Орталық жүйке жүйесі қызметінің принципі. Орталық жүйке жүйесінің қызметі рефлекс түрінде атқарылады. Рефлекс деген латын сөзі, қазақ тіліне аударғанда “қайтарым” деген мағына береді. Алғаш рет жүйке жүйесі әрекетінің қайтарымды принципі жайлы тұжырымды Француз ғалымы Р.Декард көтерген. Ал “рефлекс” деген терминді жүйке жүйесі физиологиясына чех ғалымы Я.Прохаска енгізген.
Биологиялық тұрғыдан рефлекс деп организмнің әртүрлі ішкі немесе сыртқы әсерлерге орталық жүйке жүйесінің қатысуымен беретін жауабын айтады. Ал рефлексті қамтамасыз ететін анатомиялық жолды рефлекс доғасы (жолы) дейді.
Рефлекс дененің белгілі бір бөлігінде орналасқан рецепторлардың тітіркенуінен басталады. Дененің нақтылы рефлекс тудыратын аймағын рефлексогенді аймақ немесе рецептивтік өріс деп атайды.
Рефлекс доғасы қарапайым, екі нейронды жалғыз синапсты және күрделі көп нейронды, бірнеше синапсты болып бөлінеді. Рефлекс доғасының күрделілігі оның құрамына енетін аралық нейрондар санымен байланысты. Ең қарапайым доға бес буыннан тұрады. Олар: рецепторлар, орталыққа тепкіш жүйке, жүйке орталығы, орталықтан тепкіш жүйке және атқарушы орган - эффектор. Демек, орталық жүйке жүйесінің негізгі қызметі рецепторлар мен эффекторлар арасын шапшаң және нәтижелі түрде байланыстыру, сыртқы орта мен организмнің жауап реакциясы арасындағы үйлесімді қалыптастыру. Кез келген рефлекс дұрыс атқарылу үшін рефлекс доғасының тұтастығы қажет. Рефлекс доғасының тұтастығы бұзылса рефлекс атқарылмайды.
Рефлекс атқарушы органның тітіркеніске қайтарған жауабымен шектелмейді. Тітіркеніске жауап берілгеннен соң атқарушы органнан ОЖЖ-не афференттік сигналдар, қайтарымды импульстер жіберіледі. Осы импульстер арқылы ОЖЖ-сі ағза әрекетін бағалап, реттеп, қажет болған жағдайда түзетулер енгізіп отырады. Осымен байланысты рефлекске сақиналық сипат тән деген тұжырым пайда болып, рефлекс доғасы деген ұғым рефлекс сақинасы деген ұғыммен алмастырылды (19-сурет).
19-сурет. Рефлекс доғасы мен қайтарымды байланыс схемасы:
1– рецепторлар, 2 – сезімтал нейрон, 3 – орталық нейрондар, 4 – эфференттік нейрон, 5 – атқарушы мүше, 6 – проприорецепторлар, 7 – қайтарымды байланыс нейроны.
Нұсқамалар – тітіркеністің таралу бағыты.
Рефлекс сақинасы рефлекс доғасынан қосымша буындарымен ерекшеленеді. Рефлекс сақинасы ағзаның немесе мүшенің проприорецепторынан тітіркеністің қозғағыш жүйке орталығына қайта оралуын қаматамасыз ететін қосымша афференттік және аралық нейрондар жүйесінен құралады.
Достарыңызбен бөлісу: |