Жоғарғы шекарасыоң және сол ІІІ-ші қабырға шеміршектерінің жоғарғы жиегінде анықталады. Оң жақ шекарасы төс сүйегінің оң жақ жиегінен 1-2см сыртқа қарай, ІІІ-ші оң қабырғаның жоғарғы жиегінен вертикалды бағытталып ІІІ-V-ші қабырғааралықта анықталады. Жүректің сол шекарасы төс сүйегінің сол жиегімен сол бұғана ортасы сызығының ортасында, ІІІ-ші сол қабырғаның жоғарғы жиегінен вертикалды бағытта жүрек ұшына дейін анықталады. Жүректің ұшы сол V-ші қабырға аралықта бұғана ортасы сызығынан 1-1,5 см ішке қарай орналасады. Жүректің шекаралары адамның жасына, жынысына, дене бітіміне және дене қалпына байланысты өзгермелі болады.
Үлкен және кіші қан айналым шеңберлері. Маңызы. Адамда да қан үлкен және кіші қан айналым шеңберлерінің бойымен қозғалады. Екі шеңбер үзіліссіз бір-біріне жалғасады және әрқайсысы белгілі бір қызмет атқарады. Үлкен қан айналым шеңбері бойымен қозғалған қан организмдегі тіндер мен жасушаларға оттегі, қоректік заттар, тұздар, витаминдер мен гормондарды жеткізіп, олардан зат алмасудың соңғы өнімдерін әкетеді. Кіші қан айналым шеңбері қанның газдық құрамын жаңартады.
Үлкен қан айналым шеңбері жүректің сол қарыншасынан шығатын, ең ірі артериалдық тамыр - қолқадан басталады. Қолқа көптеген жұп және тақ артерияларға бөлініп, адам денесінің бүкіл бөліктеріне таралады. Дененің барлық мүшелері мен тіндеріне қоректік заттар мен оттегі жеткізіп, олардан зат алмасу өнімдері мен көмірқышқыл газын әкетеді, яғни артериялар капиллярлар арқылы веналарға айналып, денедегі бүкіл веналар жоғарғы және төменгі қуысты веналарға жиналып, жүректің оң жүрекшесіне құйылады. Осы жерде үлкен қан айналым шеңбері аяқталады.
Кіші қан айналым шеңбері.Оң жүрекшедегі қан оң қарыншаға өтіп, оң қарыншадан өкпе сабауы арқылы шығады. Оң қарыншадан кіші қан айналым шеңбері басталады. Өкпе сабауы сәйкес өкпелерге баратын оң және сол өкпе артерияларына тармақталады. Өкпе артериялары өкпенің қақпасы арқылы еніп, капиллярларға дейін тармақталады. Капиллярларда газ алмасу процесі жүріп, веноздық қан артериалдық қанға айналады. Артериалды қан әр өкпеден екі өкпе веналары арқылы шығып, жүректің сол жүрекшесіне құйылады. Осы жерде кіші қан айналым шеңбері аяқталады. Сол жүрекшедегі қан сол қарыншаға өтіп, сол қарыншадан қайтадан үлкен қан айналым шеңбері басталады.