Вестибулалық аппарат. Ішкі құлақтың сағасы мен жартылай дөңгелек түтіктері вестибулалық аппаратты құрайды. Вестибулалық аппарат дененің жазықтықтағы жағдайын бағдарлауды және тепе-теңдікті сақтауды қамтамасыз етеді.
Ішкі құлақтың жартылай дөңгелек түтіктері бір-біріне үш перпендикуляр бағытта орналасады. Әр түтіктің бір ұшында аздап ампула тәрізді кеңейген бөлік болады. Жарғақты түтіктің осы бөлігінде ескек пішіндес, жартылай мөлдір іркілдек затпен оралып жататын кірпікті ұзын рецепциялық торшалар орын тебеді. Осы құрылым бастың кеңістіктегі жағдайын бағалап отырады. Бастың кеңістіктегі жағдайы, қозғалыс бағыты өзгерсе, немесе айналмалы қозғалыс басталса, эндолимфа осы рецепциялық торшаларды толқытады, қозу тудырады. Осыдан рецепциялық торшалар ми құрылымдарына айналмалы қозғалыс, немесе қимыл бағытының өзгерістері жайлы хабарлар жібереді.
Сағаның қапшықтарында дақ деп аталатын дөңестеу бөлік болады. Осы жерде де сезімтал торшалар орналасады. Бұл торшалар іркілдек зат массасына батып жатады. Осы массаны отолит жарғағы (мембранасы) деп атайды. Отолит жарғағы киіз тәрізді ұйысқпн іркілдек ұлпадан құралады. Оның торының үстінде көптеген алты қырлы өте майда фосфор - көмір қышқылды кальций кристалдары - отолиттер, жатады. Отолит жарғағы басқа ұлпалармен салыстырғанда салмақтырақ келеді, сондықтан ол сезімтал торшалардың кірпікшелерін қысып тұрады.
Сағадағы рецепциялық аппарат қимыл үдегенде не баяулағанда, дененің немесе бастың кеңістіктегі қалпы өзгергенде тітіркенеді. Мұндай жағдайларда отолит мембранасы өз салмағымен торша түктерін не кереді, не басып қысады, не жанына тартады. Түктердің керілу денгейіндегі өзгерістерді рецепциялық торшалар қабылдап, жағдайды орталық жүйке жүйесіне хабарлайды. Сонымен, отолит аппараты түзу бағытты қозғалыстың үдеуінен, не баяулауынан және кеңістіктегі бастың кейпінің өзгерістерінен туындаған тітіркеністерді қабылдап, оларды орталыққа бағыттап отырады.
Вестибулалық аппарат өз қызметін басқа сезім жүйелерімен тығыз байланыста атқарады және жануарлардың қалыпты қимыл әрекеттерін сақтауда маңызды рөл атқарады.
Вестибулалық аппарат қос жақты зақымданса, қимыл-әрекеттер қатты бұзылады, бірақ бірнеше күннен кейін басқа анализаторлар қызметі нәтижесінде бұл ауытқулар теңгеріліп кетуі мүмкін. Бұл құрылым сыңар жақты зақымданса, құстың денесі рецептор зақымданған жаққа қарай қисайып, ол айналмалы қозғалыстар жасайды.
Достарыңызбен бөлісу: |