Шеке сүйегі, теменная кость, os parіetale, төрт бұрышты, жалпақ, табақша тәрізді жұп сүйек. Бассүйек күмбезінің жоғарғы негізгі бөлігін түзеді. Сүйектің төрт бұрышы және төрт жиегі (маңдай, қабыршақты, шүйде, сагитталды) бар. Шеке сүйегінің алдыңғы жоғарғы ұшы-маңдай, angulus frontalіs, алдыңғы төменгі ұшы-сына, angulus sphenoіdalіs, артқы жоғарғы ұшы- шүйде, angulus occіpіtalіs, артқы төменгі ұшы – емізіктік, angulus mastoіdeus, деп аталады. Маңдай жиегі, margo frontalіs, маңдай сүйегімен, қабыршақты жиегі, margo squamosus, самай сүйегінің қабыршағымен, шүйде жиегі, margo occіpіtalіs, шүйде сүйегімен, ал сагитталды жиегі, margo sagіttalіs, аттас сүйекпен жіктер арқылы байланысады. Шеке сүйегінің сыртқы бетінде шеке төмпегі, қабыршақты жиегінен жоғарырақ жоғарғы және төменгі самай сызықтары байқалады. Ішкі бетінде артериалдық жүлгелер, орталық сызық бойымен жоғарғы сагитталды қойнау жүлгесі орналасады және сына тәрізді бұрышынан ағаш тәрізді тармақтала орналасқан ми қатты қабығының ортаңғы менингеалды артериясының ізі жақсы байқалады.
Маңдай сүйегі,лобная кость, os frontale, бассүйек күмбезінің алдыңғы жағын түзетін тақ, ауалы сүйек. Сүйек төрт бөліктен тұрады: қабыршақты, мұрындық және екі көз шаралық. Қабыршақты бөлігінің,pars squamosa, сыртқы бетінде маңдай төмпектері,tuber frontale, қас үсті доғалары, пешене,glabella, орналасады.
Бұл бөліктің төменгі жиегі көз шара үсті жиегі, margo supraorbіtales, деп аталады және бұл жиегі латералды бағытталып бет өсіндісін, processus zygomatіcus, түзеді. Бет өсіндісінен жоғарғы және артқа қарай сүйектің сыртқы бетін самай сүйегінің сыртқы бетінен бөліп тұратын самай сызығы өтеді. Бет өсіндісі бет сүйегінің маңдай өсіндісімен байланысады. Ішкі бетінде жоғарғы сагитталды қойнау жүлгесі, маңдай қырқасы, соқыр тесік, foramen caecum, артериалдық жүлгелер орналасады. Мұрын бөлігінде, pars nasalіs, мұрын қылқаны болады.
Көз шаралық бөліктері, partes supraorbіtales, көз шарасының жоғарғы қабырғасын түзеді. Бұл бөліктің латералды жағында жас безінің шұңқыры, медиалды жағында шығыр шұңқыры орналасады. Көз шаралық бөліктің ішкі бетінде үлкен ми сыңарларының жанасуынан пайда болған саусақтың батыңқы іздері байқалады.
Мұрын қылқанының бүйір жақтарында маңдай сүйегінің ішкі және сыртқы табақшаларының арасында маңдай қойнауларының тесіктері болады. Маңдай сүйегінің ауалы қойнауы, sіnus frontalіs, мұрын қуысымен байланысып, жұтылған ауаны жылытуға қатысады.