бар «бірдей жастағы, құрдас адамдар» деген ұғым грамматикалық, лексикалық аспектілерде асимметриялы болып отыр. Егер автор өз ойын бейнелей сипаттау мақсатында түпнұсқа мәтінде фразеологизм қолданса («түйдей құрдас»), орыс тіліндегі аудармасы бір ғана сөзбен, яғни зат есіммен («ровесник»), ағылшын тілінде салыстырмалы түрдегі сын есіммен («as old as») беріліп отыр. Бірақ сөйлемді үйлесімді аударылған деп бағалауға болады. Егер «түйдей құрдас» фразеологизмін лексикалық симметрияны сақтай отырып, сөзбе-сөз «peers as flat» деп аударылса, өзге тілді оқырман үшін бұл фразеологизмнің мағынасын түсіну үлкен қиындық туғызушы еді. Сол себепті, осы орайда орын алған лексикалық асимметрия үйлесімді аудармаға жетудің бірден-бір жолы деген тұжырымға келдік. Әлемде бірдей тілдің немесе мәдениеттің болмайтындығы аян. В. Гумбольдт айтып өткендей: «Строение языков у человеческого рода различно, форма языка представляет собой сугубо индивидуальный способ, посредством которого народ выражает в языке мысли и чувства» [126]. «Адамзат тілдерінің құрылымы мен формасы әртүрлі болып келеді, солардың негізінде халық ойы мен сезімін жеткізе алады» (біздің аударма – Ж.А.).
Зерттеу барысында қазақ тіліндегі фразеологизмдердің этномәдени семантикасын басқа тілге аударуда көбіне түсініктеме беру тәсілі қолданылатындығы анықталды. Мысалы:
«Абай Жолы», (түпнұсқа)
«Путь Абая»,
(Л. Соболев т.б. аудармасы)
«Путь Абая»,
А. Ким аудармасы
«Abai», Progress Publishers аудармасы
«Abai»,
Л. Наврозов аудармасы
Ер өлтіргенге құн сұраушы ең [31, с. 39].
Раньше за убийство сородича-мужчины ты мог потребо вать выкуп [91, б. 55].
При убийстве надо требовать с тех, кто убил, выплаты положенного куна [90, с. 65].
In the old days one could demand recompense for the murder of a kinsman
[92, p. 58].
In the old days one could demand recompense for the murder of a kinsman
[93, р. 64].