Химиялық әдістер. Химиялық, биологиялық әдістердің барлығы да қолдану тәсіліне қарай жергілікті және жалпы әдіс болып 2 бөлінеді. Химиялық жергілікті қан тоқтататын (гемостатикалық) заттар асқазан мен басқа да кілегей қабықтардан қан кетуді тоқтатуға пайдаланылады. Оларға төмендегілер жатады: Сутегінің асқын тотығы – қан ұйық (тромб) түзілуін жеделдету арқылы әсер етеді. Қан тамырын тарылтатын заттар — адреналин. Тіс жұлғанда қан кетудің алдын-алу үшін пайдаланады, асқазанның кілегей қабығының астына жіберіледі. Фибринолиз ингибиторлары — эпсилон-аминокапрон қышқылы. Асқазаннан қан кеткенде оның ішіне сүмбе арқылы жіберіледі. Желатинаның препараттары — гемаспон, көпіршіктелген желатинадан тұратын губка. Қан тоқтауын жеделдетеді. Өйткені тромбоциттер желатинмен жанасқан кезде ыдырайды да, қан ұюын жеделдететін факторлар босап шығады. Балауыз. Тығындаушы материал. Бастың жалпақ сүйектеріне «жапсыруға» пайдаланады. Карбазохром. Капиллярлық немесе паренхиматоздық қан кетуде пайдаланады. Қан тамырларының өткізгіштігін азайтады, микроциркуляцияны қалыпқа келтіреді. Жараның бетіне аталған препаратпен шыланған салфеткалар жапсырады.
Биологиялық әдістер.Жергілікті қан тоқтату әдістері 2 түрге бөлінеді: Организмнің өз тіндерін пайдалану — май, бұлшық ет тіндері жиі қолданылады. Өйткені бұл тіндер тромбопластинге бай тіндер. Биологиялық табиғатты заттарды пайдалану. Әдетте, гомо- гетерогендік плазманы пайдаланады. Кейде плазмға коллагенді қосады. Негізгі препараттары: Тромбин — тек қана жергілікті түрде қолданылады. Ұнтақ, ерітінді түрінде пайдаланады және басқа гемостатикалық заттардың құрамына кіреді. Асқазаннан қан кеткенде басқа заттарға қосып пайдаланылады (сүмбе арқылы тромбин, ЭАКҚ, фибриногеннен тұратын салқындатылған қоспа жіберіледі). Фибриноген — таза күйінде гемостатикалық зат ретінде қолданылмайды. Тромбинмен бірге жергілікті гемостатикалық заттар мен фибрин клейінің құрамына кіреді. 3 Гемостатикалық губка — лиофилизация жасалған плазмадан тұрады. Кейбір түрлерінің құрамына тромбин, Са иондары, антисептиктер кіреді. Гемостатикалық белсенділігі жоғары.