Қандай көркем-туған өлкем!



Дата06.01.2022
өлшемі18,09 Kb.
#14989
Байланысты:
Эссе


Қ.М. Джамбулов

«Қазақстан агротехникалық колледжі»

КМҚК, Қарабалық к.

Қандай көркем-туған өлкем!

Шығармашылық жетекшісіҚұрақбаева Сұлушаш Сайрановна, қазақ тілі пәнінің оқытушысы

Әркімнің туған жері өзіне ыстық.Өзінің елін, жерін, тілін жақсы көрмейтін адам сирек шығар. Мен өзімнің туған жерім Қарабалық ауданы Өрнек ауылын ерекше жақсы көремін, мақтан тұтамын. Отбасымыз ауылдан көшіп кеткеніне бірнеше жыл болса да, демалыс кезінде ауылға барып тұрамын.Мен келгенде жеңгем самауырынға шай қойып, әжем бауырсағы мен ауылдың құртын аузыма тықпалай бастайды. Ауылымның жері, табиғаты адамдардың тұрмыс – тіршілік жасауына өте қолайлы. Жері өте құнарлы. Қалың орман, жасыл шөп. Жаздың қызығын сөзбен айтып, жеткізу мүмкін емес. Біздің ауылда жаз кезінде жидек, шие өте көп өседі.Сол кезде ауылдың тұрғындары бала-шағасымен қосылып, жидек жинауға шығады. Таңертең күннің ыстығына дейін шыққан адамдар, өздерімен бірге тамақтарын, шайларын бірге алып шығып, түске таман орман арасында дастарқан жайып,түстеніп те алады. Ауылымыздың еңбекқор отбасылары осындай кезде ерінбей шелек-шелек жидектерін жинап, тосап қайнатып, артығын сатып, керек жарақтарын сатып алады. Күндіз үй шаруасына көмектескеннен кейін, кешке қолдарымыз босайды.Жаз кезінде ауылдан көшіп кеткендер туыстарына қонаққа келіп, өздері келе алмаса, балаларын ауылдағы ата-әжелеріне жіберіп, мәз-мейрам болып жатады. Кешке құрдастарымызбен отырып, ән айтып, бір бірімізбен соңғы жаңалықтарымызбен бөлісеміз.

Қыс мезгілінің де табиғаты ерекше. Қыста айнала апппақ қар, аяз.Кей кезде балалығым есіме түсіп кетіп, қалың қардың үстіне құлай кетемін. Мамықтай қардың үстінде жатып, аспанға қарап, қиялдап та кетемін. Ашық аспандағы бұлттар да әр түрлі. Бұлттар біреуі шапқан атқа ұқсаса, біреулері басқа аңдарға ұқсап кетеді. Жердегі қар да жалт-жұлт етіп, алтынға ұқсайды.Ауылымыздың адамдары өте қонақжай, бауырмал. Әлі күнге дейін соғым сойған кезде туыстар, көршілер жиналып, қуырдақ пісіреді, содан кейін соғым етіне шақырады. Осыдан бірнеше жыл бұрын біздің ауылға екі –үш отбасы көшіп келген болатын. Қазір сол кісілер бау-бақшаларын егіп, қораларын құсқа, малға толтырды. Өрнек жері мал ұстауға өте ыңғайлы. Өкініштісі, ауылда жұмыс орны жоқ. Сондықтан көптеген отбасы жұмыс іздеп, аудан орталығына, қалаға көшіп кеткен еді. Алайда, бірнеше жыл бұрын мал шаруашылығымен айналысатын ағайынға кәсібін кеңейту мақсатында несие беріле бастады. Осы орайда, етті бағыттағы мүйізді ірі қара малының экспорттық әлеуетін дамыту мақсатында «Сыбаға» бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама ауылда мал өсіріп, оның басын көбейтуге ниет еткен халыққа зор мүмкіндік берді. «Сыбаға» бағдарламасымен ауылымызда бірнеше кісілер мал алған болатын. Қазір сол отбасылар еңбектерінің жемісін көріп отыр.

Ауылымның тарихы да бай.Біздің ауылда алғашқы қазақ журналы “Айқаптың” редакторы М.Сералин дүниеге келген.Ауылда тұрған кезімде, мұғалімдермен бірге М.Сералиннің ескерткішіне баратынбыз.Бір қуанатынымыз, қазір ол жер сакралды орындардың қатарына жатқызылды. Қазір де мектеп оқушылары мен ұстаздары жылда М.Сералиннің басына барып, гүл шоғын қойып, жан-жағын жинастырып, арам-шөптерін жұлып, құран оқуды әдетке айналдырған.



Қарабалық ауданының шығу тарихы да қызық. Ауданымыздың атауы бұрынғы заманда осы жерде туған Қарабалық батырдың есімімен байланысты. Қарабалық батырдың бес қаруы сай болған, өзі де талай шайқасқа қатысып,елін,жерін қорғаған.Қарабалық кентіндегі Тоғызақ өзенінің атауыда бабаларымыздың ерлігімен байланысты болған.Ертеде Қарабалық өңірінде бір отбасында тоғыз ұл бала болған. Сол отбасының тоғыз ұлы туған жер үшін қалмақтармен соғыста қаза табады. Сол кезде қайғыдан қан жұтқан әке былай депті: «Егер де менің оныншы ұлым болса, жауымыздан кек алар еді. Ұлдарымның тоғыз-ақ болғаны қандай өкінішті!». Мен туған жерімнен осындай елі, жері үшін күрескен азаматтар шыққанын мақтан тұтамын. Елімізде «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарлама аясында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, солтүстік аймақтарға оңтүстік облыстардан отбасыларды қоныстандыра бастады.Біздің ауданымызға да оңтүстіктен бірнеше отбасы қоныс аударды. Олар ауданымыздағы білім беру, ауыл шаруашылығы және медицина салаларында еңбек етіп, ауданымыздың дамуына өз үлестерін  қосып жатыр.Кейбіреулері жеке кәсіптерін де ашты.

"Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас", – деп бекерге айтылмаған.Есейіп кетсем де туған жерімнің ауасы, табиғаты, адамдары маған өте қымбат. Біздің осындай тамаша өлкемізде жақсы өмір сүруге талпынатын адамдарға барлық жағдайлар бар.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет