Көне қыпшақ даласында дүниеге келген еңбектердің елтанымдық мәні Мына шарттарды орындаңыздар: Көне қыпшақтар мәдениетіне түсінік беріңіздер. Қыпшақ дүниесі болып саналатын еңбектерге тақырыптық–мазмұндық шолу жасаңыздар. Бұл еңбектер жайлы жазылған зерттеулерге идеялық тұрғыдан баға беріңіздер. Қыпшақ даласында дүниеге келген еңбектердің елтанымдық мәніне талдау жасаңыздар.
Қазақ тілінің қалыптасу тарихын зерделеу мақсатында көне қыпшақ мәдениетіне сүйенетініміз анық. Бүгінде қыпшақтануға жасалынып жатырған зерттеулердің ауқымдылығына байланысты бұл саланың түркітанудан бөлініп, жеке қалыптасып жатқанын байқаймыз. Оның себебі:
Қыпшақтану – далалық көшпелі өркениеттің қыпшақтық тарихын, ділін, тілін, этнографиясын, мәдениетін т.б. қырларын тұтас зерттеуді көздейді. Бүгінгі қыпшақ тектес этностардың арғы тегін, түп-тамырын бүгінгі қалпымен салыстырып, тарихи жалғастық сабақтастық ізін ашып көрсетуді мақсат етеді.
Араб ғалымдарының зерттеуі бойынша қыпшақтар ХІ ғасырдан бастап белгілі бола бастаған. Олар сол кездегі оғыздарды ысырып, тарих сахнасына шыққаны белгілі. XI-XIII ғасырларда Шығыс Дешті-и-Қыпшақ даласында қыпшақтардың негізгі этникалық кеңістігі қалыптасты. Бұл кеңістік қазіргі Қазақстан аймағын толығымен қамтыды. Кейін монғол үстемдігі кезінде құрылған Алтын Орда қыпшақтардың негізгі отаны болды. Алтын Орда және мәмлюктер билігі тұсындағы Мысыр мен Сирия жерлерінде негізгі қатынас тілі қыпшақ тілі болып, халықаралық тіл дәрежесіне көтерілді. Қазақ тілінің қалыптасуына негіз болған көне қыпшақ ауызекі тілі және көне қыпшақ әдеби тілі осы тұста өркендеді.
Орта ғасырларда көне қыпшақ әдеби тілінде жазылған шығармаларды лингвистикалық тұрғыдан кешенді зерттеу өте өзекті мәселе. Орта ғасырлардағы «қыпшақ тілінің» тілдік заңдылықтары бүгінгі 10 шақты қыпшақ тілдерінің ішінен қазақ тіліне әлде қайда жақын, ұқсас келетініне дәлел көп.
Көне қыпшақ ауызекі тілінде жазылған ескерткіштері тобына өз заманының ауызекі сөйлеу тілінің элементтерін бойына жинақтаған, қыпшақтардың тарих сахнасына шығып, гегемондық рөл атқарып тұрған кезінде ХІІ – ХІҮ ғасырларда жазылған «Кодекс Куманикус» (Кумандардың кітабы), «Терджуман турки уа араби» (Түркіше – арабша тәржіма ), «Китаб ал-идрак ли-лисан ал-атрак» (Түркі тілі туралы жазылған түсіндірме кітап)., «Китаб ат-туһба аз-закия фи луғат ат-туркийа» (Түркі тілі туралы жазылған ерекше сыйлық), «Китаб-бұлғат әл-муштақ фи-лұғат ат-түрік вал-қыпшақ» (Түрік пен қыпшақ тілдерін жақсы оқып үйренушілер үшін жазылған кітап»), «Әл-каванин әл-күллия ли-дабт әл-лұғат ат-түркия» (Түркі тілдерін үйрену үшін жазылған толық құрал), «Китаб ад-дурра ал-мудия фил-лұғат ат-түркия алат-тамам вал-камал» (Түркі тілі туралы жан-жақты және толық аяқталған інжу-маржан кітабы), «Аш –Шудур ад-даһабия вал-қита ал-ахмадия фил-луғат ат-түркия» (Түркі тілдері туралы жазылған алтын тізбе»). т.б. жәдігерліктерді жатқызамыз. Көне қыпшақ жазба ескерткіштері қатарына Алтын Орда дәуірінің құнды әдеби мұрасы, Низамидың парсы тілінде жазған осы аттас поэмасының еркін аудармасы, Құтып ақын жырлаған «Хұсрау мен Шырын» поэмасын жатқызуға болады. А. Зайончковский «Хұсрау мен Шырын» поэмасының тілі қыпшақ диалектісінде жазылған деп тұжырымдаған. Ескерткіштің тілінде қыпшақ элементі өте айқын көрінеді деген пікірді А.М.Щербактан да кездестіреміз. Алтын Орда әдебиетінің ХIY ғасырдағы аса көрнекті өкілдерінің бірі Сайф Сарайидың «Гүлстан бит-түрки» поэмасы да осы топқа кіреді. Белгілі түріктанушы Э.Н.Наджип ақын өз шығармаларын қыпшақ тілінде жазғанын айта келіп, әрі оның қазақ халқының негізін құраған ру тайпаларынан шыққанын ерекше атап көрсетеді. Алтын Орда дәуірінде ХІҮ ғасырда дүниеге келген құнды жәдігерліктің бірі Хорезмидің «Мұхаббат наме» поэмасы да осы қатарда. Аталмыш поэма қазақ тіл білімінде аз да болса зерттеліп көне түркі жазба ескірткіштерінің тіліне, жалпы тіл тарихына арналған кітаптарда біраз пікірлер жинақталды. Ал өзбек әдебиетінің тарихында өзбек әдебиетінің көркем туындыларының бірі ретінде қарастырылды. Ғылымда бұл поэманың тілі туралы сан түрлі пікірлер орын алған. Мәселен, Кюпрюлюзаде алтынордалық-шағатай тілі десе, А.Н.Самойлович Хорезм мен Алтын Ордадағы Жошы ұлысының әдеби тілі дейді. Ал Э.Н.Наджип ұйғыр, оғыз тілдерінің әсеріне ұшыраған қыпшақ тілі десе, С.А.Аманжолов А.Яссауи тіліне жақын, қазіргі өзбек және қазақ тілінің аралығындағы тіл деп таныса, А.М.Щербак ескі өзбек әдеби тілінің бір түрі деп топшылайды. Біздің пікірімізше «Мұхаббат-Наме» тілінде қараханидтік жазба әдеби тілінің азын-аулақ ықпалы байқалғанмен, көне қыпшақ тілінде жазылған. Бұл мұрағаттың қазақ тіліне жақындығы мен басқа түркі тілдермен байланысын анықтауда лексикалық, морфологиялық, фонетикалық белгілерге ерекше көңіл бөлген жөн.